Стихи по "Казахской литературе"

Автор: Пользователь скрыл имя, 30 Января 2013 в 19:09, лекция

Описание работы

1. Адам — бiр боқ көтерген боқтың қабы
2. Адамның кейбір кездер
3. Адасқанның алды — жөн, арты — соқпақі

Работа содержит 1 файл

Адам.doc

— 111.00 Кб (Скачать)

Адам  — бiр боқ көтерген боқтың қабы

Адам — бір боқ  көтерген боқтың қабы,

Боқтан сасық боласың  өлсең тағы.

Мені мен сен тең  бе деп мақтанасың,

Білімсіздік белгісі—ол баяғы.

Кеше бала ең, келдің ғой  талай жасқа,

Көз жетті бiр қалыпта  тұра алмасқа.

Адамды сүй, алланың хикметін сез,

Не қызық бар өмірде онан басқа?!


 

Адамның кейбір кездері

Адамның кейбір кездері.

Көңілде алаң басылса;

Тәңірінің берген өнері

Көк бұлыттан ашылса;

Сылдырлап өңкей келісім

Тас бұлақтың суындай,

Кірлеген жүрек өзі  ішін

Тұра алмас әсте жуынбай.

Тәңірінің күні жарқырап,

Ұйқыдан көңіл ашар кез.

Қуатты ойдан бас  құрап,

Еркеленіп шығар сөз.

Сонда ақын белін буынып,

Алды-артына қаранар.

Дүние кірін жуынып,

Көрініп ойға сөз салар.

Қыранша қарап қырымға,

Мұң мен зарды қолға  алар.

Кектеніп надан зұлымға,

Шиыршық атар, толғанар.

Әділет пен ақылға

Сынатып көрген-білгенін

Білдірер алыс, жақынға

Солардың сөйле дегенін.

Ызалы жүрек, долы қол,

Улы сия, ащы тіл,

Не жазып кетсе, жайы сол,

Жек көрсеңдер өзің біл.


 

Адасқанның  алды — жөн, арты — соқпақ

Адасқанның алды — жөн, арты — соқпақ,

Оларға жөн арамның  сөзін ұқпақ. 

Қас маңғаз малға бөккен кісімсініп, 

Әсте жоқ кеселді  істен биттей қорқпақ.

Бір аршопке шапаны сондай шап-шақ, 

Мүшесінен буынып, басады алшақ. 

Қарсы алдына жымырып  келтірем деп, 

Ақ тымақтың құлағы салтақ-салтақ.

Жаздыкүні ақ бөркі бүктелмейді-ақ, 

Қолында бір сабау  бар о-дағы аппақ, 

Керегеге сабауды шаншып қойып, 

Бөркін іліп, қарайды  жалтақ-жалтақ.

Қу шалбар қулығына болған айғақ, 

Тізесін созғылайды қалталанса-ақ. 

Ұстаудағы кісідей мезгілі бар, 

Күні бойы шешініп, бір  т...-ақ.

Тірі жанға құрбы  боп жап-жасында-ақ, 

Қалжыңдамақ, қасынбақ, ыржаңдамақ, 

Бет-аузын сөз сөйлерде жүз құбылтып, 

Қас кермек, мойын бұрмақ, қоразданбақ.

Осындай сидаң жігіт елде мол-ақ,

Бәрі де шаруаға келеді олақ.

Сырын түзер біреу  жоқ, сыртын түзеп, 

Бар өнері — қу борбай, сымпыс шолақ.

Олардың жоқ ойында малын  бақпақ, 

Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ. 

Жалғыз атын терлетіп, ел қыдырып,

Сәлемдеспей, алыстан  ыржаң қақпақ.


 

Алла  деген сөз жеңіл

Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз жол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл

Өзгесі хаққа қол  емес.

Дененің, барша қуаты

Өнерге салар бар  күшін.

Жүректің ақыл сауаты

Махаббат қылса тәңірі үшін.

Ақылға сыймас ол алла,

Тағрипқа тілім қысқа  аћ!

Барлығынша шүбәсіз,

Неге мәужүт ол қуа.

Ақыл мен хауас барлығын

Білмейді жүрек,сезедүр,

Мұтәкәллимин мантикин

Бекер босқа езедүр.


 

Алланың өзі де рас, сөзі де рас

Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз ешуақытта  жалған болмас,

Көп кітап келді алладан, оның төрті,

Алланы танытуға сөзі айрылмас.

