Самұрық-Қазына

Автор: Пользователь скрыл имя, 11 Ноября 2011 в 06:33, реферат

Описание работы

Ұлттық әл-ауқат Қорын бүгін экономикамыздағы ең негізгі ойыншы десек қателеспейміз. Үкіметтің дағдарысқа қарсы күрес шараларының негізгі операторы болып отырған Ұлттық әл-ауқат Қорының миссиясы, ел экономикасын әртараптандырудың алғышарттары хақында, қай ел тәжірибесінің барынша оңтайлылығы жөнінде, кадр саясаты жайлы, жалпы, дағдарыстан кейінгі дамудың қалай өрбитіні туралы

Работа содержит 1 файл

Экономика.docx

— 24.68 Кб (Скачать)

      ҚОРЫНЫҢ БҮКІЛ САЯСАТЫ ЖАҢА БАҒДАРДАҒЫ ЭКОНОМИКАНЫҢ ЖОБАЛАРЫН ҚҰРЫП,                                                                                    

                              ОЛАРДЫ  ДАМЫТУҒА   БАҒЫТТАЛУДА.

«Самұрық-Қазына»  Ұлттық әл-ауқат Қорын бүгін экономикамыздағы ең негізгі ойыншы десек қателеспейміз. Үкіметтің дағдарысқа қарсы күрес шараларының негізгі операторы болып отырған Ұлттық әл-ауқат Қорының миссиясы, ел экономикасын әртараптандырудың алғышарттары хақында, қай ел тәжірибесінің барынша оңтайлылығы жөнінде, кадр саясаты жайлы, жалпы, дағдарыстан кейінгі дамудың қалай өрбитіні туралы Қордың басқарма төрағасы Қайрат КЕЛІМБЕТОВПЕН арадағы сұхбатымыздан оқи аласыздар.

 – Қайрат Нематұлы, Сіз басқарып отырған Ұлттық  әл-ауқат Қорының құрылғанына  да таяуда бір жыл толады. Бұл  уақыт аралығында, Қор өз алдына  қойған мақсаттарын, өз рөлін  қандайлықты деңгейде атқарып отыр?

 – Өздеріңіз  де білесіздер, Ұлттық әл-ауқат  Қоры Елбасының шешімімен, Үкіметтің  дағдарысқа қарсы бағдарламасын  жүзеге асыру үшін құрылған. Бұл уақыт аралығында Ұлттық Қордан 1 трлн. 87,5 млрд. теңге бөлінсе, ол қаржы экономикаға құйылды. Ақшаның қалай жұмсалғанын айтар болсақ, ол — орта және шағын кәсіпті қолдау, үлескерлердің мәселесін шешу, ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру, қаржы секторын тұрақтандыру және де индустриялық-инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, жалға беретін тұрғын үй институтын қалыптастыру үшін бағытталуда. Ал енді бір жылда не істедік деген сұраққа жауап берер болсақ, бұл ретте де жаңа айтып өткенімдей, кеңінен қарастыру керек:

1) Орта және шағын  бизнеске Қор тарапынан, оның  еншілес компаниясы «Даму» қоры  арқылы көмек көрсетілді. 120 млрд.теңгеге сай біздің берген транштарымыз арқылы кәсіпкерлер жаңа қаржылық ресурстарға қол жеткізіп қана қоймай, бұрынғы алған несиелерін қайта қаржыландыруға мүмкіндік алды. Бұл бағдарлама 2 550 кәсіпкерге ықпалын тигізіп, 4 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын ашты. Негізі, орта және шағын кәсіпті қолдауды біз «Қазына» Орнықты Даму Қорының кезінен-ақ бастағанбыз;

2) Ипотекалық несие  алған азаматтардың қарыздарын  қайта қаржыландыруға мүмкіндік берілді. Ұлттық Қордан бөлінген қаржының 120 миллиард теңгесі осы бағытқа бағытталып, соның арқасында 31 мыңға жуық жан өз несиелерін қайта қаржыландырды. Азаматтар өздері төлеп отырған несиелерінің мерзімін 20 жылға дейін ұзартып, ай сайынғы төлемнің құнын қысқартуға мүмкіндік алды. Бюджеттік мекемелердің қызметкерлеріне бұл ретте жеңілдік жасалды. Олардың несиесінің пайыздық көрсеткіші азайды. Ал жалпы, ипотекалық несие алған азаматтар біздің бағдарламаның арқасында қарызын бұрынғы төлеп отырған сомасынан 30 пайызға аз төлейтін болды;

