Кенесары Касымулы

Автор: Пользователь скрыл имя, 29 Октября 2011 в 18:16, реферат

Описание работы

1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келген. Ордасын Көкшетауға тіккен Абылай ханның отыз ұлы болған. Абылайдың әйелі Қалмақ ханы Қалдан-Сереннің туысы - Хошу мерген ноянның қызы Топыш ханымнан: Қамбар мен Қасым сұлтан туады. Кенесары Қасым сұлтанның бәйбішесі Айкүмістен: Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай, Бопай мен бірге 6 алты ағайынды болып туған. Ал Кенесарының інісі Наурызбай Қасым сұлтанның екінші әйелінен өмірге келген.

Кенесары Қасымұлы өзге бауырлары секілді көшпелі әскери ақсүйектер қауымының дәстүріне сай жастайынан шабандоз, ұшы-қиырсыз даланың қатал табиғатына шыныққан, қиындыққа төзімді болып тәрбиеленді. Жеке басының ерлік қасиеттері, бірбеттігі, алға қойған мақсатына жету жолындағы қайсарлығы мен дүлей күш-жігері оның жетекшілік қабілетін айналасына ерте мойындатқан.

Работа содержит 1 файл

Абылай ханның немересі.doc

— 53.00 Кб (Скачать)

Абылай ханның немересі. Ол өзінің тегі жағынан төре тұқымынан.

1802 жылы Көкшетау  өңірінде дүниеге келген. Ордасын  Көкшетауға тіккен Абылай ханның  отыз ұлы болған. Абылайдың әйелі  Қалмақ ханы Қалдан-Сереннің туысы  - Хошу мерген ноянның қызы  Топыш ханымнан: Қамбар мен Қасым сұлтан туады. Кенесары Қасым сұлтанның бәйбішесі Айкүмістен: Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай, Бопай мен бірге 6 алты ағайынды болып туған. Ал Кенесарының інісі Наурызбай Қасым сұлтанның екінші әйелінен өмірге келген.

Кенесары Қасымұлы өзге бауырлары секілді көшпелі әскери ақсүйектер қауымының дәстүріне сай жастайынан шабандоз, ұшы-қиырсыз даланың қатал табиғатына шыныққан, қиындыққа төзімді болып тәрбиеленді. Жеке басының ерлік қасиеттері, бірбеттігі, алға қойған мақсатына жету жолындағы қайсарлығы мен дүлей күш-жігері оның жетекшілік қабілетін айналасына ерте мойындатқан.

Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысына Патша  үкіметінің 1822 жылғы «Сібір қазақтары  туралы Жарғысының» қалыптасқан  хандық құрылымды, дәстүрлі билік үлгілерін  жоюы, қазақ елін жалпыресейлік басқару жүйесіне сіңістіріп жіберуді көздеген жымысқы саясаты негіз болды. Әуелі бұл саясатқа өз наразылығын қарт сұлтан Қасым төре білдірді. Ресей билеушілерінің қазақ елінің ең шұрайлы жерлерін тартып алып, Ақтау, Ақмола, Қызылжар, Көкшетауда өз әскери бекіністерін салуы, Солтүстік, Шығыс Қазақстанда суы мен жайылымы мол Ертіс, Есіл өзендерінің бойындағы жерді біртіндеп орыс-казак шаруаларының өз иелігіне бөліп алуы, жергілікті халыққа алым-салықтың өсуі ұлт-азаттық қозғалысын тұтатты. Ресей империясының бұл саясатына алғашқыда Ғұбайдолла сұлтан қарсы шықса, кейін оны Саржан сұлтан басқарды. Алайда Ресейге қарсы күресте одақтас болған Қоқан хандығының сатқындығынан 1836 жылы олардың тікелей нұсқауымен Саржан сұлтан өлтірілді, 1840 жылы Қасым төре қаза тапты. Осы кезде Қасым сұлтанның баһадүр батыр ұлдары, Саржан сұлтанның туған інілері Кенесары мен Наурызбай шығып, қалың қазақ елі Кенесарының соңынан ерді. Ағасы Саржан сұлтанның жасағында болып, әскери өнерін шыңдаған Кенесары қаншама қазақ хандығының аумақтық тұтастығын қалпына келтіруді, Ресей құрамына кірмеген аймақтардың тәуелсіздігін сақтауды басты мақсат тұтқанымен, ол отаршылдарға қарсы соғысты бірден бастаған жоқ. Ол бірнеше рет дипломатиялық қадамдар жасап, І Николай патшаға, Орынбор генерал-губернаторлары В.А.Перовскийге, В.А.Обручевке, Сібір генерал-губернаторы П.Д.Горчаковке хат жолдады, тиісті талаптар қойды. Ол өзінің Батыс Сібір генерал-губернаторына жазған хатында: «Ақтау, Ортау, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Өлкейек, Тоғызақтан Жайыққа дейінгі жерлер қазіргі патшаның тұсында тартып алынып, қаптаған бекіністер тұрғызылды. Міне, енді күн сайын жерімізге баса-көктеп кіріп, бекіністер салып, халықтың зығырданын қайнатып отырсыздар. Бұл біздің болашағымыз үшін ғана емес, бүгінгі тірлігіміз үшін де қатерлі. Менің тілегім - екі жақтың да халқы мизамшуақ өмір сүруі», - деді.

