Қр отын энергетикалық кешенінің негізгі салалары

Автор: Пользователь скрыл имя, 14 Февраля 2011 в 16:23, реферат

Описание работы

Өткен жылдың басты оқиғаларының бірі – түркімендердің көгілдір отын құбырының бағытын өзгертуі болды. Дүние жүзінде көмірсутегі шикізат қорын бөлу және оны тасымалдау үшін бәсеке мен тартыс қызып тұр. Қазірде «Орталық Азия» газ құбыры арқылы Қазақстаннан Ресейге жылына 40 миллиард текше метр көгілдір отын айдалады. Көршілес үш ел – Ресей, Қазақстан, Түркіменстан бірлесіп, «Каспий маңы» газ құбыры жобасын іске асыруға әрекет ете бастады. Оның жылдық қуаты 30 миллиард текше метрге тең.

Работа содержит 1 файл

экономика казахстана.docx

— 20.64 Кб (Скачать)

КӨГІЛДІР ОТЫН ҚҰБЫРЫ ДАМУ БОЛАШАҒЫ ҚАНДАЙ?

Өткен жылдың басты  оқиғаларының бірі – түркімендердің көгілдір отын құбырының бағытын өзгертуі болды. Дүние жүзінде көмірсутегі шикізат қорын бөлу және оны тасымалдау үшін бәсеке мен тартыс қызып тұр. Қазірде «Орталық Азия» газ құбыры арқылы Қазақстаннан Ресейге жылына 40 миллиард текше метр көгілдір отын айдалады. Көршілес үш ел – Ресей, Қазақстан, Түркіменстан бірлесіп, «Каспий маңы» газ құбыры жобасын іске асыруға әрекет ете бастады. Оның жылдық қуаты 30 миллиард текше метрге тең.  

Осы жерде газ  құбырларының тарихына аздап тоқтала  кеткен жөн болар. Республикамызда  табиғи газдың айтарлықтай мол қоры да бар. Алайда, ол өз қажеттілігінің үлкен бөлігін Түркіменстан, Өзбекстан және Ресей газдары есебінен жабады. Мұның негізгі себебі газбен қамтамасыз етудің әбден қалыптасқан, яғни бұрынғы КСРО-дан мұраға қалған инфрақұрылымы бар. Бұл инфрақұрылым газ өндірілетін және газ тұтынатын аймақтардың бір-бірінен қашық орналасуымен, газ құбырларының тармақталған тораптары болмауымен сипаттала отырып, барланған және игеруге дайындалған кен орындарын іске қосу ісіне айтарлықтай дәрежеде кедергі келтіреді.

Өткен ғасырдың 70-ші жылдары республикада энергетиканың  ең жас саласы – газ өнеркәсібі қалыптаса бастағаны белгілі. Қазіргі  таңда ол отын өнеркәсібінің маңызды саласы болып табылады. Газ өндіру, оны сақтау және өңдеу, сол сияқты газды газ өңдейтін мекемелерге, тұрмыстық нысандарға тағы сол сияқты тасымалдау құрылымдарын біріктіреді. Республикамызда газ өнеркәсібінің пайда болуы, әдетте, мұнай өндіру өнеркәсібімен тығыз байланысты. 1960 жылы Өзен кен орнының №18-ші ұңғымасынан алғаш рет табиғи газ алынған еді. Ал, газды кен орындарын өнеркәсіптік игеру Маңғыстау түбегінде 1966 жылы басталды. 1979 жылы ашылған Қарашығанақ газды-конденсатты кен орны игерілгеннен кейін республикамызда газ өндіру көлемі айтарлықтай артты. Мәселен, табиғи және ілеспе газдарды өндіру 1970-1980 жылдар аралығында 2,1 есе, 1980-1990 жылдар аралығында 64,9 пайызға, 1990-1997 жылдары 14,1 пайызға артты. Газ саласының 2004-2010 жылдардағы даму бағдарламасын іске асыру нәтижесінде Қазақстан Республикасы табиғи газдың дәлелденген қор жағынан ең ірі елдердің біріне айналды. Және ТМД елдері ауқымындағы негізгі табиғи және сұйытылған газ өндірушілер мен экспортқа шығарушылардың алғашқы үштігінің қатарына кірмек. Республикамыздың Каспий қайраңындағы табиғи газдың қоры 3,3 триллион текше метрді құрайтыны жөнінде ресми мәлімет бар. Мұның өзі біле білген кісіге үлкен байлық.

