Автор: Пользователь скрыл имя, 25 Октября 2011 в 21:08, реферат
Махамбет Өтемісұлы – 1803 жылы Ішкі Бөкей ордасы, қазіргі Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауд. Нарын құмының Жанқұс жерінде туған. – 20.10.1846, Қараой өңірі, қазіргі Атырау облысы Махамбет ауданында жерденген - қазақтың көрнекті ақыны, сонымен бірге 1836-38 ж. Исатай Тайманов бастаған шаруалар кетерілісінің жалынды жыршысы ретінде де мәлім, қозғалысты ұйымдастырушы тарихи қайраткер тұлғалардың бірі.
Махамбет өзінің барша болмыс қасиеттерімен көшпелілер арасындағы көсем тұлғалардың бірі. Ол өзі туып өскен өңірдің Қамбар батыр, Ер Тарғын, Сыпыра жырау, Асанқайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Жиембет, Доспамбет сияқты біртуар тұлғаларының өлмес мұраларын көкірегіне тоқып өсті. Өзі өмір сүрген заманның ағымына жүйрік, қыр сырын жетік меңгерген, көзі ашық, көкірегі ояу, білімдар адам болған. Шағатай, орыс, татар, араб тілдерін жазбаша тәуір меңгерген. Мұны ол жазған хаттардан айқын аңғаруға болады.
Махамбет Ресей отаршылдығының барша ауырлық тауқыметін көзімен көріп, оның барша зорлық зомбылығын басынан өткеріп, ғұмыр кешкен адам. Сондықтан да 1836 жылы әбден шыдамы таусылған халық теңіздей толқып көтерілгенде, осынау тегеурінді дүмпудің дем берушісі Махамбет болды. Ол Исатай батырмен бірге арыстандай ақырып, азаттық туын қолдаса көтеріп шықты. Азаттық үшін күрес Махамбеттің бүкіл өмірінің мазмұнына айналды. Ұлттың азаттығы мен халықтың әлеуметтік теңдігін Махамбет жеріне жеткізе жырлаған әйгілі ақын. Ол поэзияда қандай дара болса, күй өнерінде де сондай дара.
Махамбет көшпелілер өркениетінің осынау жарық дүниемен шарқырап тұрып қоштасқан соңғы үні. Жалына қол тигізбейтін көшпелілердің қыл сағағын тағдыр тұзағы қылқындырған сәтте асау рухы Махамбет болып тұяқ серпігендей. Қазақты ұлт ретінде даралап, тарих сахнасына шығарған көшпелілер мәдениетінің буырқанып келіп жартасты соққан ақжал толқыны Махамбет тәрізді. Егер, қазақ халқының рухани үрдісін кең аяда тарихи құбылыс ретінде елестетер болсақ, онда Көне Түркі ескерткіштерінен Қорқыт пен Асанқайғыдан бастап, Шалкиіз бен Қазтуған, Ақтамбердіге дейін жалғасып, ақыр аяғында Махамбетке келіп тірелетін жорық жырауларының бір-бірімен ғасырлар ойнауынан сабақтасқан жалынды үнін анық естуге болады. Махамбет – жорық жырауы. Сол Ұлы бабаларының дәстүрін жалғастырған, рухын сөзімен емес ерлік ісімен көрсеткен батыр-жырау. Махамбет заманы көшпелілер рухының айының батып, күнінің тұтылған кезі. Сондықтан да, көшпелілер мәдениетіндегі эпикалық синкреттілік Махамбет болмысымен түйінделеді. Бұдан былай өнер қоғамдық құбылыстарды реттеушілік міндетінен айрылып, эстетикалық алданыш болуға көшкен. Махамбеттің әрі батыр, әрі көсем, әрі шешен, әрі жырау, әрі күйші болуында осындай тарихи әлеуметтік сұраным болған. Бұл тұрғыдан келгенде, Махамбет жорық жаруларының ішіндегі соңғысы.
Ауыз әдебиетінің тереңінен сусындаған, өзінің бойына халықтық дәстүрді терең сіңірген Махамбет Өтемісұлы Исатай Тайманұлы бастаған халық көтерілісінде маңызды рөл аткарды, ол өзінің өлеңдері арқылы халықты патша өкіметі мен хандардың езгісіне қарсы күреске шақырды. Махамбеттің өлеңдері бостандық пен әділдікті, халық көсемдерінің батырлығын қалың халық бұқарасына паш ету мақсатында жазылды. Оның өлеңдері бұқара халықтың жүргеніне тым жақын болды.
1838 жылы Исатай қаза болған соң, Махамбет шағын тобымен орыс әскерлерінің арасынан өтіп, Хиуа хандығына кетеді. Ол көтерілісшілерді жауға қарсы күреске қайта жұмылдырғысы келеді, алайда оның бұл әрекеті жүзеге аспайды. Ол Бөкей ордасына жасырынып келіп, шаруалар арасында хан мен патшаға қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе бастайды, бірақ ол қайта тұтқындалып, Орынборға жөнелтіледі. Орынборда оған "енді қайтып бүлікке қатысушы болма" деген ескерту жасап, босатады.
Өмірінің соңғы жылдарын ақын ауылда өткізеді. Жәңгір хан мен Баймағамбет сұлтан халықтың бүлік шығаруына ықпал етуінен секем алып, оның сыртынан бақылау қояды. Ақыры ханның тыңшылары Махамбетті опасыздықпен өлтіреді.