Шоқанның балалық шағы

Автор: Пользователь скрыл имя, 22 Февраля 2012 в 19:46, реферат

Описание работы

Шоқан Уәлиханов 1835 жылы Құсмұрын бекінісінде дүниеге келген. Оның шын аты Мұхамедханафия. Оны Шоқан деп еркелетіп атап кеткен анасы Зейнеп Шорманқызы еді. Шоқанның балалық шағы табиғаты көркем Құсмұрын мен Сырымбетте өтті.Шоқанның ата-бабалары атақты сұлтандар әулетіне жатады.

Работа содержит 1 файл

Шоқан уалиханов.docx

— 128.44 Кб (Скачать)

Шоқанның балалық шағы

 

Шоқан Уәлиханов 1835 жылы Құсмұрын бекінісінде дүниеге  келген. Оның шын аты Мұхамедханафия. Оны Шоқан деп еркелетіп атап кеткен анасы Зейнеп Шорманқызы еді. Шоқанның балалық шағы табиғаты көркем Құсмұрын мен Сырымбетте өтті.Шоқанның ата-бабалары атақты сұлтандар әулетіне жатады. Оның арғы бабасы Абылай хан XVII ғасырдағы айбынды қазақ билеушілерінің бірі болды. Ал атасы Уәли патша үкіметі  ресми түрде бекіткен қазақтың соңғы  ханы еді. Әкесі Шыңғыс Омбы әскери училищесін бітірген, Аға сұлтан Шыңғыс Уәлиханов қазақтың игі жақсыларымен бірге Көкшетау сыртқы округының  аға сұлтаны лауазымды қызметін атқарған. Шоқаннын анасы жағынан  туыс нағашылары да осал емес — Баянауыл өлкесіндегі атақты Шормановтар  әулеті болатын. Мұса Шорманов орыс армиясының полковнигі, белгілі қазақ биі, Баянауыл сыртқы округының аға сұлтаны  еді. Шоқанның жақын туыстарының  естеліктеріне қарағанда, ол бала кезінен  білімге бейім әрі құмар болған. Шоқан тарихи аңыз-әңгімелерге ерте бастан-ақ қызыққан. Ол жастайынан данагөй  билердің әңгімелерін, акындардың өлең- жырларын зор ықыласпен тыңдап өсті. Оған тәрбие беруде сұлтан әулетінен  шыққан әжесі Айғанымның ықпалы күшті  болды. Ол жас Шоқанға ежелгі қазақ  аңыздарын, аңыз-әңгімелерін, мақал-мәтелдері  мен даналық сөздерін жиі айтып  отыратын. Шоқан 12 жасына дейін Құсмұрындағы мектепте оқып, мұсылман діні ілімімен танысты. Шоқан ауылдық бастауыш мектепте оқып жүріп-ақ араб, парсы, шағатай  тілдерінің негізін үйреніп алды. Ол сурет салуды да ерте үйренді. Бұл  өнерді оған орыс суретшілері, топографтары мен геодезистері үйретті. Олар Уәлихановтардың  отбасында жиі болып тұратын. Болашақ ғалымның дүниеге көзқарасының қалыптасуына жиі-жиі қонаққа келіп  тұратын декабристер де ықпал  етті. Олар бәрін білуге құмар жас  баланың бойында ғылымға, әдебиет  пен өнерге деген құштарлықты  күшейте түсті. Шоқан жас кезінен  халық ауыз әдебиетінің үлгілеріне ерекше ден қойды. Ол бала кезінің  өзінде «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Ер Көкше» сияқты басқа да дастандардың бірнеше нүсқасын жазып алды.

 

 


Шоқан саяхатшы-географ

 

