Автор: Пользователь скрыл имя, 27 Февраля 2012 в 21:58, лекция
Мемлекеттік реттеу негізін экономикалық үдерістерді реттеуші тікелей және жанама тетіктер мен әдістер құрайды. Мемлекет экономикалық ісәрекеттердің әртүрлі аспектілерін бюджеттік, банктік жүйелер, мемлекеттік тапсырыстар және кедендік қызмет арқылы реттеп отырады. Реттеу ісінде жоспарлау, экономикалық болжау, бақылау және басқа да басқару функциялары кеңінен қолданылады.
2. Өнімге қоғамдық қажеттілік шамасының әсері арқылы құндық параметрлердің мәнін өзгерте отырып, өндірушілер мен тұтынушылардың шаруашылық мүдделеріне мақсатты әсер ету қажет. Бұл арада құндық категорияларды құрылым және өндіріс пен тұтынуды реттеу құралдары ретінде пайдалану керек.
3. тауар өндірушілерге құрылым және өндіріс көлемі, өнімді бөлу және өткізу туралы орталықтандыра орнықтырылған құндық параметрлер шектеріндегі шаруашылық шешім еркіндігін бере отырып, жалпы мемлекеттік жоспарлы көрсеткіштерді орындауға кәсіби ынталандыру.
4. қоғамға қажетті өнім өндіруді тауар өндіруші үшін де пайдалы ету бағытында олардың түпкі мақсаттарының жақындасуына және бір жерден шығуына қол жеткізу.
Рыноктық шаруашылық жағдайындағы өндіргіш күштер дамуының жоғары деңгейі және осы деңгейдің объективті экономикалық заңдарға сәйкестігі экономикаға мемлекеттің араласуы арқылы ғана қол жеткізуге болатын мәселе.
Сонымен, экономиканы мемлекеттік реттеу міндеттері келесідей:
Экономиканы мемлекеттік реттеу өтпелі кезеңнің бастапқы сатысында – экономиканы ырықтандыру (либерализациялау) бағытындағы шараларды жүзеге асыру; екінші кезеңі – экономиканы тұрақтандыру бойынша шаралар жүйесін жүзеге асыру және қорытынды кезеңі – тиімділікті арттырып, тұрақты өсуді қамтамасыз ету.
Экономиканы мемлекеттік реттеу мүдделердің тепе-теңдігіне жеткізуі тиіс, яғни бір жағынан ол экономикалық реформалардың тиімді барысын, қамтамасыз етуі тиіс, екінші жағынан табыстар мен ресурстарды әділ бөлуге қол жеткізуі қажет.
Рыноктық еркіндікті сақтай отырып табиғи, адам, қаржы ресурстарын ұтымды пайдалану арқылы бюджет түсімдерін көбейтуге, құрылымдық өзгерістерге, жалпы ұлттық экономиканың дамуына жол ашуы керек.
Реттеу арқылы әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасын, салалық, өңірлік, сондай-ақ мақсатты бағдарламаларды жасау, инвестициялық жобаларды, қысқа және ұзақ мерзімді болжамдарды түзу жұмыстары атқарылуы тиіс.
Мемлекеттік реттеу негізінде өңірлердің қаржылық дербестігін, олардың даму деңгейлерінің біркелкілігін және табиғи-экономикалық жағдайы төмен аймақтарды жан-жақты қолдау жүзеге асырылуы қажет.
Рыноктық экономиканы құру жөніндегі әлемнің басқа елдерінің тәжірибесін қабылдай отырып Қазақстан олардың моделдерін тікелей көшіріп ала алмайды, оның басты себебі әлемнің ешбір елі (ТМД елдерінен басқа) ұзақ уақыт бойы әкімшіл-әміршіл басқару шеңберінде болып көрген емес. Бұл бір. Бұдан басқа әрбір мемлекеттің өзіндік тарихы және ұлттық ерекшеліктері және өңірлік дамуының әртүрлі деңгейлері бар екендігін естен шығармау қажет. Сондықтан экономиканы реформалаудың алғашқы кезеңдерінде орын алған бұрыңғы басқару жүйесін толығымен қирату едәуір экономикалық қиыншылықтар туғызып, өндірісті құлдыратып, салыстырмалы ұзақ дағдарысқа ұшыратқаны белгілі.
Экономиканы мемлекеттік реттеуде жоспарлы реттегіштер мен рыноктық реттегіштерді қатар қолдану тиімділігін бірқатар елдердің тәжірибесі көрсетіп отыр.
