Жаза

Автор: Пользователь скрыл имя, 22 Марта 2012 в 09:30, дипломная работа

Описание работы

Материалдық, моральдық зиян күш қолдану, қорқыту арқылы келтіріледі. Келтірілген залалға байланысты қылмыс қоғамға қауіптілік сипатына қарай мүліктік, ұйымдастырушылық, жалпыға қауіпті және зорлықпен жасалатын қылмыстар деп бөлінеді. Қоғамға қауіптілік сипаты одан әрі кінәнің нысандары арқылы анықталады. Қасақаналықпен жасалатын қылмыстардың абайсыздықпен істелетін қылмыстарға қарағанда қоғамға қауіптілік сипаты едәуір ауыр.

Содержание

Кіріспе
І.Қылмыс – құқық бұзушылықтың бір түрі
1.1. Қылмыстың түсінігі мен түрлері
1.2. Қылмыс құрамы – нақты қылмыстың заңдық сипаттамасы
ІІ. Қылмыс – кез келген қоғамға қауіпті әрекет немесе әрекетсіздік
2.1. Қылмыстық – құқықтың қағидалары – құқықтық мемлекеттің негізгі бағдары
2.2. Қылмыстық жауаптылық – бұл қылмыстық – құқылық норманы бұзудың нәтижесі
ІІІ. Қылмыстық жаза – мемлекеттік күштеу шараларының бірі
3.1. Жаза түсінігі, мақсаттары және түрлері
3.2. Жаза тағайындаудың жалпы негіздері
Қосымша
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер

Работа содержит 1 файл

жаза диплом дурыс.doc

— 358.50 Кб (Скачать)


Кіріспе

 

І.Қылмыс – құқық бұзушылықтың бір түрі

1.1. Қылмыстың түсінігі мен түрлері              

1.2. Қылмыс құрамы – нақты қылмыстың заңдық сипаттамасы

ІІ. Қылмыс – кез келген қоғамға қауіпті әрекет немесе әрекетсіздік

2.1. Қылмыстық – құқықтың қағидалары – құқықтық мемлекеттің негізгі бағдары

2.2. Қылмыстық жауаптылық – бұл қылмыстық – құқылық норманы бұзудың нәтижесі

ІІІ. Қылмыстық жаза – мемлекеттік күштеу шараларының бірі

3.1. Жаза түсінігі, мақсаттары және түрлері

3.2. Жаза тағайындаудың жалпы негіздері

Қосымша

Қорытынды

Пайдаланылған әдебиеттер

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

І.Қылмыс – құқық бұзушылықтың бір түрі

1.1. Қылмыстың түсінігі мен түрлері              

Қылмыстық құқықтағы негізгі мәселелердің бірі қылмыстың ұғымын анықтау болып табылады. Жеке адам мен қоғам арасындағы қақтығыстардың қайсысының қоғамға қауіптілік дәрежесінің басым екендігін анықтау және оған осы мәселеде қылмыстық құқықтық шараларды қолдану арқылы осы қатынастарды реттеу – қылмыстық заңдардың негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Қылмыс әр уақытта да белгілі бір іс-әрекеттің (әрекет немесе әрекетсіздіктің) көрінісі болып табылады. Заң шығарушы осындай тұжырымдарға келе отырып, қылмыстың әр уақытта да адамның нақты іс-әрекетінің, мінез-құлқының сыртқа шыққан көрінісі екенін атап көрсетеді.

Адамның құқыққа қайшы мінез-құлқы белсенді әрекет күйінде немесе әрекетсіздік күйінде болуы мүмкін. Бұл жерде әрекет дегеніміз адамның қылмыстық заң тыйым салған нәрселерді істеуі, ал әрекетсіздік дегеніміз адамның заң, нормативтік акттер, нұсқаулар немесе арнайы жарлықтар, бұйрықтар бойынша жүктелген міндетін орындамауы болып табылады. Адамның қылмысқа қайшы немесе оған қайшы емес мінез-құлқы оның ойлау жүйелері арқылы, содан соң белгілі бір іс-әрекеттер арқылы көрініс береді. Ондай нақты іс-әрекеттер арқылы көрініс таппаған, жүзеге аспаған ойлар, пікірлер соншалықты қатерлі болғанына қарамастан, қылмыс болып табылмайды. Белгілі бір іс-әрекет арқылы жүзеге асырылмаған адамның ниет-мақсаттары қоғамға қауіп туғызбайтындықтан, қылмыстық құқық реттеу саласына жатпайды. Қылмыстық құқығы ғылымында бұл мәселе туралы бірауыздан осылай тұжырым жасалған.