Шоқан кадет  корпусында оқып жүргенде-ақ, саяхатшылардың өмірі мен ісі туралы жазылған еңбектерге аса қызығушылықпен қарап, танысты. Осы еңбектердің ықпал  әсерінен ол саяхатшы болуды, Орта Азияны арлап жан-жақты танысуды армандады. Демек, саяхатшылар өмірі жайлы  жазылған еңбектер болашақ саяхатшыға бастау көзі болып, жол нұсқады. Қоғамдық, әдеби қызметі Шоқан Уәлиханов 1853 жылы кадет корпусын бітіріп, Омбыда әскери қызметке қалады. Ол Сібір қазақ-орыс әскерінің 6-атты әскер полкына офицер болып тағайындалады, іс жүзінде Батыс Сібір мен Қазақстанның Солтүстік-Батыс аймағының генерал-губернаторы Г.X.Гасфорттың адъютанты қызметіне белгіленеді. Сондай-ақ, Батыс Сібір өлкесінің Бас басқармасы оған айырықша тапсырмаларды орындайтын офицер ретінде қарады. Қызметі барысында Шоқан Уәлиханов патша өкіметінің отаршылдық саясаты туғызған әділетсіздіктерді жете танып, қарсы батыл пікірлер білдіруге тырысты. Осы қызметтерді атқара жүріп, ол Орта Азия халықтарының тарихын, этнографиясы мен географиясын зерттеуге белсене араласты. Омбыдан кетуді, өзінің туған халқына пайдасы тиетін істермен шұғылдануды армандағанын өзінің достары Ф.М.Достоевскийге, Қ.Қ.Гутковскийге жазған хаттарынан анық көруге болады. 1855 жылы Шоқан Уәлиханов Омбыдан Семей, Аякөз, Қапал арқылы, Іле Алатауынан өтіп, Жоңғар қақпасына дейін келеді, қайтарда Алакөл, Тарбағатай жерлерін аралайды. Орталық Қазақстан-Қарқаралы, Баянауыл, Көкшетау арқылы Омбыға оралады. Бұл сапарда ол қазақ халқының тарихы мен әдет-ғұрпы, діни ұғымдары жайында көптеген материалдар жинайды. Сонымен бірге өзі болған аймақтардың тарихы, ескі қалалардың орны, шың-тастарағы жазу, белгілерін, көне ескерткіштер, аңыз-әңгімелер, ертегілер мен өлеңдерді жазып алады. Осы материалдардың негізінде "Тәңірі", "Қазақтардағы шамандықтың қалдығы" сияқты еңбектер жазады. 1856 жылы Шоқан полковник М.М.Хоментовский басқарған әскери-ғылыми экспедицияға қатысады. Қырғыз елін жете зерттеуге, Ыстықкөл аймағының картасын түсіруге тиіс болған бұл экспедияцияға қатысу Шоқанның зерттеу жұмысын ойдағыдай жүргізуіне мүмкіндіктер туғызады. Ыстықкөлге, Қытай империясының Құлжа қаласына саяхаты және 1856-1857 жылдары Жетісу, Тянь-Шань сапарларында П.П.Семенов-Тянь-Шанскиймен бірге болуы, Кырғыз Алатауына екінші рет сапарының нәтижелері оның "Жоңғария очерктері", "Қырғыздар туралы жазбалар", "Ыстық көл сапарының күнделіктері", "Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы" атты еңбектерін жазуға септігін тигізеді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Шоқан аудармашы

 

