Әлем және Қазақстан

Автор: Пользователь скрыл имя, 22 Февраля 2012 в 20:12, реферат

Описание работы

Осыған орай М. Әуезовтің «Абай» ро­манындағы Қодар мен Қамқаның өлім­деріне байланысты көріністі еске түсі­рейікші. Бөкеншіге кірме саналатын Борсақ руының кедей азаматы Қодар­дың жалғыз ұлы дүние салып, Қамқа келіні екеуі жатақта қалады. Жайлауға көшуге көлігі жоқ байғұстар жұртта қалады.

Работа содержит 1 файл

Әлем және Қазақстан.docx

— 43.22 Кб (Скачать)

Әлем және Қазақстан

 

Осыған орай М. Әуезовтің «Абай» ро­манындағы Қодар мен Қамқаның өлім­деріне байланысты көріністі еске түсі­рейікші. Бөкеншіге кірме саналатын Борсақ руының кедей азаматы Қодар­дың жалғыз ұлы дүние салып, Қамқа келіні екеуі жатақта қалады. Жайлауға көшуге көлігі жоқ байғұстар жұртта қалады. Қос кәріптің тұрмысы ешкімді алаңдатпайды. Көмектесер деген руласы дәукес Жексен болса, мұның қыстаудағы өзіне іргелес жатқан жеріне қызығып, Қодарды өсекке қалдырады, жесір келінімен көңілдес екен деген өсекке ұшыратады. Шариғатқа қайшы қылық Құнанбайдың құлағына да жетеді. Барған жерінде оған: «Шыңғыстың бөктеріндегі шашты сайтаныңды тыйсаңшы», деп бетіне басады. Соған намыстанған Құнанбай ру басыларын жинап, күнәкарларды жазалау жайын ортаға салады. Жұмабай қалаға барып, Ахмет риза хазіреттен фатуа сұрап келді. Жазасы дарға асу депті.

 

Қарашоқыдағы Жексен ауылында үлкен жиын. Қамысбай бастаған бес жігіт Қодар мен Қамқаны осында алып келеді. Жүз қаралы адам жиылған. Ортасында Құнанбай, Бөжей, Байсал, Қаратай, Сүйіндік, Майбасар – бәрі бар. Алдағы осылар да, артында ентелеп тұрған ақсақал, қарасақал. Әр рудың, көп рудың адамдары. Ылғи атқамінері ғана. Ішінде жұпыны киімді біреуі жоқ.

 

Қодар мен Қамқаны түйенің үстіне екі жағына мойнына тұзақ арқан кигізіп байлады. Түйені тұрғызғанда Қамқа бір сәтте үзіліп кетті. Қодар болса бір жиырылып, бір созылып тез өле алмады. Екі жанның өлім азабын өз үстіне арқалап тұрған түйе де үнсіз. Мына сұмдыққа жаны түршіккен жұрт күбірлесіп кетіпті. Сонда Құнанбай қасындағы құзды көрсетіп:

 

– Шық алып, мынаның басына! Құлатыңдар содан кәпірді! Бітсін сонымен! – деді.

 

Құз басынан тастап жіберген өлі дене тұп-тура ағып кеп, ауыр салмақпен гүрс етіп бір-ақ түсті. Қодар құздан құласымен Құнанбай:

 

– Әлі жаны шыққан жоқ. Енді анау кәпірден өз жанымызды ақтап, аулақ әкету үшін, қырық рудың қырық кісісі кесек атсын. Ал, осы жиындағы әр атаның баласынан бір-бір кісі кесек алыңдар колдарыңа! – деген.

 

– Міне, шариғат бүйрығы. Атыңдар кесектеріңмен! – деп алдымен өзі лақтырып, Қодардың жонынан ұрды. Жұрт бірінің артынан бірі тас жіберіп ұрып жатыр («Абай жолы» 1-кітап, 1961, 44-бет).

 

М.Әуезов романының Қодар өліміне байланысты қайғылы көріністі суреттейтін беттерінен ұзағырақ үзіндіні бекерге келтіріп отырған жоқпыз.

