Автор: Пользователь скрыл имя, 02 Ноября 2012 в 16:31, реферат
Ешбір халық өз дамуы барысында алғашқы қауымдық өндіріс тәсілін аттап өткен жоқ, өйткені өндіргіш күштер дамуының бастапқы сатысында жеке еңбек ету әлі мүмкін емес еді, өнім ендіру үшін адамдардың бірлескен еңбегі қажет болды.
Алғашқы қауымдық құрылыс кезеңінде барлық адам тең өмір сүрді. Басқарушылар мен бағынушылар деген мүлдем жоқ, себебі адамдардың өзі табиғат алдында әлсіз еді. Сондықтан тобырымен жүрді.
Б.з.д. ІІ-І ғғ. қаңлылар батыс өңірдегі белді мемлекеттердің бірі болды. Үлкен Хань әулетінің келесі хроникасы «Цянь Ханьшудың» «жерге орналасуды суреттеу» деген тарауында кангюйге арналған бөлім бар, онда сөзбе-сөз келтіргенде былай делінген: «Кангюй билеушісі Лоюень елінде, Уананнан 12 300 ли жердегі Битянь қаласын мекендейді. Ол наместникке тәуелді емес. Әміршінің жазда болатын жеріне Лоюеннен жеті күнде жетуге болады... Халқы 120 000 отбасынан, 600 000 адамнан тұрады; әскер саны 120 000 адам. Әдет-ғұрпы үлкен юечжимен бірдей. Кангюй шығыс жағында ғұндарға бағынады...». Осы ғасырдың ортасына қарай олардың орналасу мәселелері жөнінде негізінен екі көзқарас: 1. Кангюйлер Ташкент жазирасынан Хорезмге дейінгі қос өзен арасындағы кең-байтақ жерді алып жатты; 2. Кангюй иелігі Сырдария өзенінің сағасынан Ташкентке дейінгі алқапта шоғырланған, ал байырғы жерлері Сарысу өзенінің орта ағысынан сол өзен мен Шу өзенінде, Ұлытауға дейін орналасқан деген көзқарастар қалыптасты.
Алайда кангюйлердің байырғы жерлері Сырдарияның орта ағысы бойындағы жерлер болған. А.Н.Бернштамның пікірі бойынша, неғұрлым ертедегі тарихи ескерткіштер – Авестада, Махабхаратада, Пехлевилердің бундахишні мен эпикалық Шахнамада аңызғы айналдырылған Кангха нақ осында орналасқан. Ол ежелгі түріктердің руналық ескерткіштерінің Кенгутарбант елін де осында орналасқан деп көрсетуді ұсынған еді. Кейіннен бұл көзқарасты Қазақстан зерттеушілері мен ежелгі Орта Азия тарихының саласындағы басқа да мамандар негізге алды. С. Г. Кляшторный мен Л. М. Левинаның еңбектері кангюйлердің орналасу мәселелерін зерттеуге қосылған елеулі үлес болды. Біріншісі кангюйлер туралы жазбаша деректердегі хабарларды қорытып, кангюй жерлерінің орналасуы жөніндегі негізгі пікірлерге сын көзбен талдау жасады. Л.М.Левина сол кезге қарай жинақталған археологиялық деректерді жүйеге келтіру мен қорытуда көп еңбек етті. Ол кангюйлер заманындағы Сырдария алқабының негізгі үш мәдениетін сипаттап, оларды кезеңдерге бөлуді ұсынды. Жан-жақты талдау негізінде автор өзі қарастырған жетіасар, отырар-қаратау, қауыншы мәдениеті кангюй мемлекеті тұрғындары мәдениетінің нұсқалары болып табылады деген қорытындыға келді.
Сонымен, Кангюйлер Сырдария өзенінің орта ағысының солтүстік жағын мекендеген және Кангха мемлекетінің ұйтқысы болған тайпалар одағы деп айтуға болады.
Егер б. з. б. II ғасырдың екінші жартысында қытай елшісі Чжан-Цянь Кангюй жерлерінің оңтүстігінде юечжиге, ал солтүстігінде ғұндарға тәуелді екенін айтса, біздің заманымыздағы I ғасырда мұндағы жағдай өзгереді. Егер Чжан-Цянь юечжи әскерін 100-200 мың, ал кангюй әскерін 90 мың деп хабарлаған болса, Цанб-Хань-Шу енді кангюй әскерін 120 мың, юечжи әскерін 100 мың дейді.