Шоқан тарихи маңызы бар шығармаларға айырықша назар  аударды. Мәселен, ол қырғыз халқының "Манас", "Семетей" туралы дастандарының  біраз тарауын тұңғыш орыс тіліне аударып, оған ғылыми тұрғыдан толық  тарихи және әдеби талдаулар жасады. Бірінші рет баспаға ұсынды. Көлемі жағынан, оқиға құру, адам образдарын бейнелеу жағынан әлемдік әдебиеттің озық үлгілерімен теңдес, аса құнды  туынды ретінде бағалаған. "Манас" – қырғыздардың ескі мифтерінен, аңыздарынан, ертегілерінен жиналып, бір адам Манастың төңірегінде топталған  энциклопедия. Бұл жағынан, ол "Илиада" тәрізді. Бұл аса зор эпопеяда қырғыз халқының өмірі, діні дәрігерлік ұғымдары шетелдермен қарым-қатынасы түгел қамтылған. Екінші эпос – "Семетей" – "Манастың" жалғасы. Бұл қырғыздың "Одиссеясы", – деп көрсетеді Шоқан. Шоқан әдебиет, оның теориясы мәселелері жөнінде сол кездің өзінде-ақ, көптеген тың пікірлер, тұжырымдар жасап, өз халқының тіршілігі мен мәдени дамуының жағдайларына лайық дамытады. Сондай-ақ, әр халықтың әдебиетін оның қоғамдық, әлеуметтік өмірімен тығыз байланыста қарастырады. Қазақ поэзиясының халықтық сипаттары жайлы тың ой-пікір білдіреді. Халықтың рухани серігі болған поэзия туралы ол: "Бұл халықтың ертеден өзіне тән тұрмысында есте қалдырмаған бірде-бір маңызды оқиғасы, бірде-бір тамаша адамы жоқ деуге болады. Олардың бірін суырыпсалма ақындар не жыршылар жыр етсе, екінші біреулерінің атын кейінгі ұрпақ естерінде ұмтылмастай етіп белгілі бір сыбызғышы не қобызшы музыканттар тастап кеткен", – деп жазады. Қазақ өлеңдерінің халықтығы жайлы құнды пікірлер білдіруде, Шоқан халық әдебиетінің бағалы нұсқаларын жасаған және ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілерін жырлаған. Орынбай, Шөже, Жанақ, Арыстанбай, Құрымбай сияқты ақындардың еңбектеріне жүгінеді, мысалдар келтіреді. Сонымен бірге қазақ поэзиясының жанр, түр, өлең құрылысын зерттей келе, мұны орыс ғалымдарына таныстыруды мақсат тұтқан. Ол қазақ, өлеңдерін: жыр, жоқтау, қара өлең, қайым өлең, өлең деп беске бөледі. Өлең құрылысын жыршылардың қобыз не домбыраға қосып айтуына қарап жүйелеген. Өлеңге, әсіресе, суырып салма өлеңге бейімділік барлық көшпелі елдердің өзіне тән ерекшелігі екенін анықтаған. Қазақ халқының ауыз әдебиеті мұраларын жинап, зерттей келе Шоқан олардың славян халықтарының, әсіресе, орыстардың ауыз әдебиетімен байланысын ашып дәлелді мысалдар келтіреді. "Жоңғария очерктерінде" "Көп уақыттан бері қазақтың ертегілерін, мифтерін, этникалық жырлары мен аңыздарын жинаумен шұғылдана жүріп, мен олардың Еуропа халықтарының, әсіресе, славяндардың осы тектес шығармаларымен бір сарындастығына қайран қалдым", – деп көрсетеді. Орыс-қазақ ертегілерін, мақал-мәтелдерін салыстыра отырып нақты дәлелдейді. Мысалы: өмір шындығының сәйкестігі әдебиетте де тақырып, сюжет ұқсастығын туғызатынын Шоқан қазақ пен араб поэзиясын салыстыра отырып, дала өмірін жырлаған екі елдің поэзиясының бір-біріне ұқсастығын, көшпелі ел тұрмысы сұлу табиғат, рулық тартыс, қайшылықтарды суреттеуінен анық көрінетінін айтады. Әсіресе, бұл халықтарда өлеңді суырып салып айту өнерінің ерекшелігіне назар аударған. Қазақтың шешен билері жайында құнды пікір білдіреді. Ш.Уәлихановтың тарих, география, әдебиет саласындағы зерттеу еңбектері Петербург ғалымдарының назарына ілігіп, құнды ықылас-ілтипаттарына ие болады. П.П.Семенов-Тянь-Шанский өзінің Жетісу бойындағы зерттеулерін жүргізген кезде Шоқан пікіріне үнемі ден қойып, ақылдасып отырған. Ыстықкөл сапарында біраз жерлерді бірге аралаған. Семенов-Тянь-Шанскийдің ұсынуымен 1857 жылы 27 ақпанда Шоқан Орыс География қоғамының толық мүшелігіне сайланады. Бұл орыс қоғамы зиялыларының, орыс ғылымының жас ғалым еңбектерін зор бағалағандығы, ғылым мен мәдениетке қосқан үлесін мойындағандығы екенінің дәлелі. 1858-1859 жылдары Шоқанның "Жарық жұлдыз", "Қашқария сапары" оны ғылыми-зерттеушілік, ағартушылық саласында жаңа биікке көтерді. Ол кезде Қашқария Ресей тарапынан зерттелмеген өлке болатын. Еуропа ғылымы үшін белгісіз, құпиясы мол ел болатын. Себебі, XII ғасырдың соңғы ширегінде Марко Поло, 1603 жылы саяхатшы Голе Қашқария жерінде болғаннан кейін, бұл өлкеге ешкім аяқ баспаған Шоқаннан бір жыл бұрын Қашқарияға Үндістан арқылы барған немістің белгілі географы Адольф Шлагинвейтті жергілікті билеушілер басын кестіріп өлтірткен. Адольфтің бұл қайғылы тағдыры жөнінде алғаш мәліметті жеткізген Шоқан болды. 1870 жылдары Петербургте Шоқанның "Жонғария очерктері". "Алты шаһардың немесе Қытайдың Хан-Лу провинциясының шығыстағы алты қаласынын жағдайы туралы", "Адольф Шлагинтвейттің өлімін әкелген жағдайлар туралы мәліметтер" туралы еңбектері жарияланды. Қашқарда болған кезінде Шоқан ұйғыр тілін жақсы меңгереді. Оның архивінде Қашқардағы ұйғыр тілінде жазған жазбалары да сақталған. Кіші Бұқарада жаңа ұйғыр тіліндегі әдебиеттің едәуір бай аударма әдебиеті бар. Кіші Бұқараның әдебиеті аудармаға неғұрлым бай болғанымен, өзіндік қолтума шығармаларға соғұрлым кедей. Олардың өз іштерінен шыққан бір де бір ақыны және белгілі бір жазушысы болған емес деп көрсетеді. Қытай тарихында Хой-ху, Хой-хор, Қой-ғой деген атпен белгілі болған халқының Хой-хор әулетін берген және кейіннен осы күнгі Шығыс Түркістанға келіп қоныс тепкен жат жерлік халық елге мәлім. Шығыс мәліметтерінде бұл халық ұйғыр деп аталады. Бүгінгі жеті шаһар тұрғындарын қытайлар чапту деп атайды. Чапту түрік тілінің ұйғыр деп Клапрот (осы тілдің сөздігін құраған адам) атаған диалектісінде сөйлейді. Ұйғыр тілінде моңғол сөздері көп кездеседі. Ұйғырлар   сонау   Шыңғыс хан   заманының  өзінде-ақ,  мұсылман дініндегі сол кезде өзінің жазу өнері бар халық болған. Оларды моңғолдар сауатты халық болғандықтан хатшы есебінде іс жүргізушінің қызметтеріне пайдаланған. Сондай-ақ, Шоқан Ұйғыр деген атымен белгілі болған ертедегі монғол жазуының үлгілерін қанша іздегенмен таба алмағанын қынжыла жазады. Бұл аймақтың өткені мен сол кездің қалпын жақсы білетін адамдарымен, ғалымдарымен, ақындарымен де кездесіп мағлұматтар жинаған, шығыс қолжазбаларының бірсыпырасын қолға түсірген. Тау жыныстарының коллекциясы, гербарий жасаған. Солардың бірінде Мирджай тауы мен Қарақаш өзені аңғарынан шығатын нефрит асыл тасының текшелері болған мүлде бейтаныс елді жан-жақты сипаттайтын, әскери, саяси, экономикалық, сауда-саттық жағынан үкіметке де, ғылымға да пайдалы бай материал мен сирек деректерді жинап, қиыншылықтар мен қауіп-қатерді көп көріп, Шоқан керуенмен 1859 жылы сәуір айында елге оралған. Қашқария сапарының нәтижелі жемісі – Ш.Уәлихановтың "Алты шаһардың, яғни Қытайдың Нан-Лу провинциясының шығыстағы алты қаланың жайы" атты еңбектерінде жан-жақты мәлімделді. Қашқария сапарының ғылыми нәтижелері туралы Орыс География қоғамында мәлімдеме жасағаннан кейін-ақ, оның материалын Германияда неміс тілінде басып шығарды. 1865 жылы Лондонда ағылшын тілінде жарияланды. Демек, Қашқария сапарындағы айқындалған мәліметтер Шоқан Уәлихановтың дүниежүзілік география ғылымына қосқан маңызы зор жаңалығы болып есептеледі. Қашқария экспедициясы үкімет тарапынан да ресми түрде аталып өтті.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Шоқан Уәлихановтың шығыс  зерттеулері

