Баспа өнімдерінің стандарттары дегенімі

Автор: Пользователь скрыл имя, 28 Февраля 2013 в 07:11, реферат

Описание работы

Баспа өнімдерінің стандарттары дегеніміз, біздің күнделікті пайдаланып жүрген баспа өнімдері - кітап, газет, журнал сияқты басқа да ақпараттық басылымдардың шығарылым мағлұматтарын бір ізге түсіріп, реттейтін нормативті-техникалық құжат. Стандарт - басылымдарды түрлеріне қарай бірыңғайластырылғандықтан, оқырман кітаптың авторын, суретшісін, аудармашысын, жанрын, қандай оқырманға арналғандығын, сонымен бірге қысқаша мазмұнымен, басылған жері, таралымы, көлемі туралы бірден ақпарат ала алады.

Работа содержит 1 файл

Баспа өнімдерінің стандарттары дегеніміз.doc

— 69.00 Кб (Скачать)

Баспа өнімдерінің стандарттары дегеніміз, біздің күнделікті пайдаланып жүрген баспа өнімдері - кітап, газет, журнал сияқты басқа да ақпараттық басылымдардың  шығарылым мағлұматтарын бір  ізге түсіріп, реттейтін нормативті-техникалық құжат. Стандарт - басылымдарды түрлеріне қарай бірыңғайластырылғандықтан, оқырман кітаптың авторын, суретшісін, аудармашысын, жанрын, қандай оқырманға арналғандығын, сонымен бірге қысқаша мазмұнымен, басылған жері, таралымы, көлемі туралы бірден ақпарат ала алады. Сонымен бірге стандарттау библиография, статистика және кітап саудасы саласында басылым туралы ақпараттар жүйесін әмбебап етеді. Ол баспа өнімдерімен жұмыс істейтін ақпарат, кітапхана және оқырманды бір түсінікке келтіретін қажеттілік.

Баспа ісін реттейтін стандарт «Ақпарат, кітапханатану және баспа ісі жөніндегі стандарттар жүйесінде» қаралады. Бұл стандарттарда барлық ақпарат, библиография және баспа ісіне байланысты басылымдардың шығарылым мағлұматтарын, басылымдардың библиографиялық жазбаларын, кітапханалық жүйеде орналастыру, электронды басылымдардың мағлұматтарын орналастыру қаралып, реттеледі. Стандарттар жүйесі мемлекетаралық деңгейде қолданылады, сондықтан ГОСТ - деп аталады. Қолданылуына қарай стандарттар мемлекеттік, республикалық және салалық болып бөлінеді. Біздің баспа ісінде қолданылатын стандарт­тарымыз мемлекеттік және республикалық болып келеді. Баспа ісінде мемлекеттік стандарт­тардың барлығы 7 санынан басталады да, одан соң реттік саны мен бекітілген жылы көрсетіледі. Баспа ісінде бір ғана республикалық яғни ұлттық стандарт бар ол - СТ РК 994-96 (ИСО 2108-) және соған сәйкес ереже ПР РК 50.1.23. - 96. Бұл Кітаптарды халықаралық стандартты нөмірлеу деп аталады (ISBN). Ал баспа өнімдерінің шығарылым мағлұматтарын реттейтін мемлекетаралық ГОСТ 7.4-95 «Басылым. Шығарылым мағлұматтары» стандартында баспагерлерге арналған қажетті ақпараттар жинақталып, шығарылым мағлұматтарына не беру және оларды қайда, қалай орналастыру керектігі көрсетілген. Ол ақпарат, кітапханатану және баспа ісі жөніндегі мемлекетаралық стандарттар негізінде дайындалған.

Енді біздің сөз еткелі отырған стандарттар  ол басылымдарға ISBN Кітаптарды халықаралық  стандартты нөмірлеу республикалық  стандарты мен мемлекетаралық стандарт ГОСТ 7.56-2002 - ISSN сериялық (мерзімді) басылымдарды халықаралық стандартты нөмірі және мемлекеттік стандарт ГОСТ Р7.0.6-2008 ISMN - музыкалық шығармаларды халықаралық стандартты нөмірмен тіркеу стандарттары туралы болмақ.

ISBN (International book sustem number) халықаралық орталығы  Лондонда, ISSN (Internаtional standart serial numberinq) орталығы Парижде, ISMN (International Standard Music Number) орталығы Берлинде.

