Мемлекет

Автор: Пользователь скрыл имя, 17 Февраля 2013 в 11:51, реферат

Описание работы

Мемлекет — белгілі бір аумаққа иелік етіп, сол жердегі халықтың еркін дамуына мүмкіндік беретін, қоғам табиғатынан туындайтын ортақ істерді атқаруға қажетті басқарудың жоғарғы дәрежеде ұйымдасқан жүйесі, саяси билік ұйымы

Работа содержит 1 файл

Документ Microsoft Office Word (3).docx

— 35.16 Кб (Скачать)

Мемлекет

 

Мемлекет — белгілі бір аумаққа иелік етіп, сол жердегі халықтың еркін дамуына мүмкіндік беретін, қоғам табиғатынан туындайтын ортақ істерді атқаруға қажетті басқарудың жоғарғы дәрежеде ұйымдасқан жүйесі, саяси билік ұйымы. Егемендікке, заңдастырылған зорлықты пайдалануға монополияға ие және қоғамды басқаруды арнайы механизмдер (аппарат) арқылы жүзеге асыратын қоғамдағы саяси билікті ұйымдастырудың еркеше түрі, саяси жүйенің орталық институты.

 

Мемлекеттің белгілері:

мемлекеттің орталық және жергілікті билік органдары жүйесі болады, оған заңды, атқарушы және сот органдары, әскер, полиция жатады;

мемлекеттің тұрғындары әкімшілік-аумақтық бірлестіктерге (облыс, аудан, ауыл, т.с.с.) бөлінеді (ол бірліктер әр елде түрліше аталады);

мемлекеттің шекарасы анық белгіленген аумағы болады;

мемлекеттің әскерді, полицияны, сотты, басқа мемлекеттік мекемелерде қызмет істейтін шенеуніктерді ұстау үшін салық жинайды;

мемлекет заңдар және басқа нормативтік-құқықтық актілер шығарады, солардың көмегімен қоғамды тәртіп орнатады.

 

Мемлекет түрлері:

 

Мемлекем құрылымы бойынша келесі түрлерге бөлінеді:

Унитарлық (лат. ұнітас — біртұтас, біріккен) құрылыста саяси билік бір орталыққа бағынады, мемлекет ішінде өз алдына бөлек басқа құрылымға жол берілмейді. Оның территориясы, конституциясы бір болады.Мемлекеттік биліктің жоғары органдар жүйесі, азаматтығы ортақ. Мысалы, Италия, Франция, Қазақстан т.б. осы түрге жатады.

 

Унитарлы мемлекет - әкімшілік-территориялық бірлестіктердің саяси дербестігі болмайтын мемлекеттік құрылыс түрі. Мемлекеттік құрылысқа келесі сипаттамалар тән: елдің бүкіл территориясында тең жүретін біртұтас конституция; заңды күші бүкіл территорияға таралатын жоғарғы мемлекеттік билік органдарының біртұтас жүйесі; біртұтас құқық жүйесі; биліктің муниципалды органдарының жалпы мемлекеттік органдарға бағынуы.

Федерация (лат. фоедератіо — одақ, бірлестік) — белгілі бір саяси тәуелсіздігі бар, бірнеше мемлекеттік құрылымдардың бірігіп одақтық жаңа бір мемлекетті құруы.Федерация мен оған кіретін субъектілердің міндеттері арасындағы айырмашылықтар жалпымемлекеттік конституциямен реттеледі. Әр субъектінің өзінің жоғарғы билеу (заң шығарушы, атқарушы, сот органдары болады). Мұндай мемлекеттерге АҚШ, Алмания, Малайзия, т.б. жатады.