 

Тамаша білім  алып шыққан жас ғалым түрлі ғылыми экспедицияларға белсене қатысты. Бұл жөнінде ол Омбыда оқып жүрген жылдарында армандайтын. Қазақ даласын  және онымен шекаралас жатқан елдердің аумағын, ондағы халықтардың тарихы мен жағдайын жаксы білетін Шоқанға  орыс зерттеушілері де қатты қызығып, оның көмегіне мұқтаж болатын. 1855 жылы Шоқан Батыс Сібір генерал-губернаторы  Г.Х. Гасфорттың Орталық Қазақстан, Тарбағатай мен Жетісу жеріне жасаған  сапарына қатысады. Бұл сапарда қарапайым  халықтың өмірімен танысып, қырғыздардын тарихи аңыз-әңгімелері мен жырларын жазып алды.[5] Ш. Уәлиханов 1856 жылы аса  көрнекті ғалым, белгілі географ  П.С. Семенов-Тян-Шанскиймен танысты. Ол жас қазақ ғалымның қабілетіне шын  ниетімен сүйсіне қайран қалды. 1857 жылы П.С. Семенов-Тян-Шанскийдің ұсынуымен  Ш. Уәлиханов Орыс географиялық қоғамының  толық мүшелігіне қабылданды. Шығыс  Қазақстан мен Жетісуға, қырғыз еліне  жасаған сапары Шоқанның ғалым ретіндегі  даңқын арттырды. 1857 жылы Шоқан Алатау қырғыздарына сапар шегіп, оның тарихын, этнографиясын және халықтық поэзиясын  зерттеді. Кырғыз халқының энциклопедиялық  дастаны «Манасты» жазып алды.

