Автор: Пользователь скрыл имя, 27 Февраля 2012 в 21:55, лекция
Транзиттік экономика жағдайындағы реформаларды ойдағыдай жүргізу үшін өндірістік салалардағы, әлеуметтік сферадағы, сондай-ақ аймақтардағы барлық әлеуметтік-экономикалық үдерістерді мемлекет тарапынан реттеу қажет. Рыноктық шаруашылық жағдайында экономиканы реттеу мемлекеттің ең маңызды қызметтерінің бірі болып табылады.
Сонымен, формальды түрде заңнамалық бекітілген мемлекеттік кірістер мен шығыстар жазбасы іс жүзінде экономиканы мемлекеттік реттеудің қаржылық негізі болып табылады.
Орталықтандырылған экономикада бюджет мемлекеттің экономикалық жоспарына тәуелді және ешқандай маңызды дербестігі жоқ болатын. Бұл тәжірибе жоспарлы экономикада басты рөл материалдық-заттай факторларға беріліп, қаржылық фактор екінші рөлдерде қалған уақыттарға тән еді.
Рыноктық экономикасы бар елдерде мемлекеттік бюджетті қалыптастыруға, бекітуге, атқаруға үлкен мән беріледі. Мемлекеттік деңгейдегі бюджеттер қаржылық жоспарлаудың жетекші, анықтаушы формасы болып табылады. Ал, мұның өзі рыноктық экономика жағдайында орталықтандырылған мемлекеттік жоспарлауға орын жоқ деген қағиданы терістейді. Рыноктық экономикалы елдерде бюджеттік-қаржылық жоспарлау, шаруашылықты дәстүрлі жоспарлы жүйе бойынша жүргізетін елдермен салыстырғанда ангағұрлым жақсы жолға қойылған.
Дамыған елдерде мемлекеттік бюджетті қабылдауда демократиялық процедуралар қатаң сақталады. Парламенттер және олардың комиссиялары бюджеттің әрбір бабына дейін тиянақты дәлдейді, өзгерістер мен қосымшалар енгізеді.
Шаруашылықтың рыноктық жүйесі қалыптасқан елдерде мемлекеттің бюджеттік реттеу функциясы жеткілікті дәрежеде және өсе түсу үрдісін байқатады. Бюджеттің көмегімен мемлекет тауар өндірушілерге реттеуші әсер етеді және солар арқылы тауарлар мен қызмет көрсетулер, капитал, жұмысшы күші рыноктарын реттейді.
Елде пайдаланылатын бюджеттер жиынтығы бюджеттік жүйе деп аталады. Қазақстан сияқты мемлекеттік құрылысы унитарлы елдерде мұндай жүйе, әдетте екі деңгейлі бюджеттерден құралады. Олар: республикалық және жергілікті бюджеттер.
Мемлекеттің бюджеттің құрылысы және қызметі келесі принциптерді басшылыққа алады:
1. Бюджеттік жүйенің біртұтастығы принципі құқықтық негіздің бірлігін, бюджеттік құжаттар мен жіктеулердің бір сипаттылығын, барлық деңгейдегі бюджеттердің кіріс және шығыс бөліктерін құрудың ортақ ережесін, олардың қарама-қайшылықсыз екендігін көрсетеді.
2. Бюджеттердің дербестігі принципі бюджетті жасау мен қолданудағы заң шығарушы және атқарушы биліктердің құқықтық дербестігін білдіреді.
3. Толықтық принципі бюджеттің кіріс, шығыстарын барлық түсім көздерін және бюджеттен қаржыландырылатын шығындарды барлық баптар бойынша толық көлемде анықтауды талап етеді.
4. Теңгерімділік принципі бюджеттің кірістері мен шығыстарының сәйкестігін қажетсінеді.
5. Жариялылық (ашықтық) принципі бюджетті қарастыру және қабылдау процедураларын бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялауды қалайды.
6. Бюджеттік қаражаттардың арнаулы және мақсатты болуы принципі бұл қаражаттардың нақты алушыларын және нақты мақсатқа жұмсалатындығын көздейді.
Мемлекеттік бюджет мемлекеттің қаржылық функцияларын жүзеге асырады. Бюджеттік қатынастар арқылы мемлекеттің қолында ақшалай қаражаттар жинақталады және олар мемлекеттік бюджеттік реттеудің жиынтық функциясын құрайды.
