«Халық жауына» айналған прокурор

Автор: Пользователь скрыл имя, 19 Февраля 2013 в 17:41, реферат

Описание работы

ХХ ғасыр басында еліміздің барлық өңірінде жаппай орын алған белсенді ұлт-азаттық қозғалыс легіне араласқанға дейін, Жаһанша Досмұхамедов патшалық сот органдарында қызмет атқарып, маңызды мемлекеттік іспен шұғылданған. Алғашқыда Орал аумақтық сотының жанындағы сот лауазымына үміткер ретінде қызмет атқарып, бітімгершілік соты және қылмыстық бөлім хатшысы көмекшісінің міндеттерін орындаған. 1912 жылдың жазында Барнауыл уезінің 10-учаскесіндегі бітімгершілік сотының міндеттемелерін орындау үшін іссапарға шығып, кейін Омбы сот палатасына аға үміткер ретінде ауыстырылды.

Работа содержит 1 файл

егемен казакстан.docx

— 37.09 Кб (Скачать)

«Халық жауына» айналған прокурор

ХХ ғасыр басында еліміздің  барлық өңірінде жаппай орын алған  белсенді ұлт-азаттық қозғалыс легіне араласқанға дейін, Жаһанша Досмұхамедов патшалық сот органдарында қызмет атқарып, маңызды мемлекеттік іспен шұғылданған. Алғашқыда Орал аумақтық сотының  жанындағы сот лауазымына үміткер  ретінде қызмет атқарып, бітімгершілік  соты және қылмыстық бөлім хатшысы  көмекшісінің міндеттерін орындаған. 1912 жылдың жазында Барнауыл уезінің 10-учаскесіндегі бітімгершілік сотының  міндеттемелерін орындау үшін іссапарға  шығып, кейін Омбы сот палатасына аға үміткер ретінде ауыстырылды. 1913 жылы аталған лауазым бойынша  Змеиногорск уезінің 1-учаскесіне және осы жылдың күзінде Барнауыл қалалық  прокуратура органдарына шақырылып, 1914 жылдың наурыз айында Каин уезі бойынша  Том округтік сотында прокурордың  орынбасары қызметіне тағайындалды. Осы міндетті атқарып жүріп, ол әділет генералы шенін иеленді.

1915 жылғы «Памятная книга Томской  губернии» атты кітапқа Томск  губернаторының нұсқауымен сол өңірдегі көрнекті қайраткерлердің аты-жөндері енгізілген. Сондағы «Прокурорлық қадағалау» бөлімінде Ж.Досмұхамедовтың да есімі тұр.

Біз қандасымыздың Ресей заңдарын терең біліп, адалдығы мен шынайылығы арқасында зор беделге ие болғандығын аңғарамыз.

Осындай тұлғаның 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін Алашорданың Батыс Қазақстандағы бөлімшесін басқарғандығы белгілі. Ол жазушы Хамза Есенжановтың «Ақжайық» трилогиясында өте жақсы жазылған. Ал одан кейін ше? 20-шы жылдары Ж.Досмұхамедов Ташкентте тұрған. Түрлі қоғамдық жұмыстарға араласқан. Соның бірі оған заңгер ретінде Түркістан әділет Халық Комиссариатының өтінішімен «РСФСР-дың Қылмыстық кодексін» қазақ тіліне аудару тапсырылады. Ж.Досмұхамедов аударманы басқарды және 1924 жылы Ташкент қаласында тұңғыш рет Түркістан Республикасы ХКК Арнайы комиссиясының баспасымен «РСФСР-дың Қылмыстық кодексінің» қазақ тіліндегі аудармасы тұңғыш рет жарыққа шықты.

1927 жылдың қараша айы мен 1929 жылдың аралығында Ж.Досмұхамедов Қызылорда қаласында ауыл шаруашылығы банкінің заң кеңесшісі болып, 1928 жылы адвокат қызметін атқарды.

