Кайнозой эрасы

Автор: Пользователь скрыл имя, 04 Ноября 2012 в 11:44, реферат

Описание работы

Кайнозой эрасы – жер дамуының соңғы 60-70 млн. жылын қамтитын ең жаңа (кембрийге дейінгі дәуірден есептегенде үшінші) эрасы; үш кезеңге — палеоген неоген кезеңдеріне және төрттік кезеңге — жіктеледі.

Работа содержит 1 файл

Эралар.docx

— 107.05 Кб (Скачать)

Кайнозой эрасы – жер дамуының соңғы 60-70 млн. жылын қамтитын ең жаңа (кембрийге дейінгі дәуірден есептегенде үшінші) эрасы; үш кезеңге — палеоген неоген кезеңдеріне және төрттік кезеңге — жіктеледі.

Кайнозой

Кайнозой, кайнозой эрасы, кайнозой эратемасы (грек. kaіnos – жаңа, zoе – өмір) – Жердің геологиялық дамуының соңғы 65 млн. жылын қамтитын уақыт мерзімі және соған сәйкес келетін тау жыныстарының қабаты. Кайнозой эрасы төменнен жоғары қарай палеоген, неоген және төрттік кезеңдеріне бөлінеді (кестені қ.). Кайнозой эрасында құрлықтар, олардың жер бедері осы күнгі қалыпқа келді. Палеоген кезеңінде тектоник. белсенділік артқан. Оның басты себебі – оңтүстіктен ығысқан микроконтиненттердің (қазіргі Иран, Ауғанстан, Үндістан аумағы) Еуразия құрлығымен соқтығысуы. Мұхиттардың нобайы қазіргіге жуықтап, деңгейі палеогеннің аяғында күрт төмендеген (қазіргіден 400 м шамасында төмен болған). Ол тек миоценнің ортасында ғана қазіргі деңгейге жеткен. Палеоцен мен эоцен дәуірлерінде Гренландия Еуразиядан бөлініп, су асты жотасы бойымен бір-бірінен алшақтаған. Құрлықтардың барлығында терең регрессиялар байқалған. Теңіз Шығасыр Еуропаның оңтүстігінде (Қара теңіз алабы), Кавказ алды аумағында және олардың шығысында, Каспий сырты (Тұран) аудандарында сақталған. Ежелгі теңіз алаптарының жүйесі – Тетис біртұтас мұхит алабы ретінде өмір сүруін тоқтатып, Атлант және Үнді мұхиттарымен жалғасқан Жерорта т. (Ион, Левантия) және шығыс пен Солтүстік жағындағы Паратетис алаптарына бөлініп кетті. Паратетис батысында – Альпі, Карпат және Динар тауларының етегінен басталып, шығысында – Каспий мен Аралға дейін созылған. Эоценнің соңы мен олигоцен дәуірінде Жердің құрылымдық сұлбасы, құрлықтардың нобайы мен мұхиттардағы орт. жоталардың орналасуы қазіргі түрге жақын келген. Миоценде Альпі – Гималай тау белдеуінің қалыптасуы жалғасып, олардың көптеген шыңдары 7 мың м-ге дейін, ал ең биік деңгейлерге төрттік кезеңде жетті. Миоценнің соңында Үлкен және Кіші Кавказ тау жүйелері, Батыс Сібір тақтасы мен Торғай ойысы пайда болды. Қарқынды көтерілімдер Тянь-Шаньда, Қазақстанның шығысында, Алтай – Саян алқабында, Байкал алды және Байкалдың Оңтүстік мен солтүстігінде, Становой жотасы мен Охотск массивтерінде орын алды. Жер бетіндегі күрделі өзгерістер климаттың өзгеруіне әкелді. Палеоген кезеңінде экватор, екі тропиктік және екі субтропиктік белдеулер қалыптасқан, ал олигоцендегі салқындау кезеңінде оларға екі қоңыржай белдеу қосылған. Солтүстік жарты шарда аридтік климат Батыс Сібірдің оңтүстігінде, Солтүстік Африкада, Таяу және Орта Шығыста, Солтүстік Азияда, Оңтүстік Қазақстанда, Моңғолияның батысында, АҚШ-тың Оңтүстік мен Мексикада басым болған. Миоцендегі салқындау бірінші кезекте полюс және қоңыржай ендіктерді қамтыған. Антарктидада жабын мұздықтар ұлғайып, Солтүстік жарты шарда тау мұздықтары пайда болған. Плиоцен дәуірінде экваторлық, тропиктік, субтропиктік, қоңыржай және суық климат белдеулері қалыптасқан. Төрттік кезеңде құрлықтық мұзбасулар (Солтүстік жарты шарды қамтыған) орын алған. Мұзбасу орталықтары Балтық және Канада қалқандарында орналасқан, олардағы мұздың қалыңд. 3 км-ге дейін жеткен. Мұз қабаттары Альпі, Карпат, Кавказ, Тянь-Шань, Алтай, Орал, Гималай тауларының етегіне дейін басып жатқан. Альпіде төрт мұзбасу: гюнц, миндель, рисс және вюрм кезеңдері болған. Мұзбасулар мұхит деңгейіне өте үлкен әсер еткен. Ең жоғары мұзбасу кезінде мұхит деңгейі 150 м-ге төмендеп, ал мұз еріген кезде сол шамаға көтерілген.