3) Үлескерлерге, құрылыс  компанияларына біраз көмек берілді.  Мәселен, үлескерлері бар құрылыс  объектілерін аяқтау үшін Тұрақтандыру бағдарламасы аясында 240 млрд. теңге бөлу қарастырылды. Алғашқыда, банктерді қаржыландыру арқылы, құрылыс компанияларына жанамалай қолдау көрсетсек, енді үйді жалға беру институтын енгізу арқылы оларға тікелей жәрдем етіп жатырмыз. Қордың еншілес компаниясы «Жылжымайтын Мүлік Қоры» құрылысы басталып, бірақ бітпей қалған үйлерді сатып алу арқылы, құрылыс рыногіне жан кіргізді десек артық айтқандық емес. Негізінен, Астана мен Алматы қалаларындағы құрылыс объектілері дағдарыстың салқынын ең алдымен сезінген-тін. Бұл үлесшілерге де қиындықтар туғызған. Қазір, Жылжымайтын Мүлік Қорының механизмдері арқасында бір жағынан тоқтап қалған құрылысты, екінші жағынан үй күтіп жүрген үлесшілердің, ал үшінші жағынан жаңадан үй алғысы келетін азаматтардың мәселесін шешетін боламыз. Алматы мен Астана қалаларында 90-ға жуық құрылысы аяқталмаған объекті қаржыландырылса, оның әсерінен экономикалық айналымға 12 500 пәтер енгізіліп, 10 000-нан астам үлескердің проблемаларын шешуге мүмкіндік береді;

4) Дағдарыс басталғанда  қиын жағдайға қалған банктерге  көмектестік. Үкімет «Самұрық-Қазына»  арқылы жүйе құраушы банктердің  акциясын иелену мен, оларға  қаржылай көмек көрсетті. Қаржының  сомасын өздеріңіз де білесіздер, 476 млрд.теңге. Бұл шара бірнеше тұрғыдан әсер етті. Банктердің капитализациясымен қатар, салымшылардың үмітін де жандандырды. Банктерге көрсетілген көмектің арқасында, салымшылардың да сенімі артып, банктердегі депозиттердің базасының кемімеуіне өз ықпалын тигізді. Осы арқылы салымшылардың сенімінен банк жүйесінің айырылмауын қамтамасыз еттік десек те болады.

5) Банктердің реструктуризациялау  процесін жөнге келтіре бастадық. Мәселен, шетелдік кредиторлар БТА банктегі төленуі тиіс қаржы үшін мемлекеттің жауапкершілікті өз мойнына алуын күйттеген, бірақ, біз олардың да жауапкершілікке ие болу қажеттігін, себебі, 2004-2006 жылдары біздің банктерді олардың да белсенді несиелегенін, сол кезде риск-менеджментті дұрыс қоспағаны үшін, өздерінің де мойнында жауапкершіктің бар екеніне көздерін жеткіздік. Шынын айтқанда, көптеген кредиторлар БТА банк пен Альянс банктің қарызы бойынша шығындарын «алмас-бермес» етіп жауып тастады. Біз кредиторларға реструктуризация жөніндегі жоспарымызды ұсындық. Қазір, Альянс банк реструктуризация бойынша кәдімгідей жетістікке жетіп отыр. Кредиторлардан құралған комитет қарызын қайта қарастыру бойынша соңғы шешімін айтты. Демек, ортақ келісімге келді. Енді, кей детальдерін қарастыру ғана қалды. Ал БТА банк бойынша да осы жазда Лондонда келіссөздер басталып, осы жақында ғана, қыркүйектің басында Кредиторлар Комитеті құрылып, реструктуризацияның Негізгі ережелері айқындалды. Ол бойынша қарызды қайта қарастырудың варианттарын алға тартты. Жалпы, банктің жаңа менеджменті банктегі жағдайды айқындау үшін біраз шаруа тындырды. Кредиторлар да істелініп жатқан шаруаларды жағымды түрде бағалап жатыр;

6) Инновациялық және  индустриялық, инфрақұрылымдық жобаларды  жүзеге асыруға бағытталған бағдарламамыздың  өзі бір төбе. Тараз металлургиялық зауытының өндірісін кеңейту, Ақтау халықаралық теңіз-сауда портын кеңейту, «Шымбұлақ» курортын дамыту секілді жобалардың барлығы да еншілес компаниямыз Даму Банкінің еншісінде. Міне, мұның бәрі де пайдалануға берілгеннен кейін, өндірісті арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашып, елдің экономикасына серпін беретін болады.

