XVIIII ғасырдағы Батыс Еуропа өнері

Автор: Пользователь скрыл имя, 02 Ноября 2012 в 18:01, реферат

Описание работы

XVIII және XIX ғасырлар аралығындағы саяси-әлеуметтік даму нәтижесінде көрермендер молайды. XIX ғасырдың бірінші жартысында гуманистік мұрат пен утопиялық арманды паш еткен романтикалық театрда буржуазиялық тәртіпке қарсы қоғамдық наразылық білдіру, үстем тап өкілдеріне сыншылдықпен қарау мәселелері өз шешімін тапты. Романтизм туы астында драмада заманауи театрдың қоғамдық жасампаздығы, халықтық және ұлттық қасиеті үшін, сондай-ақ эпигондық классицизмге қарсы күрес өрістеді. Романтикалық драма мен театр ұлттық тарихқа, фольклорға, халық эпосына назар аударып, халықтың ұлттық сана-сезімінінің оянуын, өсуін бейнелеп көрсетті. Романтикалық қозғалыс барысында театрдың реалистік негізі зор қарқынмен дами бастады. Романтизм театр өнерінде 1810—1840 жылдары қалыптасты.

Работа содержит 1 файл

19 ғасырдағы Батыс Еуропа театр өнері2.doc

— 718.00 Кб (Скачать)

19 ғасырдағы  Батыс Еуропа театр өнері

 Тетр "Одеон"

XVIII және XIX ғасырлар аралығындағы  саяси-әлеуметтік даму нәтижесінде  көрермендер молайды. XIX ғасырдың  бірінші жартысында гуманистік  мұрат пен утопиялық арманды  паш еткен романтикалық театрда  буржуазиялық тәртіпке қарсы қоғамдық наразылық білдіру, үстем тап өкілдеріне сыншылдықпен қарау мәселелері өз шешімін тапты. Романтизм туы астында драмада заманауи театрдың қоғамдық жасампаздығы, халықтық және ұлттық қасиеті үшін, сондай-ақ эпигондық классицизмге қарсы күрес өрістеді. Романтикалық драма мен театр ұлттық тарихқа, фольклорға, халық эпосына назар аударып, халықтың ұлттық сана-сезімінінің оянуын, өсуін бейнелеп көрсетті. Романтикалық қозғалыс барысында театрдың реалистік негізі зор қарқынмен дами бастады. Романтизм театр өнерінде 1810—1840 жылдары қалыптасты. Дүниедегі әділетсіздік атаулыға қарсы болу, терең гуманизм — бұл актерлерді бір идеяға жұмылдырды. Романтизм кезінде театр эстетикасының негізі — актерлік қиял мен сезімге құрылды. "Табиғат құшағында болу" сынды классицизмдік қағидаға қарсы шыққан романтизм актерлері өз назарларын адам өмірінің ішкі қайшылықтарын бейнелеуге аударды. Қоғамдық пафос, шындыққа деген құштарлық, айқын мақсат — актерді буырқанған эмоция мен айқын драмалык экспрессияға, екпінді қимылға жетеледі. Алайда романтикалық өміртанымы, шығармашылық субьективизм қауіпін өрбітті. Романтикалық театр тұңғыш рет актерлік өнердің негізі болып табылатын сахналық толғанысты туғызды.

 

