Автор: Пользователь скрыл имя, 05 Марта 2013 в 22:23, реферат
Қожа Ахмет Йассауи– түркістандық ғұлама, әулие. Қожа Ахмет Йассауидың арғы тегі қожалар әулеті. Әкесі – Исфиджабта даңққа бөленген әулие, Әзірет Әлінің ұрпағы Шейх Ибраһим. Анасы – Мұса шейхтың қызы Айша (Қарашаш ана). Мұса шейх те Исфиджабта әулиелігімен танылған. Кейбір деректерде Қожа Ахмет Йассауидың Ибраһим атты ұлы мен Гауhар Хошназ (Жауhар Шахназ) атты қызының болғандығы айтылады.
Ақын өз кітабын қыпшақ даласы мен Орталық Азия түркілеріне кезінде түсінікті болған шағатай тілінде жазған. Мұның өзі араб тілінде жазылған Құран Кәрім мен түрлі хадис, тәфсирлердің күрделі қағидаларын жергілікті түркі халықтарының түсініп оқуына мүмкіндік берді. «Диуани хикмет» – көшпелі елдің ауыз әдебиеті үлгілеріне негізделіп, түркі халықтары фольклорының тілдік-стильдік, модельдік тәсілдерін зор шеберлікпен пайдалана отырып жазылған көркем туынды. «Диуани хикметтің» түпнұсқасы сақталмаған. Ең ескі нұсқасы XV ғ-дың орта кезінде араб әрпімен көшірілген. Бертін келе «Диуани хикмет» Қазан (1887–1901), Стамбұл (1901), Ташкент (1902–11) баспаларынан жарық көрген.
Қожа Ахмет Йасауи хикметтерінің жазылу тарихын, поэтикасын, сопылық-философиялық идеясын, қоғамдық-әлеуметтік мән-мағынасын, ислам дінін таратудағы рөлін М.Ф.Көпрүлузаде, Н.С.Банарлы, Е.Э.Бертельс, А.К.Боровков, Э.Р.Рустамов, В.И.Зохидов, т.б. ғалымдар жан-жақты зерттеді. Қожа Ахмет Йасауи «Диуани хикметте» «Аллаға жақындай түсу үшін» әрбір адам өзінің өмір жолында төрт басқыштан өтуі керектігін айтады. Біріншісі – шариғат. «Шариғат» – ислам діні қағидалары мен шарттарын тақуалықпен мүлтіксіз орындауды әрі құдайға құлшылық жасауды талап етеді. Екіншісі, «тариқат» – дін ғұламаларына шәкірт болып, жалған дүниенің түрлі ләззаттарынан бас тарту, Аллаға деген сүйіспеншілікті арттыра түсу болып табылады. Бұл басқыш сопылықтың негізгі идеясын, мұрат-мақсатын аңғартып тұр. Үшіншісі, «мағрифат» негізінен дін жолын танып-білу сатысы деуге болады. Бұл басқыштың негізгі талабы – күллі дүниедегі болмыс-тіршіліктің негізі «бір Алла» екенін танып-білу, түсіну. Төртіншісі, «хақиқат» («фано») – Аллаға жақындап, оны танып-білудің ең жоғары басқышы. Сопылық түсінік бойынша, «шариғатсыз» «тариқат», «тариқатсыз» «мағрифат», «мағрифатсыз» «хақиқат» болуы мүмкін емес. Бұлардың бірі екіншісіне өту үшін қажетті басқыш болып табылады. Қожа Ахмет Йасауи Аллаға (яғни Хаққа) жету жолында міндетті түрде төрт асудан мүдірмей өтуі керек деген пікір айтады. Ақынның айтуы бойынша, Хаққа жету жолындағы әрбір асудың он-оннан мақамы (тоқтамы) бар. Демек, осы төрт асудың қырық мақамын игерген пенде ғана «жабарут» (адам мен табиғат арасындағы үйлесімділік), «мәләкут» (өмірдің мәнмағынасына қанық болу), «лахут» (бұл жалғаннан безіп, о дүниенің рухани әлемін меңгеру), «насут» (жоғарыда аталған үш өлшемнің басын қосып тұрған күш) деп аталатын рухани дүниенің сырын пайымдауға мүмкіндік алады.