Қызылорда облысының мұрағат және құжаттама бөлімінен табылған деректерге сәйкес, Қызылорда округтік халық сотының қорынан 1927 жылдың желтоқсан айында Ж.Досмұхамедовке сенімхат берілген. Онда Қазақ КСР халық шаруашылығы орталық кеңесінің заң кеңесшісі Досмұхамедов Жаһанша Досмұхамедұлына аталған ұйымның атынан барлық сот отырыстарында талапкер және жауапкер ретінде шығу, істерге үшінші тұлға ретінде қатысу және іске үшінші тұлғаларды тарту, талап арыз ұсынып, соттан қамтамасыз етуін сұрау, актілердің шынайылығына күмән келтіру, жалғандығы туралы наразылық білдіру немесе дауласу және мұндай талаптар мен арыздарға жауап беру, айып тағу және мұндай істер бойынша жауап беру, сот отырыстарында Қазақ КСР халық шаруашылығының орталық кеңесінің істерін қорғау және т.б. өкілеттіліктер берілген.

Астананың 1929 жылғы көшірілу кезеңінде Ж.Досмұхамедов Алматыға келіп, мамандығы бойынша жұмыс жасайды, 1930 жылдың ақпан айында жұмыс бабымен Мәскеуге ауыстырылып, бірінші қамауға алынғанға дейін жұбайы Ольга Константиновнамен сонда тұрады.

1930 жылдың 31 қазанында Ж.Досмұхамедов  Мәскеу қаласындағы «Мал шаруашылығы» басқармасында аға экономист қызметін атқарып жүргенде «Алаш» партиясы және бұрынғы Алашорда үкіметінің мүшесі ретінде Қазақ КСР БСМБ (ОПГУ) органдарымен қамауға алынды. Мәскеуде, Замосквореченск ауданы, Шабловка-Хавский көшесі, 11 үй қиылысы, 265, 7 корпус мекенжайында ұстап, Бутырка түрмесіне жіберілді. Кейін Алматыға ауыстырылды.

Анықталған процессуалдық құжаттардың, алдын ала тергеу кезіндегі беттестіру, жауап алу хаттамалары негізінде, Ж.Досмұхамедов өзінен жауап алу барысында өзін кінәлі деп мойындамады және контрреволюциялық ұйымның мүшесі болмағанын және ешқандай контрреволюциялық жұмыстармен шұғылданбағанын мәлімдеді. Контрреволюциялық ұйымның мүшелерімен өзінің байланысын жоққа шығарып, мұндай ұйым туралы естімегенін, кеңеске қарсы үгіт насихат жүргізбегенін атап көрсетті.

1930 жылдың 5 қарашасындағы Ж.Досмұхамедовтан жауап алу хаттамасында ол: «Мен Мәскеуден Ташкентке 1920 жылдың қазан айында келдім. Бұл жылы және 1921 жылы да Ташкенттегі қазақ жиындары туралы білмеймін. 1922 жылдың көктемінде, кешкі мезетте «Ақ жол» газетінде жұмыс жасайтындардың бірі, кешкілікте «арқалық» қазақтары (яғни, солтүстіктің қазақтары) бір іс жөнінде әңгімелесу үшін жиналатынын айтты. Қандай іс туралы деген менің сауалыма барған соң білетіндігім туралы айтты. Сол күні менің үйіме 7-10 қазақ азаматтары келді, олардың кейбірі есімде, Ж.Досмұхамедов, М.Дулатов, Бірімжанов секілді, ал қалғандары есімде жоқ. Келгендер, «Алаш» қазақ қайраткерлерінің бұрынғы бағдарламасы ешкіммен қабылданбағанын, уақытылы жасалмағанын және жасау қажеттігін, саяси сауалдарға қатысты бұрынғы Алашорда қайраткерлерінің рәсімделген саяси пікірі болғанын айтты. Мен ашық түрде, мұндай қайта өңдеуге қарсылығымды білдіріп, біріншіден, біз, алашордалықтар саясаттың жекелеген сауалдары бойынша әр түрлі саяси көзқараста екендігімізді, бұрын бізді тек ұлттық белгілеріміз біріктіргенін және қазір біздер саяси жағынан нөл, сондықтан да аталған мақсатсыз бағдарламаны жасау төтенше органдар тарапынан тек жағымсыз салдар алып келетінін жеткіздім.