Пантомима

XIX ғасырдың бірінші  жартысында Франция театр репертуарынан мелодрамалар және романтикалық тарихи драмалар мол орын алды. XIX ғасырдың 20-жылдары Францияда романтизм ең ықпалды ағым ретінде қалыптасты. Романтизм мен классицизм арасындағы күрес, көбінесе әдеби қақпайласу арқылы өтті. Оған мысал ретінде Стендальдің "Расин және Шекспир", Гюгоның өзінің "Кромвель" драмасына кіріспесін келтіруге болады. Француз театрларының сахнасына романтикалық драма кіре бастады. Бірақ оның сахнада орнығуына мелодрама көп септігін тигізді.Ірі драматург-романтик әрі романтикалық театрдың теоретигі Виктор Гюго (1802—1885) болды. Ол шығармашылық жолын 1827 жылы "Кромвелъ" атты романтикалық драмадан бастады. Гюгоның сахнаны көрген бірінші романтикалық драмасы "Эрнани” болды. Бұл драма 1830 жылдың басында "Комеди Франсез" театрында қойылды. "Эрнани" қойылымы Париждің ең жақсы театрында берілуі романтизмнің ірі жеңісі болды. Ол француз сахнасында романтикалық драманың орныққанын дәлелдегендей болды. 1830 жылғы Июль революциясынан кейін романтизм жетекші театр бағыты болып калыптасады. Осыдан кейін Гюго: "Король көңіл көтереді" (1832), "Мария Тюдор" (1833), "Рюи Блаз" (1838) пьесаларын жазып, үлкен табысқа ие болды.Романтикалық драма үшін күрестегі Гюгоның ең жақын әріптесі атақты үш ноян туралы трилогияның, "Граф Монте-Кристо" және басқа да аты шулы шығармалардың авторы Александр Дюма (әке; 1802—1870) болды. 1847 жылы «Королева Марго» спектаклімен Дюма "Тарихи театрын" ашады. Ол 1849 жылы жабылғанымен Париждің бульварлық театр тарихында үлкен орын алды.

  Александр Дюма

Романтикалық драматургияның басқа да өкілдері: Альфред де Виньи, Альфред де Мюссе, Проспер Мериме, Эжен Скриб, Оноре де Бальзак шығармаларын көрерменге ұсынды. Бұл шығармаларда зұлымдық пен жауыздықтың иелері, әдетте, қолында билігі бар, бай, үстем тап өкілдері болып келеді. Ал адамгершілік пен ізгілік мәселелері бұл жанрлардың әлеуметтік бағытын айқындай түсті. Сезім табиғилығы мен психологизм, контрасқа құрылған сахналық ойын жүйелері, қоғамдағы келеңсіздіктерді әшкерелеу пафосы мен жарқын демократиялыққа ұмтылу романтик актерлер өнерінің ерекшелік сипаттарын айқындап берді. Мұндай сипаттар Пьер Бокаж, Мари Дорваль мен Фредерик-Леметр, т.б. актерлер шығармашылығынан толық көрініс тапты. Сахнада өмірдің ұнамсыз жайлары үлкен әлеуметтік тұрғыда қорытылып, өткір әжуалық мінез, кейіпкер жасау шеберлігі қалыптасты. Дүниежүзілік театрда романтизм дәстүрі кейінгі жылдары да үзілген жоқ, қайта ол реализммен сабақтасып, жарыса дамып отырды. Тіпті осы заманғы театрда да, ол өзіндік бояу-сипатын тапты.

 

 Оноре де Бальзак

Алдымен ағартушы классицизм дәуірі, одан кейін романтизм театры ықпалымен қалыптаса бастаған реализм XIX ғ. ортасында зор қарқынмен дами бастады. XIX ғ. театрында реализмнің қалыптасуы кейіпкер бейнесін жан-жақты, нанымды жасауға бағытталған актер шығармашылығындағы әдісті өзгертумен бірге, сахнадағы әлеуметтік нақтылы - тарихи жағдайларды көрсету барысына бетбұрыс жасады. Осыдан келіп театрдың барлық компоненттерін — сахна кеңістігі, декорация, түс пен жарық, дыбыс партитурасын дәл ұйымдастыру сияқты ансамбль қажеттігі туды. Бұл құбылыс XIX ғ. екінші жартысы мен XX ғ. басында режиссерлік өнердің театрда аса маңызды және арнайы элемент болып қалыптасуына ықпал жасады.

1 Сара Бернар (1844—1923).

2 Эдмунд Кин(1787—1833).

3 Элеонора Дузе (1858—1924).