Қылмыс құқықтық құбылыс ретінде осы құбылыстың мәнді жақтарын бейнелейтін белгілі бір белгілермен сипатталады. Қолданылып жүрген қылмыстық заңға сәйкес қылмыстың түсінігі заңның өзінде көрсетіледі.

1997-жылы жаңа Қылмыстық кодекс қабылданды. Осы кодексте өмірімізде, қоғамда орын алған елеулі әлеуметтік-экономикалық, саяси өзгерістерге сәйкес қылмыстың анықтамасы берілген. Онда «жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты қоғамға қауіпті әрекет (іс-әрекет немесе әрекетсіздік) қылмыс деп танылады» делінген (9-бабында). Осы анықтамадан қылмыстық құқыққа қайшылық, қоғамға қауіптілік, кінәлілік, жазаланушылық қылмыстың белгілері екендігі көрініп тұр.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі Ерекше бөлімінің тиісті баптарының диспозицияларында жекелеген қылмыс құрамдары арнайы көрсетілген. Қылмыстық құқықта қылмыстың осы нақты құрамдарына қарсы іс-әрекет істеуді құқыққа қайшылық деп атау керек.

1960-жылға дейінгі қолданылған Қылмыстық кодекстерде ұқсастығы бойынша, яғни қылмыстық заң нормасында әдейі көрсетілмеген іс-әрекеттерге де сонда көрсетілген соған ұқсас, жақын нормаларды қолдануға жол берілген еді. Мұның өзі заңды бұзуға және осы мәселеде бейберекетсіздікке кетушілікке әкеліп соқтырды. Қазақстан Республикасының 1995-жылғы жаңа Конституциясында осыған орай жаңа Қылмыстық кодексте қылмыстық заңды ұқсастық бойынша қолдануға жол берілмейді делінген.

Адамның қылмыстық құқықтық норма тыйым салған іс-әрекеттерді істеуін қылмыстық құқыққа қайшылық дейміз. Адамның қылмыстық заң тыйым салмаған, осы заңда көрсетілмеген іс-әрекеттерін істеуін қылмыс қатарына жатқызуға болмайды. Тек заң шығарушы ғана белгілі бір іс-әрекеттерді қылмыс қатарына жатқызуға мүмкіндік беретін оның мәнді белгілерін анықтайды. Қылмыстық құқыққа қайшы болудың міндетті белгісі болып осы заңда көрсетілген іс-әрекетті істеген жағдайда нақты нормада көрсетілген қылмыстық құқықтық санкция белгілеген жазаның белгілі бір түрінің тағайындалуы болып табылады. Іс-әрекеттің қылмыстық құқыққа қайшылығын белгілеген тиісті заңның жариялаған уақытынан бастап ондай іс-әрекеттер қылмыс қатарына жатқызылады. Мұндай реттерде мемлекет осындай іс-әрекеттермен қылмыстық құқықтық нормалар арқылы күрес жүргізуге мүмкіндік алады. Керісінше, белгіленген тәртіппен күші жойылған қылмыстық құқықтық норма қылмыс қатарынан шығарылады. Ондай іс-әрекеттер қылмыс деп саналмайды. Мысалы, нарықтық қатынастардың елімізде дамуына байланысты Қылмыстық кодекстен алыпсатарлық деген қылмыс құрамы қатарынан алынып тасталды. Бұрын қылмыс қатарында жоқ жалған банкроттық, табысты жасыру, салық төлемегені үшін қылмыстық жауаптылықты белгілейтін көптеген жаңа нормалар пайда болды.

Қылмыстың негізгі сапалық белгісі қоғамға қауіптілігі болып табылады. Бұл белгі қылмыстың материалдық мәнін білдірумен бірге не себепті осы немесе басқадай іс-әрекеттер қылмыс болып табылатынын түсіндіреді. Қоғамға қауіптілік белгісінің болуының өзі іс-әрекеттің қоғамдық қатынастарға зиян келтіруін немесе зиян келтіру қаупін туғызатынын білдіреді. Қоғамға қауіптілік – қылмыстың объективтік белгісі. Ол заң шығарушының санасы мен еркіне байланыссыз қоғамдық қатынастарға зиян келтіреді және өзінің ішкі мәні жөнінен қоғамның бірқалыпты өмір сүру жағдайларына қайшы болады. Заң шығарушының міндеті сол кезеңде, дәуірде қоғамның өмір сүру жағдайларын дұрыс бағалап, осыған байланысты іс-әрекеттің қайсысының қылмыстар қатарына жататыны туралы шешім қабылдау болып табылады.