 – Қайрат Нематұлы, Қордың бір жылдық қорытындысын кеңінен әңгімелеп бергеніңізге рахмет, бірақ, біздің экономикамыз осы әлі күнге дейін шикізатқа тәуелді. Дағдарыстан шығу үшін бөлінген қаржы да сол шикізаттан түскен қаржы. Осы экономиканы әртараптандыруда, шикізатқа тәуелділіктен арылу үшін не істеу керек? Қандай бағыттарға көңіл бөлген жөн?

 – «Самұрық-Қазына»  қоры елді дағдарыстан шығарудағы  тиімді механизмдерді атқарып  қана емес, сонымен қатар, экономикамызды  әртараптандыруға да қосар үлесі  орасан болмақ. Жалпы, диверсификация  туралы айтқанда, оның бірнеше  бағыттарға бөлінетінін айта кету керек. Бірінші бағыттағы диверсификация – ол біздің елдің бәсекеге төзетін артықшылықтарын, яки, шикізаттарын пайдалануға қатысты диверсификация. Ол әрине, мұнай мен газ, металл мен бидай. Қайталап айтайын, бұл шикізаттар бойынша біз әлемдік нарықта үлкен артықшылықтарға иеміз. Сондықтан, оларды дамытудан бас тарта да алмаймыз. Қазір Қор мен оның құрамындағы компаниялар осы шикізаттарға қатысты біраз жобаларды жүзеге асырып жатыр. Мәселен, бүгінгі күні индустриализация саласында 33 инвестициялық жобамыз болса, соның 87 пайызы жаңағы айтқан мұнай-газ өнеркәсібі, металлургия, инфрақұрылымдық жобаларға қатысты. Жобаларымыздың құны 25 млрд. доллар, жүзеге асқаннан кейін елдің барлық аймағында   45 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашады. Екінші бағыттағы диверсификация – бұл енді шикізат өндірісіне еш қатысы жоқ, инновация, жаңа технологияларға қатысты жобалар. Соларға қызмет көрсетуші жобаларды дамыту. Бірақ, ескеретін дүние – қазіргідей бәсекеге қатал әлемдік жүйеде сол бәсекеге төтеп беріп, өз бағытымызды табу қиын. Экономиканың инновациялық секторын құруға уақыт, қаржы қажет, сосын әрине, ғылыми-инженерлік орта мен оны дамытатын кәдімгі адами ресурстар керек. Ал ғылымды дамытумен, зерттеумен, халыққа білім берумен мемлекеттік органдар айналысуы керек. Сондықтан да біз бұған дейін Қор құрамында болған Ұлттық Инновациялық Қор мен Инжиниринг және Трансферттік технологиялар Орталығын Индустрия және сауда министрлігіне бердік. Біздің құрамымыздағы компаниялар табыс табумен айналысады, табыс инвестициялық жобаларды қолдауға жұмсалады, әрі қарай мемлекеттік бюджетке түседі. Ал Үкімет бюджеттен қаржы алып, оны инновациялық зерттеулерге, жобалардың жүзеге асуына жұмсауы тиіс. Инновацияға инвестиция құю қай жерде болсын, біраз тәуекелге баруды қажет етеді. Әрі ол жерде бірден пайда табуға ұмтылмау керек. Керісінше, бәсекеге төзімді болады-ау деген жолды табуға ұмтылған жөн. Алайда, қай сала мен қай бағытты айқындаумен мемлекет емес, бизнес пен нарық айналысады. Ал біздің көмегіміз, ол өнімнің маркетингін жолға қою, инфрақұрылымын құру, нарыққа барар жолын ашуға жәрдемдесу. Ал келесі бір бағыт – ол инфрақұрылымдарды дамыту. Біздің бұл тұрғыда, елдің энергияға деген тапшылығын шешетін кешендер – Мойнақ СЭС, Балқаш ЖЭС құрылысы мен Екібастұз ГРЭС-1 мен ГРЭС-2, Ақтөбе ЖЭС-ін қайта жаңғырту бойынша іс-шаралар атқарылып жатыр. Әңгімеміздің басында айтып өткенімдей, «Шымбұлақ» курортын қайта жаңғырту, Ақтау теңіз-сауда портын кеңейту де сол үшінші типтегі диверсификацияны жандандыруға арналған.

 – Алайда, біз  бәрібір де бірінші бағыттағы диверсификация, мұнай-газ саласына көңіл бөліп отырмыз. Бұл жөн бе?

