Ғаламтор және ғайып (виртуалды) шындық

Автор: Пользователь скрыл имя, 11 Марта 2012 в 15:14, доклад

Описание работы

Ақпараттық мәдениеттің алғышарты болып отырған техника-технологиялық прогресс, соның ішінде, коммуникация құралдары, яғни ақпаратты тарату құралдарының даму деңгейі екендігін алдыңғы тарауларда жіті қарастырған болатынбыз.

Работа содержит 1 файл

Ғаламтор және ғайып.docx

— 22.41 Кб (Скачать)

Ғаламтор және ғайып (виртуалды) шындық

Ақпараттық мәдениеттің  алғышарты болып отырған техника-технологиялық  прогресс, соның ішінде, коммуникация құралдары, яғни ақпаратты тарату құралдарының даму деңгейі екендігін алдыңғы тарауларда жіті қарастырған болатынбыз.

 Қазіргі заман мәдениетінің  айдарына айналған ғаламтор 1969 жылы  АҚШ-тағы қорғаныс министрлігінің  компьютерлік орталығын және  академиялық ұйымдарды біріктіру мақсатында құрылған болатын. Жүйенің бірінші әрі басты ерекшелігі оның ақпараттарды тасымалдаудағы тиімді әрі әмбебап құрал болуы ғана емес, сонымен қатар, оның шексіз көп ақпаратты сақтау және тасымалдау қабілеттілігінде. Болашақта ақпараттарды электронды жүйеде тасымалдау тәсілінің «қағаздық» тасымалды толығымен ығыстырып тастау мүмкіндігі күмәнсіз. Ерте ме, кеш пе біздің бүкіл қағази-кітаби мұрамыз, сонымен бірге кино қорымыз, музыкалық жазба жинақтарымыз және т.б. электронды тасымалдаушы түрінде ғана болады. Сонда интернет жүйесі ыңғайлы ғана емес, бұқаралық қолданыстың жалғыз құралына да айналуы мүмкін. Бұл әлемдік прогресс жемісі. Шын мәнінде, қазірдің өзінде әлемдік Ғаламтор жүйесі адамзаттың ақпараттық әлеуетін айтарлықтай дамытып, әлемнің барлық бұрышындағы миллиардтаған адамдардың тепе тең түрде әрі оңай бірігуінің басты себебі болып отыр.

 М. Маклюэннің айтуы  бойынша, қатынас құралдарының  өзгерісіне байланысты болатын  мәдени кезeңдердің біреуінен  екіншісіне аттап өту барысында  көптеген үйреншікті мәдени элементтердің  жоғалуы және өзінің басты  маңызынан айырылуы мүмкін, бірақ  оны ешқашан күйреу, дағдарыс  нәтижесі деп қарастырмау керек. Ондай құбылыстар орын алғанымен де, жалпы, прогрессивтік идеяны жоққа шығаруға болмайды. Дағдарысты міндетті түрде қаралауға, теріс коннотаттармен толтыруға болмайды, ол дағдарыс, кейде керек десеңіз, жемісті болуы да әбден мүмкін.

 Жоғарыда М. Маклюэн  берген кезеңдемеге сай, соңғы  үшінші кезең немесе аудио-визуалды  кеңістік кезеңі жаңа қарым-қатынас құралдарын – телеграфты, радионы, телефонды, теледидарды, компьютерді және тағы басқа ғылыми-техникалық прогресстің соңғы жетістіктерін ала келді деген болатынбыз.

 Компьютерлік технологиялар  жетістігінің арқасында адамда жаңа «өмір сүру» кеңістігі (көзбояу болса да) – киберкеңістік пайда болды. Ол кеңістікте бүкіл әлем бізге монитор экранынан нақты шындық іспеттес болып көрінгенімен, ол өзінің қолмен ұстауға келерлік заттық тығыздығынан, қаттылығынан айырылған мөлдір әлем.

 Ғаламтор постмодерн (модерн  дәуірінен кейінгі) заманының ұлы гипермәтіні деуге болады. Қазірде ғаламтор бірнеше миллиондаған компьютерлер басын қосып отырған ашық жүйе. Ғаламтор әу бастан либералды мәнге ие. Онда көп нәрсеге рұқсат етілген. Ғаламторға ілінген мәтін еркін пайдалануға берілген мәтін. Сондықтан мәтін авторы Ғаламторға ілген өзінің шығармасын өзінен шеттетумен пара-пар әрекет жасайды деген сөз. Нәтижесінде авторлық құқық, гонорар сынды баспа мәдениетіне тән ұғымдар өзінің бұрынғы мәнінен айырылады.

