Автор: Пользователь скрыл имя, 14 Декабря 2012 в 16:41, доклад
Саяси билікке араласудың кең тараған және әркімге тең мүмкіндік берілген түрі сайлау болып табылады. Сонымен қатар, сайлау – демократияны жүзеге асырудың ең маңызды құралы. Азаматтар сайлау арқылы ғана тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет ісін басқаруға қа¬ты¬сады, мемлекеттік және жергілікті органдардың жұмысына араласады. Дегенмен де, бұл мәселенің орындалуы көп жағдайда елдегі саяси режім мен азаматтардың саяси мәдениеті және саяси санасына қатысты болып келеді.
Саяси билікке араласудың
кең тараған және әркімге тең
мүмкіндік берілген түрі сайлау болып
табылады. Сонымен қатар, сайлау – демократияны
жүзеге асырудың ең маңызды құралы. Азаматтар
сайлау арқылы ғана тікелей және өз өкілдері
арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысады,
мемлекеттік және жергілікті органдардың
жұмысына араласады. Дегенмен де, бұл мәселенің
орындалуы көп жағдайда елдегі саяси режім
мен азаматтардың саяси мәдениеті және
саяси санасына қатысты болып келеді.
Саяси мәдениет пен саяси сана сайлау
науқаны кезінде ғана көрінбеуі керек.
Саяси мәдениет ұғымының саясаттануға
енгеніне елу жылдан астам ғана уақыт
өткенімен, оның жалпыға бірдей ортақ
анықтамасы жоқ. Қазіргі уақытта оның
30-дан астам анықтамасы айтылуда. Саяси
мәдениетті зерттеуге көп үлес қосқан
америкалық ірі саясаттанушы және әлеуметтанушы
Г.Алмондтың айтуынша, “Біз «саяси мәдениет»
терминін” екі себеппен пайдаланамыз:
біріншіден, егер біз саяси және бейсаяси
позициялар мен тәртіп модельдері арасындағы
қатынасты анықтамақ болсақ, онда біздің
алғашқысын (саяси) соңғысынан (бейсаяси),
тіпті олардың арасындағы шекара онша
айқын болмаса да, ажыратып алуымыз керек.
Мұндай жағдайда «саяси мәдениет» термині
нақ саяси бағдарларға – саяси жүйе оның
әртүрлі бөліктері жөніндегі көзқарастар
мен позицияларға және сол жүйедегі өз
рөлі жөніндегі позицияларға қатысты.
Біз экономикалық мәдениет немесе діни
мәдениет туралы қалай айта алатын болсақ,
саяси мәдениет туралы да солай айтамыз.
Мұның өзі әлеуметтік объектілер мен үдерістердің
белгілі бір жиынтығына қатысты бағдарлар
жиынтығы.
Біз қандай да бір қоғамның саяси мәдениеті
туралы сөз еткенде халықтың санасына,
сезімдері мен баға беруіне сіңген саяси
жүйені меңзейміз. Адамдар бейсаяси рөлдер
мен әлеуметтік жүйелерге қалай әлеуметтенсе,
оған да солай тартылған. Саяси мәдениеттер
жанжалдарының басқа да мәдени жанжалдармен
ортақ нәрселері көп. Егер біз оларға жалпы
мәдени өзгерістердің ажыратушы және
біріктіруші үрдістері тұрғысынан қарайтын
болсақ, саяси мәдениетке кірігу үдерісі
түсінікті бола түседі”.