«Диуани хикмет» әрбір адамды имандылыққа, ізгілікке, жоғары адамгершілік қасиеттерге жетелейтін құдіретті күш, айқын бағдарлама деуге болады. Қожа Ахмет Йасауи әрбір адамның қадір-қасиетін, өмірде алатын орнын оның ішкі жан дүниесінің тазалығымен өлшейді. Адамның өз бойындағы ізгі адамгершілік қасиеттерді ұдайы жетілдіріп отыруы немесе бүкіл адамгершілік қасиетінен жұрдай болуы сол кісінің имандылығына байланысты деген түйін жасайды. Ал имандылық дегеніміздің өзі Алланың құлына ғана тән, адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеп, оны құдай жолына салып отыратын киелі күш деп түсіндіреді. Ақынның айтуы бойынша, имандылықтың ең басты көрінісі – мейірімді, кешірімді, өзгелерге жанашырлықпен қарау болып табылады. «Диуани хикметте» әрбір адамға қажетті қанағат-ынсап сезіміне ерекше мән беріліп, нәпсіні тыя білу мұсылмандықтың басты шарттарының бірі екенін ақын оқырманға қайта-қайта ескертіп отырады. «Ақыл кітабы» адамның ішкі жан-дүниесінің түрлі теріс ой-пиғылдардан, жаман ниеттерден таза болуын талдап, Алла алдында пәк, кіршіксіз болуға шақырады.
Бүкіл әлемдегі түркі халқы «Диуани хикмет» арқылы исламның рухани әлемімен, сол дәуір үшін ілгерішіл саналған сопылық ағымның философиялық ой-пікірлерімен танысты. «Диуани хикметте» жырланған адамгершілік, имандылық, қанағат, кішіпейілділік, жомарттық жайындағы этикалық-дидактикалық тұжырымдар бертін келе, қазақ ақын-жыраулары поэзиясынан өзінің көркемдік жалғасын тапты.
Қожа Ахмет Яссауи (Иасауи)- орта ғасыр рухани әлемінде өзіндік қолтаңбасымен белгілі болған ойшыл ақын. Оның «Диуани Хикмет» яғни «Даналық кітабы» түркі халықтары арасында сопылық ағымның орнығуына қызмет еткен еңбек еді.
«Даналық кітабы» жинағын толық түрде тұңғыш рет қазақ тіліне аударған ғалымдар, филология ғылымдарының докторлары Мұхамедрахым Жармұхамедұлы, Сәрсенбі Дәуітұлы, М. Шафиғи мырзалар «Диуани Хикмет» сөзін «Ақыл кітабы» деп аударған екен.
Мұхамедрахым Жармұхамедұлы осы жинаққа жазған алғысөзінде аударма табиғаты жайлы: «Бұл жолы аудармаға негіз етіп, ең көне нұсқаларының бірі, жаңаша 1897-жылы Ыстамбул қаласында басылып, республикамыздың Ұлттық кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазба қорындағы 2330-38- реттік саны бойынша сақталып келген нұсқаны алдық»,- деп ескерте кеткен екен.
Яссауидің кітабын тақырыбы
жағынан екі топта жіктеп қарастыруға
болады. Біріншісі – сопылық ілімнің мазмұнын
өлең түрінде жырлаған хикметтер тобы.
Бұған уағыз – насихат, өсиет үлгісінде
жазылған тәлім-тәрбие сипатындағы хикметтер
жатады. Ал екінші тобы – ақын өз кезіндегі
дәуір, қоғам бейнесін жасайтын лирикалық
шығармалары. Бұл жинақты бір жағынан,
философ Яссауидің дүние танымының мазмұнын
баяндаған және екінші жағынан, сопылық
ілімнің әдеби нұсқасын берген өлең-жырлар
деп, ұстаздың шәкірттеріне, болашақ ізбасарларына,
оқушыларына арнаған сөзі деуге болады:
Бісміллә деп баян етіп хикмет айтып,
Тәліптерге дүр уа гауһар шаштым, міне,
–
деуі содан. Мұндағы тәліптер деп отырғаны
– шәкірттер деген сөз.
Жинақта бүкіл адамзатты толғандырған
"Тіршілікті жаратушы кім?", "Өмір
дегеніміз не?", "Адамның өмір сүрудегі
мәні мен мұраты не?" – деген сұрақтарға
Яссауи да жауап беруге тырысады. Яссауи
хикметтері бойынша ғаламат ғарышты, шексіз
өмірді, рух дүниесін жаратқан – құдірет
пен хақ тағала. Ал адамның өмірінің мәні
мен мұраты Алланың аманат етіп тапсырған
рухани жанын дүние күнәсінен ада, таза
түрінде алланың өзіне о дүниеде қайтарып
беру парызында деп түсіндіреді. Сөйтіп,
адам Алланың тұтастығынан бөлініп жаралған
тағдыр бола отырып, енді қайтадан сол
тұтастыққа, Алламен рухани бірігуге дайын
болуға тиіс деп табады. Хақ тағала сеніммен,
рухани бірлікпен суарылған махаббаттың
мазмұны жеке құлқынның ләззаты емес,
қайта өзін-өзі дүние қызығынан шектеу
дейді. Сондай махаббат қана нағыз пәк,
берік болмақ деп, оның небір керемет поэтикалық
бейнелерінің түркі халықтары ұғымындағы
махаббат ғажайыптары суреті арқылы көркем
үздік образдар жасайды. Ғылым мен ілімге
(сопылыққа) тек махаббат жолымен ғана
жетуге болатынын айтады:
Махаббаттың дариясына шомылушы
Ғылым, амал қыл, қалар көп үлгісі, – дейді.