Газ негізінен  Маңғыстау және Батыс Қазақстан  облыстарында, азырақ мөлшерде Атырау және Ақтөбе облыстарында өндіріледі. Маңғыстау облысында газ 8 кен орнынан шығады. Яғни, олар Теңге, Оңтүстік Жетібай, Батыс Теңге, Тасболат, Жетібай, Ақтас, Қарамандыбас және Өзен кен орындары. Республикада өндірілетін газдың негізгі бөлігі, яғни 50 пайыздан астамы соңғы жылдары Қарашығанақ кен орнының үлесіне тиіп отыр. Жалпы айтқанда, республиканың табиғи газға деген қазіргі таңдағы сұранысы жылына 7-8 миллиард текше метрді құрайды.

Газ тасымалдау жүйесі республиканың батыс өңірінде жақсы дамыған. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары көктей өтетін газ құбырларының құрылысы басталған еді. Олар арқылы газ Батыс Қазақстаннан және Орта Азия республикаларынан Ресейге  жеткізілетін-ді. Ал, Ақтөбе облысының  аумағы арқылы Бұқара-Орал арналы газ құбырының 2 тарамы тартылған-ды. Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының аумағы Орталық Азия – Орталық газ құбырының 4 тармағы кесіп өтті. Батыс Қазақстан облысының солтүстік арқылы «Одақ» немесе «Орынбор – Батыс шекара» газ құбырының 2 тармағы өтті. Бұлар табиғи газды Шығыс Еуропа елдеріне жеткізу үшін тартылған болатын. Рас, бұл құбырдан бір тармақ Орал қаласына дейін тартылған. Оңтүстік Маңғыстау өңірінен Өзен – Бейнеу газ құбыры арқылы газ Орталық Азия – Орталық арналы газ құбырына жеткізіліп, одан әрі Еуропа елдеріне кететін. Солтүстік Үстірт өңірінің газы Бұқара – Орал газ құбыры арқылы Орал кәсіпорындарына берілді.

Енді Түркіменстан мен Қытай арасында тартылған  көгілдір отын құбыры газ монополизміне үлкен соққы болып отыр. Бұл құбыр Орта Азиялық газ ресурстары төңірегіндегі ахуалға сапалы түрде өзгеріс енгізді. Сонымен бірге осы уақытқа дейін құбыр шүмегін ұстап келген кейбір алапуыт елдердің тәбетіне шектеу қоймақшы.

«Ресейлік сарапшылардың  өзі егер Ресей нарықтық экономика  заңдылықтарына қарай икемделіп, өз амбицияларын жеңе білмесе, ертеңгі күні бұл елдің территориясымен өтетін мұнай-газ құбырлары арқылы еуропалық елдерге ағылатын шикізат көлемі күрт азаятынын айта бастады. Пікір шындыққа айналуда. Түркіменстандағы ІЖӨ-нің 70 пайызын экспортқа сатылатын газдан түсетін табыс құрайды. Алдыңғы жылы «Газпром» 44 миллиард текше метр газды сатып алғанын жоғарыда айтып кеттік. Түркімен газын сатып алудан екінші орында тұрған Иран болатын. Енді Ресей өзінің бір қисайған жағынан тұрғысы келмейтін икемсіздігінің нәтижесінде Ашхабад газын батыс елдеріне жөнелткені үшін ай сайын түсіп тұратын 1 миллиард доллардан қағылып отыр. Оның үстіне Түркімендер Иранға шығарылатын экспорттың көлемін ұлғайтып, Nabucco газ құбырын да шикізатпен қамтамасыз етуге бел бууда» (А.Мұхамеджанова, «Айқын» газеті, №236, 22 желтоқсан, 2009 жыл).

Айта кету керек, соңғы 17 жыл ішінде Орта Азия мемлекеттері мен Қытайдың арасындағы сауда айналымы 50 есе ұлғайған. Бұл мәлімет өткен жылы қазан айында Қытайдың Сиань қаласында өткен ІІІ Еуроазия экономикалық форумында айтылды.

Өткен жылдың желтоқсан  айында Қытай Халық Республикасының  Төрағасы Ху Цзинь Тао Қазақстан-Қытай газ құбырының бірінші желісінің ресми ашылу рәсіміне қатысты. Осы сапарында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ху Цзинь Тао екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың жолдарын тал-қылады. Сондай-ақ, екеуара кездесуде сауда-экономикалық, энергетика, көлік, қаржы және мұнай-газ құбырының маңыздылығы жөнінде ой бөлісті.

