Автор: Пользователь скрыл имя, 13 Марта 2012 в 14:21, реферат
Орыс тілді аудиториядағы оқытылатын қазақ тілі пәнінің түпкі мақсаты – студенттерге
мемлекеттік тілді меңгерту. Сабақ өткізу, оқыту барысында өткізілетін ең күрделі жұмыс түрінің
бірі – мәтінмен жұмыс. Тілдік емес оқу орындарының орыс тілді аудиториясындағы қазақ тілі
сабақтарын жүргізу оқытушылардан көп дайындықты қажет етеді. Оқытушы еңбегінің нәтижесі –
студенттің қазақ тілі мен орыс тілінің арасындағы әр қилы ұқсастықтарын, айырмашылықтарын
есепке ала отырып, соларға негіздей отырып оқытқанда ғана тиімді болады.
Орыс тілді аудиториядағы оқытылатын қазақ тілі пәнінің түпкі мақсаты – студенттерге
мемлекеттік тілді меңгерту. Сабақ өткізу, оқыту барысында өткізілетін ең күрделі жұмыс түрінің
бірі – мәтінмен жұмыс. Тілдік емес оқу орындарының орыс тілді аудиториясындағы қазақ тілі
сабақтарын жүргізу оқытушылардан көп дайындықты қажет етеді. Оқытушы еңбегінің нәтижесі –
студенттің қазақ тілі мен орыс тілінің арасындағы әр қилы ұқсастықтарын, айырмашылықтарын
есепке ала отырып, соларға негіздей отырып оқытқанда ғана тиімді болады. Оқу-тәрбие
жұмысының негізі – сабақ. Сондықтан да сабақ тартымды, әсерлі, мақсаты айқын, қызықты және
толық қанды болуы тиіс.
Сапалы сабақ оқу-тәрбие жұмысының нәтижелі болуына тікелей әсер етеді. Демек, сабақты
ұйымдастыру формаларын, сабақтың құрылымын жетілдіріп, әртүрлі керекті, пайдалы
дидактикалық материалдармен жетілдіріп отырған жөн. Сабақ үстінде студенттің жүйелі жұмыс
істеуіне мүмкіндік туғызу, сабақтың тақырыбына сай нақтылы міндет қоя білу оқытушы
шеберлігіне үлкен сын. Өйткені студенттерді терең әрі жинақты біліммен қаруландыру, олардың
шығармашылық қабілетін, қызығушылық талғамын дамыту, өз бетінше білімін толықтыруға
дағдыландыру сияқты күрделі жұмыстар сабақ барысында қалыптасады. Бұл оқытушыны жаңаша
ойлап, жаңаша жұмыс істеуге, батыл шығармашылық істерге жетелейді. Қазіргі таңда өз пәнін
терең білетін, тәсілшілдік шеберлігі шыңдалған әрбір оқытушының негізгі алға қойған міндеті –
шәкірттерінің ой-өрісін кеңейтуге, биік адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға мән беруінде
[1].
Мәтінмен жұмыс – сабақта жүргізілетін әр түрлі әдіс-тәсілдердің жиынтығынан құралады.
Олар:
дыбыстармен жұмыс;
сөздіктермен жұмыс;
сөздік қорларын жетілдіру жұмыстары;
тіл дамыту жұмыстары;
ережелермен жұмыс;
ауызша сөйлей білуге дағдыландыру жұмыстары.
Мәтінмен жұмыс – сабақ кезеңдерін бір жүйеге келтіретін форма. Мәтінмен жұмыс істегенде
әр түрлі әдіс-тәсілдер қолданылады. Бірақ сол қолданылатын әдіс-тәсілдердің мақсаты
студенттерге айқын болу керек. Мәтіндердің күрделілігі сол мәтіндермен жұмыс істейтін
студенттердің білім деңгейіне сай келуі керек. Осыған байланысты мәтінмен жұмыс істеуді түрлі
әдістермен жүргізуге болады [2].
