Шынгысханнын шыккан тегы

Автор: Пользователь скрыл имя, 22 Февраля 2012 в 13:19, автореферат

Описание работы

"Монғолдың кұпия шежіресі"— 1240 ж. көне монғол тілінде, кене ұйғыр әрпімен жазылған ескерткіш. Алғашқы нұсқасы қазіргі дейін белгісіз. Кім жазғаны да беймәлім. Чех ғалымы Поухоның пікірінше, Чыңғыс қағанға ең сенімді, мемлекеттік төреші, татар азаматы Чікіқұтұқ жазды. Себебі, ол ұйғырша хат білетін, Чыңғыс ордасының ішкі-сыртқы саясат істерін, Чыңғыс қағанның бұйрық-әмірін орданың жасырын "Көк кітапшасына" белгілеп отыратын адам болған деп жорамалдайды.

Содержание

1) Деректің жазылу тарихы
2) Шыңғыс ханның шығу тегі
3) Шыңғыс ханның моңғол мемлекетін құрудағы жорықтары
4) Қазақстан мен Орта Азияны жаулап алу

Работа содержит 1 файл

Купия шежире 2.docx

— 144.32 Кб (Скачать)

Жоспар:

  1. Деректің жазылу тарихы
  2. Шыңғыс ханның шығу тегі
  3. Шыңғыс ханның моңғол мемлекетін құрудағы жорықтары
  4. Қазақстан мен Орта Азияны жаулап алу

"Монғолдың кұпия шежіресі" бір беті. Сол жақ бағаналарда моңғол тілі, ал оң жақта — қытай тіліндегі транскрипциясы мен глоссарийі. Қытай, 1908 ж.

"Монғолдың кұпия шежіресі"— 1240 ж. көне монғол тілінде, кене ұйғыр әрпімен жазылған ескерткіш. Алғашқы нұсқасы қазіргі дейін белгісіз. Кім жазғаны да беймәлім. Чех ғалымы Поухоның пікірінше, Чыңғыс қағанға ең сенімді, мемлекеттік төреші, татар азаматы Чікіқұтұқ жазды. Себебі, ол ұйғырша хат білетін, Чыңғыс ордасының ішкі-сыртқы саясат істерін, Чыңғыс қағанның бұйрық-әмірін орданың жасырын "Көк кітапшасына" белгілеп отыратын адам болған деп жорамалдайды. "Монғолдың кұпия шежіресісінің" аты: көне монғолша "монғол-үн нығуча тобчыйан" (монғолун - монғолдың, нығүча — құпия, тобчый- ан — қысқаша жинақ, тұжырымды жинақ), қазіргі моңғолша "монголын нууц товчоо". Қытайша аты: "Юан Чао Би Ши" (Юан — мемлекет аты, Чао — қупия, Би Ши — тарих). "Монғолдың кұпия шежіресі" Қытайдың "Хун-У" патшасының тұсында 1382-жылдар шамасында, қытай адамдарының моңғол тілін үйренуіне көмекші құрал ретінде, моңғол тілінде, қытай иероглифімен көшіріліп жазылған. Бұл кешірме Бейжин (Пекин) кітапханасында сақталып қалған. Осы көшірмені тұңғыш рет орыс ғалымы И. Кафаров қытай иероглифінен сөз дыбыстарын бұзбай, сол қалпында орыс әріпімен транскрипциялап, оны орысшаға аударып, 1866 ж. бастырды. Осы басылым шығыстанушыларға "Монғолдың кұпия шежіресін" зерттеуге жол ашады. Монғол ғалымы академик Ц. Дамдинсүрэн түңғыш рет (1940 ж.) "Монғолдың кұпия шежіресін" көне монғол тілінен қазіргі монғол тіліне тәржімелеген. "Монғолдың кұпия шежіресінде": "Чыңғыс қағанның арғы тегі тәңір шуағынан жаралған Батачы хан, зайыбы Қоғай Марал" дейді де, бұл екеуінен тараған үрім-бұтағын ұластырып айтады. Чыңғыс қағанның балалық шағын, есейіп-ер жетуін, моңғол тайпаларының басын қосып, "Біріккен монғол мемлекетін" құруын, көршілес түркі тайпаларын ырқына енгізуін, Орта Азия, Еуропа елдерін жаулап алуын, Чыңғыс қағанның өлгенге дейінгі іс-әрекетін дәл шындығы бойынша тақпақпен, қысқаша жырмен, шебер қара сөзбен баяндайды. "Монғолдың кұпия шежіресі" XIII—ХІғғ. кезіндегі монғол тарихын, тілін, әдебиетін түсінуге, зерттеуге елеулі рухани мұра болып қана қоймай, сонымен бірге, ол - түркі тайпаларының, сол кездегі тарихын, тілін, әдебиетін салыстырып түсінуде, зерттеуде аса құнды рухани мұра екені даусыз. Олай дейтініміз, қазіргі Монғолияның жерінде белгісіз дәуірден ҮІ—XII ғасырға дейін қазіргі қазақ халқының найман, керей, қоңырат, меркіт тайпалары және түркі тілдес қырғыз, ұйғыр, татар тайпапары шығыс-оңтүстіктегі монғол тайпаларымен көршілес қарым-қатынаста болды. Шығыстанушы ғалым Б. Напил "Монғолдың кұпия шежіресіндегі" сөздердің елудей пайызы (50%-і) қазақ тілінің сөздік қорында сәйкеседі" деп тұжырымдайды. Байымдасақ, қазақ тілі — өзге түркі тілдерін және монғол, тұңғыс-маньчжур, жапон, корей тілдерін салыстырып зерттеуге ең негізгі өзек тіл екендігін ғылыми мінбеде батыл айта аламыз.  