Фискалдық функция мемлекеттік бюджеттің көмегімен мемлекет қызметінің қаржылық негізін құрайды, мемлекеттік шығындарды салықтық және басқа да түсімдер есебінен қаржыландыруды жүзеге асырады.
Бюджеттің бөлу функциясы мемлекетте шоғырланған ақшалай қаражаттарды қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыру, экономикалық саясатты жүргізу, салалар мен аймақтарды қаржылық қолдау кезінде көрінеді.
Бақылау функциясы қаржылық ресурстардың мемлекеттің қарамағына өтуін, қаражаттарды бөлудегі пропорциялардың сақталуын және бюджеттік қаражаттардың қалайша пайдаланылуын қадағалайды.
Мемлекеттік бюджет экономиканың құрылымдық буындарында жүріп жатқан экономикалық үдерістерді анықтай отырып, ақшалай қаражаттардың қайда, қашан және қандай көлемде түсіп жатқанын көрсетеді.
Мемлекеттік бюджет қызметтері бюджеттік механизмді, яғни бюджеттік саясаттың нақты жүзеге асуын, оның экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешудегі мақсаткерлігін айқындайды. Мемлекеттік бюджет қолда бар ақшаны жөнімен пайдалану арқылы экономиканы реттейді. Реттеу формаларына өндірісті субсидиялау және қаржыландыру, мемлекеттік инвестицияларды жүзеге асыру, әлеуметтік сфераны қаржыландыру жатады.
§2 Мемлекеттік бюджеттің кірістері мен шығыстарын реттеу
Мемлекеттік бюджеттің кірістері мемлекеттің бюджеттік қорын қалыптастыруға бағытталған салықтар мен алымдар түріндегі заңды және жеке тұлғалардан алынатын төлемдер есебінен құралады.
Рыноктық экономика кірістерді қалыптастырудың негізгі көзі ретінде салықтарды пайдалану қажеттілігін қарастырады. Салықтық түсімдермен қатар бюджеттің салықтық емес кірістері мемлекеттік мүлікті сатудан, жекешелендіруден, жалға беруден, концессиядан, кәсіпкерлік пен сыртқыэкономикалдық қызметтен, жиындар мен баждан, айыппұлдардан және басқа да ақшалай алымдардан қалыптасады.
Бюджет кірістері өзіндік және реттеуші болып бөлінеді. Өзіндік кірістер елдің заңнамасына сәйкес толықтай немесе бөлшек түрінде тиісті бюджетке тұрақты негізде бекітіледі. Реттеуші кірістер – бұл республикалық, аймақтық төлемдер. Олар бойынша жергілікті бюджеттерге пайыздық төлемдер нормативтері орнықтырылады.
Мемлекеттік бюджетті жұмсау бюджеттік қаражаттарды шаруашылық қажеттіліктеріне және мемлекеттік функцияларды атқару мақсатындағы бөлу үдерісінде жүзеге асады. Қазақстанның Бюджет Кодексіне сәйкес бюджет шығыстары инновациялық және инвестициялық қамтамасыздандырылатын капиталды (күрделі) және бюджеттік ұйымдардың билік органдарының қызметін қамтамасыз етуші ағымдағы шығыстардан тұрады.
Үкіметтің шығындарын жалпы алғанда тауарларды, қызмет көрсетулерді үкіметтік сатып алушылар мен трансферттік төлемдер түрінде көруге болады. Трансферттік төлемдер – бұл салық төлеушілерден алынған салықтық кірістерді қайта бөлу жөніндегі төлемдер болып табылады. Олар тұрғындардың белгілі бір топтарына жұмыссыздық бойынша жәрдемақы, әлеуметтік сақтандыру бойынша төлемдер формасында болады.
Егер үкіметтік сатып алулар арқылы қоғам ресурстарды жеке тұтынудан қоғамдық тұтынуға қарай қайта бөлетін болса, трансферттер арқылы үкімет жеке секторда тұтынылатын тауарлар құрылымын өзгертіп қана қояды да, қоғамдық тұтынудың жеке тұтыну есебінен көбеюіне әсер етпейді. Атап айтқанда, мемлекеттің экономикаға осылайша араласуы нәтижесінде трансферттерге қарағанда үкіметтік сатып алулар көлемінің өзгерістері анағұрлым тиімді болып келеді.