Мемлекет басқаруы бойынша

Монархия (гр. μοναρχία — біртұтас билік) — абсолюттік және конституциялық болып екіге бөлінеді. Абсолюттік монархия — мұраланған тақ иесінің (монархтың) ешқандай заңдармен шектелусіз, өз қалауынша дара билік жүргізуі. Шыңғыс хан және оның ұрпақтары билеген Қыпшақ мемлекеттері, ХВЫЫЫ ғасырдың соңындағы буржуазиялық революцияға дейінгі Людовиктер басқарып келген Франция осы абсолюттік монархияға мысал. Атадан балаға мұра боп қалған билік иесінің мемлекеттің сайланып қойылатын басқару органдарымен біте қайнасып, демократиялық ұстанымдармен үйлесім тауып басқаруын конституциялық монархия дейді. Мысал ретінде қазіргі Англия, Жапония мемлекеттерін айтуға болады.

Республикалық басқару — парламенттік және президенттік болып екіге бөлінеді. Парламенттік жүйесі бар елдерде парламенттегі орындардың көпшілігін сайлауда жеңіп алған партия немесе партиялар коалициясы — премьер-министр басқарады. Үкімет өзі жасап парламент бекіткен бағдарлама бойынша жұмыс істейді, парламентке есеп береді. Парламент жетекші рөл атқарады, қажет десе, басқарушы үкіметті қызметтен кетіре алады. Парламент заңдарды ұсынады және олырды қабылдайды. Премьер-министр де парламенттің қарауына заңдар ұсынады. Сот билігі тек заңдарға сүйеніп жүзеге асырылады. Парламенттік республикалық басқаруға Италия, Алманияны жатқызуға болады. Президенттік жүйеде президентті және парламентті халық сайлайды, заңды билік пен атқарушы билік арақатынасы өзгереді, ел президенті мемлекеттің де, үкіметтің де басшылығын өз қолына алады. Президенттік басқару үлгісі ретінде АҚШты келтіруге болады

Диктатура (лат. діцтаре — нұсқау беру) — бір қолға шексіз биліктің жинақталуы, заңды аяққа баса отырып, күш көрсету арқылы мемлекет басқаруды жүзеге асыру. Диктатура мемлекеттік билік формасының ерекше көрінісі ретінде монархиялық және республикалық режімдер жағдайында ұшыраса береді.

 

Қызметтері:

 

Мемлекет мынадай қызметтерді  атқарады: шаруашылық жүргізу (меншік) мәселелерін реттеу (бөлу), жер бөлу, алым-салық жүйесін белгілеу, адамдардың құқықтық жағдайын белгілеу, қорғанысты қамтамасыз ету, тағы басқа мемлекет саяси ұйымдардың ішіндегі ерекше күрделісі  және қуаттысы бола отырып, бүкіл қоғамды  қамтып, сол қоғам атынан оның ішінде де, сыртында да өкілдік етіп, сол  қоғам үшін қызмет ететін саяси ұйым. Осыған орай мемлекеттің қоғам өміріне тікелей және жанама әсер ететін ерекше органдары және оны басқа саяси ұйымдардан ажырататын белгілері бар:

1) өз аумағында бүкіл  қоғамның жалғыз ресми өкілі ретінде халықты азаматтық тұрғыда біріктіреді;

2) жоғарғы билік, тәуелсіздік мемлекетте ғана болады. Ол басқа мемлекеттерден тәуелсіз, яғни сол қоғамның ең жоғарғы билігін өз қолында ұстап, ішкі және сыртқы саясатын өз қалауымен жүзеге асырады;

3) заң күші мен құқық  нормаларын шығару, құқық шығарма мемлекетке ғана тән;

4) билеуші органдарының болуы. Оның органдарында тек қана басқару ісімен шұғылданатын арнайы қызметкерлері болады. Қоғам тәртібін сақтау үшін мемлекет әскері мен жасағы құрылады. Сыртқы күштердің ықпалынан қорғану үшін оларға қарсы барлау ұйымдастырылады;

5) мемлекет органдары мен онда қызмет ететін адамдарды қаржыландыратын арнаулы материалдық қор болады, ондай қор жасау үшін алым-салық белгілейді және жинайды;

6) өз тұрағы, аумағы бар.  Сол аумақта билігі жүреді, өмір сүреді және оны қорғау мақсатында тынымсыз әрекет жасайды. Басқаруды тиімді жүзеге асыру үшін аумақты әкімшіліктерге бөледі.