  Тіршілік әлемі - Мезозой мен кайнозой эраларының аралығында жануарлар әлемінде кембрийден бері қарай алғашқы ірі дағдарыс болған. Алып динозаврлардан бастап, ұсақ фораминиферлерге дейін жойылып кеткен, ал сақталып қалғандары өз мәнін жойған. Олардың орнын тез дами бастаған сүтқоректілер басты. Теңіздерде омыртқалылар: сүйекті балықтар, шеміршекті акулалар мен скаттар; алғашқы сүтқоректілер – киттер, сиреналар, дельфиндер пайда болған. Жер бетін жайлаған жорғалаушылардан – қолтырауындар, кесірткелер, тасбақалар мен жыландар; қосмекенділерден – алып саламандралар, бақалар дамыған. Палеогеннің басында приматтардың ең қарапайымы – лемурлер, яғни жартылай маймылдар – антроподтар шыққан. Плиоценнің соңы мен төрттік кезеңнің басында Шығасыр Еуропаның Оңтүстік мен Қазақстанда жылу сүйгіш мастодонттар, пілдер, гиппарион, семсер тісті жолбарыс, этруск мүйізтұмсығы, т.б. өмір сүрген. Плейстоценнің соңы – голоценнің басында қатал климатқа бейімделген мамонттар, жүндес мүйізтұмсықтар мен үлкен мүйізді бұғылар жойылып кеткен. Жер беті флорасы арасында жабық тұқымдылар дамуын жалғастырған. Олардың ішінде тропиктік және субтропиктік ормандарда пальма, магнолия, мирт, фикус, алып секвоя, араукария мен кипаристер өсті. Қоңыржай климатты алқаптарда үлкен жапырақтылар мен ұсақ жапырақтылар – емен, бук, каштан, терек, қайың, т.б. өскен.