Бұл кезеңде Орта Азиядағы қос өзен аралығында юечжилердің негізгі бөлігінің оңтүстікке, сол жағалаудағы Бактрияға ығысуы, жерге отырықшылық орын алып, жеке-жеке бес иелікке бөлінгенін, мұның өзі кангюймен салыстырғанда олардың әлсіреуіне әкеп соқпай қоймағанын, ал кангюйлердің алдынан оңтүстік пен батысқа басқыншылық жорық жасау үшін мүмкіндік ашылғанын атап өткен жөн. Сол кезде б. з. б. II ғасырдың аяғы – I ғасырдың басы, сірә, кангюйдің жоғарыда аталған тәуелді бес иелігі пайда болса керек.
Б.з.д. І ғасырдың екінші жартысында Чжичжи шаньюй бастаған ғұндар Оңтүстік-шығыс Қазақстан жеріне алғаш рет көшіп келе бастады. Осындай жағдайда Қаңлы мемлекеті Чжичжимен одақ құрып, оны үйсіндерге қарсы пайдаланбақ болды. Қаңлы билеушісі Чжичжиді Талас алқабына шақырып, оған өзінің атты әскеріне қолбасшылық ету құқын берді. Бірақ, каңлылардың үміті ақталмады. Чжичжи үйсіндерді бағындыра алмады. Енді ғұндар мен каңлылар арасында қайшылық туды. Чжичжи қаңлы билеушісінің қосынынан қуылып, Таластың жоғарғы жағына кетеді, сол жақтан өзіне қала тұрғызады. Шаньюй құрлысқа қаржыны Ферғана мен Парфия билеушілерінен алым ретінде алып отырды, сірә, ол құрлысшы-шеберлерді де сол жақтан шақырып алса керек. Екі жыл бойы салынған қала мықты бекітілді, ол екі қорғанмен қоршалды, оның сыртқысы ағаш, ал ішкісі мұнаралары бар қамкесектен тұрғызылған дуалдан болатын.
Чжичжидің күшеюі, үйсіндерге шапқыншылығы Қытай империясын мазалады. Көп кешікпей қытай әскері жорыққа шықты. Ол Ұлы Жібек жолын бойлай екі бағытта жүрді. Үш отряд Қашғар, Ферғана арқылы, Шатқал жотасындағы Шанаш және Талас жотасындағы Қарабура асулары арқылы оңтүстік жолмен, үш отряд солтүстік жолмен – Шығыс Түркістаннан, сірә, усундердің Чигучэн ордасы орналасқан Ыстықкөл қазан шұңқырындағы Бедел асуы арқылы өткен болар, содан соң Шу аңғарымен Таласқа беттеді. Әскерлер Чжичжи қаласы қорғанының жанында қосылды. Шаньюйдің өзі қоршауға дайындалған еді, ол өз әскерлерін қабырғаларды бойлай орналастырды, ал қала қақпаларының екі жағына «балық қабыршағы» сияқты етіп әдеттен тыс сап түзеген жаяу жауынгерлер отрядын қойды. Алайда, қаһармандықпен қорғанғанына қарамастан, қытайлар сыртқа ағаш қорғанды өртеп, топырақ дуалды опырып жіберді, қоршаудағылардың қарсылығын басып, қалаға басып кірді де қамалды басып алды. Чжичжи мен оның төңірегіндегі жақындары көптеген туыстарымен, балаларымен, әйелдерімен және атақты князьдарымен бірге 1518 адам тұтқынға алынды. Олардың бәрінің басы шабылды. Бір мың екі жүздей жауынгері Усун мен Ферғананың вассалдық князьдарына сыйға тартылды.
Қытай-кангюй қатынастарының басқа бір жағы Шығыс Түркістандағы оқиғаларға байланысты. Біздің заманымыздағы 78 жылы Бань Чжао басқарған қытай армиясы Шығыс Түркістан жазирасына үстемдігін орнатады. Алғашқыда кангюйлер император наместнигіне одақтас болады да, көп кешікпей өзінің көзқарасын өзгертіп, біздің заманымыздың 85 жылы Бань Чжаоға қарсы көтерілген Суле (Қашғар) билеушісіне көмекке әскер жібереді.