Қылмыстық кодекстің 2-бабында қоғамға қауіптіліктің сипаттамасы қылмыстық заңда көрсетілген адам мен азаматтың құқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделеріне, ұйымдардың заңды мүдделері мен құқықтарына, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке, қоршаған ортаға және т.б. қиянат жасап, қол сұғатын қылмыс объектілерін тізбектеп көрсету арқылы берілген. Бірақ қоғамға қауіптілік қылмыс қол сұғатын объектілерді көрсету арқылы ғана тұжырымдалмайды. Бұл қылмыстың қоғамға қауіптілігін сипаттайтын мәнді жақтарының бірі ғана.

Қоғамға қауіптілік қоғамға зиянды іс-әрекеттің өзінің тікелей ерекшелігіне, оны істеу уақыты, орны, тәсілі, жағдайына байланысты болуы мүмкін. Мысалы, тиісті рұқсат етілмеген немесе тыйым салынған жерлерде (ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда, төтенше экологиялық аумақтарда) не тыйым салынған құстар мен аңдарға қатысты аң ауланса, ол заңсыз болып табылады (288-бабының 1-бөлігі). Төтенше жағдайлар кезінде тыйым салынған ереуілге басшылық жасау, кәсіпорынның немесе ұйымның жұмысына кедергі жасау қылмыс болып табылады (335-бабы). Іс-әрекет арқылы келтірілген немесе келтірілуі мүмкін зиян қоғамға қауіптіліктің көлемін анықтайтын негізгі бір белгі болып табылады. Кейбір іс-әрекет әрекет немесе әрекетсіздіктің істелген уақыттан бастап өзінің қандай зиян келтірілгеніне қарамастан, қоғамға қауіпті болады. Басқалары қылмыстық заңда көрсетілген зардаптар болған жағдайда ғана қоғамға қауіптілік сипатына ие болады. Іс-әрекеттің қоғамға қауіпті және қылмыс қатарына жатқызуға мүмкіндік беретін зардаптың сипаттамасын заң шығарушы әртүрлі етіп бейнелеуі мүмкін. Кейбір реттерде қылмыстың зардабы қылмыстық заңның өзінде дәлме-дәл көрсетіледі. Мысалы, денеге жарақат салу, материалдық зала келтіру, ауыр зардаптың болуы және т.б.

Келтірілген дене жарақатының ауырлығына орай денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру (103-бап), денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру (104-бап), денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру (105-бап) болып бөлінеді. Басқа жағдайларда, зардаптың әрқилы болып келетіндігін ескеріп, заң шығарушы оның бәрін нақтылап жатпайды, оларды зиян келтіру (142-бап), ірі мөлшер (175-бап), ауыр зардап келтіру (181-бап) және т.б. жалпылама береді. Мұндай жағдайларда зардаптың осы көрсетілген мөлшерін анықтау нақты жағдайларда орындалған фактіге байланысты шешіледі. Қылмыстың қоғамға қауіптілігі қылмыстық ниет және мақсат сияқты оның белгілеріне де байланысты. Мысалы, қылмыстық іс қозғау мақсатымен қылмыс істелді деп көрінеу өтірік хабарлау. Егер мұндай іс-әрекетті пайдақорлық мақсатпен істесе хабарлау әрекеті күшейтілген қылмыс түрі болып табылады. Кейбір реттерде қоғамға қауіпті іс-әрекетті істеген адамның ерекшелігіне де байланысты анықталады. Қайсыбір іс-әрекеттер оны істеген адамның жәбірленушімен ерекше қатынаста болуына байланысты қылмыс деп танылады. Мысалы, айыптының материалдық жөнінен немесе басқа реттен тәуелді адамға қатал қарауы, қудалауы немесе қорлауы салдарынан жәбірленушінің өзін-өзі халіне жеткізілуі (102-бап). Кейде субъектінің ерекше жағдайы қылмыстың қоғамға зияндылығын үдетеді. Мысалы: жауапты мемлекеттік қызметтегі лауазымды адамның пара алуы (311-бап, 3-бөлігі).