Әманту оқымаған кісі бар ма?

Уәктубићи дегенмен ісі  бар ма?

Алла өзгермес, адамзат  күнде өзгерер,

Жарлықпен ол сіздерге, сіз  де оларға...

Замана, шаруа, мінез күнде  өзгерді,

Оларға кез-кезімен  нәби келді.

Қағида шариғаты өзгерсе  де,

Тағриф алла еш жерде өзгермеді.

Күллі махлұқ өзгерер, алла өзгермес,

Әћли кітап бұл сөзді  бекер демес.

Адам нәпсі, өзімшіл  мінезбенен

Бос сөзбенен қастаспай  түзу келмес.

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй  бауырым деп

Және хақ жолы осы деп әділетті.

Осы үш сүю болады иманы  гүл,

Иманның асылы үш деп  сен тахқиқ біл.

Ойлан-дағы, үшеуін таратып  бақ,

Басты байла жолына, малың  түгіл.

Дін де осы шын ойласаң, тағат та осы,

Екі дүние бұл тасдиқ—  хақтың досы.

Осыларды бұзатын және үш іс бар:

Пайда, мақтан, әуесқой  онан шошы.

Руза, намаз, зекет, хаж—талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт  бәрін тегіс.

Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті

Қылмағанмен татымды  бермес жеміс.

Бас жоғары жаралған, мойын  төмен,

Қарашы, дене біткен ретімен.

Істің басы — ретін танымақтық.

Иман білмес тағатты  қабыл демен.

Имамдар ғибадаттан сөз  қозғаған,

Хұснизән мен иманды білді ойлаған.

Иманның тазалығын жақсы  ұқтырмай,

Сыртын қанша жуса да, іші оңбаған. 

Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ,

Мү'мин болсаң, үйреніп  сен де ұқсап бақ.

Құран рас, алланың, сөзі дүр ол,

Тә'уиліне жетерлік ғылымың  шақ.

Алланың, пайғамбардың, жолындамыз,

Ынтамызды бұзбастық  иманымыз.

Пайда, мақтан әуесқой  — шайтан ісі,

Кәні біздің нәпсіні  тыйғанымыз?

Мү'мин болсаң, әуелі  иманды бол,

Бендеге иман өзі ашады жол,

Шыр айнал да, таза ойла бір иманды,

Мұнафиқ намаз қылмап па, мағлұм ғой ол.

Алла ішімді айтқызбай  біледі ойла,

Бендесіне қастықпен  кінә қойма.

Распенен таласпа мү'мин  болсаң,

Ойла, айттым, адамдық, атын жойма!


 

Ауру  жүрек ақырын соғады жай

Ауру жүрек ақырын соғады жай,

Шаршап қалған кеудемде тулай алмай.

Кейде ыстық қан басып  кетеді оны,

Дөңбекшіген түндерде тынши  алмай.

Қараңғы саңырау қайғы  ойды жеңген,

Еркелік пен достықты ауру көрген.

Ақылы жоқ, ары жоқ, шуылдақты

Күнде көріп, тұл бойы жиіркенген.

Тіріліп өткен күнді, тағы шөлдеп,

Осы күнді күн демес  қарғап, міндеп.

Кейде тілеп бақ пенен  тағы тыныштық,

Кейде қайғы, азапты тағы да іздеп

Кейде ойлайды жылауға  қайғы зарын,

Тынышсыз күнде ойлаған  дерттің бәрін

Кейде онысын жасырар  жұрттан ұрлап,

Кетірер деп мазақтап беттің арын.

Ауру жүрек ақырын соғады жай,

Өз дертін тығып ішке, білдіре алмай,

Кейде ыстық тағы да қан  басады,

Кейде бір сәт тыншығар үн шығармай.


 

Білектей  арқасында өрген бұрым

Білектей арқасында  өрген бұрым,  

Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын. 

Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты, 

Сұлу қыздың көріп  пе ең мұндай түрін.

Аласыз қара көзі айнадайын, 

Жүрекке ыстық тиіп салған сайын, 

Үлбіреген ақ етті, ашық жүзді, 

Тісі әдемі көріп  пе ең қыздың жайын?

Бұраң бел, бойы сұлу,кішкене аяқ, 

Болады осындай қыз  некен-саяқ. 

Піскен алма секілді  тәтті қызды 

Боламын да тұрамын көргендей  ақ.