 Ғаламторды көз алдыңа жақсылап елестету үшін біз постмодерн дискурсының өзіндік ұғымы «ризомаға» жүгінеміз. Бұл терминді Жиль Делез бен Феликс Гваттари ботаникадан алған. Онда ризома – өсімдіктің неден ненің тарағанын анықтап білу мүмкін емес болатындай шатасып-тұтасып кеткен тарамдалып тамырлану түрі.

 Ғаламторлық технологияларды  сипаттауда ризома таптырмас  бейнелі ұғым. Ризома табиғатынан  орталықсыздандырылған, иерархияға бой бермейтін құрылым. Сондықтан оның ешбір нүктесі басқасына қатысты басымдық таныта алмайды, сол сияқты, қос нүкте арасында да ешқандай айырықша бөлек байланыс қалыптаспайды, өйткені онда бәрі бәрімен тікелей байланысты. Кең мағынасында «ризома» постмодерн әлемінің бейнелі сипаты бола алады, өйткені одан орталықтану, реттілік пен симметрия кеткен.

 Бүгінгі қоғамды қоршаған ақпараттық шындық адамзатты 70-80 жылдары қоршаған шындықтан мүлдем бөлек екендігі анық. Ол виртуалды шындық туындатқан ғайып болмысқа байланысты. Осы «виртуалды шындық» тіркесі қазір оңды-солды көп қолданылып жүргенімен, оның мағынасының түсініксіз, көмескілеу екендігі белгілі. Әдетте бұл термин компьютермен байланысты пайдаланылатындығы ғана анық.

 Виртуалды шындық әлемінде  бізге үйреншікті кітаби мәдениет  мәтіні де түрөзгеріске ұшырап отыр. Бұрынғы бірөлшемді, бір сызық бойына тізбектелген бір жазықтықтағы түзу мәтін орнына көпөлшемді электронды гипермәтін келді. Гипермәтін кеңістігінде бірнешеме мәтіннің қатар орналасуы мүмкін, тіпті, мәтіндегі кез келген сөз немесе келтірілген автор туралы бүкіл керекті мағлұматты ала алатын басқа сайт парақтары тұруы мүмкін.

 Кәдімгі кітапты оқып  отырып біз оның кеңістіктегі шегінен аса алмаймыз, онда көрсетілген сілтемелер бойынша қызықтырған нәрсені ол кітапты тастап барып қана, басқасын іздеп тапқаннан соң оқи аламыз. Ал киберкеңістіктегі виртуалды шындықта орналасқан гипермәтінде біз бір мәтіннен келесі мәтінге алдыңғысында тұрып-ақ лезде өте аламыз.

 Виртуалды шындық мәтін  оқудың ғана емес, мәтін жасаудың да («жазу» деген сөзді әдейілеп пайдаланбай отырмын) жаңа жолдарын ұсынып отыр. Бүгінгі заманда көпшілік шығарма жазбайды, мәтін құрастырады. Құрастыру (аннан-мыннан, анадан-мынадан, тиіп-қашып…) – интермәтінділікпен анықталған жаңа шығармашылық түрі. Интермәтін дегеніміз мәтіндердің өзгеріске түскен нұсқасы, мәтіндердің бір-біріне кірігуі. Бұл ұғым мәтінді жаңаша пайымдауға жол ашады. Интермәтіннің негізгі қасиеті оның іштей әртектілігі, ашықтығы, көпнұсқалығы. Интермәтін өзге мәтіндерге қатысты шығарылады. Ол тек бұрынғы мәтіндерге қатысты емес, өзінен кейін жазылған мәтіндерге де қатысты бола алады.

 Қазіргі заман мәдениетін  терең зерттеушілердің бірі Роллан Барт “Автор өлімі” туралы айтады. Айта кететін бір жай – бұл ХХ ғасырдағы зиялылар айтып жүрген көп “өлімдер” ішіндегі тағы бір өлім. Естеріңізге сала кетсек, Ф.Ницше “Құдай өлімі” туралы, О.Шпенглер “мәдениет өлімі” туралы, М. Фуко “Адам өлімі” туралы айтты емес пе?! Бұл да жоғары оқу орындарындағы енгізілген жаңашылдық – кредит технологиясының классикалық түсініктегі дәріскер “өліміне” әкелетіндігі сияқты метафоралық мәселе. Ақпараттық технологиялар мен ақпараттық нөпір тасқын білім алуға емес, білуге мәжбүрлеу болып отыр.