                                                                                                                

2) Шыңғыс хан 1155 жылы Онон өзенінің оңтүстігіндегі Дюлюн-Болдак деген жерде уысына қан шеңгелдеген күйінде дүниеге келді. Есугей баһадүр ұлына өзінің ата жауы татарлардың атақты батыры Тэмучиннің (Теміршінің) есімін берді. Қазақ тарихында күні бүгінге дейін Шыңғысханның шығу тегі туралы қарама-қарсы көзқарастар бар. Кәсіби емес зерттеушілердің бір тобы оны моңғолдан емес, түркіден шығару үшін күресуде. Мәселенің басын ашып алуға үлкен кедергі VІІІ ғасырдың орта шеніне дейін моңғол үстіртін негізінен түркі тайпаларының мекендегені болып отыр. Егер Ертіс өзенінің бастауында бұл тұста байырғы Қаңғайлар (Қаңлылардың бабалары), ал олардан оңтүстікте Құйғырлар (Ұйғырлардың бабалары) мекендеген болса, шығысқа қарай Керуленді бойлап, Тоғыз Ғулар (Тоғыз оғыздар бабалары), Белерлер, Тыбалар, Қанаштар, Сір-Ендалар (Қыпшақтардың бабалары), Қоқсырлар, Сегеттер, Янғырлар, Ғидар, Септер (Керейттердің бабалары), Сепсіндер, Ғұндар (байырғы Ғұндардың ұрпақтары) мекендесе, осы түркітілдестерге оңтүстік-шығыста манчжуртілдес Қытандар (Қидандар) теңізге дейінгі аймақта көрші болды. Бұдан бөлек солтүстікте Онон өзенінің бастауларынан шығысқа қарай Агни, Қыбыт, Телен немесе Төлеңгіт (Жалайырлардың бабаларының бір бөлігі), Бүркіт (Арғындардың бабаларының бір бөлігі), Тоңра, Байырқы (Алшындардың бабаларының бір бөлігі), Едіз, Тоңра, Ғи, Ақсеп (Керейлердің бабаларының бір бөлігі), Үшет, Ағуан, Арағұн (Арғындардың бабалары), Киік, Күтукиік, Тайған, Құтшы, Мүркет (Меркіттердің бабалары) мекендеп, бұлар қиыр солтүстік-шығыстағы Шығайларға (Шибей татарлары – кейінгі Моңғолдардың бабаларының бір бөлігі) барып тірелді. 
Ал енді Байкөлден терістік-батысқа қарай Алақшындар (Алшындардың бабаларының бір бөлігі) орналасқан болса, олардың оңтүстік-батысында Кенгундар (Қырғыздардың бабалары) көшіп-қонып жүрді. Аттарынан байқалып тұрғанындай, Моңғол үстіртіндегі құнарлы өзендер аймағы негізінен түркі тайпаларының атамекендері еді. Бұлар о баста ІV-V ғасырларда түркітілдестердің Теле тайпалар одағына кірген болса, кейінірек Сір-Енда қағанатына еніп, ақырында төрт бөлікке – Түркілерге, Телектерге, Сегіз оғыздарға, Тоғыз оғыздарға бөлініп кетті. Осындай бөлшектенуді пайдаланып, шығыстан моңғолтілдес Шығай (Шибей) татарлары және манчжуртілдес Қытандар (Қидандар) батысқа жылжып, түркітілдестер арасына сыналап ене бастады. Оларды басқа да «орман тайпалары» аталған тұңғыстар қолдап, болашақ моңғолтілдестер тобырын көбейте түсті. Арада 300 жылдай уақыт өткенде Онон және Керулен өзенінің айналасындағы түркі тайпаларын ығыстырған олар осында шын мәнінде қожайынға айналды. Мұның өзі түркітілдестер мен моңғолтілдестер шежірелерін шатастыруға алып келді. 
Рашид ад-Дин келтірген Ергенехоннан шыққан тайпалар шежіресінде олардың түп аталары бір болатыны да сондықтан. Онда Жалайырлар шыққан Нүкіз-Дәрлікендер мен Шыңғысханның бабалары шыққан Қияттың жетінші аталары Оғызхан болса, арғы тоғызыншы атасы Моңғол, ал он бесінші атасы Түрік екендігін көреміз. Бұдан, әрине, моңғолдар мен түріктер бір халық еді деген қорытынды тумаса керек. Керісінше, бірнеше ғасыр бойы Дәрлікен (Төрелекүн), яғни «туыстар» одағына біріккен бұлардың қатарында (Рашид ад-Дин олардың он сегізінің аттарын атап көрсеткен) Жалайыр, Татар, Меркіт, Төлеңгіт тәрізді түркітілдестер Торғауыт, Ойрат, Бұлақшын, Урянхай тәрізді моңғолтілдестермен бірге көшіп-қонып жүрді. Әсіресе, Х ғасырдан бастап бұл аймақта арғымоңғолдарға (протомонғолдарға) жататын Қидандардың 200 жылға созылған үстемдігінің орнауы моңғолтілдестердің даңқын арттыра түсті. Алайда, "Монғолдың кұпия шежіресіне" сүенер болсақ, Шыңғысхан осындай екі этнос қойындасып жатқан қойыртпақ ортада моңғолтілдес Боржиған (Бөріжеген) тайпасының Қият руына жататын отбасында дүниеге келіп, өсіп жетілді. Алайда ол жоғарыда айтылған себептерге байланысты түркі тіліне де жетік болып, осы тұрғыда тілмаштың көмегіне ешқашанда мұқтаж бола қойған жоқ. Ал енді «Шыңғысхан шығу тегі жағынан кім еді?» деген сауалға жауап іздер болсақ, Шыңғысхан өзін әрқашан да мақтанышпен моңғолдарға жатқызды. 
Оның үстіне зерттеулер Шыңғыстың өзін ешқашан да Түркі қағанаттарының мұрагері ретінде қарастырмағанын және оның есесіне ол «өзін Ляо атты Қидандар империясының саяси және этномәдени мұраларының заңды ізбасары ретінде қарастырғанын» (Л.Л.Викторованың «Монголы. Происхождение народа и истоки культуры» атты монографиясы) көрсетіп берді 