 

Дала демократиясының да өз астары бар. Қодар мен Қамқаны Қамысбай бастаған баскесер баукеспелерге тапсырып та өлтіруге болар еді. Құнанбай олай еткен жоқ. Кісі өлімін ешкім де өз мойнына алғысы келмейді. Көп болып кеңесіп шешті. Қаладағы хазіреттен шариғат жолын бұзғандарға қолданылатын жазаны да сұра­тып біліп алды. Дарға асу, өлім жазасы. Мұны білсе де, Құнанбай Қарашоқыдағы Қодардың руласы Жексен ауылына қалың жұртты жинады. Құздың басынан тасталған Қодардың жан тапсыруы сөзсіз. Бірақ Құнанбай мұнымен шектелген жоқ. Қырық рудың қырық кісісінің Қодарды таспен атуын талап етті. Кәпірден өз жанын ақтап алу үшін, күнәһарды талақ ету үшін бәр-бәрі тас лақтырып, Қодар­дың қазасына бір кісідей атсалысты.

 

Енді ешкім Құнанбайдан құн сұрай алмайды. Өлтірген өздері, қырық рудың өз адамдары. Шариғат та күштілердің, мықтылардың айласына орайласа кететіні осындай. Қарашоқыдағы қаралы жиын бүгінгінің тілімен айтқанда, алқалы бидің соты секілді, немесе әскери трибунал десе де болғандай. Ешкім дау айта алмайды, ешқайда дауласып арыз жаза алмайды.

 

Дала демократиясы жалпы  ритуалды сақтай білген. Алдын ала кеңескен. Кісілер жіберіп, тіл алдырған. Кешегі Кеңес өкіметі кезіндегі 37-жылдағыдай үштіктің шешімімен кісіні атып тастай бермеген, немесе жалпы тізіммен өлім жазасына кеспеген. Шариғат заңының жақтаушысы хазіреттің қолдауымен, рұқсатымен көптің қолымен өлтірген. Өлім үшін ұжымдық жауапкершілікті өздері мойындарына алған. Елдің ішіндегі ру араздығы күшейіп кетпеуі үшін дала әкімдері осыған барған. Ұжымдық шешім – дала демократиясының символы іспеттес.

 

Ежелгі грекке тән Афина демократиясының жұрнағы – жалпыхалықтық дауыс берудің далалық көрінісі. Ал енді осы заманғы демократия көріністеріне көз жіберіп көрелік. Оны кім қалай түсінеді?

 

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммитіне келгенде үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, жақсы пікірлер айтты. Баспасөзге қысым жасап, журналистерді өлтіріп кету фактілерінің көп елде орын алып отырғанына қынжылыс білдірді. Бұған қарсы бірлесіп күрес жүргізуге шақырды.

 

Сондай-ақ ол үкіметтер азаматтық қоғамның кейбір ұйымдарының құқығын кеңейтіп, ал басқалардікін шектеуге барады. Бұл дұрыс емес. Интернетке кіруін қолдағанмен, оның сайттарын сөндіріп тастауын құптауға болмайды. Баспасөз бостандығына кепілдік бере отырып, журналистердің жұмысына шектеу қоюын құптамады. Сайлау өткізу жеткіліксіз, бұл сайлаулардың еркін әрі әділ өтуін қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін істеу керек, деді ол. Мемлекеттік хатшының сөзі көпшілікке жақсы әсер қалдырды. Сөз жүзінде бәрі дұрыс. Бірақ оның өзінің елінде осы қағидалар қалай жүзеге асып отыр десеңізші!

 

«Уикиликс» сайтының жетекшісі Джулиан Ассандж құпия мәліметтерді жария еткені үшін қуғындалып, Англияда тұтқындалды. Жасырын деректерді жариялағаны үшін емес, швециялық екі әйелді зорлағаны үшін сотқа шақыртылу­да. Айтпаса да бұл қудалаудың аяғында АҚШ-тың барлау органдарының тұрғаны жасырын емес. Ресейдің премьер-министрі В. Путин өзінің франциялық әріптесі Франсуа Фийонмен әңгіме кезінде бұл туралы ашық айтты. «Джулиан Ассандж мырзаны неге түрмеге тықты? Бұл да демократияға жата ма?» деді ол.