Кен байлықтары-Палеогенде өте ірі латеритті және латеритті-шөгінді боксит (Австралияда, Африкада, Латын Америкасында, Жерорта т-ндегі бірқатар аудандарда, Оңтүстік Орал, Солтүстік Қазақстан платформаларында, Төм. Ангар мен Батыс Байкал), ең ірі марганец (Никополь, Чиатура, Батыс Африка), бірқатар оолитті темір (Солтүстік Америка, Батыс Сібірдің Оңтүстік мен Солтүстік Қазақстанда), ең ірі мұнай (Иран, Ирак, Орталық Азия, Венесуэла) кен орындары кендері түзілген. Кайнозой эрасының түзілімдерінде барлық көмір қорының 15%-і шоғырланған. Оның ішінде таскөмір қабаттары Сахалинде, Жапонияда, Қытайдың шығысында; қоңыр көмір кен орындары – Германияда (Рейн алабы), АҚШ-та (Солтүстік Дакота) және Украинада; сынап кен орындары Испанияда, Италияда, Югославияда және Ресейде; мыс және молибден кен орындары АҚШ, Чили, Боливия мен Перуде шоғырланған. Неоген түзілімдерінде мұнай мен газдың есептелген қорларының үштен бірі шоғырланған. Алып мұнай-газ кен орындары Иран – Месопотамия мен Кордильер – Анд аймағында: Иран, Ирак, Сауд Арабиясы, Кувейт, Катар, Венесуэла, Мексика шығанағында орналасқан. Ал Еуразияда мұнай мен газ кен орындары Кавказда, Каспий ойпатында, Батыс Түрікменстанда, Карпатта және Сахалинде орналасқан. Неоген магматизмімен ірі қалайы (Анд), алтын, күміс, мыс кен орындары байланысты. Неоген кезеңінде калий және ас тұзы, фосфорит, трепел, құрылыстық таужыныстары түзілген. Төрттік түзілімдермен әр түрлі кенқайраңдар, шөгінді кендер, бейметалл кен байлықтары, жер асты сулары мен мұздықтар байланысты. Дүниежүз. мұхиттың терең сулы алқаптарында темір-марганецті және мыс-ванадийлі тасберіштер (конкреция) шоғырланған.

Протерозой

 

Протерозой (гр. πρότερος — алғашқы, аға, гр. ζωή — тірлік) — прекембрийді құрайтын үш бөлімшенің (1. хадей немесе приской , 2. архей, 3. протерозой) соңғысы (осыдан шамамен 2500—542 млн жыл бұрын).

Протерозойды 3 геологиялық заман құрайды (ертелеуінен жаңалауына атап өткенде):

Палеопротерозой;

Мезопротерозой;

Неопротерозой.

Ең  елеулі оқиғалары бұлар:

  • Мезопротерозойда оттегі сіңген атмосферасының құрылуы;
  • Соңғы Неопротерозойдың Криоген кезеңінде бірнеше рет мұздықтар құрылуы;
  • Эдиакарий кезеңі (635—542 Ma) жұмсақденелі көпжасушалы организмдердің өрбуімен сипатталады.

 

Жер тарихында археозой мен палеозой аралығындағы эра және сол заманда  қалыптасқан қабаттар. Бұл терминді ғылымға америкикалық геолог Э.Эммонс енгізген ('1888). Протерозой бұдан 2000 (кейбір тұжырым бойынша 2500) – 570 млн. жыл бұрын, ұзақт. 1500 млн. жылға созылған эра. Қазақстан мен Орта Азия жеріндегі Протерозойды Р.Борукаев, Ю.Зайцев, В.Королев, т.б. зерттеген.

  • Протерозойдың бірінші жартысы (2,2 млрд. жылға дейін) геократтық жағдайларда өткен. Қыртыстың салқындау процесі нәтижесінде қатаң және морттық қасиеттерге ие болған литосфера жарылып, суперконтинентте рифт ойпаңдары мен айырылымдар пайда болған.
  • Бастапқы Протерозойдың екінші жартысында бұл процестер күшейіп, суперконтинент көлденеңі жүздеген және мыңдаған км болатын блоктарға (микротақталарға) жіктелген. Олар жұқарып (рифтинг) және толық айырылып (спрединг), ал айырылған блоктар арасын терең сулы алаптар басқан.
  • Протерозойдың соңында шөгінді және жанартаулық тау жыныстарымен толған бұл алаптар, деформацияға, метаморфизмге, граниттенуге ұшырап, қайта жабылған. Бастапқы Протерозойда организм қалдықтары өте сирек. Қалдықтарының қалыңдықтары кей жерлерде жүздеген метр болатын көк-жасыл балдырлар түзіліп, олардың қарқынды фотосинтездеуші әрекетінен ауаның құрамы өзгере бастады. Ол таза оттекті көбейтіп, тіршілік әлемінің өркендеп дамуын тездетті. Даму бастапқы-ортаңғы рифейде қарқындады. Бактериялар, балдырлармен қатар қарапайым бір клеткалы организмдер – эукариоттар пайда болды. Темір, мыс, алтын, көптеген бейкентас шикізаттары шоғырларының пайда болуы Протерозоймен тығыз байланысты.