3) 1202 жылы Тұғырыл ханның соғыс ашуы Тэмучин үшін күтпеген оқиға болды. Оны толық талқандалудан кездейсоқ жағдай аман алып қалды. Керейлер мен олардың одақтастарының өзіне қарсы шабуылға шығуға дайындалып жатқанын ол сол жақтан қашып шыққан екі бақташыдан естіді. Тэмучин шұғыл түрде әскерді қорғанысқа дайындады. Монғолдарда бар болғаны 4600 жауынгер бар еді. Ал дұшпан әскері бұлардан бірталай басым болатын. Тұғырыл хан шайқасқа кірісер алдында Жамухадан Тэмучиннің негізгі әскерлері кімдер екендігін сұрады. Ең сенімділері екі ру болатын: урут пен маңғыттан шыққандар. Олар бала кездерінен найза мен қылышқа жаттыққандар, сондықтан кез келген шепке жасқанбай кіреді. Олардың туы қара немесе түрлі түсті. Егер олар пайда болса, жан-жақты абайлау қажет. Тэмучин жау әскерінің шабуылына төтеп берді, алайда қарсы шабуыл ұйымдастыруға күші жеткіліксіз болды. Шайқас барысында оның негізгі жауларының бірі Тұғырыл ханның ұлы Сенгун жарақаттанып қалды. Ал монғолдар жағынан Тэмучиннің үшінші ұлы Үгедей мен екі сенімді серігі Борокула мен Богурши жараланды. Тэмучин керейлерге шешуші соққы беру үшін көп күш жинау қажет екендігін түсінді. Сондықтан шайқас аяқтала салысымен дереу кейін шегініп кетті де, әскерді тың күштермен толықтыруға кірісті. Мұнымен қоса ол уақыттан ұту үшін Тұғырыл ханмен келіссөз жүргізе бастады. Ол өзін Уан ханның өкіл ұлымын деп атап, өзінің оны қатты құрметтейтіндігін, сондықтан онымен татуласқысы келетіндігін жеткізді. Кеңеске қатысушылар келіссөзді қысқартып, тез арада соғысқа әзірлену қажет  деп шешті. Бұл кезде Тэмучин өзіне бірнеше одақтастар тауып үлгерген болатын. Сонымен соғыстың болмай қоймайтындығы белгілі болды. Шайқасты өзіне қолайлы жағдайда бастау үшін Тэмучин өз әскерін орманға тығып қойды. Олардың жақсы тығылғандығы соншалық, жаулары олардың тіпті іздерін де таба алмай қалды. Оларды табу үшін Тұғырыл хан тұтқынға түскен Тэмучиннің інісі Хасарды алдарына салып алды да, әйелі мен балаларын кепілдікте ұстады. Содан кейін оның өзін Тэмучинді іздеуге жіберді. Хасар ағасын тапты, ол інісіне мынандай ақыл айтты: "Сен Уан ханға өзің бармай, бір сенімді жолдасыңды жібер. Ол оған монғолдар еш жерде жоқ, сенбесеңдер өз адамдарыңды бізбен бірге жіберіңдер десін". Бұл қулық жүзеге асты. Керейлердің еріп келген сенімді адамдары қолға түсті. Олар кезекті қинау кезінде Тұғырыл ханның ордасында болып жатқан барлық жағдайды баяндап берді. Ордада жау қарасы көрінбеген соң, бітпейтін тойлар басталған екен. Нақты жағдаймен танысқаннан кейін, монғолдар түнде жасырынып жатқан жерлерінен дереу аттанды да, тойлап жатқан жау әскерін қоршап алып, күтпеген шабуыл бастады. Тұғырыл хан әскері қатты қарсылық көрсеткеніне қарамастан, толықтай талқандалды. Уан хан мен оның ұлы Сенге жараланып, аздаған адаммен қашып құтылды. Ал керей ұлысын Тэмучин өз жұртына қосып алды.1203 жылы күзде Керей мемлекетінің  ордасын ойрандаған Шыңғыс оның елінен қолға түскен Тұғырылдың інісі Жақай-Қамбының бойжетіп отырған қызы Ибағатты өзі алып, сіңлісі Сорқақтанды баласы Төлеге берді де, әкесі Жақай-Қамбыны "арбаның бір дөңгелегіндей тірегіміз болып жүр, өз басыңа азаттық бердім" деді. Тұғырыл хан найманға қашып бара жатып, қарауыл басы Қорсаубештің қолына түсіп ажал құшса, Сенгенді атқосшысы Көкешім бетпақ далаға жаяу тастап кетті. Ол Шыңғысқа Сенгенді ен далаға тентіретіп жаяу тастап кеткенін айтып куанышты хабар жеткізгенде "хан иесіне қас қылған қараша ешқашан ешкімге де дос болмас" деп басын алдырады да, керісінше Сенгеннің сусын ішетін алтын тостағанын тастатқан әйелін азат етеді. Даладағы  ең куатты ұлыс керейлерді талқандағаннан кейін монғолдар, шын мәнінде, сол өлкенің нағыз қожайынына айналды. Даладағы бүкіл көшпенділерді біріктіру үшін Тэмучинге енді қалған екі ұлысты (наймандар мен ұйғырларды) өзіне бағындырып қосып алу керек болды. Бұл екі ұлыс даладағы ең қуатты әрі мәдениеті жағынан басқаларға қарағанда көш ілгері тұрған ұлыстар болатын. Сондықтан олармен соғысуға Тэмучин мұқият дайындалды. Ол Уан ханды талқандағаннан кейін үш жыл бойы әскерді тынықтырып, болашақ ұрысқа дайындала бастады. Екі ұлыстың ішінде, әсіресе, наймандар сол кезеңде өзінің ең күшейген, дамыған шағында еді. Тэмучин өз адамдарын найман ұлысына барлауға жіберіп, оларды жан-жақты зерттеді. Сонан соң соғысуға сылтау іздей бастады. Бұл сылтау коп ұзамай-ақ табыла кетті. Найман ұлысының билеушісі Таян хан 1204 жылы монғолдарға қарсы бірлесіп соғысу жөнінде Ұлы Қытай қорғанының іргесінде мекендейтін онғұттарға елшілік жіберді. Парсы жылнамасында көрсетілгендей, ол онғұт билеушісіне мынадай мазмұнда хат жолдады: "Менің естуімше, бұл өңірде Шыңғыс хан деген патша пайда болыпты. Менің білетінім: көкте ай мен күн кезек-кезек өмір сүреді. Ал жерде қалайша екі патша болуы мүмкін? Сен менің оң қолым бол және әскеріме көмектес. Біз оның хандығын тартып алайық".