Қылмыстық құқық ғылымы қоғамға қауіптіліктің сапалық және сандық жақтарын бөліп қарайды. Қылмыстық кодекстің 52-бабында жаза тағайындаудың жалпы негіздерін анықтай отырып, сот жазаны тағайындауда істелген қылмыстың сипатын және қоғамға қауіптілік дәрежесін есепке алу қажеттілігін көрсетеді. Мұның өзі қылмыстың сипатын қылмыстық сапалық, ал дәрежесін – сандық сипаттамасы деп түсінуді білдіреді. Сипатына қарай қоғамға қауіптілік экономикалық және зорлық қылмыстары, қасақана және абайсыздық, жеке адамға, меншікке қарсы қылмыстар болып бөлінеді. Қоғамға қауіптілік сипаты қылмыстың объектісі бойынша анықталады. Объекттердің тізімі Қылмыстық кодекстің 2-бабында көрсетілген, қылмыстық заңның Ерекше бөлімі топтық объекттердің белгілері бойынша тарауларға бөлінеді. Яғни қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің жүйелері топтық объектілерінің маңыздылығына қарай рет-ретімен орналасқан. Қоғамға қауіптілігінің сипатының тағы бір көрсеткіші келтірілген зиян болып табылады. Материалдық, моральдық зиян күш қолдану, қорқыту арқылы келтіріледі. Келтірілген залалға байланысты қылмыс қоғамға қауіптілік сипатына қарай мүліктік, ұйымдастырушылық, жалпыға қауіпті және зорлықпен жасалатын қылмыстар деп бөлінеді. Қоғамға қауіптілік сипаты одан әрі кінәнің нысандары арқылы анықталады. Қасақаналықпен жасалатын қылмыстардың абайсыздықпен істелетін қылмыстарға қарағанда қоғамға қауіптілік сипаты едәуір ауыр. Мысалы, кісіні ауырлататын жағдайларда қасақана өлтіргені үшін 10 жылдан 20 жлыға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не мүлкін тәркілеу арқылы не онсыз өмір бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады (96-баптың 2-бөлімі), ал абайсызда кісі өлтіру (101-бап) үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немес сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Кінәнің нысанын анықтау қылмыстың қоғамға қауіптілігінің сипатын осылай белгілеуде маңызды роль атқарады. Қылмыстың қоғамға қауіптілігінің сандық жағын анықтағанда көптеген факторларды еске алу керек. Мұндай реттерде келтірілген зардаптың ауырлығын (аса көп мөлшерде немесе едәуір мөлшерде) қылмыстық істің ерекшеліктеріне (аяқталған немесе аяқталмаған қылмыс) қылмысты жеке немесе бірлесіп қатысып істеу, қылмыс істелгенде қандай әдістің қолданылғаны, кінәнің сипатын, қылмыстың субъектісінің ерекшелігіне, іс-әрекеттің істелу уақытына, жағдайына баса назар аудару керек. Мысалы, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру қасақана денсаулыққа орташа ауырлықтағы немесе жеңіл дәрежедегі зиян келтіруден қоғамға қауіптілік дәрежесі едәуір жоғары. Қарақшылықтың (179-2) ұрлықтан (175-бап) дәрежесі жағынан қоғамға қауіптілігі жоғары. Өйткені шабуыл жасап, тонағанда бөтеннің мүлкін иемдену мақсатымен қауіпті тәсіл шабуылға ұшыраған адамның өміріне немесе денсаулығына күш жұмсаумен ұштастырылады.

Қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесі қылмыстық заңда көрсетілген санкция бойынша да анықталады. Мәні жөнінен екі қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесін анықтау, сол қылмыста берілген белгіленген санкцияларды салыстыру керек. Ауырырақ жаза қарастырылған қылмыс түрінің қоғамға қауіптілік дәрежесі де жоғары болып келеді. Қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесі бойынша қоғамға қауіптілік сипаты бірдей қылмыстарды бір-бірінен ажыратуға болады.

Қылмыстың тағы бір белгісі кінә болып табылады. Яғни бұл жерде заң қорғайтын объекттерге әрекет немесе әрекетсіздік арқылы кінәлі түрде қасақаналық немесе абайсыздықпен қол сұғушылық туралы әңгіме болып отыр.