Палеозой тобы (эратемасы).

Жер қыртысына тиесілі таужыныс қабаттарының фанерозой эонотемасына қарасты, яғни протерозой эонотемасынан(кембрийге дейінгі эонотемадан) есептегеңдегі алғашқы тобы; алты жүйеге жіктеледі, олар (төменнен жоғары қарай):

  • кембрий,
  • ордовик,
  • силур,
  • девон,
  • ''таскөмір (карбон)''
  • пермъ

жүйелері.

палеозой эрасы. Жер дамуының фанерозой эонына қарасты, яғни протерозой эоны (кембрыйге дейінгі эон) аяқталғаннан кейінгі алғашқы эра; 540 — 250 млн жылдар аралығын қамтыған, жалпы ұзақтығы шамамен 290 млн жыл шамасында деп есептеледі; алты кезеңге жіктеледі, олар:

  • кембрий кезеңі,
  • ордовик кезеңі,
  • силур кезеңі,
  • девон кезеңі,
  • таскөмір (карбон) кезеңі
  • пермъ кезеңі.
 

Палеозой (көне грекше: παλαιο — «көне» және көне грекше: ζοιον — «жәндік», бірге «көне тіршілік» мағынасында) — фанерозой эоны замандарының алғашқысы (542—251 млн жыл).

Кембрий, ордовик және силур кезеңдері астыңғы палеозой субзаманын, ал девон, карбон және перм кезеңі үстіңгі палеозой субзаманын құрайды. Палеозой кезінде екі үлкен орогенез орын алған: астыңғы палеозой кезіндегі Каледон және соңғы палеозой кезіндегі Варискан.

 

Соңғы Палеозой заманында  өркендеген Перм кезеңінде жойылған Трилобиттердін бірі

Палеозой фауналары көптеген омыртқасыз ағзалардың болғанымен белгіленеді, оның ішінде трилобиттер (Trilobita), грабтолиттер (Grabtolithina), брахиоподтар (Brachiopoda), сефалоподтар (Cephalopoda) және кораллдар. Заманның соңында амфибия мен рептилиялар әр-түрлі биологиялық топтаныстардың зор компоненті болды, ал алып талды циатея (Cyathea arborea), атқұйрық (Equisetum) және цикадалар ормандардың кең таралуына себепші болды.

Палеозой терминін алғаш 1838 ж. ағылшын геологы А.Седжвик (1785 – 1873) ұсынған. Палеозой осыдан 540 – 250 млн. жыл бұрын басталып, ұзақтығы 290 млн. жылға созылған эра. Құрамына кембрий, ордовик, силур, девон, таскөмір (карбон), пермь дәуірлері енеді. Бұл дәуірлер геологиялық картада төменгі Палеозой (кембрий, ордовик), ортаңғы Палеозой (силур, девон), жоғарғы Палеозой (таскөмір, пермь) деп бөлінеді. Палеозойдың басында Гондвана мен солтүстік құрлықтардың (Солтүстік Америка, Шығыс Еуропа, Сібір, Қытай, Корея) және оларды бөлетін мұхиттардың (Палеоатлант, Палеотетис, Палеоазия) нобайы айқындалған. Бұл мұхиттардың ені мыңдаған км-ге, ал тереңдігі мыңдаған м-ге жеткен. Олардың өмір сүру ұзақтығы да әр түрлі. Ең бірінші Палеоатлант (Япетус) девонның басында жабылып, карбонның ортасына дейін Палеотетис өмір сүрген, ал Палеоазия палеозойдың соңында Лавразия алып құрлығын жасап барып жабылған.