 – Әр елдің экономикасында өз артықшылықтары мен кемшіліктерінің болатындығы сияқты, Қазақстан да бұл жайттардан кенде емес. Біздің ел мұнайлы ел болғандықтан, шикізат қашан да негізгі орында тұрады. Қазір, тәулігіне 1,4 млн. баррель мұнай өнімдерін өндіретін болсақ, келешекте 3 млн. баррель өндірмекпіз. Сондықтан да, Қазақстанның ІЖӨ-гі мұнай үлесі салмақты болмақ. Яғни, алдағы 20-30 жылда мұнайдан түсетін табысқа арқа сүйейміз. Алайда, бұл тек мұнай мен металды өндіріп алып, сату деген сөз емес, біз сонымен қатар, шикізатты қайта өңдеп те сыртқы рынокке шығара аламыз ғой. Бірақ, айта кететін жайт, шикізатқа тәуелді елдердің экономиканы диверсификациялауы оңай шаруа емес. Бұл арада үлгі алатын елдер ретінде Араб Әмірліктері мен Норвегияны айтуға болады. Араб Әмірліктері мұнайдың ертелі-кеш таусылатынын түсініп, өзге салаларды дамытуға ден қойды. Туризмді көтеріп, порттарында арнайы экономикалық аймақтар құрып, әлемдегі әйгілі компанияларды тартып, оларға жеңілдік қарастырып, әйтеуір, мемлекеттің экономикасын әртараптандыруға қол жеткізді. Норвегия болса, мемлекетті дамытатын 2-3 бағытты айқындап аларда мұнайы мен елдің орналасқан аумағын ескерген. Бұл елдің мұнайын өткізетін рыногі жанында: көршілері. Үлгі алатын тұсы сол, норвегиялықтар мұнайды сатып қана қоймай, оны тереңнен бұрғылайтын мұнай-газ қондырғыларын да өз елінде құрастырады. Мұнан өзге, бекіре балығын өсіреді, одан әртүрлі жеңсік тағамдар дайындап, экспортқа шығарады. Қазір 5 млн. ғана халқы бар ел жарты әлемді бекіремен қамтамасыз етіп отыр. Мұнайдан түсетін қаржыны тиімді жолмен жұмсау үшін ел үстеме түсімді Мемлекеттік Мұнай Қорына құйып отырған. Ал Қордың қаржысы мемлекеттердің және халықаралық корпорациялардың құнды қағаздарына салынған. Осылайша, бұл ел артық қаржыны қалайша орны-орнына қоюды айқындап алған.Бізге бәрібір де осы мұнай-газ бен металлургия салаларын дамытуға тура келеді: өйткені, мұнай-газбен елдің тағдыры біртұтас.Кезінде осы «Қазына» өзінің жұмысын құрамындағы даму институттарымен бірге диверсификациямен айналысып бастап еді, бірақ ол кезде даму институттары активтерінің құны 1,7 млрд. АҚШ долларына тең еді, оның 1,4 млрд. доллары Даму банкінің иелігінде болған. Бұл қаржының, 100 млрд. АҚШ долларына теңесетін еліміздің экономикасын диверсификациялау үшін жұғын болмайтыны белгілі. Диверсификацияның жасалынуы үшін кем дегенде ЖІӨ-нің 10-20 пайызына теңесетін қаржы құю керек. Сондықтан, жүзеге асырылатын жобаларды қарастырғанда, диверсификацияның екінші бағытына басымдық беру керек. Ал, ол – екінші бағыттағы диверсификация күнделікті қым-қуыт тірлікте, құрылыс, банктер мәселесі, орта және шағын бизнес, мұнай мен газ, инфрақұрылым секілді біздің атқарып отырған шаруаларымыздың шаңында қалып қоймаса болар еді. Сондықтан, Үкімет осы процесті басқарып, оны бақылауды Индустрия және сауда министрлігіне тапсырды. Біз де өз кезегімізде, Индустрия және сауда министріне Даму банкінің Директорлар кеңесін басқаруды ұсындық. Бұған қоса, министрліктің өкілдері қалған даму институттарының Директорлар Кеңесінің құрамына кірсе, диверсификациялаумен айналысуға молынан мүмкіндік туады.Себебі, қандай да бір жобаны жүзеге асырарда, оған қатысты мәселелерді шешіп алу керек, ал, шешетін органдар министрлік пен Үкімет. Сол үшін де біз диверсификация мен индустриализацияны жүзеге асырғымыз келсе, Үкімет мүшелерінің ішінен сол жобаға жауап беретін арнайы өкілді жаңағыдай жолмен, Директорлар Кеңесіне енгізу арқылы тағайындау қажет. Корпоративті тәжірбиеге сай, Директорлар Кеңесіне тағайындалатын адамдардың қабылданған бұрыс шешімдер үшін Қылмыстық кодекске тартылатынын да ескеру керек. Бұл – қабылданатын шешім үшін жауапкершілікті арттырады.