Саяси мәдениет cаясаттанушылар анықтағандай
төмендегідей элементтерден тұрады: 1)
саясат туралы белгілі бір білімнің болуы;
2) оқиғаларға өзіндік баға бере алуы; 3)
саяси қызметке қатысу қабілеттілігі;
4) саяси әрекеттерді эмоционалды басқара
білуі. Қоғамның саяси мәдениеті көптеген
факторларға, атап айтқанда, халықтың
жалпы мәдениеті мен менталитетіне, өкілдік
етудің деңгейіне, мемлекет саясатының
беделіне, азаматтардың құқықтары мен
міндеттеріне тәуелді болып келеді. Қоғамдық
пікірді өздеріне тарту үшін билік саяси
мәдениеттің осындай факторларын тиімді
пайдаланады. Атап айтқанда, адамның өзімшіл
табиғатын, әлеуметтік теңдікті, әлеуметтік
жанжалдардың жоқтығын, жеке бас бостандығын,
таңдау құқығының бар екендігін, баспасөздің
бостандығын, мемлекеттің әділ әрекетін,
пікір алуандығын және тағы басқаларды
алға тартады. Баспасөзге иелік ету және
оның бостандығын жарнамалау саяси сананы
жаулап алуды жеңілдетеді және өзіне қажетті
ақпараттарды тиімді жеткізуге мүмкіндік
береді. Билік элитасына саяси шешімдерді
қабылдауға нағыз еркін адамдардың қатысуы
қажет емес. Оларға адамдар өздерін еркін
сезініп, өз өмірлерін өздеріміз шешеміз
деп ойлағаны ғана керек. Азаматтардың
саяси мәдениеті осыған сәйкес болса және
билеуші элита оны соншалықты адамдар
санасына сіңіре алса, биліктің тұрақтылығы
мен басқаруы неғұрлым берік бола түседі.
Г.Алмонд саяси мәдениеттің үш түрін атап
көрсетеді: 1) жершілдік (дәстүрлі) – бүкіл
мемлекетке қатысты мәселеден гөрі, өзі
тұратын жердің мәселесіне қызығушылық
таныту; 2) бодандық (монархиялық) – билік
басындағы кандидатқа дауыс беру. Бұл
топтағы адамдар үкіметті сынағанымен,
дауысын бәрібір сол үкіметке немесе кандидатқа
береді; 3) саналы қатысу – қазіргі заманғы
саяси мінез-құлық. Мұндай адамдар саясатқа
белсенді түрде араласады, әрбір дауыстың
маңызды екендігін түсінеді, өзінің таңдауын
дербес жасайды. Дегенмен де, олар саясатта
өзінің «белсенді» рөліне бағдар ұстауға
бейім тұрғанымен, олардың ондай рөлдерге
сезімі мен бағасы қабылдау мен теріске
шығаруға дейінгі аралықта құбылуы мүмкін.
Осылайша саяси мәдениеттің әртүрлі факторлары
мен түрлерінен азаматтардың сайлауға
қатысу белсенділігінің қарекеттері де
анықталады. Яғни, сайлаушылардың сайлауға
деген қарым-қатынасы қоғамның саяси мәдениетінен,
бұқараның саяси санасынан, сайлау өтетін
мемлекеттегі бұрыннан келе жатқан жұртшылық
дәстүрінен және мемлекеттің сайлауды
қаншалықты деңгейдегі ұйымдастыруынан
көрінеді. Сайлауға деген қарым-қатынас
көптеген елдердің тәжірибесінде дәлелденгеніндей
сайлауға қатысу және қатыспау түрінен
көрінеді. Қандай да бір наразылық шаралары
немесе оған себеп болмаса азаматтардың
көпшілігі сайлауға қатысады және қатысу
себептері төмендегідей болып келеді:
бағыныштылық, саяси өмірге араласуға
қызығушылық, өзгерісті немесе бұрынғы
билікті таңдау, әйтеуір бір дауыс беру
үшін қатысу, басқалардың ықпалына еру
(отбасы, достары, бұқаралық ақпарат құралдарының
жанама ықпалы), дәстүрлік (сайлауға дәстүр
түрінде барады), жеке-материалдық қатынас
(дауыстың сатып алынуы), негативті қатысу
(біреуге қарсы дауыс беру үшін), белсенді
аномиялық қатысу (бәріне қарсы дауыс
беру үшін немесе жарамсыз бюллетеньдер
санын көбейту үшін). Ал сайлауға қатыспау
себептері: провинциализм, саясатқа немқұрайлы
қарау, абсентизм (саяси қарсылығын немесе
көзқарасын сайлауға қатыспау түрінде
көрсету), сайлаудың әділ өтетініне, өз
дауысының рөл атқаратынына сенбеу, саяси
сананың төмендігі, өзін қоғамнан оқшау
сезіну болып келеді. Қалай болғанда сайлауға
қатыспаушылардан қатысушылар көбірек
болып келеді. Олай болмағанда сайлаудың
өтпей қалуы да мүмкін ғой. Өйткені, әлем
елдерінің көпшілігінде сайлауға сайлаушылардың
50 пайыздан астамы қатысса ғана сайлау
өткізілді деп есептеледі.