Кенесары Қасымұлы 1837 жылғы желтоқсанда І Николай  патшаның өзіне осындай мазмұнда хат жазған. Ол өзінің Ресей патшасына  жолдаған алғашқы хаттарының бірінде тіпті, императорды атасы Абылай хан заманында екі ел арасында орын алған бейбіт қатынасқа және шекара есебінде қабылданған межеге қайта оралуға шақырады. «... Сіздің арғы бабаларыңыз, ал бізде менің атам Абылай патшалық құрған уақытта, - деп жазады Кенесары император І Николай патшаға, халық бейбіт және тыныш жағдайда өмір сүрді, оны ешкім бұзған емес. Екі жақ та өзара сауда жасады; біздің жұртымызға ешқандай да салық салынған жоқ. Ал одан кейінгі мезгілде бәрі өзгерді, біздің халқымыздан салық жинала бастады, оған басқа да түрлі таршылықтар жасалынды. Бұрынғы жасалынған бейбіт келісімді бұзып, Сіздің төменгі қарауыңыздағы басшыларыңыз бүкіл қазақ халқы Ресей бодандығына қарады деп жалған көрсетті, соның салдарынан менің Абылай атама қарасты жерлерде сегіз дуан орнады. Бұл біздің халқымыз үшін өте қайғылы жағдай, әсіресе оған салықтың салынуы өкінішті-ақ. Сондықтан да біздің бүтін қазақ халқымыз таршылық көрмей, тыныш рахатты өмір сүрсе екен деп, ұлы мәртебелім, Сізге өтініш айтуға өзімді бақытты санап, біздің халқымызды сол бұрынғы күйінде қалдырып, даламызда орналасқан сегіз округтік дуандар мен өзге де мекемелеріңізді жоюыңызды сұраймын», - деп жазған. Алайда заңды талап-тілегі орындалмай, өтініші аяққа басылып, елі мен жерінің біртұтастығына қатты қауіп төнгендіктен, ту ұстап, тұлпар мініп, қол бастады. Ақылды саясатшы және шебер әскери қолбасшы ретінде ол соғысқа жан-жақты дайындалды. Жасағына қару-жарақ соғу, соның ішінде зеңбірек құю үшін орыс және өзге ұлт шеберлерін де өзіне тартып, оларға жақсы жағдай жасады. Көп ұзамай Кенесарының қол астына 20 мыңға жуық сарбаз жиналып, олардың ішінде Орта жүздің арғын, қыпшақ руларымен бірге Кіші жүздің де шекті, тама, табын, алшын, шөмекей, жаппас, жағалбайлы тағы да басқа руларының, Ұлы жүздің үйсін, дулат тағы да басқа руларының сарбаздары болды. Кенесары хан ұлт-азаттық көтерілісінде Ағыбай, Иман, Басығара, Аңғал, Жанайдар, Жәуке, Сұраншы, Байсейіт, Жоламан Тіленшіұлы, Бұқарбай, Мыңжасар тәрізді батырларға арқа сүйеді.

1841 жылы қыркүйекте  үш жүздің өкілдері жиынында  Кенесары қазақ халқының ханы  болып сайланды. Сол жылы Кенесары  ханның әскері Қоқан хандығының  иелігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт  қамалдарын алды. 1843 жылы Ресей  үкіметі Кенесары ханға қарсы  кең көлемді әскери жорық ұйымдастырды. Соған қарамастан, Кенесары ханның әскері Ресей армиясы мен Ресей жағында күресуші қазақ сұлтандарына бірнеше рет ойсырата соққы берді. Әсіресе 1843 жылдың қыркүйегіндегі Орынбор жасағымен шайқас бір жұмаға созылды.

1844-1845 жылдары Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісі шырқау шегіне жетті. Ол бастаған елді үш жақтан қоршап, Қарақұмға шегінуге жол бермеу үш бірдей жасаққа жүктелсе де Кенесары оларды жер қаптырып, құтылып кетті. Кенесары кейін Константинов қамалына шабуыл жасады. Жантөрин мен полковник Дуниковский бастаған орыс әскерімен шайқасып, сұлтан жасағына тылдан тиісіп, жойып жіберді. Осы ұрыста 44 сұлтан қаза тапты. Кенесарыны қарудың күшімен бағындыра алмасын білген патша өкіметі онымен келіссөз жүргізіп, қапияда қолға түскен сүйікті жары Күнімжан ханымды тұтқыннан босатты. Кенесары өз ордасын Жетісуға көшірді. Ұлы жүзден оған Байсейіт, Сұраншы, Саурық, Тойшыбек, Байзақ батырлар жасақтарымен келіп қосылды.

