Автор: Пользователь скрыл имя, 12 Марта 2012 в 19:53, доклад
Қазақстандағы білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасында Қазақстанда оқитындарды сапалы біліммен қамтамасыз етіп, халықаралық рейтингілердегі білім көрсеткішінің жақсаруы мен қазақстандық білім беру жүйесінің тартымдылығын арттыру үшін, ең алдымен, педагог кадрлардың мәртебесін арттыру, олардың бүкіл қызметі бойына мансаптық өсуі, оқытылуы және кәсіби біліктілігін дамытуды қамтамасыз ету, сондай-ақ педагогтердің еңбегін мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды арттыру мәселелеріне үлкен мән берілген.
МҰҒАЛІМДЕРДІҢ КӘСІБИ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ
Қазақстандағы білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасында Қазақстанда оқитындарды сапалы біліммен қамтамасыз етіп, халықаралық рейтингілердегі білім көрсеткішінің жақсаруы мен қазақстандық білім беру жүйесінің тартымдылығын арттыру үшін, ең алдымен, педагог кадрлардың мәртебесін арттыру, олардың бүкіл қызметі бойына мансаптық өсуі, оқытылуы және кәсіби біліктілігін дамытуды қамтамасыз ету, сондай-ақ педагогтердің еңбегін мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды арттыру мәселелеріне үлкен мән берілген.
Осыған байланысты қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалар мен сындарлы саясаттар, өзгерістер мен жаңалықтар әрбір педагог қауымының ойлауына, өткені мен бүгіні, келешегі мен болашағы жайлы толғануына, жаңа идеялармен, жаңа жүйелермен жұмыс жасауына негіз болары анық. Олай болса, білімнің сапалы да саналы түрде берілуі білім беру жүйесіндегі педагогтердің, зиялылар қауымының деңгейіне байланысты. Дәстүрлі білім беру жүйесінде білікті мамандар даярлаушы кәсіби білім беретін оқу орындарының басты мақсаты – мамандықты игерту ғана болса, ал қазір әлемдік білім кеңістігіне ене отырып, бәсекеге қабілетті тұлға дайындау үшін адамның құзырлылық қабілетіне сүйену арқылы нәтижеге бағдарланған білім беру жүйесін ұсыну – қазіргі таңда негізгі өзекті мәселелердің бірі. Жалпы алғанда, «құзырлылық» ұғымы жайлы ғалым К.Құдайбергенова «Құзырлылық ұғымы - соңғы жылдары педагогика саласында тұлғаның субьектілік тәжірибесіне ерекше көңіл аудару нәтижесінде ендіріліп отырған ұғым. Құзырлылықтың латын тілінен аудармасы «competens» белгілі сала бойынша жан – жақты хабардар білгір деген мағынаны қамти отырып, қандай да бір сұрақтар төңірегінде беделді түрде шешім шығара алады дегенді білдіреді» деп көрсетеді.
Бұл жайлы Б.Тұрғынбаева «…өзінің практикалық әрекеті арқылы алған білімдерін өз өмірлік мәселелерін шешуде қолдана алуын – құзырлылықтар деп атаймыз» деп анықтаса, Ресей ғалымы Н. Кузьминаның көзқарасы бойынша, «Құзырлылық дегеніміз – педагогтің басқа бір адамның дамуына негіз бола алатын білімділігі мен абыройлылығы».
Қазақстан Республикасының 12 жылдық білім беру тұжырымдамасында педагог кадрлардың кәсіби- тұлғалық құзыреттілігін қалыптастыру басты мақсат екенін анықтай келе, 12 жылдық білім беруде педагог төмендегідей құзыреттіліктерді игеруі міндетті деп көрсетілген.
Арнайы құзыреттілік – өзінің кәсіби дамуын жобалай білетін қабілеті.
Әлеуметтік құзыреттілік – кәсіптік қызметімен айналысу қабілеті.
Білім беру құзыреттілігі – педагогикалық және әлеуметтік психологияның негіздерін қолдана білу қабілеті.
Ендеше құзыреттілік дегеніміздің өзін қазіргі заман талабына сай педагог қауымының өзін – өзі өзгерте алу қабілеттілігі деп түсінуге болады. Білім саясатындағы түбегейлі өзгерістерді күнделікті оқу үрдісінде берілетін тапсырмалардан бастау қажет екендігі айқын көрсетілген. Оқушылар ұстаздар қауымынан тек білімге ғана емес, өмірге де үйрететін қабілеттілікті қажет етіп отыр. Демек, болашақ педагогтеріміз осы ақпараттық қоғамнан қалыспай: жедел ойлаушы; жедел шешім қабылдаушы; ерекше ұйымдастырушылық қабілетті; нақты бағыт – бағдар беруші болып шығуы – бұл қазіргі заманның талабы. Міне, құзыреттілік қалыптастыру дегеніміздің өзі болашақ мұғалім – қазіргі оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыта отырып ойлаудың, интелектуалдық белсенділіктің жоғары деңгейіне шығу, жаңаны түсіне білуге, білімнің жетіспеушілігін сезуіне үйрету арқылы ізденуге бағыттауды қалыптастырудағы күтілетін нәтижелер болып табылмақ. Бұның өзі өз кезегінде қазіргі ұстаздардан шәкіртті оқытуда, білім беруде, тәрбиелеп өсіруде белгілі бір құзыреттіліктерді бойына сіңірген жеке тұлғаны қалыптастыруды талап етеді. Мұндай құзырлылықтың қатарына мыналар жатады: бағдарлы құзыреттілік; мәдениеттанымдық құзыреттілік; оқу- танымдық құзыреттілік; коммуникативтік құзыретілік; ақпараттық- технологиялық құзыреттілік; әлеуметтік- еңбек құзыреттілігі; тұлғалық өзін- өзі дамыту құзыреттілігі.