Адамның саяси құқықтарының ең маңыздыларының
бірі – дауыс беру құқығы болғанымен,
орыс философы И.Ильин жазғанындай, кез
келген халық жалпыхалықтық дауыс беру
арқылы өздерінің ең үздік өкілдерін таңдай
алмайды. К.Ясперс бойынша дұрыс таңдау
жасауда басқа да көптеген қағидалармен
қатар, сындарлы ойлай білу де кіреді.
Қазіргі заманғы сайлау жүйесі: жалпыға
бірдейлігімен, тікелей қатысуымен, жасырын
дауыс берумен және тең мүмкіндіктер жасаумен
ерекшеленеді. Алдыңғы үшеуіне қол жеткізу
және толық кепілдік беру мүмкін болғанымен
бәріне бірдей теңдей мүмкіндік жасау
мүмкін болмайды. Өйткені, әрбір кандидаттың
сайлаушылар саны бірдей болмайды. Сайлау
округтеріндегі сайлаушылар санын бірдей
ету мүмкін де емес. Бұл жағдайды тиімді
пайдаланушылар да жетіп артылады.
Азаматтардың сайлау құқығын әділетті
және тең жүзеге асыру үшін сайлау науқанын
өткізудің ережелері қатаң сақталынуы
шарт. Бұл ереженің ең басты қағидаларының
бірі – кандидаттарға теңдей мүмкіндік
беру. Бірақ бұл мүмкіндік округтерге
бөлу кезінде-ақ бұзылады. Әрине, кандидаттар
өздерінің жеке қасиеттері, көзқарастары,
білімі, саяси беделі, танымалдылығы бойынша
тең емес. Әңгіме, ең үздіктің сайлануына
кедергі келтіретін жәйттерді болдырмауда.
Бұл жерде сайлауды өткізуді ұйымдастыратын,
оған қаржы бөлетін мемлекеттік аппаратты,
әкімшілік ресурсты бейтараптандыруда.
Бұған қол жеткізу үшін сайлау комиссияларының
толық тәуелсіздігі қамтамасыз етілуі
керек. Біздің еліміздегі сайлау учаскелеріндегі
сайлау комиссиясының құрамының көпшілігі
бюджеттік қызметкерлерден жасақталады
және сайлау учаскелері бюджеттен қаржыландырылатын
мекемелердің ғимараттарында (мектептерде,
емханаларда, клубтарда, мәдениет ошақтарында)
орналастырылады.
Кандидаттардың бәріне бірдей мемлекет
есебінен қаржы бөлу, эфирден, баспасөзден
бірдей орын бөлу, сайлау қорының шегін
белгілеу кандидаттардың бәріне бірдей
тең мүмкіндік жасағанды білдіре алмайды.
Жеке қаржысы жоқ немесе басқалардай қолдаушысы,
демеушілік жасайтын “қамқоршылары”
жоқтар жеке сайлау қорын аша алмайды,
олар мемлекет бөлген қаржыны ғана пайдалана
алады. Тіпті олар мемлекет бөлетін қаржыны
алу үшін де бірталай уақытын жоғалтады,
оған да талай есікке кіріп, талай табалдырықты
тоздыруға, талай адамның қолын қойдыруға
тура келеді. Мұндай кандидаттардың бір
бөлігі дауыс беру күніне дейін сайлау
додасынан шығып та қалады, әрі қарай күресудің
жөні жоқ екендігін түсінеді, жеңілістерін
күні бұрын мойындайды.
Қазақстандық саяси мәдениетті дамыған
елдердің жағдайымен салыстыруға әсте
де келмейді. Қазақстандық саясаттанушы
Ж.Жүнісованың атап көрсеткеніндей, “Қазақстан
үшін демократия жолындағы қиындық басқа
да азиялық мемлекеттерге тән болып келетін
азаматтық қоғамнан мемлекеттің басым
болуында”. Осыдан келіп қазақстандық
саяси мәдениет көп жағдайда әкімшілік
ресурстар арқылы шешілуде. Бұл жағдай
сайлаушыларды дауыс беруге қатыстыру
үшін жасалатын іс-шаралардан да көрінеді.