Алайда, саяси келбеттің қажеттігі туралы қызу пікірлерден соң, бағдарлама жобасы жасалып, бұрынғы Алаш орданың қайраткерлерімен келісуге Орынборға жолдау үшін оны «Ақ жол» газетінің жұмысшылары алып кетті.

Кейін, мен Түркөндіріскеңестің жұмыстарымен Пржевальскіге (Қаракөл) іссапармен кетіп қалдым, Ташкентке үш айдан соң, көктемде келдім. Іссапарда болған мезетте, менің балдызым Надежда Константиновна Т.Рысқұловқа тұрмысқа шыққан. Т.Рысқұлов Ташкентке Түркістан Республикасы Халық Кеңесі комиссариатының төрағасы ретінде келген. Екеуміз жақсы араласып, жиі кездестік. Сол мезеттен бастап, жоғарыда аталған тұлғалардың қызметі, бағдарламамен не жасағандығы туралы білмеймін. Қызылордада мен олармен аталған бағдарлама туралы сөйлеспедім, олардан мүлдем алыстап, өзімнің кәсібіммен шұғылдандым. Бұл жәйттерді алғашқы жауап алу барысында хабарламау себебім, біріншіден, менің көзқарасым бойынша, аталған әрекетті «еріккен сарт … уқалайды» деген қазақ мәтелімен сипаттауға болады. Екіншіден, маған өзге фамилияларды атау қиын болды. Мен КСРО-да кеңестік билікті төңкеретін күш бар екендігіне бұрын және қазір де жол бермегенмін және бермеймін де, ешқашан Кеңес билігіне қарсы шыққан жоқпын, және қазір он жыл бойы өзімнің кәсібім бойынша адал әрі шынайы жұмыс жасаудамын», деп айтқан.

Ж.Досмұхамедовты айыптау туралы қылмыстық  істің зерделенген материалдары, сондай ақ, тергеудің процессуалдық  құжаттары негізінде келесідей қорытынды жасауға болады, ол жауап алу барысында бір ұстанымда болып, анық әрі нақты жауап беріп, ұсынылған айыпты шынайы дәлелдеме жоқтығына байланысты мойындамады.

Кеңестің қылмыстық заңнамасының контрреволюциялық қылмыстың жалпы ұғымына және оның нақты құрамдарына қатысты тұжырымдаманың тиянақсыздығы туралы ерекшеліктерді атап өту қажет. Бұл тергеу, анықтау және сот органдарының алдына фактілерге еркін қарап, манипуляция жасауға, істерді жасанды жалған жасауға, кінәсіз тұлғаларды жауапкершілікке тартуға немесе неғұрлым ауыр жазалармен айып тағуға мүмкіндік берді.

Процессуалдық құқық қуғындап, жазалау мақсаттарына бейімделіп, таза айыптау бағытына ие қылмыстық істерді қарау және тергеу рәсімін, кінәсіздік призумпциясы қағидасын бұзып, процесте объективті шындыққа қол жеткізуге бағытталмауды бекіткен.

Қазақстанда 1932 жылдың 20 сәуіріндегі  БСМБ (ОГПУ) жанындағы Үштік отырысының №3/к хаттамасынан үзіндіге сәйкес, РСФКР Қылмыстық кодексінің 58-7, 58-10, 58-11 және 59-3-баптары бойынша Ж.Досмұхамедов сотталып, сот шешімімен 5 жыл мерзімге Воронежге айдалды. Воронежде Жаһанша зайыбы Ольга Константиновнамен 9 қаңтар көшесінде тұрып, мамандығы бойынша қызмет атқарып, жоғары оқу орындарында сабақ берген.