Сара Бернар (1844—1923).

 

 Сара Бернар

XIX ғ. аяғы мен XX ғ.  басындағы француз театрының  ең танымал актрисасы Сара  Бернар болды. Ол Париж консерваториясын  бітіргеннен кейін 1862 жылы Расиннің "Авлидадағы Ифигения" трагедиясындағы  Ифигения рөлімен алғаш рет  "Комеди Франсез" театрының сахнасына шығады. Бірақ дебюті сәтсіз аяқталғандықтан, Сара Бернар театрдан кетуге мәжбүр болады. 1862—1972 жылдары Бернар "Жимназ", "Порт-Сен-Мартен" және "Одеон" театрларында жұмыс істеді. 1872 жылы ол "Комеди Франсезге" қайтып келіп, онда 1880 жылға дейін ойнайды. "Комеди Франсезді" екінші рет тастаған Сара Бернар өзінің театрын құруға тырысып, "Порт-Сен-Мартен", кейін "Ренессанс" театрларының басында тұрады. Тек 1898 жылы ол өз театрын — "Сара Бернар" театрын ашады. "Комеди Франсез" театрында Бернар Расин мен Вольтер трагедияларындағы кейіпкерлерді үлкен табыспен орындады. Сонымен қатар В.Гюгоның "Эрнани" драмасындағы донья Соль, "Рюи Блазда" ханшайым рөлдері де табыс әкелді. Бірақ "француз театрының бірінші актрисасы" деген атақты оған қазіргі заман тақырыбына жазылған репертуар әкелді.Бернардың аса көрнекті рөлдерінің бірі А.Дюма баласының "Гул таққан келіншек" драмасындағы Маргарита Готье еді. Сонымен бірге Бернар ер адамдар рөлдерінде де сахнаға шыққан. Олар: Коппенің "Жолаушысындағы" Зането, Мюссенің "Лорензаччосындағы" Лорензаччо, Ростаның "Бүркіт балапанындағы" герцог Рейхштадтский, т.б. Бұлардың ішінде Гамлет рөлі де болды. Оның Гамлеті Шекспир бейнесін ашуда үлкен табысқа жетпегенімен, актрисаның "мәңгілік жастығын" және актерлік техниканы үздік меңгергендігін көрсетуге мүмкіндік берді. Сара Бернардың 53 жасында орындаған Гамлеті өте жас әрі әдемі, нәзік болып шықты. Актрисаның дарындылығы, шеберлігі әрі даңқы драматургтерді оған арнап пьеса жазуға ынталандырды. 90-жылдары Ростан Бернарға арнап хан қызы Мелиссинда ("Хан қызы Греза"), герцог Рейхштадтскийдің ("Бүркіт балапаны") рөлдерін жазды. Сардудың "Клеопатра", "Федра" сияқты пьесаларында Бернар антикалық және ортағасырлық ханшаларды замандас Париж әйелінің психологиялық мінезімен көрсеткен. Бұл қойылымдардың табысына костюм мен декорациялардың әдемілігі мен экзотикалық салтанаттылығы үлкен көмегін тигізді.Сара Бернардың шығармашылығы: актер өнері тарихында актер шеберлігі, шынайы артистизмнің биік үлгісі ретінде калды.

 

 1802 жылғы Друри-Лейн интерьеры

"Друри-Лейнде" әдеби  драмалар қойылса, "кіші театрлар" пантомима, опера, мелодрама, фарс, т.б. секілді драмалық жанрларды  қоюға мәжбүр болды. 1834 жылы театр  монополиясы жойылуы, театрларға  күткен бостандықты әкелген жоқ.  Цензура әлі де қоғамдық сұрақтарды сахнаға шығаруға тыйым салды. Цензураның арқасында театр Байрон мен Шелли, Диккенс пен Теккерей шығармашылығынан алшақтады. Өз заманының негізгі идеяларын жеткізе алмауы ағылшын театрының жағдайын қиындатты. Ғасырдың ортасында "Ковент- Гарден" мен "Друри-Лейн" театрлары өз ғимараттарын цирк ойындарын, жаттыққан аңдарды, әтештер соғысын, т.б. көрсетуге жалға беруге дейін барды. Ақыры қаржылық күйреуге ұшырауына байланысты "Ковент-Гарден" 1850 жылы драмалық театр ретінде өмір сүруін доғарады. Осындай жағдайға ұшырамау үшін "Друри-Лейн" провинциялардан Эдмунд Кинді шақыртады.