Мекеме, ұйым және оқу орнының басшыларына
қарамағындағы қызметкерлер мен студенттердің
сайлауға қатысуын қамтамасыз ету туралы
“зілді” тапсырмалар беріледі. Саяси
мәдениетіміз әлі де толықпаған Қазақстан
үшін мұндай іс-шара бір жағынан дұрыс
болғанымен, үнемі бұлай етуге болмайтынын
да ескеру керек. Кейбіреулер оны мәжбүрлеу
шарасы деп те түсінеді және олардікі
дұрыс болып шығады. Мәжбүрлеу қашанда
реніш пен наразылық туғызады. Ресейдің
танымал афорисі Аркадий Давидовичтің
бейнелеп айтып, “егер дауыс бермейтіндерді
дауыс беру құқығынан айырсақ, олар дауыс
береміз деп байбалам салады” дегеніндей,
басқа да іс-әрекеттер жасаған дұрысырақ
болар еді.
Сайлау мемлекеттегі саяси науқанның
ең маңызды және ең басты оқиғасы болып
саналады. Сайлау арқылы елдің болашағы
ғана айқындалмайды, сайлау науқаны кезінде
билік пен халық арасындағы қарым-қатынастың
оңтайлы жолдары, оны шешу тәсілдері тағы
бір рет сарапқа салынады, не істелгені,
алдағы уақытта қандай шаралардың орындалатындығы
туралы насихат кеңінен таратылады, ақпарат
берудің барлық жолдары пайдаланылады.
Осылайша, сайлаушылардың ел саясатына,
оның болашағына деген қызығушылығы мен
алаңдаушылығы біршама артады. Кімнің-кім
екендігін салыстырады, саралайды, танып
білуге мүмкіндік алады. Сайлаушылар,
сонымен қатар, “соғыс кезінде, аң аулаудан
кейін және сайлауға дейінгі уақытта ғана
өтіріктің көп айтылатындығына” тағы
бір көз жеткізеді.
Сайлау науқаны кезінде қоғамдық бірлестіктердің,
саяси партиялардың қызметі де жанданады.
Саяси себеппен және саяси мақсат үшін
ғана құрылған партиялар өздерінің де
бар екендіктеріне төбе көрсетеді, халық
ұмыта бастаған партиялар да тағы бір
әрекет жасауға талпынады. Әсіресе, пропорционалды
сайлау жүйесіне көшкен елдерде сайлау
науқаны кезінде барлық партиялар өздерінің
қарым-қабілеттерін танытуға ұмтылады.
Өз сайлаушылары ғана бар және солардың
мүддесі үшін күресетін партиялар бар.
Мұны гомогенді сайлау бәсекесі деп атайды.
Ал гетерогенді бәсекеде кандидат немесе
партия бүкіл электораттың дауысы үшін
және солардың мүддесін қорғау үшін күреседі.
Қалай болғанда да азаматтардың, саяси
бірлесу бостандығының бірден-бір кепілінің
бірі болып табылатын саяси партиялар
жанжалдарды, наразылықтарды шерулер
мен митингілерде емес, партиялық пікір-талас
пен партиялық бағдарламалар мен ұсыныстар
жасау арқылы шешуге жол ашады. Сондықтан
да көппартиялық жүйенің қажеттілігі
дәлелдеуді қажет етпейді. Сайлаушылар
сайлау науқаны кезінде ғана партиялардың
тұжырымдамаларымен, бағдарламаларымен,
көзқарастарымен, тілек-ұсыныстарымен
тереңірек таныса алады. Осыдан кейін
ғана таңдау жасалады. Әр түрлі деңгейдегі,
көзқарастағы партиялардың қызметі де
сайлаушылар белсенділігіне ықпал етеді.
Бірақ таңдау жасау құқығы сайлаушының
еркінде қалады.
Олай болса, құрметті сайлаушылар, өз құқығыңызды
пайдаланып, өз таңдауыңызды жасаңыз,
азаматтық парызыңызды орындаңыз. Бұдан
ешкім де ұтылмайды, тек демократия жеңіске
жетеді, саяси мәдениеттің дамуына қарай
тағы бір қадам жасалады.
Мұрат МҰХАМЕДОВ, Сенат депутаты.