Қазақ газетіндегі дін мәселесі

Автор: Пользователь скрыл имя, 10 Декабря 2012 в 09:13, научная работа

Описание работы

XX ғасырдың басында қалыптасқан ұлттық интелегенция шоғыры марғау жатқан халықты «Маса» боп ызыңдап, «найза» боп түйреп оятып, көмескі жатқан рухын тірілтіп, ғылым-біліммен сусындатуды мақсат тұтты. Ал, халықты оятудың бірден-бір тәсілі-ел арасында оқу-білімді, өзге де мәселелерді қаузайтын насихат құралы-газет ісін ұйымдастыру болатын.

Работа содержит 1 файл

Баяндама.doc

— 45.50 Кб (Скачать)

«Қазақ» газетіндегі  дін мәселесі

 

XX ғасырдың басында қалыптасқан ұлттық интелегенция шоғыры марғау жатқан халықты «Маса» боп ызыңдап, «найза» боп түйреп оятып, көмескі жатқан рухын тірілтіп, ғылым-біліммен сусындырғысы келді. Ал халықты оятудың бірден-бір тәсілі-ел арасында оқу-білімді, өзге де мәселелерді қаузайтын насихат құралы-газет ісін ұйымдастыру болатын. Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы шығарған «Қазақ» газеті хақында Мұхтар Әуезов «Шолпан» журналында: «...ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жинап, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп талап қыла бастаған уақытқа келді. Бұл тұтынған жолында «Қазақ» газеті өз міндетін дөп атқарды»,-деді. Өз кезегінде «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» қандай міндеттер атқарды? «Тау мен тасты су бұзар, адамзатты сөз бар»- деген нақыл бар. Бұзуға құдіреті келетін сөздің түзетуге де құдіреті келеді. Сөз-қару, мұны бұзуға жұмасасақ бұзады, түзеуге жұмсасақ түзейді»,-деген жолдарынан («Құрметті оқушылар» 1913, №1-44) газеттің алғаш жарық көрген санынан бастап-ақ, әсіресе, дін мәселесіне көп көңіл бөлгендігі байқалады. Мәселен, Сурат кофеханасында болған «Дін таласында» (мақаланың атауы осындай) кофеханаға келген Иран ғалымының көп оқып, көп білгендігі соншалық, құдайға илнуды қойып, беліне қыстырып алған ағашты көрсетіп, нағыз құдайдың сол екендігін айтады. Брахман дініндегі біреу сонда былай дейді: «...Хақ құдайды таныған Һәм анық білетін жалғыз-осы абыздар, дүниядағы істердің қалпы өзгерген жоқ. Оларды сақтап пана болушы жалғыз құдай, хақ құдай Браһма». Алыпсатар яһуди болса, шын құдайдың Ыбраһим, Ысхақ, Яғқуб пайғамбарлар таныған құдай екендігін, оның жалғыз-ақ Ысырағыл жұртына ғана пана болғандығын айтады. Сонда Суратта қызмет ететін бір түрік жігіті: «...Нағыз хақ дін біздікі деп бекер айтасыздар, алты жүз жыл болды «Інжіл» қалып, «Құран» келгеніне. Сауап ең ақырғы пайғамбар Мұхамедтің жолында...»,-дейді. Пұтқа, отқа, күнге табынатын дінсіздер осы кезде шулап кетеді. Сонда қытай ғана дауға кіріспестен, шайын ішіп, жайбарақат отыра береді. Түрік жігітінің өтінішінен соң барып қана, басынан өткен жайларды баян ете келе: «Баршаңыздар біріңді-бірің адастырмақсыңдар! Һәм өздерің де алданудасыңдар!... Дін турасында адасу түбі намыстан, өзімшілдіктен...Күллі дүниеге сыймайтын ұлығ тәңірін әр жұрт өзінің ғибадатханасына қамағысы келеді...Неғұрлым құдайды жоғары деп, биік деп, ұлық деп ұқса, соғұрлым жақсы танымақшы. Жақсырақ таныған сайын құдайға жақынырақ болмақшы. Жақын  болудың мағынасы: Рахметін көріп, рақымды болмақ...»,-дейді. Дін хақындағы таласты «Ә.Б.» деген бүркеншік есім жариялапты. [1.20] «Қазақ» газетінің 1914 жылғы №45-100 санында «Қыр баласы» (Әлихан Бөкейханов) деген бүркеншік атпен жазылған «Тағы да би һәм билік» мақаласында қазаққа билік жүргізуді орыс судьясына қарату керек, не болмаса молдалар айтқандай, шариғат жолымен жүргізу қажет деген екі мәселеге де келіспейтіндіктерін айтады. Себебі, қазақ биін орыс судьясына аударған күнде , бір болысқа он судьядан керек. «Бұл бір болысқа 30 мың сом шығын болады» дейді. Шариғат жолын теріс түсініп отырған халықтың өтірік құран ұстап, шариғат жолын білмейтін дүмше молдалардың жүргізген билігі құрып, бос қалатынын, елді қисық жолға бастайтынын ескертеді [2.88].  Әлихан Бөкейхановтың келесі бір жазған мақаласына назар аударып көрелік. Мұсылман съезінде қаралған мәселеде закон жобасы жазылған екен. Онда қыз бала 13 жасқа толса, некеге тұруға рұқсат етіледі екен. Доктор Хұсайынбек Ағаев болса, 13 жаста қыз бала толық жетілмейді, сондықтан 16 жасты дұрыс деп санайды. Ақырында әйел жасы 16, ер адам жасы 18 болып бекітіледі. «Мүфтиге қандай өнерлі кісі лайық деп сөз болғанда, мүфти орнына сайлау шарты мынау болсын: дін туралы кітап жазып, кітабын сынға алып, бәйге алған ғана кісі сайлансын, мына Европа университетті ғұмаласының жолы сияқты деп едім. Маған жалғыз Мосы әпенді қосылды. Біз бүктемеде қалдық». Бүктеме заң жобасын қарайтын кісілердің қолына тапсырылғандығы айтылады [3.118].

