Автор: Пользователь скрыл имя, 09 Октября 2011 в 12:30, статья
Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанына 20 жыл болады. Осы егемендік алған аздаған уақыттың өзінде біздің еліміз құқықтық реформа саласында басқа ТМД елдерінен көш ілгері кетті. Соның ішінде сот төрелігі мен билігі, сот жүйесі, судьялардың мәртебесін анықтауда қыруар іс тындырылды
Сот
төрелігі мен билігі,
сот жүйесі, судьялардың
мәртебесін анықтауда
қыруар іс тындырылды
3 Тамыз 2011
Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанына 20 жыл болады. Осы егемендік алған аздаған уақыттың өзінде біздің еліміз құқықтық реформа саласында басқа ТМД елдерінен көш ілгері кетті. Соның ішінде сот төрелігі мен билігі, сот жүйесі, судьялардың мәртебесін анықтауда қыруар іс тындырылды. Осы үрдісте 2000 жылы 25 желтоқсанда «Қазақстан Республикасындағы сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» конституциялық заң қабылданды. Қабылданғанына былтыр 10 жыл толған осы заңға орай бүгін біз судьялардың мәртебесіне дербес тоқталып отырмыз.
«Қазақстан Республикасындағы сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» конституциялық заңның екінші бөлімі, яғни, 23-тен 55-ші баптар судьялардың мәртебесіне арналған. Ең алдымен олардың құқықтық жағдайы заңмен анықталған. Екіншіден, республика аймағында барлық соттардың судьялары мәртебесі жағынан бірдей, олар тек атқаратын өкілеттігіне байланысты ғана бір-бірінен өзгеше. Судьяларға Конституцияда және аталмыш конституциялық заңға сәйкес сот төрелігін атқару үшін өкілеттіліктер берілген, олар өз қызметтерін тұрақты негізден атқарып, сот билігін атқарушы болып табылады. Оларға заңда көрсетілмеген соттан тыс қызмет пен міндет жүктелмейді. Мемлекеттік құрылымның құрамына енгізілмейді. Үшіншіден, судьялар Конституцияға және арнаулы заңға сәйкес лауазымға сайланып немесе тағайындалып, оларға тұрақты негізде өкілеттік беріледі. Судьялардың өкілеттігі тек қана осы конституциялық заңда көрсетілген негіздерде ғана тоқталуы немесе іркілуі мүмкін.
Төртіншіден, судьялардың тәуелсіздігі Конституциямен және заңмен қорғалады. Ол сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз, тек қана Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарға ғана бағынады. Сот төрелігін атқару жөніндегі соттың қызметіне қандай да болмасын араласуға жол берілмейді. Және ол заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады. Судьялар өзі қараған немесе қарап жатқан іс бойынша қандайда бір түсінік беруге міндетті емес. Ешкімнің де сот төрелігін атқаруға араласуына және судьяға ықпал етуге құқы жоқ. Ал конституциялық заңда судьялар тәуелсіздігінің кепілдіктері нақты көрсетіліп, бекітілген. Атап айтқанда, олардың сот төрелігін атқару кезінде қызметіне бөгет жасағаны немесе араласқаны және сот пен судьяға құрмет көрсетпегені үшін заңда көрсетілген жауапкершілікке тартылады. Судьялар дербес құқылы. Оларды қызметке тағайындау мен өкілеттігін тоқтату жайы, судьяның отставкаға шығу құқы еліміздің Ата заңында және конституциялық заңда белгіленген. Судьялар мен олардың отбасы мүшелері мемлекеттің қорғауында болады. Олардан тиісті өтініш түскен жағдайда ішкі істер органдары судьяның және оның отбасы мүшелеріне қатысты қауіпсіздігі, әрі олардың мүлкінің сақталуын қамтамасыз етуге байланысты дер кезінде және тиянақты шара қолдануға міндетті.