«Қазақстан –  Қытай арасындағы қарым-қатынас туралы айтар болсақ, ең бастысы, біз күншығыс елімен стратегиялық әріптеспіз. Сондықтан да, экономикалық байланысты нығайту – басты міндет. Тауар айналымы жөнінен ресейліктерді өкшелей қуып келе жатқан Қытай – Қазақстан қатынасы өзінің шырқау шегіне жетіп қалғандай. Себебі, бұл күнде Қытайдың «Xinhua» сияқты халықаралық баспасөз агенттігі Қытай мен Қазақстан байланысының көз ілеспес жылдамдықпен дамып келе жатқандығын, экономикалық деректерін ай сайын жариялап жатыр. Ал, Ресейдің «Коммерсант» газеті Қытай 2010 жылы Қазақстанның бірінші стратегиялық әріптесіне айналатындығы жөнінде жазған. (М.Садыханұлы. «Дала мен қала» газеті, №51, 21 желтоқсан, 2009 жыл.)

Жалпы, Қазақстан  мен Қытай арасындағы байланыс бірқатар салаларды қамтиын деп отыр. Мәселен, алдыңғы жылы екі ел арасындағы сауда айналымының көлемі 12,2 миллиард АҚШ долларын құраған екен. Бұл 2007 жылғы көрсеткіштен 34 пайызға жоғары. Ал, өткен жылдың он айындағы Қытай мен арадағы сауда-саттық 17,5 миллиард долларға жетті. Мұнай сатуда да елеулі ілгерілеушілік бар. Алдыңғы жылдың өзінде еліміз Қытайға 6 миллион тоннадан астам мұнай жөнелтіпті. Сөз жоқ, Қазақстан ірі жобаларды жүзеге асыру үстінде. Содан келіп, республикамыздың инвестициялық әлеуеті арта түспек.

Екі ел арасындағы «Түркіменстан – Өзбекстан –  Қазақстан – Қытай» трансазиялық газ құбырының қандай ерекшелігі бар? Газ құбырының жалпы ұзындығы 7000 шақырымды құрайды. Яғни, 188 шақырымы – Түркіменстан, 525 шақырымы – Өзбекстан, 1300 шақырымы – Қазақстан, ал, 4860 шақырымының  астамы Қытай аумағымен өтеді. Негізгі  газ құбыры Қытайдың Гуанчжоу қаласына жеткізіліп, сол жерден басқа да бұрынғы салынған құбырлармен елдің өзге аймақтарына жөнелтіледі. Қуанарлығы сол, газ құбыры Түркіменстаннан Қытайға табиғи газ транзиттеумен қоса еліміздің Батыс өңіріндегі кеніштерінен Қазақстандық газды еліміздің Оңтүстік аймақтарға жеткізілімін қамтамасыз етпек. Яғни, биылғы жылы Қытайға 13 миллиард текше метр Қазақстан газы тасымалданбақ. Ал, оны 2013 жылы 30 миллиард текше метрге дейін өсіру жоспарланған. Қазақстан аумағынан өтетін құбыр желісі екі учаскеден тұрады. Жылдық өткізу қуаты 40 миллиард текше метрді құрайтын алғашқы учаске Өзбекстан – Қазақстан шекарасынан Қазақстан – Қытай шекарасына дейін тартылса, екіншісі өткізу қуаты 10 миллиард текше метрді шамалайтын учаске Бейнеу – Бозай – Ақбұлақ бағыты бойынша өтеді екен. Сайып келгенде, еліміздің оңтүстік өңірі енді газдан қысылмайтын болды. Бір сөзбен айтқанда Қызылорда, Жамбыл, Алматы облысы мен Алматы қаласы тұрғындарының көгілдір отынмен тұрақты түрде қамтылатын кезі жақын. Ел үкіметі бұл құбырды «Әлеуметтік жоба» деп атауда. Себебі, бұл құбырдың бойында 400-дей елді мекен, 2 миллионға жақын халық тұрады. Қазір бюджеттен құбыр бойындағы халықты газбен қамтуға қаржы бөлінуде. Осы ретте есімізге КСРО кезінде Атырау облысының аумағымен бірнеше газ құбыры өтіп жатса да, жергілікті халықтың сұранысы орындалмағаны түседі. Мәселен, Индер ауданындағы Амангелді атындағы совхоз көгілдір отынның игілігін 1972 жылдан бастап көрсе, Атырау облысы мұндай жақсылықты 1999 жылдан бастап көре бастады. Енді санаулы айлардан кейін облысымыз көгілдір отынды түгелдей тұтынбақ. Сондықтан, алып құбырдың бойында отырған 4 облыс көгілдір отынның игілігін көруге осы бастан дайындалуы керек.