Бірақ онғұт әміршісі Ала-күш айдаладағы Таян ханнан гөрі жақындағы Шыңғыс ханға көбірек сенді. Сондықтан бұл хатты өз қолымен оған әкеліп тапсырды. Монғолдар дереу құрылтай шақырып, наймандарға қарсы жорыққа аттану керек деп шешісті. Жорыкқа қажеттінің бәрі алдын-ала дайындалып   қойылған болатын. 1204 жылы 16 маусым күні Шыңғыс хан тікелей өз басшылығымен Алтай тауын мекендейтін найман ұлысына күйрете соққы берді. Әскердің орталық бөлігін өзінің туған інісі Жошы-Хасар басқарды. 1204жылғы соғыста Таян хан мен оның баласы Күшілік тактикалық  қателік жіберді. Оның үстіне  тағы да Жамуха жасырын елді  шаптырып, өзі бастаған қалың қолымен кері шегінді. Ол осындай опасыздығымен шарпысқан шайқастарда керейлер мен наймандарды құрбандыққа шалып, қол-аяғын матап берді. Шыңғыс осылайша маңайындағы көршілерін тұтастай қол астына қаратты. 1206 жылы Онон өзенінің жағасында киіз туырлықты көшпелілер әулетінің ұлы құрылтайын шақырып, Шыңғысты империяның ұлы ханы сайлап, 95 адамды мыңдықтың нояны етіп тағайындады. Бұл 95 мың әскер ме, әлде барлық ұя басы түтін саны ма, ол арасы белгісіз. Ең соңғы дерекке қарағанда, 1206 жылы империя құрылғанда монғолдар саны 200 мың, керейлер 600 мың деген жорамал бар. Не десек те, монғол әулеті тарих сахнасына көтерілген сол бір тұста керей, наймандардан 3-4 есе аз болыпты. Мұның өзі қарсыластардың алауыздығы, көп хандықтың кесірі, жеңісті шапшаңдатқан жебеушісі болыпты. Шыңғыс болса мұндай оңтайлы тұсты пайдалана білген, асқан қырағы ғажайып қолбасшы екенін танытты. Ол империяны құру үшін 16 жыл ат үстінен түспей жанқиярлықпен шайқас салды. Әсіресе, дала шонжарлары мен нөкерлерін бір тудың астына топтастырып, азулы тайпалар мен айбарлы мемлекетті өзара қырқыстыру арқылы дегеніне жетті.Тайталасқан тайпалар бас-басына билік құрып, қырқысқан көшпелілер әулеті бір орталыққа бағынып, елдікке қолы жетуі Шыңғыс ханның тарих алдындағы қайталанбас ерлігі. Бұл, әрине, ілгерілеушілік, айрықша маңызды бетбұрыс. Наймандар талқандалғаннан кейін Шыңғыс хан  солтүстік пен батыстағы ұсақ тайпаларды талқандау үшін жан-жаққа әскери жасақтар жіберді. 1205 жылы ол Батыстағы ұсақ тайпаларды бағындыру үшін әрі Таян ханның ұлдарын ұстап әкелу үшін Сүбедей бастаған әскер аттандырды.Шыңғыс  ханның басқалардан бір ерекшелігі — ол дұшпанын тек талқандап қана қоймай, түбіне жеткенше тыным таппайтын, кез келген істі ақырына дейін жеткізіп тынатын. Наймандар талқандалғаннан кейін Жамухаға тығылатын ешқандай жер қалмады. Сондықтан ол өз маңайына бір топ қарақшыларды топтастырып, өзі солардың атаманына айналды. Алайда ол қарақшылар оның өзін Шыңғыс ханға ұстап әкеліп берді. Ақсүйектер заңын қатты құрметтейтін Шыңғыс қарақшыларды түгелдей өлім жазасына бұйырып, Жамуханың өзіне кешірім жасады. Алайда Жамуха монғол салты бойынша одан өзінің қан шығармай өлуіне бөгет болмауын өтінді. Өтініш қанағаттандырылғаннан кейін, Шыңғыс хан өзінің негізгі бәсекелесінің жаназасын салтанатты түрде өткізді.1190—1206 ж.ж. Орталық Азиядағы үздіксіз  соғыстың салдарынан найман, керей,  меркіттердің бір бөлігі өздерінің  руластары ерте заманнан түратын  қазіргі Қазақстан жеріне қоныс аударды. Кейіннен оларға Күшлік хан бастаған наймандар келіп қосылды да, олар әрі қарай Жетісу, Шымкент, Ташкентке келіп қоныстанды. Ал бір бөлігі Шығыс Қазақстанда қалып, монғолдарға бағынады.Кейіннен  наймандардың бір бөлігі Шығыс Қазақстаннан Жетісуға қоныс аударып, Сырдарияның бойына дейін жетті. Ал керейлер Батысқа қарай кетіп, Еділ бойына дейін жетті де, енді бір бөлігі Солтүстік Қазақстанды мекендеп қалды. Кейіннен бұл екі ұлыс та осы өңірлердегі қазақ халқының қалыптасуына түп қазық болды. Сөйтіп бұл өз заманына сай алға басушылық фактор болды. Сонымен Тэмучин ханның керей, найман меркіттерді монғолдарға бағындыру жөніндегі алдына қойған бірінші мақсаты орындалды.1207—1208 жылдардың қысында Шыңғыс ханның  үлкен ұлы Жошы бастаған монғол жасақтары Оңтүстік Сібірдегі "орман халықтарын" — ойраттарды, буряттарды, якут-сахаларды бағындырды. Енисей қырғыздарының билеушісі Арыс Айнар Алдиярұлы бек ақ сұңқар, ақ тұлпар, қара бұлғын ішік алып Жошыға тарту етті де, соғыспай-ақ бағынды.1205 жылы монғолдар Таңғұт мемлекетіне сәтсіз жорық жасады. Бұл елге келесі жорық кейінге қалдырылды. 