7) құқықтық жүйенің қалыптасуы. Басқарылатын қоғамдық қатынастарды  реттеп, оларды қажетті қалыпқа салып, тәртіп орнату үшін құқықтық нормалар жасалынады.

 

Оларды жасап, қабылдайтын мемлекеттің тиісті өкілетті органы болады. Мемлекетті шаруашылық жүргізу тәсіліне қарай құл иеленушілік, феодалдық, буржуазиялық, социалдық деп бөлу олқылықтарына қарамастан бүгінгі күнге дейін сақталып отыр. Сонымен бірге батыс зерттеушілері мемлекетті мәдени белгілеріне қарай ислам, қытай, батыс, православтық деп өркениеттік жіктеу негізінде де бөледі. Осы пайымдауларға қоса мемлекеттерді пайда болған табиғи ортасына қарай ірі өзендер аймағында, теңіз жағалауларында, далалы-орманды жерлерде пайда болған мемлекеттер деп бөлуге болады. Мемлекеттің пайда болуына әр түрлі табиғи орта мен әлеуметтік жағдай әсер етеді, сондықтан да белгілі бір аумақтағы мемлекеттің қалыптасу барысы әр түрлі болады. Ол мемлекет туралы әр түрлі ілімдердің пайда болуынан көрінеді.

 

Ішкі:

Экономикалық салада мемлекет кәсіпкер, жоспаршы, үйлестіруші ретінде  мәселелерді шешеді. Экономикалық бағдарламаны жасайды. Халық шаруашылығының әр түрлі  салаларының арасындағы байланыстарды  реттеуге, экономикалық интеграцияны өрістетуге, ғылыми-техникалық революцияның жетістіктерін енгізуге, т.с.с. қатысады.

Әлеуметтік өмірді ұйымдастырады. Халықтың әл-ауқатын, өмір деңгейін көтеру, денсаулықты сақтау ісін жақсарту, тұрмыс қажетін өтеуді жетілдірумен айналысады.

Заңдылықты қамтамасыз етеді. Ел ішінде қарапайым тәртіпті сақтауға, қылмысқа қарсы күресті өрістетуге, әкімшілік – зорлыққа жол бермеуге басшылық етеді.

Мәдени-тәрбиелік салада мемлекет халыққа білім беру және оқу-ағарту ісін, ғылымды, әдебиет пен  өнерді дамыту жөнінде қамқорлық  жасайды.

Сыртқы:

Мемлекеттің тұтастығы мен  қауіпсіздігін қорғау.

Өзін-өзі билеу, егемендігін  сақтау, басқа елдермен тиімді қарым-қатынасты  орнату, олармен бірге алынған  міндеттердің екі жаққа бірдейлігін  қамтамасыз ету.

Өз елінің саяси мүддесінің ықпалдылығына, ұтымдылығына, өтімділігіне, тиімділігіне жағдай жасау, басқа елдердегі  жаңалықтар туралы өз еліне дер кезінде  мәліметтер беру және т.б.

Жалпы азаматтық, аймақтық саяси  негізде интеграциялық процестерді  дамыту.

Қорытындылай келе, мемлекеттің  ең басты міндеті – қоғамның тұрақтылығын орнатып, қалыпты тіршілігіне жағдай жасау. Ол әр түрлі топтарға, жіктерге бөлінген қоғамның бірлігін қамтамасыз етуге тиіс.