Қаңлы тайпаларының негізгі кәсібі көшпелі мал шаруашылығы болған. Олардың бір бөлегі егіншілік және бау-бақша өсірумен айналысқан. Қолөнер едәуір дамыды. Олар Ұлы Жібек жолы арқылы көп елдермен сауда жасасқан, халықаралық саудаға қатысқанын археологиялық жұмыстар кезінде өзге елдерде жасалған заттардың табылуы дәлелдейді. Сол заманға сай қалалары да болды. Қаңлылар өрмекпен жүн мата тоқыған, алуан түрлі қыш ыдыстар істеген. Қоладан және темірден құрал-саймандар мен қару-жарақтар жасаған. Зергерлік бұйымдар мен әшекейлерді алтын, күміс және қоладан жасады. Ерте замандағы қаңлылардың жазу мәдениеті болған. Қаңлылар негізінен ата-аналарының аруағына, ал бір бөлігі отқа, айға, күнге табынған.
Қаңлы ескерткіштерінің жарқын көріністерін Қауыншы, Отырар-Қаратау, Жетіасар мәдениеттерінен көруге болады. Олар Сырдария сағасынан Ферғанаға дейінгі өңірге тараған. Қауыншы мәдениеті Ташкент аймағын қамтиды. 1958-1963 жж. А.Г.Максимова жетекшілік еткен Шардара археологиялық экспедициясы Оңтүстік Қазақстаннан қауыншы мәдениетіне жататын бірқатар ескерткіштер ашты. Оның біршама толық зерттелгені Шардараға таяу, Сырдарияның оң жағалауындағы Ақтөбе қонысы. Отырар алқабында Отырар-Қаратау мәдениетіне жататын ескерткіштер көп шоғырланған. Арыс өзенінің сол жағалауында аумағы әртүрлі Пұшық-Мардан, Қостөбе, Шаштөбе, Сейітман төбе, Ақайтөбе, Шалтөбе сияқты жиырма шақты қалашықтар бар. Олардың ең үлкені – Көкмардан. Бұлардың көбін 1969-70 ж. К.Ақышев жетекшілік еткен Отырар археологиялық экспедициясы тапқан. Жетіасар мәдениеті Қуаңдария мен Жаңадария аңғарын қамтиды. Бұл кездегі қала орындары біртектес. Қалалар мен обалардан Жетіасар мәдениетіне жататын түрлі бұйымдар табылды. Археологиялық қазбалар барысында табылған әшекей бұйымдар, шаруашылық заттар қаңлылардың егіншілікпен, мал шаруашылығымен, қолөнер кәсібімен, саудамен айналысқанын және өз тұсындағы Қытай, Парфия, Рим және Кушан империясы сияқты ірі мемлекеттермен саяси, экономикалық, мәдени байланыста болғанын дәлелдейді.
ІІІ-V ғғ. қытай деректері бойынша кангюйлер өзінің Орта Азиядағы Қосөзен аралығындағы, Арал өңіріндегі иеліктеріне үстемдік етуінен айырылып, бірқатар тәуелсіз иеліктерге бөлініп кетеді. V ғасырда ол император сарайына елшілік жіберген елдер тізімінде ғана белгілі. Сірә, бұл кезге қарай кангюйлер орнында пайда болған ұсақ иеліктер эфталиттер мемлекетіне тәуелді болса керек. Біздің заманымыздағы 1 мыңжылдықтың орта шенінен бастап ортаңғы және төменгі Сырдария ауданындағы этникалық-саяси жағдай өзгерді. Оған түркі тілдес тайпалар басып кірді.
Батыс Түрік қағанаты
(603 – 704 жж.)
Еуразияның аса үлкен бөлігін қамтыған, әртүрлі тілдерде сөйлейтін және әртүрлі этностарды күшпен біріктірген көшпелілердің әскери империясы болып табылатын ұлы Түрік қағанатын бір орталықтан басқару қиынның қиыны еді.