Мәтінмен жұмыс істеу кезінде студенттерді жұмыс істеу қабілеттеріне және білім
деңгейлеріне қарай топтарға бөліп, әр топқа лайықты тапсырма берген ұтымды. Ол үшін қазақ
тілінде оқудың мынандай ерекшеліктерін меңгерген жөн:
а) қазақ тіліне тән дыбыстардың айтылуы, жазылуы;
ә) ол дыбыстарды айтылу және жазылу жағынан бір-бірінен ажырата білу;
б) «о» дыбысының қазақ тілінде ешқандай өзгеріссіз болатынын орысша айтылуымен
салыстыра түсіндіру.
Мәтінді оқудың мынандай түрлері бар:
1. Дауыстап оқу. Бұл әдіс арқылы студенттің сөйлеу элементтерін қалай меңгергендерін
байқауға болады. Дауыстап оқытудың тағы бір тиімділігі мынада: студенттер бірінің қатесін бірі
естіп және оны дер кезінде түзетеді. Дауыстап оқуға осындай міндет қою керек.
2. Іштей оқу. Бұл жұмыстың мақсаты студенттердің шапшаң оқу дәрежесін анықтау.
Мысалы, оқытушы студенттерге іштей оқу үшін бір мәтін беріп, қай жерге дейін оқу
керектігін белгілейді. Әркім белгіленген жерге келгенде бітіргенін байқатады. Осыған қарап
оқытушы олардың оқу шапшаңдықтарының мөлшерін өзіне белгілеп отырады.
3. Араласып оқу. Кезекпен оқу.
4. Буынға бөліп оқу.
5. Мәнерлеп оқу.
6. Сөйлемді мазмұнына, айтылуына қарай дауыс ырғағымен оқу.
Міне, осындай тәсілдерді пайдалана отырып дұрыс оқуға дағдыландыруға және шапшаң
оқуға жаттықтыруға болады. Студенттерді шапшаң оқуға дағдыландыру өте тиімді. Дегенмен,
олардың шапшаң оқуы толық түсініп оқыды деген сөз емес. Мәтінмен жұмыс істеудің күрделі түрі
– түсініп оқу. Студенттердің мәтінді түсіну қабілеттерін әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып
анықтауға болады. Соның бірі – мәтінді аударып оқу. Бұл жерде айта кететін бір нәрсе, күнделікті
сабақ сайын мәтіннің бір сөзін қалдырмай аударып, тек осындай аударма жұмысымен шектеле
пайдаланудың тиімсіздігі. Ол студенттерді зеріктіріп, ынтасын кемітіп, ойлану қабілетін тежейді.
Сол себепті әр түрлі әдістерді қолдана отырып, тексерген жөн. Мысалы, мынандай әдіс-тәсілдерді
қолданған дұрыс:
1. Мәтінді қазақ тілінен орыс тіліне аудару.
2. Оқыған мәтіннің мазмұнын айтқызу, қазақ тілінде жеткізуге қиналса, орыс тілінде
айтқызу.
3. Мәтін мазмұнына сәйкес берілген сұраққа толық және дұрыс жауап беру.
4. Берілген мәтіндегі ойды бірнеше сөйлемдер арқылы айтып беру.
5. Мәтіндегі негізгі ойды білдіретін сөйлемдерді теріп оқып, орыс тіліне аударуы немесе
оқытушының мәтіннен аударған орыс тіліндегі сөйлемдерінің аудармасын мәтіннен тауып оқу.
6. Оқыған мәтініне тақырып қою.
7. Белгі карточкалар арқылы тексеру. Бұл жұмысты жүргізе отырып оқытушы оқылған
мәтінді барлық студенттердің қалай түсінгенін біле алады.
8. Үлестірмелі карточкалар арқылы тексеруге болады. Үлестірме карточкаларға мәтіннен
түсінгенін айтуға көмектесетін тірек сөздер жазылады. Мысалы, оқытушы бірнеше сөйлем оқиды.