 

 

 

 

Тарихта

 

Жалпы ежелгі дүниедегі мемлекеттердің қалыптасуы кезінде экономдау, басқару, қорғану мәселелерін шешу барысында адамдар бірлестігі жаңа сапалық қасиеттерді бойына сіңіріп, реттеу мен мәжбүрлеуді күшейтіп отырғаны байқалады. Ал адамдар қауымдастығының не үшін реттеу мен мәжбүрлеуді күшейтіп отырғанының себебі әр түрлі елдердегі мемлекет туралы ұғымның сол кезеңдегі түсініктерінде жатыр. Ежелгі грек ойшылы Платон “ Мемлекет дегеніміз адамдардың қажеттілікті өтеу үшін бірігуі” деп анықтама беріп, оның пайда болуына еңбек бөлінісі әсер етті десе, ал оның шәкірті Аристотель “ Мемлекет дегеніміз адамдардың пайда табуы үшін бірігуі” деп түсіндірді.

 

Көне Рим ойшылы Цицерон “Мемлекет дегеніміз ортақ іс, халық игілігі, ал халық дегеніміз адамдардың көрінген бір қосындысы емес, ол көптеген адамдардың құқық мәселесі бойынша келісімі мен мүдделер бірлігінің нәтижесінде байланысқан бірігуі” дейді. “Мемлекет” сөзінің араб тілінен аудармасы “иелік ету, иелену” деген ұғымды, яғни белгілі бір аумаққа, сол аумақтағы халыққа иелік етуді білдіреді. Ал түркі тілдес халықтардың кейбірі “мемлекет” сөзінің орнына “дәулет” сөзін пайдаланады. Енді дәулет дегеніміз байлық, яғни көшпелі тайпалардағы мемлекеттің қалыптасуына әсер еткен пайда табу идеясынан туындаған. Сонымен мемлекеттің әр түрлі себептердің нәтижесінде пайда болғанын оның атауы да аңғартады. Бірақ ондай себептер көп емес, шектеулі. мемлекеттің қалыптасуына географиялық орта немесе табиғи орта, адам саны, шаруашылық жүргізу тәсілі (экономика), өндіріс тәсілі мен еңбек бөлінісі, дін немесе дүниетаным іспеттес және басқа да сыртқы фактор әсер етеді.

 

Ең алғашқы мемлекеттер адам санының белгілі бір табиғи ортаға қарама-қайшы келе бастауынан ұйымдасуда, шаруашылық жүргізуде өзгерістер жасауға мәжбүр болғандықтан пайда болса, кейіннен осы мемлекеттердің өздері басы бірікпей жатқан көршілеріне қысым жасауынан көрші аумақтарда да қорғану мақсатында адамдар бірлестігі — мемлекет пайда болды. Кейіннен сыртқы күштерден сақтанып, қауіп нәтижесінде біріккен топтар қауіп нәтижесінде жойылған кезде қайта ыдырағысы келеді. Бірақ шаруашылықты бірлесіп жүргізудің аз уақыт болса да пайдалы екенін көрген сол аумақтағы мүдделі адамдар олардың қайта ыдырауына қарсы болады. Осы кезде жаңа ұйымдасқан топты басқару қиындай бастағандықтан діни көзқарастарды қалыптастыру арқылы басқаруды жеңілдетуге көп күш салынды. Сыртқы күштердің қысымы кей жағдайда басы бірікпей жатқан елдің бірігуіне әсер етсе, кей жағдайда ыдырап кетуіне әсер етеді.

 

Даму  сатылары

 

Биліктің бір мазмұннан бір мазмұнға өтуі мен күрделіленуіне және өз аумағының кеңеюіне қарай мемлекет мынадай даму сатыларын бастан кешіреді:

ном, полис — халқы  да, аумағы да аз, басқару жүйесі қарапайым  протомемлекет);

бірнеше полис немесе тайпалық одақтардың бірігуінен пайда болған, басқару жүйесі әлсіз, ортақ заң жүйесі жоқ немесе нашар дамыған, ыдырап кету қаупі күшті, қазіргі кездегі конфедерацияға ұқсас құрылым);