Өздері мұздай сауытпен құрсанған, бақайшағына дейін қаруланған қуатты әскерге сүйенген жоғарыдан төменге дейін ел басқарған қағандар, тегіндер, шадтар, ябғулар, елтеберлер, тұтықтар және жергілікті рулық-тайпалық бірлестіктерді басқарған бектер үлкен қиыншылықпен қол жеткізген арайлы тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең түсіне қойған жоқ. Мансапқорлық пен таққұмарлық елді билеген Ашына әулетінің ұрпақтарын меңдеп алып, емі жоқ «ауруға» айналды. Осындай мерез пиғылға тосқауыл қою үшін кезінде данагөй Ашына Мұқан қаған әкесінің орнына баласы таққа отыратын дәстүрді бұзып, ағаның тағына іні отыратын жаңа салтты енгізген еді. Осылайша қаған ауысқанда таққа сарыауыз жас бала емес, ақыл тоқтатқан азамат ие болатын болды.
Алайда айтарлықтай өсіп-өнген және қажетті
деңгейдегі билікке қол жеткізе алмаған
Ашына әулетінің өкілдері мемлекеттің
тәуелсіздігінен гөрі өздері басқаратын
аймақтардың тәуелсіздігін жоғары қоятын
болып алды. Олар жергілікті жерлерден
рулық-тайпалық негізде құралған айтарлықтай
қуатты да садақты әскерлерімен жоғарғы
билікті басып алуға болады деген зиянды
пікір жетегіне ілесті. Мұның өзі оларды
өзара ішкі соғыстарға алып келді. Нәтижесінде
қағанат ішінде әртүрлі аймақтарды басқаратын
бірнеше қаған қатарласа пайда болды.
Бұл шырғалаң 20 жылдан астам уақытқа созылып,
ақырында 603 жылға қарай Ұлы қағанаттың
екі мемлекетке – Батыс Түрік және Шығыс
Түрік қағанаттарына бөлініп кетулеріне
алып келді.
Түріктердің сорына қарай дәл осы
тұста, бұрын Қытайды бытыраңқылықта ұстап
келген Сәнбилердің Тоба әулеті тақтан
тайдырылып, оның орнына қытай нәсілін
жедел біріктіріп күшейтуді қолға алған
қытайлық Суй әулеті (583-638 ж.ж.) өкілдері
билікке келді. Олар өздерінің байырғы
ата жаулары түріктерге қарсы «алыстағысымен
бірлесіп, жақындағысына қарсы тұру, күштісінен
бой тасалап, әлсізімен бірлесу» саясатын
ұстанды. Бұл, әрине, жаңалық емес болатын.
Көшпелі түріктердің өздері де мұндай
арандату әдісін өзінің жауларына қарсы
талай рет қолданған еді. Мұның өзі шын
мәнінде дұшпандар арасына іріткі салып
қана қоймай, оларды әдейі бөлшектеп, өзара
іштей қақтығыстыратын бағыт еді. Түріктердің
өзара жауласып, екі қағанатқа бөлініп
кетулері олардың ішкі саясатына Қытайдың
араласуын күшейте түсті.
Бұған қолайлы жағдай 603 жылы түркі тілдес он Телес тайпалары біртұтас Түрік қағанатын 599 жылдан бері билеп келген Қара Шұрын Түрікке қарсы көтерілгеннен кейін қалыптасты. Ол көтерілісшілерден бейтарап аймақ Тогонға қашып құтылды. Енді екіге бөлінген елдің Шығыс қағанатындағы билікке Жоңғар келсе, ал Батыс қағанат тағына Тарман отырды.