1207 жылы Шыңғыс хан Батысқа шегініп кеткен наймандарға Жебе мен Сүбедейді жіберіп, бұл жорық та көздеген мақсатына жете алмады. Олар осының алдында ғана қырғыздарды талқандаған Ұйғыр хандығын бағындырып келді.Даланы  мекендейтін барлық тайпалар бағындырылғаннан кейін, монғолдар Алтайдағы Қытай қорғанына дейін ұланғайыр аймақты бір өздері биледі. Бұл өңірді мекендеген тайпалар ежелгі түркі мемлекеті құлағаннан кейін, тұңғыш рет бір орталыққа бірікті. Сөйтіп Шыңғыс ханның көшпенділерді бір орталыққа бағындыру жөніндегі алдына қойған бірінші мақсаты орындалды. Алтайдан  Ұлы Қытай қорғанына дейінгі өңір, негізінен, шөл және шөлейтті аймақтардан тұратын. Бұл далада халық өте сирек қоныстанған болатын. Әрбір ру, тайпа өз қалауынша ешкімге бағынбай, еркін өмір сүретін. Бұларды бір орталыққа бағындыру Шыңғыс ханның өте мықты ұйымдастырушы мемлекет қайраткері, аса талантты қолбасшы болғандығын көрсетеді. Әйгілі  саяхатшы Марко Поло Шыңғыс хан өмірінің осы кезеңін былайша суреттейді: "Белгілі бір аймақты басып алған кезде ол жергілікті халықты өкпелеткен емес. Олардың ішкі заңдарына қол сұқпай, оларды басқаруға өз адамдарын қойды. Ал қалғанын өзімен бірге басқа аймақтарды жаулап алуға алып кетті. Жаулап алынған халық олардың өздерін көршілес дұшпан ұлыстардың шабуылынан сенімді түрде қорғайтындықтарына көздері жеткеннен кейін оның әділ патша екендігін мойындап, оған жан-тәнімен қызмет ете бастады". Сөйтіп өзінің төңірегіне аса көп адамды топтастырып алған Шыңғыс хан енді бүкіл әлемді бағындыруды ойлай бастады. Ұлы даладағы билік үшін жиырма жылға созылған қиян-кескі шайқастарда Шыңғыс хан өз жауларының бытыраңқылығы мен ала ауыздығын шебер пайдалана отырып, оларды бір-біріне қоспай, жеке-жеке талқандады. Ол қарсыласқандарға садақ атып, тізе бүккендерге табақ сыйлады. Оған жан аямай қарсылық көрсеткен Тоқтабек, Жамуха, Бұйрық, Таян хандар қан майданда қазаға ұшырады. Өз еркімен берілген Үйсін қарт пен Көкше бақсыға төрден орын берілді. Жалайыр тайпасынан шыққан Мукалыны гоуаң (мемлекет әмірі) етіп тағайындады. 1204 жылы тұтқынға түскен найман ханының бас уәзірі Тататонды хатшылық қызметке тағайындап, наймандардың ел басқару ережесін, жазу мәдениетін бұған дейін найман, керей меркіттер қолданған ұйғыр жазуын қабылдады. Монғол әскері Жетісуға келгенде, өз еркімен ел болған арғын (қарлық) Арыстан ханға (Балқаш көлінің шығысындағы Қиялық қаласын билеген) Шыңғыс хан өз қызы Алқа бикені атастырды. Іле алабындағы Алмалық қаласында тұрып Жетісуды билеген қаңлы тайпасының ұлыс бегі Тұғырыл мен оның ұлы Сунак тегін өз әскерлерімен монғолдарға қосылғанда, Шыңғыс хан Жошының үлкен қызы Бикені Сунак тегінге қосты. Сөйтіп Шыңғыс хан Жоңғария, Жетісуда тұрған найман, үйсін, арғын қазіргі қазақ халқының бір бөлігі Шыңғыс хан мемлекетіне өз еріктерімен қосылды, сөйтіп оның Батысқа жасаған жорықтарында шешуші рөл атқарды. 1206 жылы көктемде Онон  өзенінің жоғарғы жағында бүкіл  монғол ақсүйектері (нояндар,  ру-тайпа көсемдері, батырлар  т.б.) жиналған салтанатты құрылтай өтті. Құрылтай болар алдында арнайы әзірленген төбенің ең биік тұсына тоғыз қылды ту(байрақ) тігілді. Хөхөчу бақсының ұсынысы бойынша жиналысқа қатысушылар Тэмучинге Суту-богло Шыңғыс хан (тәңір сипаты Шыңғыс хан) атағын берді. Рашид-ад-Дин бұл оқиғаны былайша суреттейді: "Құрылтай ашылғанда, өзінің кереметтігімен бүкіл монғол жерін мойындатқан Хөхөчу-Көк тәңірі Меңліктің ұлы жиналғандарға былай деді: "Аспан тәңірі саған жердегі патшалықты сыйлады. Енді өздерің Гур хан атағын осы өңірдің билеушілерінің барлығы өздерінің жерлерімен қоса сенің қол астыңа өткендіктен, сенің атың "Шыңғыс" болсын. Сен патшалардың патшасы болдың. Аспан тәңірінің әмірі бойынша сенің атың Шыңғыс хан, яғни патшалардың патшасы, билеушілердің билеушісі". Жиналғандардың барлығы бұл шешімді дұрыс санап, оны әлем билеушісі ретінде мойындады. Сөйтіп  Шыңғыс хан ежелгі түркі дәстүрі  бойынша хаған (хахан) атанды. Құрылтай оған арнайы басылған мөр тапсырды. Онда төмендегідей жазулар ойылып жазылды: "Аспан тәңірінің жерді билеушілерге жіберген хағаны. Адамзамат билеушісінің мөрі". Құрылтайда Шыңғыс хан мынадай сөздер айтты: "Көк тәңірі маған барлық халықтардың үстінен билеуге әмір берді. Тәңірінің қалауымен мен керейлерді талқандап, ұлылық дәрежеге жеттім. Менің сөздерім — көк тәңірінің сөзі. Менің тоғыз шашақты ақ туымды ұрпақтарым қадірлеп сақтасын. Бұл ту оларды әлемді билеу үшін жеңісті жорықтарға бастайды". Бұған қоса құрылтай кезінде өзінің жақын серіктері мен тайпа көсемдеріне әртүрлі сыйлықтар тапсырып, түрлі қызметтерге тағайындады. 