Жоспарлы реттегіштер дегеніміз нақты экономикалық қызметті қалыптастыру бойынша іс-әрекеттер жиынтығы. Рыноктық реттегіштер – ол көптеген өндірушілер мен тұтынушылардың өзара іс-әрекеті нәтижесінде қалыптасып, объективті түрде қызмет ететін реттегіштер болып табылады. Жоспарлы және рыноктық реттегіштерді бірін-бірі толықтыратын тетіктер деп қарастыру қажет.
Мемлекет қолданатын реттегіштер мен, тұрақтандырғыштарды тиімді пайдалану, әлеуметтік орнын толтыру әдістерін икемді қолдану мемлекеттік реттеу тиімділігінің кепілі бола алады.
§3 Аралас экономикадағы мемлекеттің негізгі функциялары.
Жоспарлы, аралас және өтпелі экономика жағдайларындағы мемлекеттің экономикаға араласу дәрежесі арқилы болып келеді. Директивті жоспарлар, индикативті (нұсқаулық) жоспарлау, болжау, бағдарлау функциялары экономикалық жүйенің объективті қалыптасқан қажеттіліктері талабы үдесінен шыға білуі керек.
Өтпелі кезеңдердегі экономиканы мемлекеттік реттеу рөлінің күшейе түсуінің бірқатар объективті себептері бар. әлемдік тәжірибе көрсеткеніндей дамудың күрделі кезеңдерінде, әсіресе қоғам мен экономиканың әлеуметтік-экономикалық, технологиялық жаңғыруы кезеңінде мемлекеттің белсенді ұйымдастырушылық әрекетінің қажеттілігі арта түседі.
Өтпелі кезеңдегі мемлекеттің рөлі аса зор мәнге ие болатындығын да дүниежүзілік практика көрсетіп отыр. Өтпелі кезеңнің қиыншылықтарын едәуір кеміту ісінде, егер мемлекет жаңа өміршең формалардың бастамашысы және тірегі бола білсе елеулі нәтижелерге жету ықтималдығы да жоғарылайды.
Қазақстанда рыноктық қатынастарға өту кезіндегі мемлекеттік функциялардың қысқаруы рыноктық ортаның өзін-өзі ұйымдастыруын қалыптастыру әрекеттерімен толықтырылмады. Ал, мұның өзі рыноктық экономикасы бар елдердің практикасында бар жағдайға қарама-қайшы келді. Өтпелі кезең жағдайында қалыптаса бастаған еркін рынок мемлекеттің реттеуші ықпалынсыз монополизацияланған ел экономикасын әлеуметтік бағдарланған рыноктық экономикаға айналдыру ісінде көптеген қиыншылықтарға тап келді. Бір жағынан ескі әміршіл-әкімшіл, жоғарыдан төменге дейін жоспарға бағындырылған жүйе жойыла бастады да, орнына жаңа экономикалық жүйе келе бастады. Көпукладты экономика негіздері туындап, бәсекеге, сұраныс пен ұсынысқа бағдарланған экономиканың алғышарттары күнделікті өмірге ене бастады. Екінші жағынан, өтпелі кезеңде мемлекет шешуі тиіс басты проблемалар қараусыз қалып шиеленісті.
Соның салдарынан рыноктық реформалардың бастапқы кезеңінде бірқатар кемшіліктерге жол берілді олар:
Меншікті жекешелендіру көбінесе өз бизнесін тиімді атқаратын меншік иелерін тауып, қалыптастыра алмады;
Меншікті иемденіп алған шектеулі адамдар тобы табыстарының шексіз өсуі қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікке алып келді;
Рыноктық жаңартулар мен жаңғыруларда әлеуметтік тұрғыдан едәуір кемшіліктер жіберілді.
Кәсіпкерліктің мәні мен сипатында алып-сатарлық және қылмыстық әсерлер көптеп кездесті.
Біртұтас бәсекелік күрес ережелері талдап жасала қоймағандықтан мемлекеттің «ойын ережесін» қадағалау мүмкіндіктері шектеулі қалпында қалып, маңызды салаларға инвестиция тарту, орташа тапты қолдау мәселелері ұмыт қалды. Ұлттық экономиканы сауықтырып, жандандырудың құрылымдық өзгерістері сияқты маңызды шаралары қабылданбастан кешеуілдей берді.
Өтпелі кезең тәжірибесі көрсеткеніндей қандай болмасын дамудың қайсыбір дайын теориялық моделін таңдап алып, соның қағидаларын бұлжытпай орындау мақсатқа жетудің ең қолайлы жолы емес, керісінше, барынша нақты, сонымен бірге жеткілікті мөлшерде синтезделген конструкцияны пайдалану көздеген нәтижеге жетудің ең ықтимал бағыты болмақ. Белгілі теориялық мектептердің әрқайсысы өзінің идеялары мен қолданатын құралдары арқылы өзекті практикалық қажеттіліктердің біреуін ғана қарастырады. Мемлекеттің алдында бірқатар мәселелер мен міндеттердің үлкен шоғыры тұратындықтан экономиканы дамыту туралы және оны мемлекеттік реттеу жөніндегі түсінік-пайымдарды синтездеп, жергілікті болмысқа бейімделген даму моделін таңдаған дұрыс деп саналады.