Бюджеттік шығындарды әртүрлі принциптер бойынша жіктеуге болады: олардың ұдайы өндірістегі рөлі бойынша (материалдық өндіріс сферасына және әлеуметтік қызметтер сферасына бағытталған шығындар) салалар бойынша (өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, транспорт, байланыс, білім беру, денсаулық сақтау т.б.) мақсатты белгісі бойынша (инвестициялар, дотациялар, жалақы, зейнетақы т.б) әлеуметтік бағыты бойынша шығындардың қоғамдық белгілеріне қарай бюджеттік қаражат бүкіл шаруашылық қажеттіліктеріне, әлеуметтік-мәдени шараларға, қорғанысқа, басқаруға бөлінеді.
Шаруашылыққа шығындардың жалпы сомасында бюджеттен едәуір көлемде ең маңызды және ірі республикалық, аймақтық әлеуметтік-экономикалық бағдарламалар қаржыландырылады. Айталық, бюджет қаражаттары есебінен экономиканың шешуші салаларын дамытуға бағдарланған маңызды әлеуметтік-экономикалық проблемаларға арналған, шеткері, күйзелісті аймақтарды қолдауғ, өндірістік және әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымға бағытталған басым бағдарламалар қаржыландырылады.
Әлеуметтік-мәдени шараларды жүзеге асыруға жұмсалатын бюджеттік қаражаттардың едәуір бөлігі білім беруді дамытуға, мәдениетті қолдауға, халыққа медициналық көмек көрсетуді қамтамасыздандыруға және тұрғындардың мұқтаж топтарын әлеуметтік қамсыздандыру деңгейін жоғарылатуға бағытталады.
Қорғанысқа арналған едәуір бюджеттік қаражатта негізгі үлес қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алуға, қарулы күштерді ұстап тұруға ағымдағы шығындарға, ғылыми-зерттеу және тәжірибе-конструкторлық жұмыстарға, әскери құрылысқа тиеді.
Басқаруға шығындардың қажеттілігі мемлекеттің маңызды шаруашылық-ұйымдастырушылық қызметтерді атқаруымен, сондай-ақ оларды реттеу қызметін қамтамасыз етуімен байланысты.
Рыноктық қатынастарға негізделген экономика жағдайында әуелгіден шығынды және төмен рентабелді (пайдалылығы төмен) мемлекеттік және мемлекеттік емес кәсіпорындарда бюджеттік қолдауды қысқарту шаралары қолданылады, кеңестік экономикада орын алған жаппай экономикалық потернализм (әкесіндей қамқорлық жасау) әдістерінен бас тартылады. Бюджеттік ассигнациялау (қаржы бөлу) негізінен мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттің өзіндік шығындарын қаржыландыруға бағытталады.
Бюджетті қалыптастыру, оны талқылау, бекіту, бюджеттік қаражаттарды пайдалану біртұтас бюджеттік үдеріс деп аталады. Бүкіл бюджеттік үдеріс бюджетті қалыптастыру, бекіту және пайдалану туралы заңмен айқындалады. Бұл үдерісте маңызды орынды ақшалай-қаржылық ресурстарды әртүрлі бюджеттер арасында қайта бөлуді жүзеге асыратын бюджеттік реттеу алады.
Кезекті жылға бюджетті талдап жасауда елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы пайдаланылады, қаржы ресурстарының жинақ балансы құрастырылады және бюджеттік саясаттың негізгі бағыттары анықталады. Осы ретте алдағы жылдың бақылаушы көрсеткіш сандары есептеп шығарылады.
Бюджетті жасау барысында, әдетте оған көптеген өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі. Бекітілген бюджетте ағымдағы шығындар мен даму бюджеті сомаларының жоғарғы шектері көрсетілуі тиіс. Мәселе мынада, егер бюджет қаражаттарына қосымша қажеттілік туындаған жағдайда ең алдымен ағымдағы шығындар қамтамасыздандырылуы қажет, ал даму бюджеті бастапқыда бекітілген сомамен шектелуі тиіс. Егер Президент бюджет жобасымен келіспеген болса, онда бұл бюджет жобасы Парламентке қайтарылады, яғни елбасы оған (немесе оның жекелеген баптарына) вето қояды.
Мемлекеттік бюджеттің ағымдағы жағдайы мен атқарылу барысын Парламент жанындағы Есеп комитеті жүзеге асырады. Есеп комитеті өз әрекеттерінде Парламенттен де, Президент әкімшілігінен де тәуелсіз.