Тіршілік әлемі-Мұндағы айқын өзгеріс венд пен кембрий шебінде болды, қаңқалы организмдер – трилобиттер, моллюскілер, т.б. өмірге келген. Бұл өзгеріс протерозой мен фанерозойды жіктеуге негіз болды. Алғаш кең таралған бақалшақтылар карбонатты емес, фосфатты болған. Ордовик-силурда алғашқы омыртқалылар – балықтар, карбонда қосмекенділер (амфибиялар), яғни құрлыққа шыққан жануарлар пайда болды. Силур-девонда алғашқы құрлық өсімдіктері өсіп, соңғы девон-карбонда қалың өсімдік жабыны пайда болған, нәтижесінде көміржаралу кеңінен таралған.

Пайдалы қазбалары-Орал, Сарыарқа, Алтай-Саян, Тянь-Шань, т.б. қатпарлықтарында калцедон және герцин интруз. тау жыныстарымен тектес көптеген металл кендері бар. Шөгінді тау жыныстармен қоса мұнай-газ, ірі көмір алаптары (Қарағанды, Екібастұз, Донбасс, Ертіс маңы, Кузбасс, Гондвана, т.б.), жанғыш тақтатас (Балтық маңы), мысты құмтастар мен тақтатастар (Жезқазған, Орал бөктері, Маңғыстау, Атбасар, т.б.) кендері жаралды. Одан басқа фосфорит (Қаратау, АҚШ), боксит (Орал, Салаир), шөгінді темір-марганец кентастары (Атасу, Жезді, Рейн алабы, Саян, т.б.), тұз кендері (Соликамск, Иран-Пакистан, т.б.) де Палеозой тау жыныстарымен қатарлас. Қоры мол, қолайлы жағдайларда орналасқан әр текті құрылыс тастары, цементтік шикізат, асыл, әшекей, қаптама тастар да көп кездеседі.

Мезозой

Мезозой — Жер тарихының, палеозой мен кайнозой арасындағы эрасы және соған сәйкес келетін тау жыныстарының қабаты. Мезозой эрасын 1841 жылы ағылшын геологі Джордж Филлипс бөліп көрсеткен. Мезозой эрасы төменнен жоғары қарай триас, юра және бор кезеңдеріне бөлінеді. Жаратылыстану ғылымдарының әдістері бойынша бұдан бұрынғы 235,10 — 66,3 миллион жылдар аралығын қамтиды.[2] Жердің даму тарихының бұдан 248 — 65 млн. жыл бұрынғы уақыт аралығын қамтитын, кембрийге дейінгі эрадан есептегенде екінші эрасы; үш кезеңге — триас, юра және бор кезеңдеріне жіктеледі.

 

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Қазақстанньң физикалық географиясы, Алматы: Атам.ра, 2008. ISBN 9965-34-809-

       2.    География: Дүниежүзіне жалпы шолу. ТМД елдері. Жалпы білім беретін мектептің      жаратылыстану-математика бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық/ Ө. Бейсенова, К. Каймулдинова, С. Әбілмөжінова, т.б. — Өңд., толықт. 2-бас. — Алматы: Мектеп, 2010. — 304 б., сур.ISBN 978-601-293-170-9

3. "Қазақ энциклопедиясы"

4. Мұнай және газ геологиясы танымдық және кәсіптік-технологиялық терминдерінің түсіндірме сөздігі. Анықтамалық басылым.- Алматы: 2003. ISBN 9965-472-27-0

5. “Қазақ Ұлттық Энциклопедиясы”, 4 – том

 

 

 

Информация о работе Кайнозой эрасы