Тарихта Кенесары хан парасатты әмірші, әскери өнерді жетік меңгерген қолбасшы, жаужүрек батыр ғана емес, ғажайып дипломат, данагөй де болған тарихи тұлға. Сол кездері отарлаушы орыс мемлекеті қазақтарға қарсы Хиуа, Қоқанды, қырғыздарды айдап салса, қырғыздар Орта жүзге Ұлы жүзді қарсы қоюға жанталасып, Хиуа Есет батырды Жанғожаға, Жанғожаны Кенесарыға қарсы қоюға тырысты. Патша өкіметі болса, сатқын сұлтандарды Кенесары ханның соңына салып қойды. Осындай аласапыран заман туса да Кенесары хан жеке басының қамынан елінің біртұтастығы мүддесін жоғары қойды. Тапқырлығымен талай қиын мәселелердің түйінін шешті. Сатқындыққа, әділетсіздікке, мейірімсіздікке қатал қарап, қатты қаһарланса да парасаттылық танытар тұста ашуын ақылға жеңдіре де білді.

Азаттық үшін шайқаста Кенесары хан қырғыз манаптарының өзіне  бағынуын талап етті. Алайда, патша әкімдерімен құпия байланыста тұрған қырғыздар оған мойынсұнбады. Кенесары хан оларға шабуыл жасады. Өз жақтастарының опасыздық салдарынан Кенесары мен Наурызбай дұшпандардың қолына түседі. 1847 жылы Кенесары хан Қырғызстанның Жетіжал жотасының оңтүстік алабындағы Кекілік-Сеңгір аңғарында осылайша айуандықпен өлтіріледі. Жаулары оның басын кесіп алып, орыс әкімшілігіне жіберді. Князь Горчаков Кенесарының басын Батыс Сібір бас басқармасындағы «Кенесары бүлігі туралы» іске қосып сақтауға бұйрық берді.

Абылай ханның ұрпағы Кенесары ханның ұлт-азаттық  көтерілісінде қандай қолбасшы, тарихта  қандай ұлы тұлға болғандығы туралы орыс тарихшысы Н.Н.Середа өз зерттеулерінде: «Кенесары хан өз жасақтарының мәртебелі  әміршісі бола білді. Оның рухы дем  берген жауынгерлерге еуропалық әскер қолбасшыларының өзі қызығар еді. Жортуылда жолындағының бәрін жайпайтын дала дауылындай екпінді де тегеурінді Кенесары хан ешбір бөгет алдында кідірмейтін, қайта кездескен кедергі оның қайрат-жігерін жанып, шамырқандыра түсіп, көздеген мақсат жолындағы тосқауылдарды талқандар керемет күш бітіріп, одан сайын өршелендіріп жіберетін. Кенесарының бойындағы күллі осындай қасиеттерді көшпенділер биік бағалап, оның қаракет-қимылына қатысушылардың жүрегі басшысына деген шексіз сүйіспеншілікпен соғып, жанын пида етуге дейін барғызады»,-деп жазды.

Ал енді ағылшындық Томас Аткинсон Кенесары Қасымұлы туралы былай деп жазды: «Кенесары қазақтардан  ғажайып жауынгерлер даярлады. Найза  мен айбалтаны тамаша игерген, шапшаңдығына көз ілеспейтін жігіттері өзінен күші басым жаудан қаймықпай соғысып, жеңіп шыға беретінін естігенім бар. Егер білікті офицерлері болса, қазақтар әлемдегі ең әйгілі атты әскер құрар еді. Оларға тарихта даңқы асқан Шыңғыс хан жиһангерлерінің керемет қасиеттерінің бәрі тән».

Ресейдің әскери тарихшысы В. Потто кезінде Кенесарыны қазақтардың Шамилі деп те атаған.

Кенесары Қасымұлының  өмірі мен азаттық жолындағы  күресі көптеген ақын-жазушылардың шығармаларына  арқау болды. Нысанбай ақынның «Кенесары - Наурызбай дастаны» 1875 жылы сұлтан Жантөриннің тәржімасымен «Орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімшесінің жазбаларында» орыс тілінде жарияланды.

ХХ ғасырдың 30-жылдары М.Әуезов «Хан Кене» пьесасын, 60-жылдары И.Есенберлин «Қаһар» романын  жазды. 1888 жылы Ташкентте «Кенесары  мен Садық» деген атпен шыққан Кенесарының баласы сұлтан Ахмет Кенесариннің естеліктер жинағы да құнды еңбек болып табылады. Кеңес үкіметі тұсында Кенесарының күрес жолына іргелі ғылыми зерттеу арнаған тарихшы-ғалым Е.Бекмаханов саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Кенесары Қасымұлы тұлғасына жаңаша қарап, оның шынайы бағасын беру ісі Қазақстан тәуелсіз мемлекетке жеткеннен кейін ғана қолға алынды.

2002 жылы Кенесары  ханның туғанына 200 толуына орай  халықаралық ғылыми конференция  өтті. Астана қаласында Кенесары  ханға ескерткіш қойылған және оның атымен аталатын көше бар.

Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 4 том 

Информация о работе Кенесары Касымулы