Мұндағы амал деп отырғаны – сопылықтың
шарттарын орындау әрекеттері. Жинақта
хақ жолынан тайдыруға итермелеуші шайтан,
нәпсіхауа образдары махаббатқа қарсы
қойылады. Адам өмірінің мәні өз бойын,
өз рухын сол шайтан мен нәпсіхауаға алдырмауда
дейді. Ғашықтықтың шын азабын тартқандай
"өлмек бұрын жан бермектің дертін тарттым"
деп, бар өмірін Алла жолын таза күйінде
ұстау үшін күреске арнауды насихат етеді.
Қожа Ахмет Яссауи философиялық мазмұнға
құрылған хикметтерінде көбіне ойшылдығын
танытса, өз ортасын суреттеуде әр құбылыстың
мәнін көре білетін реалист суреткер ретінде
көрінеді. Әр оқиғаға өзінің бағасын ашық
айта білетін, әркімге тиесілі анықтамасын
бере алатын шыншылдығын, сыншылдығын
байқаймыз.
"Диуани хикмет" – сыншылдық дәстүрдің
басы.
Өз заманының дағдарыстарына дауа іздеуде
Яссауи өз көзқарасы тұрғысынан мынадай
тұжырымдар айтады. Алла сыйлаған жарқын
өмірдің қасіретке толып, азып-тозып азғындауына
адамдардың өздері кінәлі. Адамның ниеті,
пиғылы, құлқы, жүріс-тұрысы, мақсат-мүддесі
заман қайшылықтарын туғызады деп табады.
Біліңдер достар, Хақ Расулдың елшілері,
Замана күннен күнге азар болды...
Патшалар әділдікпен үкім қылмас,
Қазылар пара алмай арыз алмас... –
деп, Яссауи заманның азуына әділетсіз
патшадан бастап, тағдырына қанағатшылық
етпеген пиғылы нашар пақырлардың бәрін
кінәлі етіп айыптайды.
Ақын өз шығармаларында, әсіресе, ислам
дінін таратушы, уағыздаушы, шариғат сөзін
сөйлеуші, сақтаушы болуға міндетті ишан,
молда, мүпти, сопы, дәруіш сияқты дінбасыларды
қоғамдық сана-сезімнің алдыңғы өкілі
ретінде қарастырып, олардың іс-әрекетінің,
мінез-құлқының, адамгершілік қасиеттерінің
рухани биіктікте көрінуін талап етеді.
Сондықтан да қоғам қаймағы, рухани жалауы
болған сол топтың азғындыққа түсуі –
заман азғындауының себепшісі екенін
айтады.
Ишан, шейх, қожа, молда дүние іздер,
Сырын білмес топ халықты келіп алдар,
Аят, хадис сөзін қойып малды іздер...
Шейх деп салар сарай, жинар дүние,
Алла үшін қылған зәрре амалы жоқ...
Ғалымдардың айтқан сөзін дұрыс білмес,
Нағыз дәруіштерді көзге ілмес, – деп,
ашынады.
Мұндай заманда әділеттікті, Хақ істі
жақтаушылар қуғындалып, ал мансап үшін
пара беріп, дүние үшін арсыздыққа барғандар
қоғам басшылары болып, билік құратынын
әшкерелейді. Яссауи өз заманынан сонда
да күдер үзбей, адамгершілікке шақырады,
жақсыны үлгі тұтып, ізгілік нышанына
қуанады. Ол өз уақытының бейнесін жасап
кеткен ақын әрі сол қоғамның белсенді
қайраткері де болды.
Яссауи сопылық әдебиетті тудыра отырып,
қазақ әдебиетінде адам бейнесін, оның
қоғамдағы қызметін, өмір мұратын жоғары
дәрежеге қойып жасауға жол салды. Яссауи
хикметтері қоғам өміріне, адам тіршілігіне
жоғары талап қойған сыншылдық дәстүр
әкелді. Оның бұл сыншылдық дәстүрі Дулат,
Сүйінбай, Шортанбай, Мұрат, т.б. жырларында,
тіпті күні бүгіндері де жалғасын тауып
жатыр.