1858-1859 жылдары  Шоқан атақты Қашғария сапарына  барып қайтты. Шоқанға дейін ол  өлкеде бірде-бір зерттеушінің  болып қайтуының сәті түспеген  еді. Неміс ғалымы Р. Шлагингвейттің  еуропалықтар үшін мүлде жабық  өлкеге барып қайтпақ болған  сапары қайғылы аяқталып, ол қатыгездікпен  өлім жазасына душар болған-ды. Шоқан аса қиын құпия жағдайда  өз өміріне қатер төндіре жүріп,  Қашғария өлкесінің тарихы, этнографиясы, мәдениеті мен геологиясы, географиялық  жағдайы жайлы Бұған дейін  мүлде белгісіз аса құнды деректер  жинап қайтты. Соның негізінде  «Алтышардың немесе Қытайдың  Нан-JIy провинциясының (Кіші Бұхараның)  шығыстағы алты қаласының жағдайы  туралы» деген атақты еңбегін  жазды. Еңбекті Ресейде де, одан  тыс жерлерде де шығысты зерттеуші  ғалымдар жоғары бағалады.

Патша үкіметі  жас ғалымның ғылыми ерлік еңбегін  жоғары бағалады. 1860 жылы Санкт-Петербургте  ол орденмен марапатталып, әскери шені де жоғарылатылды. Оны орыс патшасы II Александрдің өзі қабылдады. Осы  кездесу кезінде Шоқан патшаға  орыс шенеуніктерінің қазақ халқына  жақсы қарауы жайлы өз өтінішін батыл  жеткізді.

Петербургте болған кезінде (1859—1861 жылдары) Шоқан  Уәлиханов әр түрлі әскери және ғылыми мекемелерде жұмыс істеді. Ол ресейлік шығыстанушылар мен дипломаттардың, жазушылар мен ақындардың сиынатын нағыз піріне айналды. Шоқан Қазақстан  мен Орта Азияның және Шығыс Түркістанның карталарын жасаумен айналысып, қажымай-талмай еңбек етті. Шығыс елдерінің қолжазбаларын  мұқият зерттеуді де жалғастырды. Оны  Орыс географиялық қоғамы Шығыс тарихы туралы лекциялар оқуға шақырып  тұрды.

Алайда Петербургтың ылғалды ауа райы оның денсаулығына жақпады. Денсаулығының нашарлауына  байланысты Отанына оралуға мәжбүр болды. Ол Омбыға барып, даладағы жергілікті баскару ісін қайта ұйымдастыру  жөніндегі шараларға қатысты. Оның негізгі ойлары «Қырдағы мұсылманшылық  туралы», «Қырғыздардың кө- ші-қоны туралы», «Сот реформасы туралы жазбаларда»  баяндалады.

1864 жылы Шоқан  генерал Черняевтың Оңтүстік  Қазақстанға жасаған әскери экспедициясына  қатысады. Бірақ әскери қызметі  ұзаққа созылмады, генералдың  жергілікті халыққа шектен тыс  қатыгездік жасауы салдарынан  әскер қатарынан өз еркімен  кетті.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                           ШОҚАН УӘЛИХАНОВТЫҢ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ  ЗЕРТТЕУЛЕРІ

 