ISBN -халықаралық  кітаптарды стандартты нөмірмен  тіркеу - кітапты өзіне тән ғана  кодпен тіркеп, нөмірлеу. Бұл жүйені  кітап басылымына енгізу осы  ISBN агенттігіне енген мемлекеттерде кітаптар туралы информацияны автоматтандырудың, электрондық жүйелермен информация беруді іске асырудың бірден-бір тәсілі. 1965 жылы Ұлыбританияның үлкен кітап фирмасынан басталған жұмыс қазіргі уақытта 200-ге тарта елді қамтыған. 1972 жылы Берлинде мүше-мемлекеттер бірігіп, орталығын құрып, соған сәйкес Халықаралық стандарт ИСО 2108 «Кітаптарды халықаралық стандартты нөмірлеу» стандартының жобасы жасалған. Бұл орталыққа кірген мемлекеттер сол стандартқа сәйкес жұмыс істеп, орталық ISBN агент­тіктің методикалық нұсқауларын, ережелерін, жаңалықтарын басшылыққа алып жұмыс жүргізеді. Республикалық деңгейде ISBN агенттігінің жұмысын реттеп, басшылыққа алып отыратын Басылым. Кітаптарды халықаралық стандартты нөмірлеу. Құрылымы, құрамы жазылуы. СТ РК 994-96 (ИСО 2108-) ұлттық стандартын және соған сәйкес ереже ПР РК 50.1.23. - 96 қабылданып, осы нормативті документтер бойынша жұмыс жүргізіледі және тексеріледі. ISBN кітаптарды халықаралық стандартты нөмірмен тіркеу жүйесі баспагерлер арасында кеңінен қолдану тауып, Қазақстанда жақсы жолға қойылған. ISBN жүйесінің жұмысы жемісті болғаннан соң халықаралық деңгейде бұл бастаманы әрі қарай жетілдіру тоқтаған жоқ. Соның нәтижесінде ISBN цифрларын енді штрих-кодқа айналдыру мәселесі тұрды. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарда басталған бұл жұмыста өз нәтижесін беріп, үлкен мемлекеттер өз тәжірибелерін енгізе бастады. ISBN агенттігі Халықаралық тауарларды нөмірлеу орталығымен келісе отырып (Ассоциация товарной нумерации ЕАN) дүниежүзінде кітап басылымдары тауар ретінде 978 деген бірыңғай код алды. Әрі қарай кітаптардағы цифрлық санымен бірігіп машина оқи алатын штрих-код жасалады. Бұл жүйенің басты беретін нәтижесі кітап туралы мәліметтер электронды жүйелер арқылы таратыла алады, ISBN нөмірі және штрих-код арқылы кітапқа тапсырыс беру таралымның қаншасы сатылғанын анықтап, қаржы шығындарын, көптеген құжаттарды азайтады, кітапханаларда кітаптарды іздеу, тапсырыс беру жұмыстарын жеңілдетеді.