Ол сөйлемдердің ішінде мәтіннің мазмұнын білдіретін сөйлемдердің ретін студенттер белгілейді.
9. Үнтаспаға жазылып алынған мәтінді студенттерге тыңдатып, мазмұнын орыс тілінде
баяндату.
10. Сөздіктерді пайдалана отырып өздерінше аударуға дағдыландыру.
Тілдік емес оқу орындарында қазақ тілін оқытудың негізгі мақсаттарының бірі – тілді
мамандық тіліне бағыттап оқыту. Мамандыққа қатысты мәтіндерді оқыту тіл дамыту
жұмыстарында кеңінен қолданылады. Мамандыққа қатысты мәтіндер тіл жүйесіндегі өзінің мәні
мен болмысына сай, сөйлемдердің жай ғана тізбегі емес, мағыналық-құрылымдық күрделі тұлға.
Ол – логикалық, грамматикалық, мағыналық байланыстарға негізделген, тиянақты мазмұнға ие
біртұтас қарым-қатынас бірлігі. Осыған орай сабақ барысында пайдаланатын мәтіндерді іріктеу
мәселесі туындайды [3].
Мамандыққа қатысты мәтіндерді іріктеу арқылы оқытудың басты мақсаты – өз
мамандықтары бойынша алған білімдерін қазақ тілінде мамандықтарына қатысты жаңа сөздермен,
сөз тіркестерімен байытады, өз беттерімен сөйлем құрауды игереді, айтайын деген ойларын
грамматикалық тұрғыдан дұрыс, логикалық бірізділікпен жүйелі жеткізуге үйренеді.
Мамандыққа қатысты мәтіндерді іріктеуге арнайы пәндер бойынша оқытылатын оқулықтар
үлкен қызмет атқара алады. Мамандық тіліне қатысты оқытылатын мәтіндерге қойылатын негізгі
талаптардың ішінде маңыздылары: арнайы пәндерге қатысты жинақталған материалдардың
ақпараттық құндылығы мен мәтін мазмұнының маңыздылығын ескеру және мәтін ішінде
лексикалық, морфологиялық, синтаксистік құралдардың көрініс табуы. Таңдаған мамандықтарына
қатысты мәтіндер арқылы істелетін жұмыстар нақты грамматикалық үлгілерді меңгертуден тыс
жүргізілсе, мамандық тілін меңгертудің толық тілдік адаптациясы қалыптаспайды.
Тәжірибе көрсеткендей, тілдік материалдарды іріктеу барысында, ең алдымен жетекші
пәндер бойынша жазылған оқулықтарға лингвистикалық талдау жасауды, грамматикалық
үлгілерді типологиялық жүйелеуді қажет етеді. Осындай жұмыстардан соң жетекші пән оқулығы
бойынша мамандыққа қатысты терминдер сөздігін құрастыруға болады. Жинақталған терминдер
сөздігін арнайы мәтіндерді оқу алдындағы мәтінмен істелетін жұмыстарды орындау барысында
кеңінен қолдануға болады. Ол жұмыстар мынандай бағытта жүргізіледі:
сөздікпен берілген термин сөздердің мағынасын ашыңыз;
аталған термин енгізілген сөз тіркесін оқыңыз;
берілген сөздің әртүрлі мағынада қолданылуына мысал келтіріңіз.
Нақты грамматикалық материалды оқытудың бастапқы кезеңінде аталған мамандық тіліне
арналған оқулықтардың кіріспе, параграф, абзац түрінде берілген шағын мәтіндерді қолдану
тиімділігі жоғары екенін байқатты.