Әр ұлттың тарихында  үздік шығатын  ғажайып таланттар болады.   Ғасырлар  санап та, әйтеуір ұзақ сағындырып дүниеге келетін ондай  перзентін қазақ халқы  біртуар  деп атайды. Қазақ халқының ой дүниесінде аз жасап, көп іс тындырған Шоқан  Уәлиханов халқымыздың сондай біртуар  перзенттерінің бірі. Халқымыздың дара туған ұлы Шоқан Уәлиханов  ХІХ ғасырдың тұңғыш ғалымы, ғажап  ақыл – ойшылы, зор талантты  дүние  жүзі ғылымында  өзіндік үлкен  орны бар ірі тұлға. Барлық ғұмыры нысаналы, тағдыры - мұхиттың дәмін  білуге болатын тамшыдай еді. Жарқ ете  қалған бейнесі әлі де болса  ұрпақпен үндесе бермек. Өз заманында жарқырап шыққан ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұралары – тарих, этнография, география, бейнелеу өнері, әдебиет, фольклор, нумизматика және археология саласындағы  еңбектері  Азия халықтарының өмірін зерттеуде аса құнды  дүниелер болып есептеледі. Дегенмен де, қазақ халқының ұлы ғалымы, ойшылы Шоқан Уәлиханов сынды ардақты адамдардың мағыналы өмірі мен мазмұнды мұрасына қатысты көптеген жайлардың жұмбақ сырлы мәлімсіз жақтары бар екендігі де дәлелді шындық. Шоқан Уәлиханов – қазақ халқының тарихын, этнографиясын және фольклорын ең алғаш кең зерттеген отандық ғалым. Ғалымның көптеген шығыс, батыс халықтарының тілдерін білуі әр түрлі қайнар көздерге сүйене отырып, көне жазбаларды, жылнамаларды салыстыра зерттеуге, тарихи шындықты ашуға кең мүмкіндіктер туғызды. Шоқан өз ойларын дәлелдеу үшін Орта Азия халықтарының тарихын көп зерттеген Абылғазының «Түрік шежіресі» атты белгілі кітабына жүгінеді. «Түрік шежіресін» толықтыра түсу мақсатында ол «Қазақ шежіресі» еңбегін жазады. «Қазақтардың көшпелі еркін тірлігі Азияда дүниеге келіп, дамығаны ... күмән туғызбаса керек. Олай дейтін себебіміз – орыс жылнамалары біздің сөзімізді растайды» - деп баяндайды да, сол кездегі көптеген авторлардың еңбектеріне шолу жасайды, олардың деректерін шежірелермен салыстырады. Қазақтың әрбір ру басылары өз ру-тайпасының шежіресін: шыққан тегін, елдің әдет-ғұрып заңдарын, ескі жарлықтарын, халықтың басынан өткен тарихи жайларды көп жасаған ақсақалдардан ыждаһатпен үйреніп, өзінің шешендік өнерін шыңдағанын, аңыз-әңгімелерде, мақал-мәтелдерде, маңызды оқиғаларға қатысты ұлағатты асыл сөздерді ұзақ уақыт жаттайтынын билер сөзін халық ұйып тыңдайтынын, ол нақты сөздер өмірдің бар саласын қамтитындай өсиет-өнегеге, тәлім-тәрбиелік, ғибраттық мазмұнға толы болатынын ұлы ғалым тебірене жазған. Зерттеуші тарихи аңыздарды тарихи деректердің жаңғырығы деп білген. Оның танымдық мағлұматтарын ғылыми еңбектерінде шебер пайдаланған. Ауызша айтылған тарихи толғаныстарды, жазба және археологиялық мәліметтерді өзара салыстырып, ең сенімді дегенін кәдеге жаратқан. Тарихи аңыздарда айтылған Шыңғысхан, Александр Македонский,. Тоқтамыс, Әмір Темір сияқты адамдардың өмір сүрген дәуірлеріне барлау жасаған ойшыл өз зерттеулерін Геродот жинаған тарихи аңыздармен салыстыра қарайды. «Профессор И.Н.Березинге хат» деген еңбегінде ол Тоқтамыс, Орақ мырза, Ер Көкше, Ер Қосай туралы аңыз-дастандарды, Көшім, Орысханға қатысты аңыздарды жіліктеген, сөйтіп қазақ халқының арғы тарихына үңілген. Шоқан көшпелі монғол және түрік тайпалары өздерінің отырықшы ағайындарына қарағанда өте көп білетінін, бұлардың аңыздары ертеде пайда болғанын дәлелдейді. Адамның ата-тегі туралы аңыздарды, шежіре деректерін, қырғыздардың арғы анасы жөніндегі аңыз мәліметтерін 1246 жылы монғолдардың Күйік ханына  барып қайтқан Плано Карпинидің мағлұматтарымен салыстырады, олардың түп-төркінің ұқсастығын көрсетеді. «Аңыздардың өте маңызды бөлімі шежіре жөніндегі аңыздар болып табылады, - деп аңыздың бұл түрін Шоқан аса жоғары бағалаған. Ру тұрмысы осы аңыздарға негізделген... Бұл жөніндегі аңыздардың маңызды болатын себебін – олар бір халыққа жататын руларды және халықтың құрылуын анықтайды. Қазақтардың, өзбектердің және ноғайлардың шежірелеріне қарағанда олар Алтын орда мен Шағатай ордасы құлағаннан кейін, түріктер мен монғол тұқымдарынан құралған одақ екендігі байқалады». Ғалым өзінің «Жоңғар очерктерінде» халық аузындағы нақыл сөздерді зерттеудің этнография үшін орасан зор маңызы бар екенін, халықтың тұрмысы мен әдет-ғұрпын айқынырақ жазған: «ескі нақыл сөздерге бай келу Солтүстік Азия мен Орта Азияның көшпелі халықтарының ерекше бір қасиеті болып табылады. Ондай нақыл сөздер: не ру ескерткіші ретінде, мәселен заң, ғұрып аңыздары ретінде қариялар аузында қаиеттеліп сақталып отырады, не халық жыры түрінде бір ұрпақтан екінші ұрпаққа белгілі жыршылар арқылы жеткізіліп отырады». Аңыздарда әр қырынан көрінетін, бүкіл түркі тектес халықтарға ортақ тарихи тұлғалардың бірі, ұлы бабамыз Қорқыт Ата туралы Шоқан Уәлиханов қысқа болғанымен мәнді, мағыналы мағлұматтар келтіреді. Әр халықтың жазба мәдениеті, ауыз әдебиетінің үлгілері жайлы баяндағанда Қорқыт Атаның да көптеген халықтарға танымал бейне екеніне тоқталады. «Жоңғар очерктерінде» Қорқытқа  байланысты ертегі, жырлар территориялық және тіл жағынан жақын халықтардың әдеби, мәдени бірлігін нығайтуға септігін тигізетінін айтады.