ISBN нөмірі  берілетін басылым түрлері мынындай  болып келеді: кітаптар мен кітапшалар, жылнамалар, ауыспалы қүнтізбелер, картографиялық басылымдар (атлас, карталар), аудио­кітаптар, басылымның электронды түрлері, оқу, өндірістік-практикалық бағдарламалық өнім­дер, мультимедиялық электронды басылымдар, микроформа түріндегі басылымдар, Брайля қаріпі тәсілімен басылған басылымдар. Сонымен бірге ISBN нөмірінің қойылуы да стандарт бойынша әртүрлі болады. Мысалы, бір ғана кітап басылымының өзіне қалай қойылатынын атап көрсетсек: әрбір жаңа басылымға, әрбір қайта басылымға, факсимилді және репринтті басылымға, бір түрлі басылымның әртүрлі нұсқаларына, бір баспа бір шығарманы әртүрлі тілдерде шығарса, бір басылымның полиграфиялық өзгеріс, безендіру жағынан айыр­машылығы болса, аударма басылымға, көп томдық басылымның тұтас томына, көп томдық шығарманың әртомына (бөлімдеріне), құрамдастырылған басылымдарға, бір кітап әртүрлі полиграфиялық өзгерістермен шықса жаңа ISBN нөмірі беріліп отырады. Қарапайым тілмен айтқанда, әрбір басылымда тек өзіне ғана тән ISBN нөмірі болуы керек. Кітап басылымдарында, Брайля қаріпімен басылған басылымдарында басылымның бірінші (титул) бетінің сыртындағы сол жақ төменгі бұрышында, егер титул беті болмаса, соның қызметін атқарушы элементке қойылады. Аудиокітаптарда, видеобасылымдарда ISBN нөмірін таратушы заттың басына (этикетка) немесе орауышына (упаковка) қойылады (корапшасына, қабына). Электронды басылымдарда ISBN нөмірін титул экранына, таратушының (носитель) заттаңбасына, бірінші және екінші орауышына қойылады. Журнал типтес бейнелеу өнерінде, ауыспалы қүнтізбелерде ISBN нөмірі мұқабаның төртінші бетіне қойылады. Парақты картог­рафиялық басылымдарда ISBN нөмірі беттің төменгі жағында немесе беттің артында қойылады. Микроформалы басылымдарда ISBN нөмірі шығарманың сыртқы титулді бетіне сәйкес келетін оралымына немесе кадрына қойылады. ISBN жүйесінің басқа жүйелерден айырмашылығы мұнда бірінші сандар мемлекеттің коды болып келеді. Мысалы, Қазақстанның коды - 9956 және 601, осы сандар ISBN аббревиатурасынан кейін тұрса, онда ол қазақстандық басылым болып келеді. ISBN нөмірі берілмейтін басылымдар: мәтіні жоқ изобасылымдардың кітап, журнал түрлері, ноталық басылымдар, диссертация авто­рефераттары.

Сериялық  басылымдардың халықаралық стандартты нөмірі (ISSN) мемлекетаралық ГОСТ 7.56-2002 стандартына сәйкес беріледі. ISSN сериялық (мерзімді) басылымдарды халықаралық стандартты нөмірмен тіркейтін автоматтандырылған жүйе. Бұл халықаралық код барлық сериялық басылымдарды басылымның еліне, тіліне, әрібіне, шыққан, түскен уақытына қарамастан басылымды танып-білуге, іздеп табуға көмектесетін бірден-бір құрал болып табылады. ISSN әмбебап идентификациялық белгісін (код) алу - Қазақстандағы мерзімді басылымдардың дамуына, халықаралық стандартқа сай дамыған елдердің баспа өнім­дерімен бәсекеге түсе алатындай деңгейде болуына атсалысады. ISSN нөмірімен тіркелген мерзімді басылымдар Париждегі ISSN халықаралық мерзімді басылымдарды тіркеу орталығы арқылы халықаралық жүйеге кіреді. Яғни сіздің мерзімді басылымыңызды әлемнің қай түк­пірінен іздесе де, бірден тауып алады. Сіздің басылымыңыздың халықаралық деңгейде беделі көтеріледі, ғалымдар мен зерттеушілер кітапханалардан жеңіл табады, сонымен бірге сауда саласында тасымалдауда, қысқасын айтқанда, экономикалық жағынан да өте тиімді болады. Қазақстаннан шығатын барлық тауар өнімдері штрих-кодқа өтуі сияқты, Қазақстанның баспа өнімдері де автоматтандырылған есепке алу мақсатында штрих-код жүйесіне өтіп жатыр. Мерзімді басылымдар да ISSN нөмірі арқылы оңай штрих-кодқа ие болады.