Айдау мерзімін өтеген соң, Ж.Досмұхамедов 1938 жылдың 1 маусымында Мәскеу облысы бойынша КСРО ІІХК басқармасының (НКВД) органдарымен қайтадан қамауға алынды. Қамауға алу кезінде отбасымен Мәскеу қаласы, Хавско-Шабловск қиылысы, 11 үй, 265 пәтерде тұрған. Ол «контрреволюциялық, ұлттық, көтеріліс ұйымының басшыларының бірі, көтерілісшілер құрамына тартумен айналысу, адамдарды контрреволюциялық рухта тәрбиелеу», яғни РСФКР ҚК-нің 58-бабының 10 және 11-бөліктерімен қарастырылған қылмыстар үшін айыпталды.

1938 жылдың 16 шілдесіндегі Мәскеу  облысы бойынша ІІХК басқармасының  (НКВД) жанындағы Үштіктің шешімімен Жаһанша Досмұхамедовке жеке өзіне тиесілі мүлкі тәркіленіп, ату туралы үкім шығарылды. Үкім 1938 жылдың 3 тамызында орындалды.

Ж.Досмұхамедов басым көпшілік қазақ қайраткерлері секілді, Құрылтай жиналысын белгілеуі тиіс буржуазиялық демократиялық федеративті республиканы жақтаған. Ол Қазақстанда жергілікті өзін өзі басқару және аумақта жалпы, автономды басқару арқылы демократиялық құрылым болу қажет деп есептеді және АҚШ-тың қоғамдық саяси құрылымын үлгі ретінде ұсынды. Нәтижесінде, ұлтшылдар Қазақ аймағының кеңестенуіне жол бермеу туралы нақты шешім қабылдады. 1917 жылдың жазында Алаш белсенділерінің жартысында автономдылық және кеңестік билікке қарсы ұстаным қалыптасты.

Мәскеу облысының ІІХК басқармасының (НКВД) 3-бөлім, 5-бөлімшесінің төтенше  өкілі   Х.Кайтов жауап берушіге: «Тергеу сіз 1930 жылы қамауға алынғанға дейін, және айдаудан келген соң қазіргі сәтке дейін контрреволюциялық әрекеттеріңізді жалғастырғандығыңыз туралы мәліметтерге ие», деп мәлімдеді. Жаһанша: «Буржуазиялық ұлтшыл, демократиялық құрылымның жақтаушысы, өзіндік ұстанымым бойынша халықшыл, пролетариат диктатурасына қарсыласушы ретінде, эсер партиясының жағында болып, Кеңес билігіне қарсы болдым, түрлі кезеңдерде Кеңес билігіне деген көзқарасым өзгеріп отырды. 1923 жылдан бері Кеңес билігіне қарсы белсенді күрес жүргізбедім. 1929 жылы ұжымдастыруға байланысты Кеңес билігіне деген менің көзқарасым мүлдем жағымсыз жаққа өзгерді. Себебі, ұжымдастыруды қазақ халқы үшін жоюшы, ал өткізілу әдісі Қазақстан үшін түбегейлі қолайсыз деп есептедім», – деді.

Ж.Досмұхамедовты айыптау туралы қылмыстық  іс 1957 жылдың 2 желтоқсанында Мәскеу қалалық сотының президиумымен қайта қаралды. 1938 жылдың 16 шілдесіндегі Мәскеу облысы бойынша КСРО ІІХК (НКВД) басқармасының жанындағы Үштіктің шешімі бұзылды, 1887 ж.т. Ж.Досмұхамедовке қатысты іс әрекетінде қылмыс белгілерінің болмауына байланысты өндіріспен қысқартылды.

1958 жылдың 28 ақпанында Ж.Досмұхамедовты  айыптау туралы қылмыстық іс  Қазақ КСР Жоғарғы Сотының  қылмыстық істер жөніндегі сот  алқасымен қаралды, Республика  прокурорының наразылығымен, Қазақстандағы бұрынғы БСМБ (ОГПУ) Үштіктің 1932 жылдың 20 сәуіріндегі қаулысы бұзылып, қылмыс белгілерінің болмауына байланысты іс өндіріспен қысқартылды.

«Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуiрдегi N2200 Заңының негізінде Жаһанша Досмұхамедов саяси қуғын-сүргiн құрбаны ретінде ақталды.


Информация о работе «Халық жауына» айналған прокурор