Батыс Түрік қағанаты - Түрік қағанаты ыдырап, екіге бөлінуі нәтижесінде пайда болған ерте ортағасырлық түркілер мемлекеті (603 - 704). Түрік қағанатында саяси-әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісуі, оның дербестікке ұмтылған жеке бөліктерінде оқшаулану үрдісінің күшеюі, Шығыс және Батыс қағанаттарының құрылуына алып келді. Батыс Түрік қағанатының негізін Торэмен қаған қалаған деген ғылыми дерек те бар. Аумағы Алтай, Сібір жерінен бастап, Әмудария мен Еділ өзендерінің төменгі ағысына дейінгі аралықты қамтыған. Саяси ахуалдарға байланысты шекара өзгеріп тұрғанымен Батыс Түрік қағанатының негізгі аумағы ежелгі үйсін жері, Жетісуөңірі болған. Батыс Түрік қағанатының халқы “он оқ елі” (он оқ бұдұн), “бес арыс дулу”, “бес тайпалы нушеби” деп те аталған. Қағанаттың құрамына әр кезеңде қарлұқтар, Енисей қырғыздары, шығылдар(шігілдер), чомулдар(шөмекейлер), тухсилер, т.б. енді. Батыс Түрік қағанатының мемлекет басшысы - қаған жоғары билеуші әрі әскербасы саналды. Ол мемлекеттің ішкі және сыртқы саяси істерінің бәріне басшылық жүргізді, ру басшыларын тағайындады. Қарапайым халық “қара бұдұн”, ал әлеуметтік құрылымның ең төменгі сатысының тәуелді тобы “тат” деп аталған (қ. Тат). “Татсыз түрік болмас, бассыз бөрік болмас” деген көне мәтелге қарағанда түркі шонжарлары қарамағында таттар саны аз болмаған. Батыс Түрік қағанатында көшпелі мал шаруашылығы басым сала болды. Сонымен бірге Іле, Шу, Талас өзендері бойында егін шаруашылығы дамыды. Ежелден егіншілікпен айналысқан. Орталық Азиямен Шығыс Түркістандағы аймақтар да Батыс Түрік қағанатына қараған. Ұлы Жібек жолының Батыс Түрік қағанатын басып өтуі мұнда қалалық мәдениеттің өркендеуіне ықпал жасады. Құлан, Навакет, Суяб, Тараз, Меркі, Испиджаб қалалары сауда, қолөнер орталықтары ретінде әйгіленді. Қағанаттың халықаралық экономикалық және саяси байланыстар аясына тартылуына соғдылық көпестер үлкен рөл атқарды. Жетісуда егіншілік мәдениеті, құрылыс өнері, түрлі қолөнер кеңінен дамыды. Түркілер теңге соғуды игерді. Теңгелер түркі қағандары атынан соғылғанымен, олардағы сөздер соғды тілінде жазылды. Батыс Түрік қағанатында жазба мәдениет дамып, әдеби дәстүр қалыптасты. Батыс Түрік қағанатының халқы Көк тәңіріне, Ұмай анаға, Жер анаға, Су анаға тағзым етті. Қағанатқа Ұлы Жібек жолы арқылы әлемдік діндерді уағыздаушылар ене бастаған. 626 жылы қаған ордасына Үнді елінен Будда дінін уағыздаушы Прабхакарамитра он шақты серігін ертіп келген. 627 жылы келген қытайлық будда мамасы Сюань Цзяньтүрік қағанының будда діні жөніндегі көзқарасы туралы жазып қалдырған. Сондай-ақ, Батыс Түрік қағанатында зороастра, несториан, манихей діндерін жақтаушылар да болған. Бұлардың қызметі халықты түрлі діндерге тартып, қағанаттың негізі—дәстүрлі діни наным-сенімді әлсіретуге, сол арқылы мемлекетті ыдыратуға бағытталған. Батыс Түрік қағанаты Шегуй(610—18) мен Түн жабғу(618—30) қағандар тұсында күшейіп, мемлекеттің шекарасы кеңейе түскен. Шегуй қаған шығыстағы шекараны Алтайға дейін жеткізіп, бүкіл Тарым жазығымен Памирге дейінгі аймаққа өз билігін жүргізген. Шегуйдің інісі Түн жабғу қаған мемлекеттің батыстағы шекарасын кеңейту саясатын жалғастыра отырып, өзінің қысқы тұрағын Суябқа көшіріп, ал Мыңбұлақ деген жерді жазғы