Автор: Пользователь скрыл имя, 18 Февраля 2013 в 15:04, лекция
1. Молекулалық деңгей.
2. Жасушалық деңгей. 3. Ұлпалық деңгей.
4. Мүшелік деңгей.
5. Организмдік деңгей.
6. Популяциялық-турлік деңгей. 7. Биогеоценоздық деңгей.
8. Биосфералық деңгей.
Тіршілік деңгейлері,олардын дамуы
1. Молекулалық деңгей. Бұл — тіршілікке тән бастапқы ең қарапайым деңгей. Кез келген тірі организм құрылысының қарапайымдылығына немесе күрделілігіне қарамай, оның бәрі де біркелкі молекулалық қосылыстардан тұрады. Оған мысал ретінде нуклеин қышқылдарын, нәруыздардың, көмірсулардың, т.б. органикалық және бейорганикалық заттардың күрделі молекулалар жиынтығын атауға болады. Оларды кейде биологиялық макромолекулалы заттар деп те атайды. Молекулалық деңгейде тірі организмдер денесінде зат алмасу, энергияның бір түрден екінші түрге айналуы айқын байқалады. Молекулалық деңгей арқылы тұқым қуалайтын ақпараттар ұрпақтарға беріледі, жеке органоидтер түзіледі, т.б. процестер үздіксіз жүріп отырады.
2. Жасушалық деңгей. Жер бетіндегі тірі организмдердің көпшілігінің құрылымдық және қызметтік бірлігі—жасушадан тұрады. Жасушалық деңгейде оның құрамындағы жеке органоидтердің өзіне тән құрылысы болады және олар жасушада белгілі бір кызмет атқарады. Жасушадағы жеке органоидтердің атқаратын кызметі өзара бір-бірімен тығыз байланысып, жасушадағы біртұтас тіршілік процестерін жүзеге асырады. Бір жасушалы организмдерде (бір жасушалы балдырлар және карапайым жануарлар) барлық тіршілік процестері бір ғана жасушаның ішінде жүреді. Бір жасуша өз алдына жеке организм болып саналады. Бұрынғы өткен бір жасушалы жасыл балдырлар — хламидомонаданы, хлорелланы және қарапайым жануарлар — амебаны, инфузорияны, т.б. естеріңе түсіріңдер. Көп жасушалы организмдердегі бір жасуша өз алдына жеке организм бола алмайды, тек организмнің қарапайым құрылымдық бірлігі қызметін атқарады.
3. Ұлпалық деңгей. Шығу тегі, құрылысы және аткаратын кызметі біркелкі жасушалар мен жасушааралық заттардың жиынтығынан ұлпа түзіледі. Ұлпалық деңгей — тек көп жасушалы организмдерге тән қасиет. Жеке ұлпалар да өз алдына тұтас организм бола алмайды. Мысалы, жануарлар мен адам денесінде төрт түрлі ұлпа (эпителий, дәнекер, бұлшық ет, жүйке) болады. Өсімдік мүшелеріндегі ұлпалар — түзуші, жабын, тірек, өткізгіш және бөліп шығарушы деп аталады. Әрбір жеке ұлпаның құрылысы мен аткаратын қызметін естеріңе түсіріңдер.
4. Мүшелік деңгей. Көп жасушалы организмдерде шығу тегі, құрылысы және атқаратын кызметі біркелкі ұлпалар жиналып, мүшелік деңгейді құрайды. Әрбір мүшенің құрамында бірнеше ұлпа кездеседі және бір ұлпа ғана басым болып келеді. Әрбір жеке мүше де тұтас организм бола алмайды. құрылысы мен атқаратын қызметі ұқсас бірнеше мүшелер бірігіп жеке мүшелер жүйесін құрайды. Мысалы, адам организмінде ас қорыту, тыныс алу, қан айналым, т.б. мүшелер жүйесі болады.
5. Организмдік деңгей. Денесі бір ғана жасушадан тұратын өсімдіктер (хламидомонада, хлорелла) мен жануарлар (амеба, инфузория, т.б.) өз алдына жеке организм. Ал көп жасушалы организмдердің жеке бір дарасы жеке организм деп есептеледі. Жеке организм денесінде тірі организмдерге тән барлық тіршілік процестері—қоректену, тыныс алу, зат алмасу, тітіркену, көбею, т.б. жүреді. Әрбір жеке организм өзінен кейін ұрпақ калдырып отырады. Көп жасушалы организмдерде жеке жасушалар, ұлпалар, мүшелер және жеке мүшелер жүйесі тұтас организм бола алмайды. Тек бір организмдегі барлық мүшелер жүйесі өзара үйлесімді қызмет атқара отырып, тұтас бір организмді құрайды. Организм тікелей сыртқы табиғи орта жағдайларымен тығыз байланыста ғана тіршілік ете алады.
6. Популяциялық-турлік деңгей. Өзіне тән табиғи орта жағдайында, бір түрге жататын белгілі бір аймақта таралған даралардың жиынтығы популяцияны құрайды. Популяция дегеніміз — бір түрдің жеке өз алдына оқшауланған әрі көптеген даралардан (особьтардан) тұратын тобы. Популяциялық деңгейде ғана алғаш рет қарапайым эволюциялық өзгерістер байқалады, ол бірте-бірте жаңа түрдің пайда болуына септігін тигізеді.
7. Биогеоценоздық деңгей. Құрылымдық деңгейі әр түрлі бір табиғи орта жағдайында ғана тіршілік етуге бейімделген көп түрлі организмдер жиынтығын биогеоценоз дейді. Оны кейде табиғи бірлестік деп те атайды. Биогеоценоз құрамына сан алуан тірі организмдер және белгілі табиғи орта жағдайлары біріктіріледі. Биогеоценоздағы организмдердің денесінде энергия жинақталады және энергия бір организмнен екіншісіне беріліп отырады. Биогеоценоздың құрамында бейорганикалық, органикалық қосылыстар және тірі организмдер болады.
8. Биосфералық деңгей. Жер
ғаламшарындағы барлық тірі
организмдер мен олардың тіршілік ететін
жалпы табиғи орта жағдайларының жиынтығы
биосфералық деңгейді құрайды. Биосфералық
деңгейде басты рөлді "тірі заттар",
яғни жер бетіндегі барлық тірі организмдер
атқарады. Биосфералық деңгейде "жанама
заттар" (яғни, қоршаған орта жағдайлары)
мен тірі организмдердің тіршілік әрекетінен
пайда болған "биожанама заттардың"
да маңызы зор. Биосфералық деңгейде бүкіл
жер бетіндегі заттар мен энергияның айналымы
биосферадағы барлық тірі организмдердің
тікелей қатысуы арқылы жүріп отырады.[1]