 Мәдениеттен оқу тәжірибесінің  кетіп бара жатқан заманы. Бүгінгі таңда оқудың нағыз дәурені емес пе – “не жаңалық?” деп құлағы түрік жүретін өсекшідей жапа-тармағай газетке бас салу, шым-шытырық оқиғаға толы детектив оқуға құмар адамзат емеспіз бе дер, бәлкім, біреулер. Мұнда оқу дегеніміз тікелей салиқалы да сарабдал классикалық әдеби-философиялық мәтінді оқумен байланыстырылып отыр. Қазіргі оқу оқығаныңды өз жүрегіңнен сезіне отырып өткізу, соған қосыла қобалжу, ойға шому сынды қасиеттерден ада ақпарат қабылдаумен шектелуге жақын күйде деп есептеуге болады.

 Оқу тәжірибесі кетіп, оның орнын теледидар мен видеоақпарат басып келе жатқандықтан кітап мәдени мінез-құлықты қалыптастырушылардың артқы шебіне өтті. Оқудан қалған адам миының маңызды бөліктерін жаттықтырудан да қалады, қиялдау, сезіну ұшқырлығынан, көңіл-күй сергектігінен және ойлау шапшаңдығынан айырылады. Бұл қасиеттер ақыл-ойды жұтатады, оның шығармашылық әлеуетіне зиян әкеледі.

 Ғаламтор кеңістігіндегі адам белгілі бір мағынада номад, көшпеліге айналады. Ғаламтор шарлаушысы сол кеңістікте иен даланы ат жалына жабысып шауып өтетін көшпелі сынды желіп жүр деуге болады. Бірақ оның әлемі көшпелілердің ұшы-қиыры жоқ кең даласы емес, гипершындық, виртуалды шындық даласы. Тарихи көшпелі өркениет ат жалына жабысып өткен өркениет болса, бүгінгі күннің неономады (жаңа көшкіншілері) компьютер алдындағы орындыққа жабысқан өркениет, постмодерн өркениеті.

 Әлем дегеніміз бір ұзын кабель болып шыққандай! Шындықтан тез арада бас тартып, лезде-ақ сап-сау адам қалайша өзін фантазмдық экранның ғайып (виртуалды) кеңістігінің тұтқынына айналғанын байқамай да қалады. Осы тұста “ғайып (виртуалды) шындық” ұғымына тоқталу орынды. Түптеп келгенде “virtual” деген сөздің түбірі латын тілінен қас қылғандай “нағыз”, “ең ақиқат”, “шынайы” дегенді білдіреді екен, бірақ біз оны өз түсінігімізде “ойдан шығарылған шындық”, «шындық сияқты болып көрінгісі келген шындық» деп ұғынамыз ғой.

 Біз виртуалды шындықты  өзіміздің шындығымызбен салыстырып  жалған деп жүрміз. Ал олай болмай шықса ше? Егер біздің шындық деп жүргеніміздің өзі интернеттің бір арнасы іспеттес виртуалды шындық болып шықса ше? Бәлкім, кезінде паровоздан «шайтан арба» деп қашқан ата-апаларымыз сынды қазіргі компьютерлік виртуалды шындықты тым құбыжық етіп алуымыз да мүмкін. Кім білсін?..

 «Виртуалды» деген  терминнің тарихына үңілсек, сөзтөркіні  «virtus»-та жатқандығын жоғарыда атап айтқан болатынбыз. Ол ұғым ортағасырлық христиан философиясында абсолютті жалпы мәннің жалқы заттармен байланыстылығын түсіндіру үшін пайдаланылған. Содан бері ұмыт болуға жақындаған терминді физиктер жалған элементарлық бөлшектерді атау үшін қайта жаңғыртқан. Олар виртуалды бөлшектер деген тіркесті «мүмкін әлем» түсінігімен байланыстырған. Сөйтіп, 70-ші жылдардың соңына дейін терминнің электронды әлемге де, ақпараттық технологияларға да еш қатысы болмаған.

 «Виртуалды шындық»  ұғымын 1970 жылдардың соңында Массачусетс  технологиялық институтында ойлап  тапты деген де дерек бар.  Ол шындықтың компьютер көмегімен  берілген үшөлшемді макроүлгісін  анықтау үшін пайдаланылған. Бастапқыда  ол үлгілер әскери салада әлдебір техниканы сынақтан өткізу алдында, мысалы, ұшақты ауада айдағандай әсер ала отырып, ұшуға жерде даярлық жасау барысында қолданылған құрылғыларға қатысты айтылған. Ал Жарон Ланье терминді жаңа компьютерлік өнімдерге байланысты пайдалануы нәтижесінде термин көпшілік айналымға компьютермен бірге еніп үлгерді.