 

Батыс үнемі демократияны сөз бостандығымен тікелей байланыстырып келгені мәлім. Ғаламтордың ақпарат таратуға еркін араласуын жақтап келген-ді. Енді австралиялық Джулиан Ассандж АҚШ құпия құжаттарын ғаламтор арқылы тарата бастағанда, бұрынғы ұстанымдарынан ауытқып, ғаламтордың үнін өшірумен әлек болды. Сонда батыстың демократиясын қалай түсінуге болады? Ақпараттың өзіне қатысы болмағанда интернетті кеңінен ұлғайтуды ұсынды. Өз құпияларын әлемге тарата бастағанда, сайттың иесін түрмеге тығып, үнін өшіруге кірісті. Астанада болғанда Х. Клинтон ханым басқаша сөйледі, еліне барғанда басқаша әрекет етті. Сонда демократияның қос стандарты болғаны ғой бұл елде, деген ойға еріксіз келесіз.

 

Тәуелсіздікті алдық, енді демократия өзі келеді деген ұғым қате. Тәуелсіздік бір басқа, демократия өзінше бір басқа. Екеуі бір-бірінің салдары емес. Әрқайсысы өзінше жеке құндылық. Сол құндылықтарды әрі қарай орнықтыра түсу керек. Алда әлі де алынбаған қамалдар көп. Тәуелсіздік пен демократияны орнықтыру үшін көп жұмыстар істелуге тиіс. Бұл екеуінің өз заңдылықтары, амал-тәсілдері бар. Елбасы айтқандай, тәуелсіздікке қол жеткізу де, оны баянды ету де оңай емес. Мұны өз көзімізбен көріп, күнделікті өмірде анық сезініп жүрміз. Әсіресе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мұны мейлінше анық аңғардық. Ескі империяның қирауы, идеологияның күйреуі экономикалық, әлеуметтік, рухани байланыстардың үзілуі салдарынан болған қиындықтар көпке мәлім.

 

Тәуелсіздік таңының атуын халық демократияның да орнауы деп түсінді. Азат­тықпен қоса демократиялық бостандықтар да бірден салтанат құрады деген ұғым көпшіліктің басында тұрды. Халықтың еркіндікті сезінгені сонша, , хаосқа ұластыра жаздады. Тәуелсіздік – бұл кеңестік империядан құтқарған шетсіз-шексіз бостандық. Енді бәріне өзіміз қожамыз, деп қарады. Ала­сапыран кезеңді пайдаланып, ел байлығын бірқатар пысықтар иемденіп, жекешелендіріп алды. Империя мүлкі иесіз қалған дүние деп түсінді. Әркім өзінше бұл байлықты басып қалуға тырысты. Тоқтап қалған зауыт, фабрикалар, совхоздар байлығы талан-таражға түсті. Әркім ұрлап-жырлады. Аз уақыт ішінде өтпелі кезеңді пайдаланып, азғана топ байып шыға келді. Мұны капитализмнің алғашқы қорлану қоры деп қабылдаған жас үкімет те араша түсе алмады. Жаңа ағымның жетегінде кетті. Мемлекеттен қарыз алғандар оны қайтара алмады. Мемлекеттің шығынды өзі жабуына тура келді. Міне, мұны қауым жұрт тәуелсіздік деп түсінді. Оны демократияның баламасы (синонимі) деп ұғынды. Әркім өзінше ұран тастады. Көше сөзге толып кетті. Еңбек ету емес, алаңда митингі, ереуіл жасаумен әуестенді. Мұны демократияның жемісі деп бағалады. Бұқара халық тәуелсіздік пен демократияны біртұтас егіз ұғым деп қабылдады. Шынында да бұл екеуі бір ұғым емес. Тәуелсіздік саяси билікті қолға алу, елді басқару тізгінін ұлттың өз қарамағына алуы болып табылады. Ал демократия болса, бұл қоғамның өмір сүру ережесі. Бұл халықтың рухани деңгейіне, тарихи дәстүріне, мәдениеті мен менталитетіне тікелей байланысты дүние. Ол қоғамдағы ахуалдың, азаматтық сананың деңгейімен бірге келеді. Азаматтық қоғамның белең алуымен, оның белсенділігімен бірге келеді. Әрине, ол бір күндік, бір жылдық шаруа емес.