 – Жақсы, мұның  бәрі жүзеге асырылса – экономикамыздың әртараптандырылып, әрі қарай қарқынмен дамуына күмән жоқ. Ал, оны жүзеге асыратын адами фактор мәселесі қалай шешіледі? Мамандар бар ма?

 – Еліміздің  бәсекеге қабілетті елдердің  құрамына енуі үшін, әрине адами  ресурстардың шешетіні мол болмақ. Біз де холдингтің бәсекеге қабілеттілігі дегенде, әрине, ең алдымен жұмыс істейтін кадрлардың сапасын айтамыз. Біз мемлекеттердің тек экономиканың дамуы, өмір сүру деңгейінің тұрғысынан ғана емес, мықты кадрлар тарту жолында да бір-бірімен бәсекелесетінін көріп отырмыз. Сондықтан, өз кадрларымызды дайындауға үлкен мән берілу керек. Корпоративті басқарудағы негізгі жайт – адам ресурстарын басқаруды даңғыл жолға қою. Өйткені, дұрыс дайындалған команда, персонал болмаса, қандай да бір қаржылық, инвестициялық, корпоративті стратегиядан ештеме шықпайды.Тағы бір айта кетерлік жайт «Самұрық-Қазына» құрамынан Кадр саясаты жөніндегі комитет құрылды. Көп нәрсенің төрағаларға, басшыларға байланысты екені белгілі, сол үшін де, компаниялардағы бірінші басшылар мен олардың орынбасарларын, қаржы, сатып алу саласы мен кадрлар мәселесіне жауап беретін басқарушы директорларды тағайындау үрдісін барынша ашық етуге тырысып, осы Комитетті құрдық. Бізге болашақта персоналды конкурс негізінде, ашықтық, транспаренттік жағдайда жұмысқа тарту қажет. Ең мықты тәжірбиелерге сүйенуіміз керек. Қазір Қор құрамынан Корпоративті университет ашу жобасын қолдап отырмыз. Бізге бұл ой General Electrіc пен Сбербанк компанияларының жай-жапсарымен танысқан кезімізде келді. General Electrіc қаржылық, фармацевтика, денсаулық сақтау, индустриялдық жобалармен айналысатын құрылымдары бар жан-жақты компания болғанына қарамастан, бірегей кадрлар дайындаумен айналысады. Сбербанк пен Мәскеудегі Жоғарғы экономикалық мектептің бірлескен сондай жобасы бар.

 Жалпы, біз  тек холдинг көлемінде қызметкерлердің  таланты мен мүмкіндіктерін арттыруға  жағдай жасаумен ғана шектеліп жатқанымыз жоқ, сонымен қатар, холдингтің бүкіл саясаты жаңа бағыттағы экономиканың жобаларын құруға, оларды дамытуға бағытталуда. Ал «Самұрық-Қазына» болса, Үкіметтің сол саясатын жүзеге асырардағы сенімді құралы.

                                                ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК

 Қазақстан Республикасы  Президенті Н.Назарбаевтың 13 қазандағы, 2008 жылғы Жарлығына сәйкес, «Қазына»  орнықты даму қоры» мен «Самұрық»  Мемлекеттік активтерді басқару  холдингі» «Самұрық-Қазына» Ұлттық  әл-ауқат Қоры» болып бірікті.Ел Үкіметінің 17 қазанда қабылданған Қаулысымен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат Қоры» құрылды. Холдинг құрамына Қазақстандағы Ұлттық компаниялар мен бірінші деңгейдегі 42 еншілес және тәуелді ұйым, екінші деңгейдегі 113 еншілес және тәуелді ұйым, үшінші деңгейдегі 186 еншілес және тәуелді ұйым, төртінші деңгейдегі 63 еншілес және тәуелді ұйым біріктірілген.2009 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат» Қорының жарғылық капиталы 3.487.875.909.518 теңге, немесе 29,06 млрд. АҚШ долларын құрады. Қор құрамына енген компанияларда барлығы 260 мыңнан астам адам қызмет етеді.

Информация о работе Самұрық-Қазына