Сонымен бірге, теорияда сыннан өткен, рыноктық экономика дамуының нақты кезеңін сипаттайтын жалпы ұсыныс-нұсқаулар баршылық. Айталық, тұрақтандыру мен өсудің алғышарттарын жасау қажеттілігі туындағанда институционализм идеяларын пайдаланған абзал (егер трансформациялық кезеңдегі мемлекеттің ерекше рөлін ескеретін болсақ). Өрлеу жағдайында интитуционализмді, тепе-теңдік элементтері бар неоклассикалық конструкцияларды, сондай-ақ монетаризмнің тиісті ұстанымдары негізіндегі экономикалық саясаттың комбинациясын қолдануға болады. Даму үстіндегі экономика үшін тұрлаулы даму теориясының идеялары мен принциптерін қолданған тиімді болмақ. Мұның барлығы да ұлттық ерекшелік және елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен тығыз байланыста жүзеге асырылуы қажет.
Өзінің объективті мәні бойынша өтпелі кезең түп-түзу даңғыл жол емес, керісінше қарама-қайшылықты, тепе-теңдіктен ада, өзінің нақты формаларын, әдістері мен жүзеге асыру механизмдерін тұрақты түрде өзгертіп отыратын процесс болып табылады.
Өтпелі кезеңнің бастапқы кезеңінде ТМД елдерінің барлығында дерлік басты реттеуші ретінде өзін-өзі реттейтін рыноктық механизм болады деген қағида басымдыққа ие болды. Соған сәйкес негізгі күш мемлекеттің шаруашылық рөлін кемітуге, оны либерализациялау арқылы реттегіш қуатын әлсіретуге бағытталды. Мұндай саясат өз жемісін берді де. Мемлекеттің қатаң басқаруындағы орталықтандырылған экономика күйреді, өндірістік-экономикалық байланыстар үзілді, экономиканың көптеген салалары мен сфералары толықтай күйзеліске ұшырады.
Жаңа экономикалық қатынастарды қалыптастыру әрқашанда шығармашылық, креативтік үдеріс болып табылады, ол экономикалық дамудың тарихи тәжірибесімен есептесуді талап етеді және туындаған сұрақтарға негізделген жауаптарды қалайды. Сондықтан, қоғамдық өзгерістер қисынын түсініп, зерттеу өте маңызды. Экономикалық және әлеуметтік үдерістерді реттеудің заманауи механизмдері мен құрылымын дер кезінде ұғынып, пайымдау ғана жемісті болмақ.
Қоғамдық меншікті нақты топтардың қолына беру (шетелдік фирмалар, жеке меншік кәсіпорындар т.с.с.) жаңа проблемаларды туындатты, соның ішінде әлсіз, әлжуаз реттелетін шаруашылыққа тән стихиялы әрекеттерді көлденең тартты; еңбек нәтижесімен байланысты емес ресурстар мен табыстарды ысырап етті; бастапқы ресурстар экспортының көбеюі және өңдеу (ұқсату) көлемдерінің қысқаруы өндіріс деңгейін құлдыратып жіберді. Ал, басты мәселе өтпелі кезеңдегі қоғам құрылымының өзі экономикалық қатынастары мен мүдделері әралуан қайдағы бір жиынтық қоғамдастықтардан қалыптасты. Міне, осындай жағдайда қоғамдық және топтық мақсаттардың арасында қарама-қайшылықтар туындап, шиеленісе бастайды. Бұл қайшылықтарды шешу үшін қоғамда пайда болған көптүрлі мүдделерді жүзеге асыру формаларын іздеп, табу қажет болды. Әлемдік тәжірибе көрсеткеніндей әлеуметтік жіктер мен топтардың шынайы мүдделерінің өндіргіш күштер деңгейімен байланысында ғана әлеуметтік-экономикалық даму моделдерін жасап, мемлекеттің экономикалық саясаты объектілерін анықтауға болады.