Қаржылық органдар бюджеттің атқарылуын қадағалайды. Бюджет тапшылығы шекті деңгейден артып кеткен және түсімдер едәуір азайған жағдайда шығындарды секвестрлеу (қысқарту) механизмі іске қосылады. Дегенмен, бюджеттің қорғалған дейтін баптары секвестрлеуге жатпайды. Олар: жалақыға, зейнетақыға, шәкіртақыға, дәрі-дәрмекке, тамаққа және т.б арналған шығындар.
Төтенше жағдайлар кезінде ел ішінде қаражатты жұмсаудың төтенше бюджеттік режимі (тәртібі) енгізіледі. Төтенше шараларды енгізу үшін арнайы заң қабылдау қарастырылған.
Мемлекеттік деңгейдегі бюджеттік қызмет экономиканы реттеудің негізгі буындарының бірі болып табылады. Ол мемлекеттің қаржылық саясатымен бірге әлеуметтік-экономикалық саясатын да айқындап, мемлекеттің реттегіш қабілетін арттыра түседі. Қазіргі қаржылық дағдарыс жағдайының мемлекеттің экономиканы реттеу базасын кеңейту мен жетілдіруді талап етуі соның айғағы болса керек.
§3 Бюджет тапшылығы және мемлекеттік қарызды реттеу
Қолда бар табыс қажетті шығындарды жүзеге асыруға жетіспейтін жағдайда бюджет тапшылығы туындайды.
Бюджет тапшылығы – бұл бюджеттің шығыс бөлігінің кіріс бөлігінен артып кетуі. Бюджеттік тапшылық жағдайында мемлекетке өзінің функцияларын қалыпты атқаруға қаражат жетіспейді де ішкі және сыртқы қарыздарға жүгінуге тура келеді. Мұның өзі, ең алдымен кредиттік жүйе ұйымдарына бүкіл ақша айналымының орнықтылығына теріс әсер етіп, инфляцияның, қаржылық дағдарыстың себебіне айналады. Бюджет тапшылығы міндетті түрде ел экономикасында төтенше жағдайдың қалыптасуын көрсетпейді. Оның экономика дамуына ірі мемлекеттік салымдарды жүзеге асыру негізінде пайда болуы мүмкін. Төтенше жағдайлар, әскери қақтығыстар, стихиялық апаттармен байланысты алдын- ала жоспарланбаған, бірақ шығындарды қажетсінетін жағдайларда туындауы ықтимал. Сондықтан, шектеулі бюджеттік тапшылықтан емес, қайтарымы қиын, өсе түсу үдерісі бар тапшылықтан сақтану қажет.
Егер еңсеру перспективасы бар бюджеттік тапшылық туындаса және ол жалпы ішкі өнім мөлшеріне қатысты үлес салмағы шамалы болса, мұны шектен тыс оқиға ретінде қарастырудың қажеті жоқ. Бірақ, бюджет тапшылығы тереңдеп экономикадағы дағдарыстық құбылыстарды – күйзеліс, қаржы жүйесінің тиімсіздігі сияқты оқиғаларды көрсететін болса, онда бұл құбылыстар мен табыстар арасындағы едәуір айырмашылықты еңсеру үшін түбегейлі шаралар қолдану керек. Әдетте, кірістер сомасының 10%-ына дейінгі бюджет тапшылығы шыдауға болатын құбылыс ретінде саналса, 20%-дан астам тапшылық қауіпті деп есептеледі.
Бюджет тапшылығының негізгі себептеріне өндіріс тиімділігінің төмендігі, едәуір әлеуметтік шығындар, бюджеттік механизмнің әлсіздігі салықтан жалтару, сондай-ақ шаруашылық байланыстары мен халықаралық экономикалық интеграцияның осалдықтары жатады.
Қазақстан Республикасында орын алған өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы бюджеттік дефицит, ХХІ ғасырдың бірінші онжылдығындағы бюджеттік профицитке (кірістің шығыстан артуы) ұласты.
Бюджеттік тапшылықты қысқарту үшін әртүрлі формадағы ішкі және сыртқы мемлекеттік кредит пайдаланылады. Бірақ, Ұлттық Банктің кредиттерін шамадан тыс пайдалану, оның үстіне банкте қосымша ақша басып шығарудан басқа кредиттеу ресурсы болмаса, онда инфляция күшейеді. Кредит түрінде тұрғындардың, кәсіпорындардың банктердің ақшалай қаражатын мемлекеттік облигацияларға айырбастап алу (сатып алу) тұйықтыққа тіреуі мүмкін, себебі, облигацияларда өтеу және пайыздарды төлеу онсыз да едәуір тапшылықты ұлғайта түседі де мемлекеттік борышты арттырады.