Біздің  республикамыздағы мерзімді басылымдар туралы айта кететін болсақ, кейбір газет басылымдарында пайдаланып жүрген 487-ден басталатын санмен келетін  штрих-код, ол әрине, халықаралық деңгейде газет басылымы деген хабарлама бермейді. ISSN сериялық (мерзімді) басылымдарды халықаралық стандартты нөмірмен тіркейтін орталығында тіркелмеген. Ол тек Қазақстаннан шыққан тауар деген белгіні береді. Өкінішке қарай, ол тек біздің республикада ғана емес, басқа да ТМД елдерінде кездесіп келеді. Әрине, ол газет қызметкерлерінің ISSN-стандарты жүйесін түсінбегеннен туған қателік. Ешбір баспа, баспасөз басылымдарына Қазақстанның тауар өнімдерінің коды - 487 санынан басталатын штрих-кодын қоюға болмайды. Жоғарыда айтып кеткендей, дүниежүзінде баспа өнімдеріне берілген - 978, мерзімді басылымдарға берілген - 977 халықаралық коды бар, сондықтан бар басылымдардың штрих-кодтары әлемде осы екі саннан басталады. Ал штрих-кодқа өту ISBN, ISSN, ISMN нөмірлері арқылы болады. Мұны әр баспагер білуі керек. ISBN, ISMN-нөмірлерінен ISSN -нөмірінің айырмашылығы ISSN сегіз саннан тұрады. ISSN 2121-3232 осылай беріледі. Әрбір басылымға тіркелген ISSN нөмірі - құрылтайшысы, шығарушысы, мерзімі, тілі өзгергенімен тіркеу нөмірі өзгермейді, тек аты өзгерсе ғана жаңа нөмірмен қайта тіркеледі. Бір рет берілген ISSN нөмірі екінші рет қайталанбайды. Бүгінгі таңда әлемнің 160 елінде ISSN жүйесі қолданылады.

ГОСТ Р 7.0.6-2008 ISMN - музыкалық шығармаларды халықаралық стандартты нөмірмен тіркеу. Бұл стандарт ГОСТ аббревиатурасынан кейін 0 тұрғандықтан Ресейдің стандарты бо­лып есептеледі. Біздің республикалық стандартымыздың жобасы дайындалып жатқандықтан ол бекітілгенге дейін біз Ресейдің стандартын пайдаланып жүрміз. Бұл стандарт бойынша халықаралық тіркеуге жататын өнімдер, шығу түріне қарамастан, барлық музыкалық басылымдар. Бұл өнімдерді тіркегенде бірден көңіл аударатын мәселе ISMN аббре­виатурасынан кейін «М» әріпі қойылады, бұл яғни музыкалық басылым деген мағлұмат береді. Музыкалық басылым өнімдерін де ISMN тіркеу нөмірлері арқылы оңай штрих-кодқа да өткізуге болады.

Әрбір баспа  өнімімен жұмыс істейтін басшы өз өнімінің қандай нөмірмен тіркелгендігін білуі және оның мән-мазмұны жайында  түсінігі болуы керек. Баспа өнімдеріне байланысты стандарттарды білу және оны сауатты түрде пайдалана білу басылымның мәдениеттілігін көрсетеді.

 

Кітапнама (немесе Библиография) (көне грекше: bіblіon – кітап және көне грекше: drapho – жазу) – баспа өнімдері жөнінде ақпараттық мағлұмат беріп, оларды жүйелі насихаттайтын ғылыми-практикалық қызметтің бір саласы. Ол кітаби мұраларды, библиография тарихын, теориясын, библиография қызметті ұйымдастыру жолдарын зерттейтін ғылыми пән ретінде де қолданылады. Баспа өнімдерін іріктеп, оларды жүйелі түрде саралау, ғылыми сипаттама беру және қысқаша мазмұнын ашу арқылы библиография ғылыми мен мәдениет дамуының деңгейін айқындауға көмектеседі, ғылыми-зерттеу жұмыстарына бағыт сілтейді, белгілі бір ғылыми қағидаларды, саяси, философия және эстетика көзқарастарды, техника жетістіктерді таратуға мүмкіндік туғызады.[1

 

Тарихы

Ежелгі  Грекияда пайда болып, кітап шығару ісімен тығыз байланысты, әдеби және ғылыми сынмен салаласа дамыған. Кейін  білімдердің дараланып, сала-салаға бөлінуіне байланысты библиография ғылымның жеке бір саласына айналды. Қазақстанда 1937 жылы баспа өнімдерінің міндетті данасын бір орталыққа жинау белгіленген. Осының негізінде баспасөз өнімдерін тіркеу және оларды мазмұнына, ғылыми және идеялық мәніне қарай топтастыру жұмыстары жүрді. Яғни, олар басылым түрлеріне (кітап, мерзімді баспасөз, т.б.), сыртқы белгілеріне (авторы, атауы, жарыққа шығу мерзімі мен орны), мазмұнына (тақырыптық, пәндік, жүйелік) қарай топтастырылды.