 

Заңға бағынып, оны құрметтеп, мүлтіксіз басшылыққа алу дәстүрі қоғамда терең қалыптасуы керек. Заңмен емес, ұғыммен өмір сүру, әр ауылдың өз ақсақалының айтқанымен жүру, соны ғана тыңдап, басқаны елемеу, жалпы ұлттық құндылықты ескермеу демократияға жол ашпайды, қара түнекке, тұйыққа тірейді.

 

Заңдылықты сақтауды, демократиялық үрдісті сөз еткенде, «Біржан сал» фильміндегі бір көрініс еске түседі. Жанбота болыс Қарқаралыдағы орыс жандара­лы қатысатын жәрмеңкеде ерекше көзге түскісі келеді. Ғашығына қосыла алмай ішқұса болып жүрген Біржанға ол: «Көңілің жүдеп жүр ғой, жәрмеңкеге барып ән айтып, бой сергітіп қайт, өзіңді тізімге қостым», дейді. Ақын ән айтуға зауқы жоғын айтып, келісім бермеп еді, Жанбота қолқа салып қоймады. Қарқаралыда Біржан сал жандаралдың шашбауын көтеріп ән салған жоқ. Өз елін, сұлу Көкшесін, оның әсем табиғатын, сексен көлін жырға қосып, мақтанды. Біржанның әні басқа болыстың – Азнабайдың ашу-ызысын туғызып, қызғанышын қоздырды. Жан­дайшап поштабайын жіберіп, әншіні қамшының астына алдырды. Жанбота болыстың мерейін өсіретін ән-жырдың Азнабайға түкке керегі жоқ. Оның үнін өшіргісі келеді, алты алаштың ақын серісі Біржанның бұған еш керегі жоқ, оған жандарал алдында мұның беделін көтеретін әнші керек.

 

Бір кезде болысы мен болысы бәсекелескен қоғамнан демократияны бірден талап ету, әрине, қиын. Бірақ біздің батыстық ақылшы-кеңесшілеріміз Қазақстан әлі толық демократияға көшкен жоқ, деп санайды. Шынын айту керек, соңғы кезде мұхиттың ар жағындағы көнекөз Еуропадағы саясаткерлеріміз демократияны экс­порттауға түсіністікпен қарай бастаған секілді. Еуропарламенттегі социалистер мен демократтардың прогресшіл Альянс тобының өкілі Адриан Северин: «Демократия егетін дәрі емес. Қазақстандағы демократияның «ұрығы» еуропалық емес, Қазақстанның өзінікі болуға тиіс… біз еуропалық демократия моделі кіршіксіз және оны кезек күттірместен Қазақстан немесе басқа елге енгізу қажет деп айта алмаймыз», деді (Қараңыз: ЕҚ, 20.XI.10).

 

Еуропарламент депутаты өте дұрыс айтып отыр. Батыс демократиясын сол қал­пында Азия, Африка елдеріне экспорттауға болмайды, әр елдің даму тарихы, ежелгі дәстүрі, мәдениеті мен менталитеті бар. Осыларға икемделмеген, жаңа топыраққа бейімделмеген дән терең тамыр жайып, жақсы жеміс бермейді. Тұқымды себер алдында «өңдеуден» өткізу қажет болады.

 

Тәуелсіздікті орнықтыру үшін, ең алдымен, экономиканы жаңғырту керек, үдемелі индустриялық-инновацияны кеңінен қолдану қажет. Ғылым мен өндірістің кірігуін қамтамасыз еткен жөн. Өндіргіш күштерді арттыруға ғана емес, өндірістік қатынастарды жетілдіруге де баса назар аударылуға тиіс. Бұл тәуелсіздікті баянды етудің бір жағы ғана. Әрине, мұның бәрі адам үшін істелетін шаруалар. Ал адам капиталы басқа да сұраныстарға зәру. Бұл оның еркіндігі, рухани қажет­тіліктерінің өтелуі, ар-намысының құрметтелуі, қоғамды басқаруға деген тілек-талабының ескерілуі болып табылады. Бұл үшін ЕҚЫҰ-ның үшінші өлшеміндегі гуманитарлық талаптардың жүзеге асырылуы қажет, яғни демократиялық үрдістің өріс алуы керек. Астанада өткен саммиттің декларациясында бұл жағдайлар толық көрініс тапты.