Өткен жылдың жазында  Қытайдың Бейжің қаласында «Бейнеу  – Бозай – Ақбұлақ» газ құбырының  екінші учаскесін салу жөнінде үкіметаралық келісімге қол қойылды. Сөйтіп, аталмыш газ құбырының құрылысы биылғы жылы басталып, 2012 жылдың шілде айында бітпек. Айта кету керек, бұл газ құбырының Қазақстан үшін стратегиялық маңызы зор болмақ. Өйткені, Қазақстан өз газын осы құбыр арқылы Қытайға тікелей экспорттайды. Әрі бұл жоба жүзеге асқанда елімізде 700-ден аса адамға жұмыс табылмақ, бюджетке түсетін салық түсімдері де өспек. «Қазмұнайгаз» АҚ-ның атқарушы директоры Болат Назаровтың айтуынша биылғы жылдан бастап жыл сайынғы табыс салығы 90 миллион долларды құраса, ол 2015 жылы 120 миллион долларға жетпекші екен.

Жалпы, Қытай  Орталық Азияның энергетика саласына дендеп енуде. «Қазақстан-Қытай» газ құбырының жалпы құны 7,5 миллиард доллар тұрады. Оны Қытай Ұлттық мұнай-газ корпорациясы мен «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясы үкіметаралық келісім аясында жүзеге асыру үстінде. Айдаһар барған сайын құлашын кеңге сермеп келеді. Тек, оған жұтылып кетпесек болғаны...

Иә, Түркімен газы орыстың құбырын қоя тұрып, Қытайдың құбырына ауысты. Сайып келгенде Түркімендердің бұл қадамы Ресей үшін аса тиімді емес еді. Алда әлі де үлкен қауіп бар. Ол Түркіменстанның Каспий газын Ресейді айналып өтетін жобалар арқылы Еуропаға жеткізуге қосылып кетуі. Көгілдір отын әлемдегі мүдделер текетіресі нарықтағы ойыншыларды екі топқа бөліп отыр. Білеулер көрпені өзіне тартып, «Оңтүстік ағын» құбыр желісін қолдайды. Яғни, бұлар Ресей мен оның достары, ал екінші жақ «Набукконы» қолдайды.

- «Набуккоға»  Иран газын қосуды АҚШ-тың қолдамайтынын  ескерсек, құбыр газдан қағылуы  да мүмкін. Ақ Үйдің мұндай  ұстанымы Еуроодаққа томпақ. Бірақ,  Брюссель АҚШ-қа қарсы шықпайды. Әсіресе, Тегеран ядролық саясатына қатысты ашық текетіреске барып жатқан тұста» - дейді «Стратегия ХХІ» (Украина) жаһандану президенті Михаил Гончар. («Жас қазақ» газеті).

Кәрі құрлықтағы тұтынушы үшін қазір талас өршіп тұр. Ал, Еуропалық одақ өзі бір құбырға қарағанда екеуін, екеуіне қарағанда үшеуін артық санайтын саясат ұстауда. Көгілдір отын монополизміне соққы әлі де болмақ. Ал, біздің республикамыздың отындық баланс құрылымын газдың пайдасына шешуге мүмкіндік күшейіп келеді. Қорыта айтқанда, Қазақстанның газ өнеркәсібінің даму болашағы өте жоғары. Сондықтан, құбырлық тасымалдауды жолға қою ел үкіметінің басты мәселесі болып қала бермек.  
 

ҚР БІЛІМ  ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰУ 
 
 
 
 
 
 

СОӨЖ

ҚР ОТЫН ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ 

КЕШЕНІНІҢ НЕГІЗГІ САЛАЛАРЫ

ОРЫНДАҒАН: БИРБАЕВ Б. 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

АЛМАТЫ 2011

Информация о работе Қр отын энергетикалық кешенінің негізгі салалары