«Жаңа кітап» тақырыбымен  жарық көрген келесі бір материал жазушы Мәлен Тұрғанбайұлының «Пайғамбар заманы» деген (Бастырушысы: Қалжан Қоңыратбайұлы) жаңа кітабының жарық көргендігі сөз болады. «...бұл кітап Пайғамбарымыздың шежіресін сөйлейді. Арабстан, араб халқы исламнан бұрынғы арабтардың дін һәм әдеті, халықтың пайғамбарға мұқтаж заманы, Пайғамбарымыздың дүниеге келуі, тәрбиесі, өмірі, мінез қалпы туралы мағлұмат беріп келіп, Пайғамбарымызға оқы алһи келгеннен бастап, халықты дінге қалай үндегенін, бұл жолда қандай қиыншылықтар көргенін, мақсұтқа қалай жеткенін һәм Пайғамбарымыз заманында болған жалпы уақиғаларды түгел баяндайды»,-деп Міржақып Дулат бұл кітаптың тек мектеп балаларына ғана емес, Пайғамбар заманының тарихынан хабарсыз адамдарға нағыз қажет оқулық екендігін айтады [4.213]. 

«Қазақ мәселерінің ішіндегі ең маңыздысы әскерлік пен жер мәселесі...» деп басталатын мақалада Петроградқа барған мұсылмандардың фракциясында қаралған кеңесте біраз жайлар қозғалады. Мұсылмандарға керекті бірнеше мысалы: бір діннен екінші дінге көшу рұқсаты қай дінге де болса бірдей болу, мүфтиліктердің мекемелерін түзету, мұсылман мектептерінде ана тілінде оқыту, т.б. сияқты мәселелер көтерілді [4. 279].  «Ішкі хабарлар» айдарымен берілген «Мұсылман фракциясы қасындағы бюрода» «Х.Келдібековтың мұсылмандар үшін земски школдар деген доклады тыңдалған»,-дей келе, бұл мәжіліске профессор В.В.Бартольд пен А.Н.Самойловичтің шақырылғандығы, рухани мекемелерді бір жүйеге келтіруде 1914 жылдың 15-25 маусымдағы мұсылман съезінің заң жобасы турасында білімді адамдардың ой-пікірлерін ортаға саулы қаулы етілгені айтылады [5.279].  Газет 1916 жылғы нөмірінде Мағжан Жұмабаевтың «Дін үйреткенге» деген өлеңі де жарық көріпті. Ақын өз өлеңінде «дін» үйретушілердің дінді құлдық, қорқақтық деп қайсысы бізге молла болды, намыстан, күштен, істен айырып, ақылға кісен салған дүмшелер көзімізді соқыр етті. Ендігі жерде таңның атысымен біз де оянып, ес жиялық деп, халыққа үндеу тастап отыр [7.302]. «Рамазан айы жақындау тақырыпты» мақалада (Авторы-Әлихан Бөкейханов) мұсылмандардың қасиетті рамазан айында ораза ұстаудың, істелген құлшылық істердің сауабы мол болатынын қоя тұрып, адамшылық жағынан қарауды мақсат тұтқан. Яғни, бүтін халықтың басына орнаған мұқтаждық турасында сөз қозғап, Құран Кәрімде баян етілген  садақа орындарына түсінік береді: «Құранда айтылған «пақыр» деген сөздің мағынасы бір кісінің, болмаса көптің мұқтаждығын шығару деген сөз. Бұған ұлт мұқтаждығы да кіреді...» немесе «Ибн ассубиге беріңдер» деген сөздің мағынасын «мұқтаждық халдегі жолаушылар мен нақықсыз туған балалар (бұл бізде жоқ), шаһарды жерлерде жоқ болады...бұл реттен қарағанда да садақалардың ұлт мұқтаждығын шығару үшін қойылынған жұрттарға ұсталынатындығын көрсетеді...» сияқты «Фи субил-алла», «Уа-алғарамин» сөздерінің де толық түсініктерін ашып көрсеткен. «Әр нешік мұндай парыз, уәжіп-садақалар бір кісінің пайдасына ғана емес, бүтін ұлт пайдасына беріледі» дейді. Садақа берілетін арнайы орындар жоғарыда аталға жолдармен орындалатынын Ә.Бөкейханов талдай келе, «ендігі іс өздеріңде» деп сөзін аяқтайды. Халықты дұрыс жолға бастаудың бір көрініс-осы [8.305].