1855—1856 жылы қыста Шоқан өз  қызметін атқарумен бірге Қазақстан мен Орта Азияның тарихы жөніндегі әр түрлі түпнұсқаларды зерттейді, қазақ хандары мен сұлтандарының тегі, генеологиясы туралы кесте жасайды. Ұлы жүз қазақтарынан жинаған мақал-мәтелдерін орыс тіліне аударады. Ұлы жүзді басқарудың жаңа құрылымының жобасын жасауға көп күш және уақыт жұмсайды.

Ш.Ш. Уәлиханов 1857 жылы 1 ақпанда, орыстың  көрнекті ғалымдары   П.П. Семенов-Тянь Шанский және Е.И. Лабанскийдің бастамасымен Орыс география қоғамының толық мүшесі  болып сайланды.  Олар  жазған кепілдемеде былай делінген:  «...Ыстық көлдің шығыс жағалауына саяхат жасап, онда қырғыз даласы туралы бай географиялық, этнографиялық    және тарихи материалдар жинаған поручик... Шоқан Уәлиханов императорлық Орыс географиялық қоғамының толық мүшесі болып сайлануын жөн көрдік».

Шоқанның  нағыз болмыс-бітімін оның өзі  жазған еңбектері айқын танытады. Ғалымның туған жер тарихы, көне шежірелер, халық тағдыры, сахара көшпенділерінің өткен дәуірдегі мәдениеті туралы зерттеулерін, баға жеткісіз саяхатнамаларын оқып отырғанда сан-салалы білімді, кең танымға ие зерделі жанға кезігеріңіз хақ. Шоқанның «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қытай империясының батыс өлкесі және Құлжа қаласы» атты қолжазбалары, «Жоңғар очерктері», «Қашқар сапары жайлы» жазғандары жиырмадан жаңа ғана асқан жігіттің қаншама үлкен істер атқарғандығын жарқырата ашатын, аса бағалы еңбектер.