 

 Эдмунд Кин(1787—1833).

Ағылшынның сахналық романтизмінің көрнекті өкілі. Кин  актер отбасында туып, ерте жетім  қалды. 12 жасында кезбе актер болған. 14 жасынан провинциялық театрларда ойнап, актерлік өнерімен көпшілікке кеңінен  танылды. "Атақты актер болу үшін не істеу керек?", — деп сұрағанда, Кин: "Аш болу керек", — деп жауап берген. 1814 жылы тұңғыш рет Лондондағы "Друри-Лейн " театрында Шейлоктың рөлін (Шекспирдің "Венециан көпесінде") орындағаннан кейін, оның есімі Англияның үздік трагедиялық актері ретінде белгілі болды. Кин Шейлокты ағылшын сахнасындағы дәстүрлі қатыгез жауыз Шейлок ретінде бейнелеуден бас тартып, оның адамгершілігін көрсетеді. Киннің эмоциялық күшінің үлкен болғандығы сондай, бірінші спектаклінен кейін-ақ ол Англияның ұлы актері деп аталды. 1814—1816 жылдары Кин өзін трагедиялық актер ретінде танымал қылған

Шекспир трагедияларындағы  ең үздік рөлдерін ойнады (III Ричард; Гамлет, Отелло, Король Лир, Макбет, Яго). Киннің сүйіп ойнайтын рөлдері —  Гамлет пен Отелло болды. Оның романтикалық кейіпкерлері қатты мінездерімен ерекшеленеді. Киннің сахналық бейнелері өмірден жоғары тұрады. Үлкен сахналық қызулық, алғыр ақыл және байқағыштық, сезімталдық, үздік актерлік шеберлікпен ұшталған сыртқы бейне секілді қасиеттері — Киннің сахналық дарынының ерекшеліктері. Гастрольдік сапармен АҚШ-қа барып келгеннен кейін (1825—1826) сахналық өнерден қол үзді. Ол көп жұмыс істеген — білімінің кем-кетігін толтыру үшін көп оқыған, спортпен шұғылданған, Ұлыбританияның үздік фехтовальщиктерінің бірі болып саналған. Дауыс ырғағымен жұмыс істеп, әр қимыл-қозғалысын айна алдында жүргізген.1833 жылдың 25 наурызында Кин соңғы рет сахнаға шықты. Ол өзінің сүйікті рөлі - Отеллоны ойнау үстінде еді. "Отелло еңбегі бітті" деген сөзінен кейін актер есінен танып құлап түседі, үш аптадан кейін ол қайтыс болады. Ішкі драматизмге толы, қысқа да нұсқалы өмір сүрген ұлы актер, романтик Эдмунд Кин дүниежүзілік сахна өнерінде өшпес із қалдырды. Тарихи дәлдікке ұмтылыс Ұлыбританиядағы Чарльз Киннің спектакльдерінде ерекше аңғарылды. Типтік характерлерді типтік жағдайларда алып бейнелеу реалистік драма мен актерлік өнердің әдістемелік негізіне айналды. Режиссураның өрістеп-өркендеуі сахнада өмірдің тұтас көрінісін жасауды, өткен оқиғалардың тарихи дәлдігін сақтауды, қаһармандык мінез кейіпкері мен өмір кешкен ортасын шынайы бейнелеуді талап ететін реализм ағымының даму жолымен тығыз байланысты.XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың бас кезінде Ұлыбританияда орындаушылық өнердің асқақ та салтанатты, өршіл сипатқа толы жаңа орындау стилі (көрнекті өкілдері Джордж Кембл мен оның қарындасы С.Сиддонс) қалыптасты. XIX ғ. театр ғимараттарының жаңа түрлері және декорация мен айналмалы сахна пайда болып, сахнаға жарық беру құралдары жақсарды. XIX ғ. екінші жартысында актер әрі режиссер Генри Ирвинг (сахналық әріптесі Эллен Терри болған) "Лицеум" театрын ұйымдастырды. Ол мұнда Шекспир пьесалары бойынша монументті спектакльдер қойып, Ч.Кин ұстанымдарын дамытты. Бұл театрда сентиментальды мещандық пьесалар да койылып отырды. Ирвинг пен Терри ойындарында актерлік шеберлік жоғары болуына қарамастан, олардың қойылымдарында қоғамдық мәселелер түбегейлі шешімін таппады. Жартылай кәсіби және әуесқойлар үйірмелері жұртшылық талабына сай өткір мәселелі драматургияны қоюға талап жасады. Дж. Грейн 1891 жылы Лондонда "Тәуелсіз театр" ұйымдастырды. Бұдан кейін "Жаңа ғасыр театры", "Әдеби театр қоғамы", "ОлдВик" шаңырақ көтерді. Репертуардағы тың туындылар мен жаңа драмаға тән реалистік және натуралистік тенденцияны айқындай түсетін орындаушылық стильдің қалыптасуы — аталмыш театрлардың негізгі жетістігі болып табылды.XIX ғасырдағы Италияның театр өмірі XVIII ғасырда қалыптасқан түр-сипатынан әлі арылмаған еді. Көбінесе опера көрсететін сарай театрларымен қатар, көшпелі труппалар ойын көрсететін қала театрлары да болды. Репертуарларында көбіне комедиялар болды. Олардың ішінде Карло Гольдонидің пьесалары ерекше орын алды. XVIII ғ. аяғында италия трагедияларына ағартушылық идеялар ене бастайды. Жаңа классикалық трагедия жасаушылардың бірі Витторио Альфьери (1749—1803) болды.