Ал тарихи деректерге қарағанда, шығарма түпнұсқасы 12-ғасырда жазылып, түрлі ғасырларда әртүрлі көркем жазушылардың көшіруімен халыққа тарап отырған. Соңғы замандарға жеткен алғашқы нұсқаларының бірі 15-ғасырда араб әрпімен жазылса керек. Ғалымдардың дәлелдеуінше, «Даналық кітабы»-оғыз-қыпшақ тілінде өмірге келген дүние. Бұл тәсіл дастан көшпенді түркі тайпаларының бәріне бірдей түсінікті болсын деген ниеттен туындаса керек. Дегенмен шығарма баспаханада теріліп, жеке кітап ретінде он тоғызыншы ғасырдың соңын ала жарық көргенге ұқсайды. Ғалымдардың пікірінше ең толық нұсқасы Қазан қаласында 1887-жылы жарық көрген жинақта қамтылған секілді.
Филология ғылымдарының докторы Немат Келімбетовтың саралауынша, Қазан басылымында барлығы 149 хикмет қамтылған. Оның ішінде 109-ы аутордың өзіне тікелей тиесілі жыр жолдары екен. Қалғаны жинақты көшіріп жазушы шәкірттері тарапынан еніп кеткенге ұқсайды.
Ғалым Келімбетовтың талдауынша:
«Даналық кітабында» негізінен төрт
нәрсе мадақталады. Олар: «шариғат»-
Ислам заңдары мен әдет-
Ол жалған ғалымдар мен жағымпаздарды аяусыз сын тезіне алады:
«Білгірі заман-ақыр залым болды,
Жағымпаз жаналғыштар ғалым болды.
Сойқанды елге ашық айта алмаудан,
Ішіме менің дертті жалын толды» дейді ақын.
Қожа Ахмет Яссауидің жеке өмірбаянына қатысты деректер аз сақталған. Және түрлі дерек көздері әртүрлі болжам айтады. Бір дерекке қарағанда ол 1103-жылы туылып, 1228-жылы дүниеден өткен. Келесілеріне сүйенер болсақ, ақынның туған жылы белгісіз, ал қайтыс болған жылы 1166-жыл болуы мүкін. Дей тұрғанмен бір нәрсе-анық. Ақын 63 жасқа келгеннен кейін, пайғамбар жасынан асып, жер бетінде жүргісі келмейтінін айтып, қылуетке яғни жер астына түсіп, қалған өмірін сонда өткізген-міс. Бір аңыздарға қарағанда ақын қылуетте тағы 63 жыл жасағанға ұқсайды. Бұл турасында ақынның өзі:
«Бес жасымда шариғатқа белім будым,
Дін жолында Ораза ұстап, әдет қылдым.
Күндіз-түні зікір айтып, тәуба қылдым,
Сол себептен 63-те кірдім жерге...»-деп жырлаған.
Негізінен жыр жолдары 11, 12 буынды боп келген бұл хикметтер кейде а-а-а-б, ал келесі бір шумақтарында а-а-б-а тәсілімен жазылған екен. Ал Ислам танушы ғалымдардың біраз тобы Қожа Ахмет Яссауидың қылуетке кіруін «Алланың берген жасына, маңдайына жазған тағдырына қарсылық білдіру болды» деп, өз ұстанымдарын дәлелдеп келеді. Дерек көздерге қарағанда Қожа Ахмет Яссауи сәби кезінде анасыз, ал жеті жасқа толғанында әкесіз қалған екен. Әпкесі Гаухар-Шаһназдың қолында тәрбиеленген ол бертін келе Арыстан Баб, Хамадани сияқты ұстаздарынан дәріс алған көрінеді. Дегенмен Қожа Ахмет Яссауидың Ислам жолындағы алғашқы ұстазы өзінің әкесі болған екен. Ал, ақынның жолын қуып, сопылық сарында жырлар жазған шәкірттерінің ішіндегі ең танымалы Сүлеймен Бақырғани болатын. Сөз түйінінде Қожа Ахмет Яссауидың бір шумақ өлеңін келтіре кеткен жөн болар:
«Ғаріп-пақыр, жетімдерді қылған шадман,
Құлдық қылып, ғазиз жанды еткен құрбан.
Тағам тапсаң, шын пейілмен күткін мейман,
Халықтан естіп, бұл сөздерді айттым міне...»