 «Виртуалды шындық»,  «елес шындық», «ойдан шығарылған  шындық» немесе «ғайып болмыс»  – барлығы да ортағасырдан  кейін философияның шеткері ысырып  тастаған «виртуал» ұғымының  қайтадан оның тезаурусына (сөздік  қорына) белсенді енгендігін білдіреді.

 Виртуалды шындық бар  шындықтың тұтастығы, тұрақтылығы  мен тәмәмдалғандығының орнына  бөлшектік, өзгермелік, алуан түрлілік, аяқталмағандықты қойды. Виртуалды  шындық шын өмірге зиянын тигізбей  өз алдына балама әлем жасап  алу мүмкіндігін берді. Компьютерлік  графика мен онда болып жатқан  оқиғаларға адамның (Ғаламтор желісіндегі компьютерді пайдаланушының) тікелей әсер ете алу мүмкіндігі қосыла келе виртаулды жасампаздықтың жаңа мүмкіндігін берген киберкеңістік дүниеге келді.

 Енді міне, «виртуалды  корпорация», «виртуалды ақша»,  «виртуалды ойын», «виртуалды  оқу», және т.б. туралы да айтатын  болып жүрміз осы күндері. Демек,  виртуалдылықтың (ғайыптылықтың)  әлеумет өміріне, адам өміріне терең бойлай енгені соншалық біз енді қоғамның виртуализациялануы (ғайыптануы) туралы айтуға мәжбүрміз.

60-80 жылдары канадалық  мәдениеттанушы Маршалл Маклюэннің  айтқан көріпкелдігі енді жүзеге асты деуге болады – адам технологиялар көмегімен тек қол-аяғын, құлақ-көзін ғана қажетінше созып қойған жоқ, ол енді өзінің жүйке жүйесін де электронды медиа көмегімен ұзартып отыр.

 Виртуалды шындық шындықты  имитацияламайды, оны симуляциялайды, яғни сол шындыққа ұқсас, бірақ  өмірде жоқ өзіндік бір шындықты туындатады. Тарата айтсақ, имитация алдында тұрған даяр үлгіні қайталайды, ал симуляция жоқтың орнына жүріп, жоқтан барды (ғайыптылықты) жасайды. Симулякр – түпнұсқасы жоқ көшірменің көшірмесі.

 Виртуалды шындық технологиялары  бүгінгі адамзатқа пенденің қиял  қойнауында не бар соның бәрінің орындалу мүмкіндігін сыйлайды. Нақты шындықта шек қоятын табиғи әлде әлеуметтік заңдардың болуына байланысты адам ойына келгенді жасай алмайды. Ал виртуалды шындық сол мүмкіндікті экран алдындағы адамға береді, адамның шығармашылық шекарасын кеңейтеді, жаңа әсерлер ұсынады. Мысалы, әлдебір себептерге байланысты ешқашан ұшақ жүргізбейтіндігін немесе бос кеңістікте жалғыз самғамайтындығын білген жан үшін қазіргі технологиялар ұшақты жүргізгендей немесе ғарышта самғағандай сезім сыйлай алады.

 Қазіргі ғаламторлық  бағдарламалық технологиялық жаңалықтар  виртуалды шындықта тіршілік  етуді адамға тартымды қылғаны  сондай, тұлғалық ізденісі, қамкөңіл  қылар толымсыздығы басым нақты  әлемде тырбанған тіршілік еткеннен  гөрі фантасмагориялық елес әлемін экранға көзге көрінетіндей, құлаққа естілетіндей, керек десеңіз, ұнамаған жерін өзің түзететіндей етіп қойған ғайып әлем жағатын сыңай танытады. «Ақырын берсін!» дегеннен басқа амал жоқ.

 Бүгінде виртуалдық  әлем күнделікті өмір көрінісі болып, үйреншіктілікке айналды. Виртуалды компьютерлік магазиннен тауар сатып аламыз, болашақ салынар үйімізді қолмен салып қойғандай болып жобалаймыз, хат жазғандай боламыз, хат алғандай боламыз, кітап оқыған сияқтымыз… Расында, осы бір “сияқтылық” әлемі – хат сияқты, бірақ олай деуге ауыз бармайды; кітап сияқты оқылады, бірақ кітап емес дегендей…. – тым көбейіп кетті.


Информация о работе Ғаламтор және ғайып (виртуалды) шындық