Бесіншіден, сот судьялары дербес құқылы. Қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған жағдайда болмаса судьяны тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен белгіленген әкімшілік жазалау шараларын қолдануға болмайды. Судьяларды республика Жоғарғы соты Кеңесінің қорытындысына негізделген Қазақстан Республикасы Президентінің келісімінсіз қылмыстық жауапкершілікке тартуға болмайды. Оларға қатысты қылмыстық істі тек қана Қазақстан Республикасының бас прокуроры қозғай алады. Ал судьяларға байланысты арнаулы шұғыл-іздестіру шараларын тек прокурордың рұқсатымен іске асыруға болады.
Біз әңгіме етіп отырған «Қазақстан Республикасындағы сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» конституциялық заңның 29-30 баптарында судьяларды іріктеп алу, кандидаттарға қойылатын талаптар ашып көрсетілген. Үміткерлерді іріктеу барысында олардың шыққан тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, ұлтына, жынысына, саяси көзқарасына, діни сеніміне және басқадай жағдайларына қарамастан, судья лауазымына тағайындалуға бірдей құқық беріледі. Мысалы, аудандық соттың судьясы болып 25 жасқа толған, жоғары заңгерлік білімі бар, заң саласында кемінде екі жыл қызмет істеген, біліктілік сынағын ойдағыдай тапсырған немесе мамандандырылған магистратурада оқыған, сотта тәжірибеден өткен, жақсы пікір алған еліміздің кез келген азаматы тағайындала алады. Ал облыстық соттың судьясы болу үшін кемінде 15 жыл заң саласында қызмет жасап, соның кемінде 5 жылын судья болып істеуі керек. Жоғарғы соттың судьясына өту үшін заң саласында кемінде 20 жыл немесе судья болып кемінде 10 жыл қызмет істеуі қажет. Сонымен қатар, судья қызметіне алғаш рет кіріскен адам салтанатты жағдайда ант береді.
Аталмыш заңда судьялардың зейнетақымен қамтамасыз етілуі, материалдық жайы нақты көрсетілген. Олардың құрметті демалысқа шығуы Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамтамасыз ету заңында көрсетілген жағдайларға сәйкес жүзеге асырылады. Мұның сыртында судьялар үшін республикалық бюджет есебінен қосымша міндетті зейнетақы жарнасы белгіленген. Зейнетке шыққан судьялардың басқадай мемлекеттік қызметшілерден артықшылығы – олардың отставкаға шығуы. Яғни, олардың жай ғана зейнеткер емес, отставкадағы судья деп аталуы - біз сөз етіп отырған, мәртебенің бір көрінісі. Ал отставкаға кеткен судья атағын сақтап қалумен бірге, өзінің дербес құқығына кепілдік алады. Сонымен қатар, отставкаға шыққан кезде оған бір мезгілде өтемақы төленеді. Оның мөлшері қызмет өтіліне байланысты.
Міне, қабылданғанына 10 жыл болған судьялардың мәртебесі туралы заң бойынша оларға осындай жеңілдіктер мен артықшылықтар берілген. Судьялар алаңсыз жұмыс істеп, ешкімге тәуелді болмауы үшін бүгінгі күнде олар Қазақстандағы ең жоғары жалақы алатын қызметшілердің қатарында. Осының барлығы олардың мәртебесін көтеріп, әділ, бұлтартпайтын тура үкім шығаруына, тек қана Конституция мен заңдарға бағынуына мүмкіндік береді деп ойлаймыз.
Әрине, судьяларға жағдай жасау, әлеуметтік және материалдық қамтамасыз ету тіптен кемшіліксіз деп айта алмаймыз. Өркениетті мемлекеттерде бұған қатысты жағымды мысалдар жеткілікті. Біздің ойымызша, әсіресе, судьяларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін әлі де нақтылай түсу керек тәрізді.
Қорыта айтқанда, 2000 жылы 25 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» конституциялық заңда сот төрелігін әділ де тура атқару үшін судьялар мәртебесі заң жүзінде жеткілікті айқындалған. Бұл олардың заң талаптарын бұлжытпай орындауына мүмкіндік береді.