 

 Витторио Альфьери

Итальяндық романтизм  ұлт-азаттық қозғалыспен тығыз  байланыста болды. Оның көсемдерінің бірі, атақты қоғам және саясат қайраткерлері  С.Пеллико (1789—1854) болды. Оның "Франческа  да Римини" атты трагедиясы бірінші  рет 1815 жылы Милан театрында қойылып, көптеген онжылдықтар бойы итальян сахнасынан түспеді.Италиядағы романтикалық драманың қалыптасуына A.Moндзонидің (1785—1873) шығармашылығы үлкен ықпал етті. Оның "Граф Карманьола" және "Адельгиз" трагедияларының жарық көруі романтикалық драманыћ жеңісін паш еткендей болды. Революцияшыл-романтикалық драматургия Италияның жаңа актерлік өнер мектебін дамытуға жағдай жасады. Осы мектептің негізін 1830—1840 жылдардағы революциялық оқиғаға қатысушы актер Г.Модена салды. Оның артиcтік және қоғамдық ой-арманын шәкірттері Аделандо Ристори, Эрнесто Росси, Томмазо Сальвини ілгері дамыта отырып, іске асырды. Реалистік тенденциялар Росси, Сальвини шығармашылығынан ерекше бой көрсетті. Олар сахналық ойындарында қаһармандықты сезім шындығымен шебер шендестіруге ден койды. Осы кездегі актерлік өнер Италия театрының шыңы болып есептелді де, өз жетістіктерімен еуропалық мәдениетті байытты. 1870 жылдан кейін мелодрама, тұрмыс-салт тақырыбындағы жеңіл комедиялар театр репертуарында алдыңғы орын алды. Актерлер буржуазиялық-мещандық пьесаларда ойнаумен ғана шектелді.Италияда тұрақты драма театрлары болмады, өкімет басшылары ұлттық театр өнерінің дамуына көңіл бөлмеді. Жекелеген актерлердің өнері Италия театрының жалпы хал-жағдайын айқындай алмады. Актерлік өнердегі италия натурализмінің жаркын өкілі Э.Цаккони болды. Трагедиялық актер ЭНовеллидің есімі кеңінен танылды. Үздік сахна шебері Э.Дузе Т.Сальвинидің сахналық дәстүрін ілгері дамытты. Реалистік бағыттағы ұлттық тіл ерекшелігін ұстанған актерлер А.Петито, Э.Скарпетта, Дж.Грассо болды.