Уфа шаһарында орналасқан атақты «Ғалия» медресесінің ашылғанына 10 жыл толуына орай жарық көрген материал-«Медресенің 10 жылдық тойында» осы уақыт ішінде Ресейдің бас медреселерінің қай-қайсысын болсын, тағылым, тәрбие, білім жағынан артық болмаса, кем еместігін, діни ғана емес, ұлтын сүйетін, ұлтының қамын бәрінен де жоғары қоятын жастардың тәрбиелініп шығып жатқандығын мақтанышпен айтады. [9.351]

 Тұңғыш рет Торғай облысында өткен съездің қысқаша түрде 13 қаулысы берілген. Соның төртіншісі дін мәселесіне қатысты.  Кітапта берілген нұсқасы бойынша былай делінген:

  1. Дін ісі мемлекет ісінен айырылсын.
  2. Торғай облысының қазағы уақытша Орынбор муфтилігіне қарасын.
  3. Муфти һәм қазыларды сайлауға әр ұлт өзінің санына қарай қатыссын.
  4. Духовное собрание туралы жаңғыртып низам шығарғанда қазақ өкілдері бірге болсын.
  5. Имам һәм муфтиді халық сайлайды, ақындарды имамдар өз арасынан сайлайды, қазыларды ақындар сайлайды. Имам, муфти, ақындардың дәрежелеріне лайық шаһоднамасы болсын.
  6. Мешіт саны халық тілегінше болсын [10.374]. (авторы-Мадияр)

Жұмағали Тілеулин жазған «Жалпы қазақ съезінің» қорытындысы  бойынша, съездегі өкілдердің унитаристер (Ғаббас Асхатов-басшысы) және федералистер (қазақ, сарт, Кавказ, басқа да халықтар) болып екіге бөлінуі Ресей үшін үлкен алаңдатушылық тудырып отырылғандығы айтылады. Орынбор қаласында өткен «Жалпы қазақ съезінің қаулысында» бас-аяғы 14 қаулы қабылданады (төрағасы-Халел Досмұхамедов).

«Қазақ» газетінде орын алған дін мәселесі жайлы сөз қозғар болсақ, әсіресе, шала сауатты молдадардың үстемдік етуіне қарсы материалдар көп жарияланды.

"Мерзімді баспасөз  бізде қашан туғаны белгілі. Әр жұрттың, әр мемлекеттің мәдениет майданында ілгері-кейінгінін қатасыз бір өлшеуіші - баспасөз болады. Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті..." - деп жазды ұлт көсемдерінің бірі Міржақып Дулатов «Баспасөз үмесі» атты мақаласында. Сол секілді қай елдің діні мықты болса,  сол елдің болашағы жарқын болады.

 

 

                                                         

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1. “Қазақ» газеті. 1913ж. №1-44. «Дін таласы». 20-бет

2. 1914ж. №45-100. «Тағы да би һәм билік». 88-бет

3. 1914 ж. №45-100. «Мұсылман сиезі». 118-бет

4. 1915. №101-163. «Пайғамбар заманы». 213-бет

5. 1916. №166-211. «Петрогард хаты». 279-бет

6. 1916. №166-211. «Мұсылман фаркциясы қасындағы бюро». 297-бет

7. 1916. №166-211. «Дін» үйреткенге». 302-бет

8. 1916. №166-211. «Рамазан айы жақындау тақырыпты». 305-бет

9. 1916. №166-211. «Медресенің 10 жылдық тойы». 351-бет

10. 1917. №212-245. «Қазақ съезі». 374-бет

11. 1917. №212-245. «Жалпы мұсылман съезі». 389-бет

12. 1917. №212-245. «Жалпы қазақ съезінің қаулысы». 405-бет

 


Информация о работе Қазақ газетіндегі дін мәселесі