Әрбір топтық мүдде өзінің мақсатын тиісті өкілеттікпен қамтамасыздандырылған қайсыбір субъектіден табуы керек. Мұндай субъектінің күш-қуаты мен ресурстары бағытталатын нақты объектісі болуы тиіс. Сонда ғана, топтық мүддені жүзеге асыру үшін кепілді мүмкіндіктер пайда болып, практикалық нәтижелерге жетуге болады. Меншіктің үш құрамдас бөлігі – иемдену, пайдалану, билеу – нақты мүдделерді жүзеге асыру ісіне жауап беретін қоғамдық немесе басқа институттардың тиісті деңгейлеріне бекітіліп берілуі тиіс. Қазіргі кезде ҚР-да көзқарастар мен пікірталастардың кейбір қайшылықтарына қарамастан мәселелерді дәл осы бағытта шешуге ұмтылыс бар. Бір жағынан заң шығарушы биліктің өкілеттік сферасы анықталып бекітілуімен бірге әртүрлі демократиялық институттарға атқарушы биліктің өкілеттіктерінің едәуір бөлігі берілу үстінде. Бұл өкілеттіктер, тұтастай алғанда заң шығармашылығы сипатын дәлелдеп, оларды қабылдау процедурасы да демократиялық мәнге ие болып отыр. Екінші жағынан, республикада рыноктық қатынастар үшін заң шығарушы база қалыптасқанына қарамастан, даму үстіндегі шаруашылық байланыстар мен қатынастар тек қана құқыққа (заңға) жүгініп отырған жоқ, сонымен бірге корпоративтік топтардың, мемлекеттік аппаратпен формалды емес байланыстарға арқа сүйеп отырғаны да бүгінгі күннің шындығы болып табылады.
Әлеуметтік-экономикалық даму сферасында мемлекеттік реттеудің объектісі ретінде меншіктің жаңа формаларын орайластыруды қалыптастыру процесі қарастырылады. Меншік қатынастарын жаңғыртумен қатар елде әртүрлі меншік иелерінің өзара әрекетінің институционалдық жүйесін құру процесі жүргені белгілі. Бұл жердегі әңгіме шаруашылық субъектілерінің әрекет ережесі, мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдарды (институттарды) орнықтыру негізінде рыноктық өзара әрекеттесу процесіне қосылған барлық сфералар мен субъектілердің қалыпты қызметін қамтамасыз етуде болып отыр.
Осы шақта мемлекеттің қызметі жалпыұлттық мақсаттар мен қажетті шектеулерді анықтау мәселелеріне қарай жұмылдырылуы тиіс. Ұлттық мақсаттарды, олардың басымдықтарын, оларға жетудің кезектілігі мен мерзімдерін белгілеу өте маңызды сипат алады. Себебі қоғамда бар әртүрлі мүдделер меншік иелерінің біріне мақсат ретінде көрінсе, екіншілеріне шектеу сияқты көрінуі әбден мүмкін. Қоғамдық мүдделерді келесідей топтастыруға болады: ұлттық, өңірлік, кәсіби, әлеуметтік топтардың мүдделері, сондай-ақ ұжымдық, отбасылық мүдделер. Бірақ қандай болмасын, яғни барлық жағдайларда да мемлекет ұлттық мүдделердің кепілі және қорғаны болуы тиіс. Оның міндеттері рыноктың қалыпты қызмет етуіне жағдайлар жасау, қоғамдық мүдделер тепе-теңдігін сақтау, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету болып табылады.
Бүгінгі таңда әлеуметтік-экономикалық дамудың институционалдық негіздерін тереңдете түсу, олардың қаржылық қамтамасыз етілуін және тұрақтылығын орнықтыру міндеттері алдыңғы қатарға шығып отыр. Осыған байланысты қазіргі күннің өзекті мәселесі қоғамда жүріп жатқан реформаларды әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге жұмылдыру өзекті болып отыр. Сондықтан, мемлекеттің рөлі әлеуметтік-экономикалық дамуда теріс үрдістердің етек алып кетуіне қарсы шараларды дер кезінде қабылдап, жүзеге асыруда болса керек.
Қазақстан – 2030 даму стратегиясы бойынша – бұл әлемдік шаруашылық жүйесіне интеграцияланған, әлеуметтік бағдарланған рыноктық экономикасы бар құқықтық мемлекетті қалыптастыру болып табылады.
Ендеше, аралас экономика жағдайындағы мемлекеттің негізгі функцияларын атап өтейік:
Экономикалық шешімдер қабылдау үшін құқықтық негіздер қалыптастырады мемлекет жеке және мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың әрекетін кәсіпкерлік қызметті реттейтін заңдарды талдап жасайды және қабылдайды; азаматтардың құқықтары мен міндеттерін анықтайды.
Экономиканы тұрақтандырады; Үкімет бюджеттік-салықтық және кредиттік-ақшалай саясатты қолдану арқылы өндірістің құлдырауын тоқтатады, инфляцияны тежейді, жұмыссыздықты төмендетеді, баға деңгейі мен ұлттық валюта бағамын орнықтырады.