95 қолбасыға мыңбасы атағын беру жөнінде арнайы жарлық шығарды. Тек өзінің жақын досы Бұғыршы ноянға кезек келгенде: "Оның дәрежесі барлық мыңбасылар мен нояндардан жоғары, тек ханнан төмен, оған атақ не керек", — деді. Ол езінің ежелгі бабалары түркі хағандары секілді "Бастыны еңкейтіп, тізеліні бүктірген" ғажайып тұлға болды. Тэмучинге Шыңғыс хан атағын берген оның ордасындағы  аса ықпалды адамдардың бірі Хөхөчу-көк  тәңірі бақсы еді. Оның бақсылығы мен сиқыршылық өнерін қалың көпшілік, соның ішінде тәңір дінін ұстанған Шыңғыс хан да аса жоғары бағалады. "Монғолдың құпия шежіресінде" Хөхөчудің ағайынды алты бауыры бірге Шыңғыс ханның туған інісі Хасарды сабайтыны айтылады. Ағасына мұң шағып келгенде Шыңғыс інісіне: Сен еш пендеге күш бермеуші едің ғой, неге әлің келмеді? — деп елеусіз шығарып салады. Ағасына өкпелегеи Хасар үш күн бойы үй бетін көрмей кетеді. Хөхечу  жай ғана бақсы емес, ақылы мен  айласы, ісі мен қайраты сай  адам еді. Ол ағайынды екеуінің арасында болған әңгімеден кейін Хасардың түбіне біржолата жетуді мақсат етеді. Сәтті жағдайды пайдаланған ол өзінің белгілі сәуегейлігіне басып: "Жасаған ием елге бір рет Тэмучин, бір рет Хасар билік жүргізеді деп еді. Хасардан сақтанбаса, не боларын білмеймін", — деп ханды сендіреді. Бұл әңгімені ордадағылар Шыңғыс ханның шешесі Үлүн Екеге жеткізеді. Ол жедел түрде ордаға аттанып, таң алдында ханның інісін тергеп отырған жерінде үстілерінен түседі. Шешесінің "Жауды жайратып болды деп Хасарға көре алмастық жасағаның не?" — деген сөзінен кейін Шыңғыс хан райынан қайтады. Дегенмен шешесінен жасырып, Хасардың қол астындағы ел-жұртын тартып алып, оған тек 1400 үй ғана қалдырады. Осы оқиғадан кейін, көп ұзамай шешелері қайтыс болады. Ал шешесінің қол астындағы ел Хөхөчу бақсыға барып қосылады. Кеткен жұрттың ішінде Шыңғыс ханның кенже інісі Отчигиннің адамдары да болады. Хөхөчуге кеткен елді қайтару үшін Отчигин оған Сохор деген елшісін жібереді. Бірақ бақсы оның жіберген адамын сабап-сабап атын тартып алады да, ер-тоқымын жаяу арқалатып қоя береді. Ұлы хағанның туған інісі үшін бұл үлкен қорлық еді. Елшісі таяқ жегеннен кейін, Отчигин бақсыға өзі келеді. Бірақ бақсы оған ағайынды алты інісімен бірге тап беріп, өздеріне тағзым етуге мәжбүр етеді. Бұл оқиғаның барлығы Хөхөчу бақсының өзін Шыңғыс ханмен терезесі тең адамға санап, онымен бәсекеге түсе бастағанын көрсетеді. Бақсының  алдында қатты жәбірленген Отчигин  таң атпастан ағасын ұйқыдан оятып, болған оқиғаны баяндайды. Оған ханның әйелі Бөрте қосылып: "Анау күні Хасарға тиісті, енді Отчигинді бас идірді, бақсының бұл қай басынғаны?" — дейді. Хан ойланып отырып: "Көк тәңірі бақсы қазір осында келеді. Кегіңді қалай алу керектігін өзің шеш" — деді. Ағасынан  рұқсат алғаннан кейін, Отчигин алдын-ала үш мықты жігітті дайындап, бақсының келуін күтеді. Кешікпей хан ордасына Шыңғыстың өгей әкесі Меңлік, еш қаперсіз өзінің жеті үлын ертіп кіреді. Хөхөчу абаның оң жағына жайғасады, Осыны күтіп отырған Отчигин: "Сен кеше мені бас идіріп едің ғой, кел енді күш сынасайық" — деп, жағасынан ала түседі. Хөхөчу күресе кетеді. Оларға Шыңғыс хан: "Далаға барып күресіңдер" — дейді түк сезбегендей. Ежелгі дәтүр бойынша жекпе-жекке ешкім араласпайды. Отчигин бақсыны далаға сүйреп шығарғанда, күтіп түрған үш адам жабыла кетіп, бақсының омыртқасын үзіп, шала-жансар күйінде арбаның қасына апарып тастайды. Ордаға жеңіспен кірген Отчигин Хөхөчудің күресуге жарамай, жатып қалғанын айтады. Ұлының мерт болғанын сезген Меңлік кемсендеп, алты ұл өре түрегеледі. Осы кезде сақадай ай тұрған сақшылар ордаға келіп кіреді. Сөйтіп  Хөхөчу бақсы өлгеннен кейін Шыңғыс хан өзінің тағы бір бәсекелесінен құтылады, Ол бақсы жатқан үйдің түндігін жаптырып, бір адамға күзеттіріп қояды. Тарихи әдебиеттерде бақсының денесі екі күн жатып, үшінші күні көкке ұшып, көзден ғайып болды дейді. Бұл жөнінде белгілі шығыстанушы Б.Я.Владимирцев: "Хөхөчу бақсымен бірге Монғолияда Шыңғыс ханмен бәсекеге түскісі келген соңғы адам сахнадан кетті. Осыдан кейін императорға қарсы келетіндей хан ордасында бірде-бір адам қалмады" — деп жазды. Бұған қоса арнайы шығарылған "Жасақ" заңында "Ешкімнің монғолды құл немесе малай етуге қақы жоқ" деген арнайы бап енгізілді. Осылайша Шыңғыс хан арманына жетіп, Алтай мен Сібір тайгасынан Ұлы Қытай қорғанына дейінгі өңірді мекендеген көшпенділерді бір орталыққа біріктірді.