Аталған құзыреттілік қасиеттерді тұлға бойына дарытуда педагог қауымның арнайы әлеуметтік білім беру құзыреттілігінің жан – жақты болуы талап етіледі. Егер педагог өзінің кәсіби өсу жобасын дұрыс жолға қоя отырып, өзінің кәсіптік қызметіне нақты берілу арқылы тұлғаның алған білімін өмірде қолдана білетіндей тапсырмалар жүйесін ұсына алатын жағдайда болғанда ғана студент құзыреттілігін қалыптастыруға мүмкіндік табады. Бір сөзбен айтқанда, тұлғаға бағытталған білімдер жүйесі білім стандартына сай тұлғаның жан – жақты дамуына негізделген, алған білімін өмірдің қандай бір жағдаяттарында қолдана алатындай дәрежеде ұсыну педагогтің құзыреттілігіне байланысты болады.
Қазіргі аса қарқынды өзгерістерге толы әлеуметтік – экономикалық жағдайда білім беру жүйесінде педагогке қойылатын талап та ерекше екендігі түсінікті. Бұл мынандай фактілерге байланысты:
–оқытудың әр алуан түрлері мен әдістерін қолдану,
–топтық жұмыс дағдыларын дамыту,
–әрекеттерге үйрету,
–нақты ситуацияларды талдау.
Мұғалімге өз ісінің маманы болумен қатар, оның бойында баланы жақсы көру, баланың көзқарасы мен пікірін сыйлау, тыңдай білу керек. Кез – келген ұстаз «Балалар құқығы туралы заңды» және Конвенцияны әрқашан басшылыққа ала отыруы шарт. Бала құқығын сыйлау баланың құқықтық санасын көтеруге, құқықтық тәрбие беруде маңызы зор. Құқықтық мемлекет құруды мақсат еткен Қазақстан жағдайында баланың құқықтық түсінігін ерте қалыптастыру қоғамның болашақ тәртіпті, тәрбиелі азаматтардан тұратындығына кепіл болады.
Психологтер де, педагогтер де адамның рухани интеллектуалдық, кәсіби шығармашылықпен өзін – өзі дамытуы өмірінің әр кезеңінде әрқалай деп көрсетеді. Мысалы, ұлы педагогтар А. Дистервег, К. Ушинский, А. Макаренко, В. Сухомлинский, т.б. мұғалімдік еңбекті адамтану ғылымы, адамның жан дүниесі, рухани әлеміне бойлай алу өнері дей отырып, педагогикалық шеберліктің дамуына зор үлес қосқан. Осы тұрғыдан алып қарағанда педагогикалық шеберлік – кәсіби әрекетті жоғары деңгейге көтеретін мұғалімнің жеке қасиеттерінің, оның білімі мен білігінің жүйесі. Осы мәселені терең зерттеген А. Маркова мұғалімнің кәсіби деңгейге көтерілуінің төмендегідей психологиялық критерийлерін анықтаған.
Объективті критерийлер: мұғалімнің өз мамандығына қаншалықты сәйкес әлеуметтік тәжірибеге қосар үлесі қандай екендігі. Жоғарғы еңбек көрсеткіші, әртүрлі мәселелерді шығармашылықпен шеше алу біліктері;
Субъективті критерийлер: адамның мамандығы оның табиғатына байланысты. Оның еңбегіндегі бұл критерийлерге кәсіби-педагогикалық бағыттылық, кәсіптің маңыздылығын, құндылығын түсіну, маман ретінде өзіне позитивті көзқарастың болуы;
Нәтижелі критерийлер: оқыту нәтижесінде баланың психологиялық функциясының жетіліп, алған білімдерін өмірлік мәселелерді шешу барысында қолдана білуі;
Шығармашылық критерийлер: мұғалім өз кәсібінің шекарасынан шыға алуы, сол арқылы өз тәжірибесін, еңбегін өзгерте алуы жатқызылады. Шығармашыл мұғалім үшін өзгенің тәжірибесін қайталағанна гөрі өз тәжірибесі мен жаңалықтарын басқаларға ұсына алуының, шығармашылық бағыттылықтың болуының мәні зор.
Білім беруде кәсіби құзырлы маман иесіне жеткен деп мамандығы бойынша өз пәнін жетік білетін, оқушының шығармашылығы мен дарындылығына жағдай жасай алатын, тұлғалық-ізгілік бағыттылығы жоғары, педагогикалық шеберлік пен өзінің іс-қимылын жүйелілікпен атқаруға қабілетті, оқытудың жаңа технологияларын толық меңгерген, отандық, шетелдік тәжірибелерді шығармашылықпен қолдана білетін кәсіби маман педагогті атаймыз.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңы. Астана, 2000.
Қазақстан Республикасында Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.
Ж..Б. Қоянбаев, Р. М. Қоянбаев. Педагогика. – Алматы, 2002.
Информация о работе Мұғалімдердің кәсіби құзіреттілігін қалыптастыру