 

Демократиялық үрдісті дамыту – үздіксіз жүретін үдеріс. Ол бірден көзді ашып-жұмғанша қалыптаса қалмайды. Ұлттың тарих бойында қалыптасқан дәстүрі, өмір сүру ережелері жаңа заманға біртіндеп ыңғайлануға тиіс. Демократияның талаптарын меңгеріп, оны өз тұрмысына сіңіру керек. Қоғамды басқаруға азаматтық қоғамның белсенді араласуы, ұсыныс-талаптар қоюы дағдыға айналуы қажет. Билік халыққа қызмет етуі керек. Халық билікке кіріптар болмауы керек. Керісінше, билік қоғамға тәуелді болуы абзал. Өйткені, билік – мемлекеттік аппарат – Отан емес, социумның базисі емес, оның қондырмасы. Ол өзгеріп тұрады. Билікке жаңа менеджерлер келеді. Сөйтіп, мемлекеттік басқару жүйесі үнемі алмасып отырады. Жаңа толқын биліктің қан айналысын жаңартады. Бас­қару жүйесі тың күштермен толығады.

 

Міне, бұл – дәстүрлі демократияның алғышарты. Өркениетті қоғам көп партиялы болуы қажет. Бұл таласып-тартысқан, бір-бірінің бетін жыртысқан, орта ғасырлық әдеттен арылмаған құжынаған шағын топтар емес, саяси мәдениеті жоғары, маңызды бағдарламалар ұсына алатын, артына халықтың бірқатар бөлігін ілестіре алатын, саяси жетекшісі бар, белгілі мақсат-мұраты бар қоғамдық саяси күштер болып табылады. Көп партиялық деген сөз қоғамдағы плюрализмнің көрінісі. Пікір алуандығы қоғамдық ой-сананың тоқырауына жол бермейді, катализатор міндетін атқарады. Бір партиялық парламенттегі бірауыздылық қоғамдағы тұрақтылықтың толық кепілі емес. Ресей президенті Д. Медведев айтқандай, бұл – тоқырауға апаратын тура жол. Көлге жаңа жылғалар, бұлақтар құймаса, ол борсып иістеніп кетпей ме? «Біздің саяси өмірімізде бірқатар уақыттан бері тоқыраудың белгілері көріне бастады, – деді Д.Медведев, – тұрақтылықтың стагнация ( бұл сөзді латын­шадан аударғанда «тұрып қалған шалшық су» деген мағынаны білдіреді) факторы­на айналу қаупі сезіле бастады. Мұндай тоқырау билеуші партия үшін де, оппозициялық партия үшін де өте қауіпті. Егер оппозициялық партия әділ күресте жеңіп шығуға азғантай да мүмкіндігі болмаса, ол қожырап құлдырап кетеді. Ал билеуші партияның еш жерде ешқандай жеңілетін кезегі болмаса, ол сұрғылт тартып тас мүсінге ұқсап кетеді, ақырында ол да қозғалысқа түспеген кез келген жанды организм секілді қожырап құлдырауға ұшырайды».

 

Ресей президенті өз сөзіндегі саяси ахуалды сипаттай отырып, билеуші пар­тияның да қалыптасқан жағдайды терең сезініп, соған қарай бейімделуі қажеттігін ескертті. Саяси партия атқарушы биліктің атқосшысы қызметін атқармай, оның өз құқығы мен міндеттері, яғни өз беті болуын ашық айтты. Сонда ғана билеуші партия қоғамдағы өз рөлін атқара алады.

 

Қоғамда әрқашан бір партияның ғана үні естілуі елдің бірауыздылығының көрінісі бола алмайды. Бір партия әлеуметтік бір топтың, мейлі ол үлкен болса да, бәрібір бүкіл халықты қамти алмайды, әйтеуір бір топ назардан тыс қалады. Сондықтан да ұсақ партиялардың да көзқарасы есепке алынуға тиіс. Өйткені, олар шағын болса да азаматтардың қоғамда үні естіліп, биліктің құлағына жетуі әрі оның тарапынан қолдау табуы қажет. Шынайы демократия осыны талап етеді.

Информация о работе Әлем және Қазақстан