Шоқан этнограф ретінде халықтардың рухани және материалдық мәдениетін зерттеуге  зор үлес қосты. Шоқан Уалихановтың ғылыми шығармашылығы Орталық Азияда жасаған экспедицияларының барысында жинақталған бай тарихи – этнографиялық материалдардан тұрады. Оның мақалалары, очерктері, күнделік жазбалары көшпелілердің тұрмысын, олардың әдеп – ғұрыптары, аңыздары мен өлең – жырларын сипаттап мазмұндайды. Осы жұмыстардың негізгі тақырыптық бағыты этнография болды. Барлық экспедицияларда Шоқан Уалиханов барған елдерінің жергілікті халқын ден қойып зерттейді. Орта Азия мен Қазақстанның халықтарын зерттеу арқылы Шоқан Уалиханов сол кездегі тек тұрмыстық санадағы ғана емес, сондай-ақ ғылыми ортада орын алған түсініктерді жоққа шығаруға ұмтылды. Шоқан әдеби мұрамыздың өткен жолын, келешек ұрпаққа берер тағылымын жоғары бағалады. Халық ауыз әдебиетін құнды мұра деп біліп, қазақтың аңыз -  әңгімелері мен  жырларының және күйлерінің түр тамырына, тарихи  кезеңдерге, оқиғаға байланысты құрылатынына зер салды. Фальклорлық материалдар оған  халықтың рухани байлығын зерттеп білуде зор жәрдемін тигізді. Халқымыздың ғасырлар бойы арындай таза сақтап келген қымбат мұраларының   озық үлгілерін, фальклорымызды  әдейі бұрмалап теріс түсіндіруді мақсат еткен арам ниеттілерге батыл наразылық білдірген Шоқан өзі бас  болып, оның  шынайы мәнін түсіндіруге құлшына кірісті. Қазақ халық поэзиясының түрлері жөнінде деген мақаласында Шоқан “жыр”, “жылау”, “қайым”, “қара өлең”, “өлең” сияқты халық поэзиясының барлық формаларына сипаттама береді. Барлық далалық жырлар  қобыздың сүйемелдеуінде  тақпақтап айтылады. Негізінен,  жыраулардың мазмұны бұрында  өткен халық батырларының өмірі мен  қаһармандық іс - әрекеттері болып келеді. “Едіге” жыры XIV ғасырдың соңындағы оқиғаларға қатысты,  бұл Шоқан Уалихановтың ойынша, қазір жоқ ескі сөздер мен сөз тіркестері құбылысымен  дәлелденеді, мұнда парсы немесе араб тілдерінен алынған бірде – бір сөз жоқ. Ш.Уалиханов Едіге батыр туралы  халық жыры, жыр кейіпкерлерінің  тарихилығы, өмір сүргендігі жайлы болжамын бекітеді деп жазады. Шоқанның ғылыми мұрасы әлі де жеткілікті зерттелген жоқ. Бұл үшін Шоқан Уәлихановтың білімінің әр түрлі саласына — археологияға, нумизматикаға, лингвистикаға және т. б. салаларға қосқан үлесін анықтайтын арнаулы нақты зерттеулер қажет. Егер біз қазақ ғалымынын, отандық және дүниежүзілік шығыстану ғылымына қосқан үлесін қысқаша топтап айтуға тырысатын болсақ, онда бұл баға мен қорытындының толық және түпкілікті екеніне емеурін артпай-ақ, мыналарды айтуға болады: Ол Жетісу, Қырғызстан, Шығыс Түркістан сияқты ол кезде ғылымға мәлім емес елдер мен жерлерде болып, тарих, этнография, география, әдебиет, Орталық Азиянын бұл аудандарының саяси жағдайы бойынша бірегей әрі жан-жақты материал жинаған тұңғыш европалық ғалым болды. Ол жинап әкелген материалдар орыстың және дүние жүзінің ғылымында Орталық және Орта Азияның, Қазақстанның картасындағы «ақ таңдақтың» келемін азайтуға мүмкіндік берді. Шын мәнінде Шоқан Уәлиханов алғашқылардың бірі болып ғылыми айналымға тарихи түпнұсқалардың ғалымдарға бұрын беймәлім қабатын — қазақ және қырғыз эпостарын, аңыз-ертегілерін еңгізді, оларды жинап, зерттеуге ол өз өмірінің, едәуір бөлігін арнады. Сондай-ақ шығысты зерттеуші қазақ ғалымы Азияның түрік халықтары — қазақтар, қырғыздар, ұйғырлар және басқа халықтар тарихының этногенез,   әлеуметтік құрылым, саяси жағдайы, шетелдік басқыншыларға қарсы ұлт-азаттық   қозғалысы   сияқты   бірсыпыра түйінді мәселелерін, Орта Азия, Шығыс Түркістан және Қазақстан халықтарының өміріндегі ислам дінінің рөлі туралы мәселені бірінші болып зерттеді.   Шоқан Уәлиханов бұл мәселелерді  көтеріп    қана    қойған жоқ,   сонымен   бірге жалпы алғанда тарих ғылымының сол кездегі даму дәрежесінің, атап айтқанда,   Азияның бұл өңіріндегі түрік халықтары туралы білімнің біршама төмендігіне, зерттеу тәсілдерінің жетілмегендігіне қарамастан, ол көптеген ғылыми мәселелер бойынша дұрыс баға бере алды.

Информация о работе Шоқанның балалық шағы