Автор: Пользователь скрыл имя, 05 Января 2012 в 18:49, реферат
Публицистің әрбір шығармасында ұлттық сипатқа лайық көңіл бөлінді. Яғни публицистің негізгі мақсатының бірі рухани саланы жетілдіру. Оның шығармалары қазақ әдебиетінің озық үлгілерін насихаттауда ерекше қызмет атқарады. Абай шығармашылығына ерекше көңіл аудару осының бір айғағы.Сәбиттің баспасөзбен тығыз байланысты өмірі 1912 жылы Павлодардағы Қасым-қажы Ертісбаевтың медресесінен оқып жүрген кезінен басталды. Семейдегі мұғалімдер даярлайтын курста оқи жүріп, «Сарыарқа» газеті мен «Абай» журналына өлеңдерін жолдап отырады. 1919-1922 жылдары Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаевтармен қызмет атқарады.
Ол ойлы публицист болды. 1917 жылы ақпан революциясы болып, патша тақтан түскенде совет саясатын насихаттаушылардың, советтік баспасөздің абырой-беделін көтерушілердің алдыңғы қатарында болды. Оның «Абай» журналында, «Сарыарқа» газетінде, жиырмасыншы жылдары советтік газет-журнал беттерінде басылған мақалалары қазақ еңбекшілеріне Ұлы Октябрь революциясы әкелген өзгерісті түсіндіруге, бостандық пен теңдіктің сырын ұғындыруға арнады.
С. Дөнентаев адамның қоғамдық-әлеуметтік ортамен байланысын, әркімнің өз ортасында қоғамға пайдалы іс істеуге тиістігін көтерді. «Кісі туғаннан-ақ белгілі бір өнерге, қызметке икем болып туады; басқаша айтқанда, әр адамда әр нәрсеге талап, ыңғай, қабілет яки зеректік болады. Біреу оқытуға, біреу етік тігуге, біреу әкім болуға, біреу мал бағуға, біреу әскерлікке, біреу жазушылыққа, біреу дәрігерлікке, біреу саудаға, біреу сөзге, біреу дауға ыңғайланып жаралады. өмірде түк жұмысқа икемі жоқ жан сирек болады... Кімде-кім өзіне біткен ыңғайына қарай өз жолымен жүріп, қызмететсе, өз басынада, әлеуметке де үлкен пайда келтірмек. «Өз орнында» істеген адамның жұмысы да өнімді, берекелі болмақ. Қайғы сол: өз жолын шу дегеннен тауып алатын адамдар сирек болады. Адамның көбі ана жолға бір, мына жолға бір түсіп, өмір бойы өз соқпағын таба алмай, сенделумен күні өтеді... Әлеумет те, мемлекет те әр адамның еңбегі берекелі, пайдалы болуын тілейді», деп жазды ол «Неге арналсаң, соны істе» атты мақаласында. Мақала жастарды маманддыққа баулудың, мамандық таңдаудың проблемаларын ойлы көзбен шола білуімен бағалы.
С. Дөнентаев көптеген сын мақалалар да жазған. Олардың ішінде М. Әуезовпен бірігіп жазған 1918 жылы жарық көрген «Абайдан соңғы ақындар», 1923 жылы жарық көрген «Мағжанның ақындығы туралы», 1925 жылы жазылған «Аударма туралы», сол жылы жазылған «Сұңқар жыры» атты еңбектері автордың әдебиет жөніндегі, оның ерекшеліктері туралы, жазушы творчествосын түсінудің принциптері жайындағы ұғым-түсінігін, көзқарасын көрсете алатын елеулі туындылар.
С. Дөнентаев сыншылық көзқарасында жазушы не ақын творчествосын оның өзі өмір сүрген дәуірдің көкейкесті проблемаларымен, өнер адамына тән ерекшеліктерімен есептесе отырып талдау принципі бірінші орында тұрады. Ол Мағжан Жұмабаев шығармаларына осы тұрғыдан баға береді. Онда Мағжан тауып-өскен ортаның қайшылықты шындығының ақын өлеңдеріндегі көрінісі, революциялық дүмпулер кезіндегі ақындық ізденістің әр қилы бет алсын нанымды талданады. Сөйтіп, сыншы Мағжан ақынның табыстары мен қайшылығын дәл тауып көрсетеді.
Қазақтың демократтық-ағартушылық әдебиеті, орыстың және дүние жүзі әдебиетінің озық үлгілерінен сусындаған С. Дөнентаев бүкіл творчестволық өмірінде публицистикасы арқылы адамдық, адамгершілік және таптық екі жақты қанауында езіліп келген туған халқын оқу, өнер, білім жолына үгіттеді. Совет өкіметі жылдары азаттық алған елдің қоғамдық санасы мен рухани өмірінің жетілуін аңсады, қалың қазақ қауымының жаңа өмірді қабылдауы мен өсуінің тарихи жолын, жаңа адамдардың туып, жетілуін көркемдікпен бейнеледі
Иә, талай ұлыларды дүниеге әкелген қасиетті Семей топырағымен есімі тығыз байланысты арыстарымыздың бірі - Сәбит Дөнентайұлы. Өзінің қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында ақындығымен танылып, белді журналист бола білген Сәбит мәңгілік тұрағын да Семей жерінен тапты. ол 1933 жылы 24-мамыр күні Семей қаласынан Восход ауылына шыға берістегі мұсылман зиратына жерленеді. Сәбит ақынның қабірінің басында болғанда, ұрпақ парызы деген қастерлі ұғымның көрінісін байқай алмай көңіліміз құлазыды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ысқақов Б. Сәбит Дөнентаевтың ақындық жолы. Алматы: Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1966. - 378 б.
2. Назарбаев
Н. Тәуелсіздігіміздің бес
3. Мұқанов С., Бекхожин Қ. Қазақ әдебиеті тарихының очерктері.
Алматы: Жазушы, 1958. - 393 б.
4. Еленов Ж. Сәбит Дөнентаев. Алматы: Рауан, 1985. - 610 б.
5. Молдашева Р. Сарыарқадан Семей таңына дейін. Алматы: Дәуір, 2005. - 185б.
6. Б.Жақып.
Публицистикалық шығармашылық
7. 28 Қирабаев С. Сәбит Дөнентаев. Алматы: Рауан, 1991. - 574 б.
8. «Айқап» энциклопедиясы Ү.Сұбханбердина, Қ.Сақ, С.Дәуітов. Алматы,
9. Дөнентаев С. Шығармалар. Алматы: Рауан, 1990. - 426 б.