Егерде қолың тисе білегіне, 

Лүпілдеп қан соғады жүрегіңе. 

Бетіңді таяп барсаң, тамағына, 

Шымырлап бу енеді  сүйегіңе.


 

Жасымда ғылым бар деп ескермедім

Жасымда ғылым бар  деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ержеткен соң түспеді  уысыма, 

Қолымды мезгілінен кеш  сермедім. 

Бұл махрұм қалмағыма  кім жазалы, 

Қолымды дәп сермесем, өстер ме едім? 

Адамның бір қызығы бала деген, 

Баланы оқытуды жек көрмедім. 

Баламды медресеге біл  деп бердім, 

Қызмет қылсын, шен  алсын деп бермедім, 

Өзім де басқа шауып, төске өрледім, 

Қазаққа қара сөзге дес  бермедім. 

Еңбегіңді білерлік еш адам жоқ, 

Түбінде тыныш жүргенді теріс көрмедім.


 

Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат

Жігіттер, ойын арзан, күлкі  қымбат,

Екі түрлі нәрсе ғой  сыр мен сымбат. 

Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік 

Ер табылса, жарайды  қылса сұхбат.

Кейбіреу тыңдар үйден  шыққанынша, 

Кейбіреу қояр құлақ  ұққанынша. 

Сөз мәнісін білерлік кейбіреу бар, 

Абайлар әрбір сөзді  өз халынша.

Шын көңілмен сүйсе екен, кімді сүйсе, 

Бір сөзімен тұрса  екен, жанса-күйсе. 

Қырмызы, қызыл жібек  бозбалалар 

Оңғақ бұлдай былғайды, бір  дым тисе.

Керек іс бозбалаға —  талаптылық, 

Әртүрлі өнер, мінез, жақсы  қылық. 

Кейбір жігіт жүреді мақтан көйлеп, 

Сыртқа пысық келеді, көзге сынық.

Кемді күн қызық дәурен тату өткіз, 

Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз! 

Күншіліксіз тату бол шын көңілмен, 

Қиянатшыл болмақты естен кеткіз!

Бір жерде бірге жүрсең басың  қосып,

Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.

Біріңді бірің ғиззәт*, құрмет етіс,

Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып. 

Жолдастық, сұхбаттастық — бір  үлкен іс,

Оның қадiрін жетесіз адам білмес.

Сүйікті ер білген сырын сыртқа жаймас,

Артыңнан бір ауыз сөз айтып  күлмес. 

Күйлеме жігітпін деп  үнемі ойнас,

Салынсаң, салдуарлық қадір  қоймас.

Ер жігіт таңдап тауып, еппен жүрсін,

Төбетке өлекшіннің* бәрі бір бас. 

Біреуді көркі бар  деп жақсы көрме,

Лапылдақ көрсе қызар  нәпсіге ерме!

Әйел жақсы болмайды көркіменен,

Мінезіне көз жетпей, көңіл берме! 

Көп жүрмес, жеңсікқойлық тез-ақ тозар,

Жаңғырар жеңсік құмар  жатқа қозар.

Күнде көрген бір беттен көңіл қайтып,

Қылт еткізбес қылықты, тамыршы озар. 

Толқынын жүрегіңнің хаттай таныр,

Бүлк еткізбес қалайша  соқса тамыр.

Жар көңiліне бір жанын пида қылып,

Білместігің бар болса, қылар сабыр. 

Шу дегенде көрінер  сұлу артық,

Көбі көпшіл келеді ондай  қаншық.

Бетім барда, бетіме кім  шыдар деп,

Кімі паңдау келеді, кімі тантық. 

Ақыл керек, іс керек, мінез керек, 

Ер ұялар іс қылмас, болса зерек. 

Салақ, олақ, ойнасшы, керім-кербез, 

Жыртаң-тыртаң қызылдан шығады ерек.

Қатының сені сүйсе, сен  де оны сүй, 

Қоржаң суық келеді кей  сасық ми. 

Ері ақылды, қатыны мінезді  боп, 

Тату болса, райыс* үстіндегі  үй.

Жоқ, болса қатыныңның жат өсегі,  

Болмаса мінезінің еш кесегі, 

Майысқан бейне гүлдей, толықсыған, 

Кем емес алтын тақтан жар төсегі.

Жасаулы деп, малды деп  байдан алма, 

Кедей қызы арзан деп  құмарланба. 

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар 

Ата-ананың қызынан ғапыл  қалма.