Элеонора Дузе (1858—1924).

 Ұлы трагедиялық  актриса Элеонора Дузенің есімімен  актерлік өнердің дамуындағы  жаңа кезең басталады. Дузенің  әке-шешесі көшпелі театр актерлері  болды. Ол төрт жасында В.Гюгоның  "Жапа шеккендер" романы  бойынша қойылған спектакльде Козеттаны, ал он бес жасында өзінің бірінші үлкен рөлі — Шекспирдің "Ромео және Джулъеттасындағы" Джульеттаны орындады. Бұдан кейін ол әр түрлі рөлдерді бірінен соң бірін ойнады. 80-жылдардың аяғында актриса шетелдік сапарларға арналған өзінің жеке меншік труппасын құрады. 1909 жылы сол кездегі театр өнеріне көңілі қалған Дузе сахнадан кетеді. Бірақ терең ойлы және жоғары көркемдік шындықты паш ететін театр ашуды армандаған ол 1921 жылы актерлік жұмысқа қайта оралады. 1924 жылы жекеменшік театр ашуға ақша жинау үшін Америкаға гастрольге барған Дузе сол жақта қатты ауырып, қайтыс болады. Өзінің тілегі бойынша Элеонора Дузе туған жері Италияда жерленген.Дузенің ең сүйікті драматургі Ибсен болды. Ибсен репертуарында ол фру Алвинг, Нора, Гедда Габлер, Ребекка Вест, т.б. бейнелерін жасады. Ибсен кейіпкерлерінің ішкі қайшылықтары мен жан дүниесі Дузеге жақын болды. Оларды сахнада сомдау, ол үшін шығармашылық қажеттілік пен үлкен қанағатпен ұштасты. Актрисаның дауыс ырғағының байлығы, мимика айқындығы, әсіресе қолының пластикасы таң қалдырмай қоймайтын. Адамның жан дүниесін толық ашу максатымен Дузе гримнен бас тартты.Дузе А.Н.Островскийдің "Найзавайындагы" Катеринаны, Л.Н.Толстойдың "Қараңеылық патшалығындағы" Матренаны орындауды армандады. 1905 жылы Париждің "Шығармашылық" ("Творчество") театрында режиссер Люнье-По қойған М.Горькийдің "Шыңырау түбінде" пьесасындағы Василиса рөлін орындады.Дузе Сара Бернардың замандасы болды да, екеуі де бір репертуарды орындады. Сондықтан да сол кездегі театр әдебиетінде екі актрисаның өнерін салыстыру байқалады. Шындыққа, адамгершілікке толы италиялық актрисаның керемет ойыны техникасы жағынан шыңдалған, бірақ суық тартып тұратын Сара Бернардың шеберлігінен бір елі асып тұрды.Актрисаның сол кездегі репертуарындағы ең жақсы рөлі — Александр Дюманың "Гүл таққан келіншек" драмасындағы Маргарита Готье рөлі болды. Ибсен бейнелерінің ішінде Элеонора Дузенің ең танымалы "Қуыршақ үйдегі" Нора болды. Элеонора Дузе өз заманының трагедиялық лебін жеткізе алған ұлы актриса ретінде театр тарихында қалды.


Информация о работе XVIIII ғасырдағы Батыс Еуропа өнері