қонысына айналдырған. Жаңа жорықтар қағанат аумағын Әмударияның жоғарғы ағысы мен Гиндукушқа дейін жылжытуға мүмкіндік берген. Мұндай кең байтақ жерді берік ұстап тұру үшін Түн жабғу әкімшілік басқару реформасын жүргізген. Шығыс Түркістан мен Орталық Азиядағы жергілікті билеушілерге түркілік лауазымдар беріп, оларды өзінің орынбасарлары етіп тағайындаған. Сондай-ақ, қағанатқа бағынышты елдерге қатаң саяси бақылау орнату мақсатында қағанның қазынасына түсетін алым-салықты жинайтын өзі бекіткен бақылаушыларды (тудундарды) жіберіп отырған. Орталық Азияда өз ықпалын арттыру үшін Самарқан билеушісіне өз қызын тұрмысқа берген. Тохарыстанға өзінің ұлы Тарду шадты билеуші етіп қойды. Белсенді сыртқы саясат жүргізіп, 625 жылы Парсы еліне қарсы Византиямен келісімшартқа отырған. Түн жабғу император Ираклийдің Кавказға жасаған жорығына (628 — 29) қатысып, жаулап алған жерлерден Горе(Дербент) мен Тбилиси сияқты қалаларды өз үлесіне алады. Түн жабғудың әскери жетістіктеріне риза болған Ираклий Тбилиси қаласы түбінде оған өз тәжін кигізіп, қызы Евдокияны тұрмысқа беретінін мәлімдеген. 630 жылы түріктер Арменияғабасып кірген. Бірақ қағанаттағы ішкі қайшылықтарға байланысты Кавказда көп тұрақтай алмай, кері қайтып кеткен. Толассыз жүргізілген жорықтар мен алым-салықтардың ауыртпалығына наразы болған халықтың бой көтерулерін сыртқы жаулар өз пайдасына пайдаланып отырған. Кейбір тайпалар Таң империясы қол астына өтіп кетіп отырған. Таң империясы оларға барынша қолдау көрсетіп, басшыларына шен-шекпен, мансап беріп, әскери күшке айналдырып, қағанатқа қарсы жұмсады. Шығыс түрік қағанаты Бесбалық қаласын басып алған соң, Ертісбойындағы қарлұқтар, іле-шала дулулар орталық билікке қарсы көтеріліске шықты. Осы ахуалды пайдаланып, иеліктер арасындағы соғысты тоқтату керек деген желеумен ықпалды әскербасы Күлбагатур(Сыбихан Мохэду) 630 жылы Түн жабғуды өлтіріп, өзін қаған деп жариялайды. Көп ұзамай, 631 жылы дулумен нушебитайпаларының билікке таласы кезінде Күлбагатур өлтірілген. 630-34 жылдары қағандық Орта Азиядағы, Сырдария аймағындағы иеліктерінен айырылды. Дулумен нушебилер арасындағы 638 жылғы қантөгістен соң, олардың арасындағы шекара Іле өзені арқылы өтіп, қағанат оң және сол қанатқа бөлінді. Тайпааралық соғыстар 17 жылға (640 — 57) созылды, бұл қытай әскерлерінің баса-көктеп кіруіне қолайлы жағдай туғызды. 656 жылы Ашина Хэлу қаған қытай әскери қолбасшысы Су Динфаннан жеңілгеннен кейін Батыс Түрік қағанаты Таң империясының ықпалына түсті. Бұдан кейінгі жерде Батыс Түрік қағанатын Таң империясы әкімшілік аймақтарға бөліп, бұрынғы түрік қағандарының қытайланған ұрпақтарынан басқақтарды — “қуыршақ қағандарды” тағайындап отырды (қ. Ашина Буяжен, Ашина Мижелі, Ашина Суйцзы). Дегенмен олардың ішінде Дучжы(Дучжи хан, АшинаДучжы) қаған (басқақ) отарлық езгіге қарсы шығып, елді бостандыққа жеткізуге ұмтылды, бірақ мақсатына жете алмады, 679 жылы қытайлықтар оны алдап қолға түсіріп, қорлап өлтірді. Батыс Түрік қағанатының соңғы 23-қағаны Синь (Ашина Синь) 704 ж. Құлан қаласында түргештердің басшысы Үшлік(Учжилэ, Үшелік) қолынан қаза тапты. 704 жылы Батыс Түрік қағанатының орнына Түргеш қағанаты құрылды.
Информация о работе Қазақстан аумағындағы алғашқы мемлекеттік құрылымдар