Үйіңе тату құрбың келсе  кіріп, 

Сазданба сен қабақпен имендіріп. 

Ері сүйген кісіні ол да сүйіп, 

Қызмет қылсын көңілі таза жүріп.

Құрбыңның тәуір болсын өз мінезі, 

Абыройлы қалжыңмен  келсін сөзі. 

Сен оған мойын бұрып  сөз айтқанда, 

Қатыныңда болмасын оның көзі.

Кей құрбы бүгін тату, ертең бату, 

Тілеуі, жақындығы —  бәрі сату. 

Көкірегінде қаяу жоқ, қиянат жоқ, 

Қажымас, қайта айнымас  қайран тату!

Пайда деп, мал деп  туар ендігі жас, 

Еңбекпен терін сатып  түзден жимас. 

Меліш* сауда сықылды  күлкі сатып, 

Алса қоймас, араны  тағы тоймас.

Асық ұтыс сықылды  алыс-беріс — 

Тірі жанның қылғаны  бүгін тегіс:

Бірі көйтке* таласып, бірі арам қып,

Төбелескен, дауласқан  жанжал-керіс. 

Жас бала әуел тату бола қалар,

Ата-анадан жақын боп, ертіп алар. 

Бірін бірі құшақтап шуылдасып, 

Ойын тарқар кезінде ұрыс салар.

Біреуі жылап барса  үйге таман, 

Ата-анасы бұрқылдар  онан жаман. 

Татулығы құрысын ойыны  мен, 

Дәл соларға ұқсайды  мына заман.

Жаман тату қазады өзіңе  ор, 

Оған сенсең, бір күні боларсың қор. 

Ары бар, ұяты бар үлкенге  сен, 

Өзі зордың болады ығы да зор.

Қазақтың қайсысының бар санасы? 

Қылт етерде дап-дайын  бір жаласы. 

Пысықтықтың белгісі  — арыз беру,

Жоқ тұрса бес бересі, алты аласы


 

Жүректе қайрат болмаса

Жүректе қайрат болмаса

Ұйықтаған ойды кім-түртпек?

Ақылға сәуле қонбаса,

Қайуанша жүріп күнелтпек.

Аспаса ақыл қайраттан,

Тереңге бармас, үстірттер.

Қартыңның ойы шар  тартқан,

Әдеті жеңіп күңгірттер.

Тән сүйгенін бермесе,

Жан шыдамас жаны ашып,

Бере берсең бер десе,

Үміт етер таласып.

Малда да бар жан мен  тән,

Ақыл, сезім болмаса.

Тіршіліктің несі сән,

Тереңге бет қоймаса?

Атымды адам қойған соң,

Қайтіп надан болайын?

Халқым надан болған соң,

Қайда барып оңайын?!


Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,

Алдамаған кім  қалды тірі жанда. 

Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім, 

Жалғыз-жарым  болмаса анда-санда.

Пайда үшін біреу  жолдас бүгін таңда, 

Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда. 

Мұнан менің, қай  жерім аяулы деп, 

Бірге тұрып  қалады кім майданда?

Ендігі жұрттың  сөзі — ұрлық-қарлық, 

Саналы жан  көрмедім сөзді ұғарлық. 

Осы күнде, осы  елде дәнеме жоқ 

Мейір қанып, мәз  болып қуанарлық.

Байлар да мал  қызығын біле алмай жүр, 

Жаз жіберіп, күз  атын міне алмай жүр. 

Сабылтып күнде  ұрлатып, із жоғалтып, 

Ызаменен ыржиып күле алмай жүр.

Саудагер тыныштық сауда қыла алмай жүр, 

Қолдан беріп, қор болып, ала алмай жүр.

Ел аулақта  күш айтқан, топта танған,

Арсыз жұрттан  көңілі тына алмай жүр.

Естілер де ісіне  қуанбай жүр, 

Ел азды деп  надандар мұңаймай жүр. 

Ала жылан, аш бақа күпілдектер 

Кісі екен деп  үлкеннен ұялмай жүр.

Бектікте біреу  бектеп тұра алмай жүр, 

О дағы ұры-қарды  қыра алмай жүр. 

Қарсылық күнде  қылған телі-тентек, 

Жаза тартып ешбірі сұралмай жүр.

Қарындас қара жерге тыға алмай жүр, 

Бірінің бірі сөзін  құп алмай жүр. 