орталықтанған мемлекет — ішкі әкімшілік аймақтарда экономикалық қарым-қатынастар күшейіп, ортақ ақша, ортақ заң жүйесі енгізілген, ыдырап кету қаупі болмашы ғана. Мұндай елдердің халқы әдетте ұлт деп аталады);

империя; Орталықтанған мемлекеттер күшейе келе көрші елдер аумақтарын басып алады, әр түрлі шаруашылық жүйелерін біріктіріп, әр түрлі қоғамдық құрылысы бар елдерді күшпен бір орталыққа бағындырады, нәтижесінде империя пайда болады.

 

 

Ассоциацияланған  мемлекет - мемлекет ішілік жиі мемлекет аралық қатынастардың ерекше түрін білдіруге қолданылатын ұғым. Негізінен ассоциацияланған мемлекет ретінде ерікті жолмен басқа мемлекетке өзінің егемендігінің бір бөлігін (жиі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және сыртқы саяси байланыстарды жүзеге асыру, ақша айналымын ұйымдастыру бойынша өкілеттіліктерді) берген мемлекет түсініледі.

 

Буферлік мемлекет - екі немесе бірнеше үлкен мемлекет территориясы арасында орналасқан мемлекет. Буферлік мемлекет әскери басып кіру шегінде орналасқан, оның территориясы арқылы маңызды транспорттық байланыс өтеді. Мұндай мемлекет геосаяси тұрғыда тиімді аймақты бақылауға мүмкіндік береді.

 

 

Көпұлттық мемлекет - территориясында әртүрлі этностар - ұлттар, халықтар мен басқа этникалық топтар тұратын мемлекет

 

Ұлттық  мемлекет - белгілі бір ұлттың тарихи-этникалық территориясында пайда болған, оның егемендігін көрсететін мемлекет

 

Құқықтық  мемлекет - бұқаралық-саяси биліктің ұйымдастырылуы мен әрекет етуі және оның құқық субъектілері ретіндегі индивидтермен өзара қатынасынын құқықтық формасы

 

Әлеуметтік  мемлекет - әлеуметтік қамтамасыз етудің дамыған жүйесімен сипатталатын, жалдамалы жұмысшыларға минималды өмір деңгейін және әлеуметтік тәуекелдің төмендеуін кепілдейтін мемлекеттің түрі

 

Унитарлы  мемлекет - әкімшілік-территориялық бірлестіктердің саяси дербестігі болмайтын мемлекеттік құрылыс түрі.

 

Мемлекеттік құрылысқа келесі сипаттамалар тән:

  • елдің бүкіл территориясында тең жүретін біртұтас конституция;
  • заңды күші бүкіл территорияға таралатын жоғарғы мемлекеттік билік органдарының біртұтас жүйесі;
  • біртұтас құқық жүйесі;
  • биліктің муниципалды органдарының жалпы мемлекеттік органдарға бағынуы

 

Мемлекетаралық  төлем келісімі

 

Мемлекеттер арасындағы сыртқы сауда алыс-берістері мен басқа да операцияларға байланысты төлем төлеу және есеп айырысу шарттары мен тәртібін белгілейді. 1929 — 33 жылдардағы дүниежүзілік экономикалық дағдарыстар кезеңінде батыс елдерінде кең етек алды. Бұл кезде көптеген мемлекеттер валюта шектеуін енгізіп, оның еркін алмасуын тоқтатқан болатын. Мемлекетаралық төлем келісімі көздеген мақсатына және кейбір елдердің ерекшеліктеріне қарай алуан түрлі болып келеді. Негізінен экспорттық және импорттық тауар айналысына байланысты сыртқы есеп айырысу және ол үшін төлем төлеу мақсатын көздейді. Көптеген дамыған және дамушы елдер арасындағы есеп айырысу екі жақты келісімдер негізінде клиринг түрінде жүргізіледі.

Информация о работе Мемлекет