Шыңғыс хан және Қытай елшілері

4)  Қытайға қарсы шабуылдан кейін Шыңғыс хан әскерінің бір тобы 1218 – 19 жылы Жетісуды, 1219 – 21 жылы Қазақстан мен Орта Азияны жаулап алды. Басып алған жерлерді Шыңғыс хан ұлыстарға бөлді де, ұлдарын үлестіріп берді. Кіші ұлы Төлеге Моңғолияның өзі, үшінші ұлы Үгедейге батыс Моңғолия, жоғарғы Ертіс пен Тарбағатай аймағы, екінші ұлы Шағатайға шығыс Түркістан, Жетісу мен Мауераннахрдың көп бөлігі, үлкен ұлы Жошыға Ертістен батысқа қарай Жетісудың солтүстік бөлігін және төменгі Еділ бойына дейінгі жерді қоса бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақ бағындырылды. Қазақстан аумағы Шыңғыс хан империясының үш ұлысының құрамына: үлкен (далалық) бөлігі – Жошы ұлысына, оңтүстік және оңтүстік-шығыс Қазақстан – Шағатай ұлысына, Жетісудың солтүстік-шығыс бөлігі – Үгедей ұлысына кірді. Шыңғыс ханның тірі кезінде ұлдарын бөліп берген жерлер олар үшін тек қана пайда көзі болды, бірақ империя басшысына бағынышты болып қала берді. Шыңғыс хан өлген соң басшылық жорықтарын оның мирасқоры, Шыңғыс әулетінің хандары азды-көпті үзілістермен үсті-үстіне жүргізе берді. Бірақ күшпен, зорлық-зомбылықтың арқасында құрылған бұл ұлыстардың арасында ешбір саяси, экономикалық, этникалық байланыс болмады. Шыңғыс хан ұрпақтарын өз әулеттерін толығымен дербес етіп алуға, ал ұлыстарды тәуелсіз иеліктерге айналдыруға тырысуынан империя бірнеше мемлекетке ыдырады (Ақ Орда, Алтын Орда, Шағатай ұлысы).  Монғол  шапқыншылығынан кейін тұңғыш рет Шығыс Дешті-Қыпшақтың,   Түркістанның,   Жетісудың   түркі   тайпалары   бір мемлекетке біріктіріліп, алдымен қазақ хандығының, кейіннен қазақ ұлтының шығуына, яғни қалыптасуына жағдай жасалынды. Сөйтіп Шыңғыс хан империясы құрылғаннан кейін, көп ұзамай қазақ халқының этникалық территориясы қалыптаса бастады. Қыпшақ сахарасының халықтары ертеректе мемлекет құрған түркі текті арғын, найман, керей, жалайыр, маңғыт, онғұт т.б. тайпалармен қосылып, көп этностық "қайнаған қазанда" екі жүз жыл ішінде қазақ этносы болып қалыптасты2. XIV—XV ғасырларда түркі-монғол этносы бөлшектеніп, бірнеше ұлттық мемлекеттер пайда болды. Мағжан ақын айтқандай, қазақтар "қара шаңырақтың" иесі болып қалды.Алтын Орданың құрамында болған ұлыс Ақ Орда, шын мәнінде, қазақ мемлекеті болды. Өйткені негізін Жошы қалаған бұл ұлыс Сырдариядан Алтайға, Оңтүстік Оралдан Жетісуға дейінгі қазіргі қазақ даласын алып жатты. Екіншіден, бұл даланы ерте кезден-ақ түркі тілді тайпалар жайлады. Олар монғол шапқыншылығынан кейін қосылған тайпаларды бойына сіңіріп, қазақтың этникалық құрамын қалыптастырды.