Құда-тамыр, дос-жарың, қатын-балаң — 

Олар да бір  қалыпты бола алмай жүр.

Бір күшті көп тентекті жыға алмай жүр, 

Іште жалын  дерт болып, шыға алмай жүр, 

Арақ ішкен, мас  болған жұрттың бәрі, 

Не пайда, не залалды біле алмай жүр.

Жетілтіп жаз  жайлауға қона алмай жүр, 

Күз күзеуде  жанжалсыз бола алмай жүр. 

Қыс қыстауың —  қып-қызыл ол бір пәле, 

Оралып ешбір  шаруа оңалмай жүр.

Жасы кіші үлкеннен ұялмай жүр, 

Сұрамсақтар нәпсісін тия алмай жүр. 

Сәлем борыш, сөз  қулық болғаннан соң, 

Қандай жан  сырттан сөз боп,сыналмай жүр?

Ғашықтық, құмарлық пен — ол екі жол

Ғашықтық, құмарлық пен  — ол екі жол, 

Құмарлық бір нәпсі  үшін болады сол. 

Сенен артық жан жоқ  деп ғашық болдым, 

Мен не болсам болайын, сен  аман бол.

Көңілімнің рақаты сен  болғансың, 

Жасырынба, нұрыңа жан  қуансын. 

Бірге жаққан біреуге  жақпаушы еді, 

Сүйкімді тірі жанға  неткен жансың?!

Ғашықтық келсе жеңер  бойыңды алып, 

Жүдетер безгек ауру сықылданып. 

Тұла бой тоңар, суыр үміт үзсе, 

Дәмеленсе өртенер күйіп-жанып.


 

Өлсе  өлер табиғат, адам өлмес

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.

“Мені” мен “менікінің” айрылғанын

“Өлді” деп ат қойыпты  өңкей білмес.

Көп адам дүниеге бой  алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп  шалдырған.

Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз  қалдырған?

Кім жүрер тіршілікте көңіл бөлмей,

Бақи қоймас фәнидің  мінін көрмей,

Міні қайда екенін біле алмассың,

Терең ойдың телміріп соңына ермей.

Дүниеге дос ақиретке бірдей болмас,

Екеуі тап бірдей орныға алмас.

Дүниеге ынтық, махшарға амалсыздың

Иманын түгел деуге  аузым бармас.


 

Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?

Өлсем, орным қара жер  сыз болмай ма?

Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?

Махаббат, ғадауатпен майдандасқан

Қайран менің жүрегім  мұз болмай ма?

Амалсыз тағдыр бір күн  кез болмай ма?

Біреуге жай, біреуге  тез болмай ма?

Асау жүрек аяғын  шалыс басқан.

Жерін тауып артқыға  сөз болмай ма?

Сонда жауап бере алман  мен бишара,

Сіздерге еркін тиер, байқап қара.

Екі күймек бір жанға  әділет пе?

Қаны қара бір жанмын, жаны жара.

Жүрегіңнің түбіне терең  бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз  жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма!

Жасымда албырт өстім, ойдан  жырақ,

Айлаға, ашуға да жақтым шырақ.

Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,

Етекбасты көп көрдім елден бірақ.

Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,

Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме.

Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті,

Сен есірке, тыныш ұйықтап, бақ сөзіме!

Ішім — толған у  мен өрт, сыртым дүрдей,

Мен келмеске кетермін түк  өндірмей.

Өлең шіркін — өсекші, жұртқа жаяр,

Сырымды тоқтатайын айта бермей.


 

Ұялма деген көңіл үшін

Ұялма деген көңіл  үшін,

Ұсақ қулық бір ғана өмір үшін.

Татымды достық, та жоқ, қастық та жоқ.

Жігері жоқ, маңызы жеңіл  үшін.

Жалығу бар, шалқу бар, іш пысу бар,

Жаңа сүйгіш адамзат, көрсе қызар.

Ар мен ұят ойланбай, тәнін  асырап,

Ертеңі жоқ, бүгінге болған құмар.

Туысқаның, достарың—бәрі екі үшті,

Сол себепті досыңнан дұшпан күшті.

Сүйсе жалған, сүймесе аянбаған,

Бұл не деген заманға ісім түсті?!

Өзің үлкен, қылығың- бала-шаға,

Балаша мәз боп жүрсің тамашаға.

Әкесі ұрысса балаға ол да достық,

Баласы ұрысса әкеге жараса ма?

Информация о работе Стихи по "Казахской литературе"