Мамандық тіліне арналған жұмыс бір-бірімен байланысты бірнеше кезеңнен тұрады,
терминологиялық лексиканы оқып үйрену үшін мәтін алдында жүргізілетін тапсырмалар, мәтінді
оқу және аудару, лексика-грамматикалық жаттығулар енгізілген мәтінді оқудан кейінгі
тапсырмалар, мамандық тілі шеңберінде сөйлем құрастыру және тақырыпты баяндау. Мәтіннен
кейінгі тапсырмаларды мынандай түрде беруге болады:
1. мәтіндегі асты сызылған сөздердің мағынасын түсінуге тырысыңыз;
2. берілген тұрақты сөз тіркестерін есте сақтаңыз және оны қатыстырып сөйлем құраңыз;
3. берілген көп мағыналы сөздердің қай мағынасы мәтінде келтірілгенін анықтаңыз;
4. мәтінде берілген терминдердің анықтамасын жазыңыз;
5. мынандай үлгі бойынша терминологиялық сөз тіркесін құрастырыңыз «сын есім + зат есім
+ етістік» т.б.;
6. берілген сөздер мен сөз тіркестерін қатыстырып сөйлем құрастырыңыз;
7. мәтіннен берілген сұрақтарға жауап беретін сөйлемдерді табыңыз;
8. тірек сөздер мен сөз тіркестерін пайдаланып сұрақтарға жауап беріңіз;
9. мәтіннен негізгі ойды білдіретін ойды теріп жазыңыз;
10. мәтінді мазмұнына қарай бірнеше топқа бөліңіз және жоспар құрыңыз;
11. тірек сөздер мен сөз тіркестерін пайдаланып конспект жазыңыз;
12. мәтінге байланысты құрастырылған сұрақтар негізінде тезис жазыңыз.
Студенттердің қазақша сөйлеу тілін дамыту үшін мәтінмен жұмыс дұрыс ұйымдастырылуы
керек. Мәтін ғылыми тұрғыдан дұрыс сұрыпталып, өңделуі керек. Қандай мәтін болса да ең
бірінші оның мазмұны түсінікті болуы тиіс, сонда ғана біз мынандай жетістіктерге қол жеткізе
аламыз:
- студенттің ғылыми білімі кеңейіп, кәсіби бағыты қалыптасады;
- шығармашылық қабілеттері артады;
- болашақ мамандығына сүйіспеншілігін арттырады;
- өздігінен жұмыс істеу дағдысын қалыптастырады;
- қазақша ойлауға, сөйлеуге, өз ойын жазуға дағдыланады;
- кәсіби терминдермен жұмыс істеуге, сөздіктермен, газет-журналмен дұрыс жұмыс жасай
білуге қол жеткізеді;
- оқығандарын конспектілеуге, өзіне керекті хабарды іздеуге, қажетті материалдарды
іріктеуге, әдебиеттерді оқып, ой-тұжырымдарды салыстырып, сыни көзқараспен қарай білуге
дағдыланады.
Мамандықтарына қатысты мәтіндермен жұмыс істеу студенттердің танымдық іскерлігі мен
дағдыларын қалыптастырады, ойлау қабілеттерін жандандырып, белсенділіктерін арттырады.
Міне, осындай жұмыс түрлерін пайдаланып, мәтінмен жан-жақты, тиянақты жұмыс жүргізу
арқылы студенттердің ой-өрісін дамытуға, терең білім алуларына мүмкіндік жасай аламыз.
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Базарбаева, К. К. Шығармашылық қабілетті қалыптастырудың тарихы мен қазіргі
кезеңдегі ерекшеліктері / К. К. Базарбаева // Білім. – 2009. – №4 – 11-13 б.б.
2. Тұрғымбаева, Э. Студенттердің танымдық қызығушылығын арттыру проблемалары / Э.
Тұрғымбаева // Қазақстан жоғары мектебі – 2009. – №1 – 23-25 б.б.
3. Әбішева, Н. Қазіргі білім жүйесіндегі білім сапасын арттыру мәселелері / Н. Әбішева //
Қазақ тілі ЖОО-да. – 2004. – № 6 – 17-20 б.б.__
Информация о работе Орыс тілді аудиториядағы оқытылатын қазақ тілі пәнінің түпкі мақсаты