 

Қосымша

 Шыңғыс ханның "Билік" заңынан бірнеше үзінді келтіре кетейік:      

3-бап.  Жүздіктің, мыңдықтың, түменнің бектері жылдың басы мен соңында біздің жиынымызға келмесе, әскерді басқара алмайды. Өзеннің жағасында, суға батқан тас секілді не қалыңға кірген жебе секілді әрекетсіз отырған адамда ақыл болмайды. Ондай адам бұйрық бере алмайды.     

4-бап.  Өз үйін дүрыс басқарған адам иелігін де дұрыс басқарады. Ал он адамды дұрыс басқарған адам мындық пен түменді де дұрыс басқара алады.     

Бұл баптардан біз  Шыңғыс ханның жыл сайын өтетін әскердің дайындығына үлкен мән бергенін әрі кіші әскербасылардың адал қызметі  арқасында әскери қызмет дәрежесінің  сатылап жоғары өрлеуіне мүмкіндік  туғызылғандығын көруге әбден болатындығын байқай аламыз.     

6-бап.  Әскердің ондыққа, жүздікке, мындыққа, түменге бөлінуі барлық уақытта қатал сақталуы қажет. Бұл тәртіп әскерді кез келген уақытта тез арада жинауға және басшыларын белгілеуге көмектеседі.      

7-бап. Жорықтың  басында әрбір жауынгер кімге  бағынса, содан қару алуға міндетті. Ол бұл қаруды жақсылап күтіп,  шайқас басталар алдындағы байқау  кезінде өз басшысына көрсетуге  міндетті.     

8-бап.  Әскербасылардың рұқсатынсыз бірде-бір жауынгердің жаудан қалған заттарды тонауға қақы жоқ. Тонауға рұқсат берілген жағдайда әскербасы олжаны барлық жауынгерге бірдей етіп бөліп беруге міндетті. Әрбір еркек әскер болуға міндетті. /Ерекше жағдайда ғана босатылуы мүмкін/.      

9-бап.  Егер біреу шайқас кезінде садағын, қорамсағын т.б. қаруын түсіріп алып, байқамай қалса, артта келе жатқан жауынгер оны алып, иесіне апарып беруге міндетті. Олай істемеген жағдайда, өлім жазасына кесіледі.     

17-бап.  Соғысқа қатыспаған кез келген еркек белгілі бір уақытқа дейін әскердің пайдасына тегін жұмыс істеуге міндетті.      

18-бап. Әрбір  оскербасы жорыққа шығар алдында  қарауындағылардың қару-жарақтарын, ат-көліктерін тіпті ине-жібіне  дейін тексеріп шығуға міндетті. Керек-жарақтарын толық алмаған  жауынгер жазалануы тиіс. Жеңіл  қару мен киім-кешекті әр жауынгер  өз есебінен алуы керек.     

21-бап.  Ханның бұйрығын орындай алмаған әскербасылар мен мемлекет қызметкерлері қызметін дұрыс атқара алмағаны үшін өлім жазасына кесіледі.      

22-бап.  Ол әмірлерді /бектерді/ әскердің басына қойып, олардың басқаруына ондықты, жүздікті, мыңдықты берді.     

24-бап.  Ол әмірлердің мына нәрселерді істеуіне тиым салды: билеушіден басқамен оның рұқсатынсыз қарым-қатынас жасауына; оның рұқсатынсыз қарым-қатынас жасайтын болса, өлім жазасына кесіледі.     

Кейіннен  Шыңғыс ханның мұрагерлері бұл заңдарды бағынған халықтарға да енгізді. Соның арқасында Шыңғыс хан ұрпақтары ұзақ уақыт биліктен кеткен жоқ. Шыңғыс  ханның өз айтуынша, алғашында оған 13 мың отбасы бағынған 20 жылдың ішінде олар 720 елді өздеріне бағындырып, әскер саны 130 мыңға жетті..  Билік пен жасақ заңының бізге жетпеген де көптеген баптары болған. Бұл баптардың барлығын да жауынгерлер мен әскербасылардың міндеттері көрсетілген. Осындай тәртіптің нәтижесінде Шыңғыс хан аса үлкен табыстарға қол жеткізді. "Менің орнатқан тәртібім Көк тәңірінің қолдауымен жүзеге асты. Соның көмегімен ғана мен жер бетінде құрметке бөлендім", — дейтін ол.   

Информация о работе Шынгысханнын шыккан тегы