 

Библиография  жазу негіздері

Библиографияда  баспа туындыларына библиография сипаттама берудің маңызы ерекше. Ол белгіленген ереже бойынша жасалады. Библиография сипаттамада автордың атыжөні, шығарманың тақырыбы, басылым орны, мерзімі, көлемі туралы мәлімет беріледі. Қажет жағдайда мазмұндалған (аннотацияланған) сипаттама жасалады. Библиография атқаратын қызметіне қарай – ретроспективті (ағымды, өткенді шолу) және перспективті (басып шығаруға дайындалған өнімдер), тақырыбына қарай – салалық, өлкетану, елтану, сын және жалпы әмбебап болып бөлінеді. Сонымен қатар библиографияның қосымша түрлері – библиографияның жалпы жағдайын, дамуын қадағалайтын және еліміздің белгілі ғалымдарының, ақын-жазушыларының, қоғам қайраткерлерінің өмірі мен қызметі туралы мәлімет беретін биобиблиография деген түрі де болады. Қазіргі кезде ғылым мен техниканың өркендеуіне байланысты кітапханалық процестер де автоматтандырылған. Библиографтар құрастырған көрсеткіштерді белгілі бағдарлама бойынша компьютерлерде басып шығарады. Әлемдік деңгейде жұмыс істеу үшін Интернетке қосылу библиография үшін үлкен жетістік болды. Арнаулы мәліметтерді сақтау мақсатында техника баспа материалдары (микрофиштар, магниттік таспалар, дискеттер) пайдаланылады.

 

Қазақ библиографиясының  дамуы

Қазақ библиографиясы, негізінен, қазақ баспасөзінің даму тарихымен тығыз байланысты. 1900 жылы Қазан қаласында Қазақстан туралы А.Е.Алекторовтың «Указатель книг, журнальных статей и заметок о киргизах» деген көрсеткіші, т.б. орыс ғалымдарының бірен-саран библиография көрсеткіштері жарық көрді. «Айқап» журналының (1911–15 жылдары) беттерінде жаңа шыққан кітаптар жөнінде хабарлама-деректер мен тізімдер жарияланып тұрды. [2]1926 жылы қазақтың қоғам қайраткері және бірінші библиографы Міржақып Дулатовтың 2 бөлімді «Қазақ тілінде басылған кітаптар көрсеткіші» шықты. 1937 жылы журнал мақалалары мен кітап жылнамалары, 1940 жылы кеңес дәуіріндегі Қазақстан мерзімді басылымдарының библиографиясы жасалынды. Соғыстан кейінгі жылдары республикада библиография ісі өркендеді. 1957 жылдан бастап арнаулы басылым – «Баспасөз шежіресін», 1971 жылы «Қазақ ССР кітаптарының жылнамасын» шығару ісі қолға алынды. Библиографиямен көптеген ғалымдар шұғылданды: тарихшы-ғалым Н.Сәбитовтың «Қазақ әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші, 1862–1917 жылдары» (1948 жылы), Қазақ өлкетану библиографиясының бас библиографы Г.П.Царевтың «Что читать по животноводству» (1953 жылы), С.Ақашевтің «Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру» (1965 жылы), қазақ әдебиеті библиографы Ә.Қ.Нарымбетовтың 4 томдық «Қазақ әдебиеті» (1-том – 1970 жылы; 2, 3, 4-том – 1997 жылы) библиография көрсеткіштері, тіл білімі саласында Ш.Сарыбаевтың «Библиографический указатель литературы по тюркологии» (1989 жылы), авторлар ұжымы құрастырған «Библиография обществоведов Казахстана» жинағы, Қ.Б.Жарықбаевтың психология ғылымы бойынша көрсеткіштері, Ү.Сұбханбердинаның «Дала уәлаяты» газеті (1996 жылы), «Қазақ, Алаш, Сарыарқа» (1993 жылы) атты мазмұндамалық көрсеткіштері, Орталық ғылыми кітапхананың жаратылыстану ғылымдары бойынша салалық көрсеткіштері, Э.И.Иванчикованың «Мангышлак», Г.А.Демешеваның «Животный мир Казахстана. (1960–1970)» (1997 жылы), т.б. кітаптар жарыққа шықты.

 

Салалық библиография

Салалық библиография - білімнің және (немесе) іс жүзіндегі  қызметтің белгілі бір саласына мазмұны жағынан катысты құжаттармен  жұмыс істейтін библиография.[3][4]


Информация о работе Баспа өнімдерінің стандарттары дегенімі