Қылмыстық жауапқа және жазаға тек қана қылмыс істегені үшін, яғни қылмыстық заңда көрсетілген қоғамға қауіпті іс-әрекетті қасақана немесе абайсыздықпен жасаған адам тартылады. Кінәсіз қылмыстық жауаптылық туралы сөз болуы мүмкін емес. Кінәнің нысандары қылмыстық заңда қасақаналылық (тікелей немесе жанама), абайсыздық (менменділік немесе немқұрайдылық) болып түрлерге бөлінеді. Тікелей немесе жанама ниетпен жасалған әрекет қасақана жасалған қылмыс деп танылады.

Егер адам өз іс-әрекетінің (әрекетсіздігінің) қоғамға қауіпті екенін ұғынып, оның қоғамдық қауіпті зардаптары болуының мүмкін екенін немесе болмай қоймайтынын алдына ала білсе және осы зардаптардың болуын тілесе, қылмыс тікелей ниетпен жасалған қылмыс деп танылады.

Егер адам өз іс-әрекетінің (әрекетсіздігінің) қоғамға қауіпті екенін ұғынып, оның қоғамдық қауіпті зардаптары болуы мүмкін екенін алдын ала білсе, осы зардаптарыдң болуын тілемесе де оған саналы түрде жол берсе, не бұған немқұрайды қараса, қылмыс жанама ниетпен жасалған деп танылады (20-бап).

Менмендікпен немесе немқұрайдылықпен жасалған әрекет абайсызда жасалған қылмыс деп танылады.

Егер адам өз іс-әрекетінің (әрекетсіздігінің) қоғамға қауіп туғызуы мүмкін екенін алдын ала білсе, бірақ бұл зардаптарды жеткілікті негіздерсіз жеңілтектікпен болғызбау мүмкіндігіне сенсе, қылмыс менмендікпен жасалған қылмыс деп танылады.

Егер адам қажетті ұқыптылық пен сақтық болғанда ол зардаптарды болжап білуге тиіс және божап біле алатын бола тұра өз іс-әрекетінің (әрекетсіздігінің) қоғамдық қауіпті зардаптарының болуы мүмкін екенін болжап білмесе, қылмыс немқұрайдылықпен жасалған қылмыс деп танылады(21-бап).

Қылмыстың зардабы қаншалықта ауыр болғанына қарамастан, егер оны істеген адамның іс-әрекетінде кінәнің белгілі бір түрі болмаса, ол қылмыстық жауапқа да, жазаға да тартылмайды.

Кінәсіз қылмыс та, жаза да жоқ.

Қылмыстың тағы бір міндетті белгілерінің бірі қылмыстық жолмен жазаланушылық болып табылады. Өйткені, қылмыс дегеннің өзі, қылмыстық заң жазамен қорқытып тыйым салған әрекет немесе әрекетсіздік болып табылады. Мұның өзі қылмыс құрамы туралы сипаттама басқадай құқылық актілерде емес, тек қылмыс заңда ғана көрсетілетіндігін және осы іс-әрекет үшін қылмыстық заңның санкциясында жазалау қатері қарастырылатынын көрсетеді. Бұл жерде нақты істелген қылмыс үшін қолданылатын жаза мен қылмыстық құқық нормасының санкциясында көрсетілген жазалау қатері, жазалау мүмкіндігі туралы түсініктерді шатастыруға болмайды. Жазалау қатерімен қорқытып тыйым салу қылмыстың белгісі болып табылады. Нақты қылмыс істеген адамға жаза тағайындамау немесе оны қылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан босатып, оған қоғамдық ықпал ету шараларын қолданғанда, оның іс-әрекеті қылмыс қатарынан шығып қалмайды. Өйткені, жазалаушылық қылмыстың белгісі ретінде істелген әрбір қылмыс үшін жаза тағайындалу мүмкін екендігін, сол себепті қылмыс заңға қайшы іс-әрекеттерді істеуге жазалау қатері тыйым салады. Нақты өмірде қылмыс істелгенімен, егер ол ашылмай қалса оған жаза тағайындалмай қалады. Кейде қылмыс ашылғанмен, сот ондай қылмысқа заңда белгіленген негіздермен жаза тағайындауды қолданбауыда мүмкін. Демек, қылмысты жазалау қатерімен тыйым салу қылмыстың белгісі, ал жаза тағайындау немесе тағайындамау іс-әрекеттің зардабының көрінісі болып табылады.

Информация о работе Жаза