Ұлттық тарбие

Автор: Пользователь скрыл имя, 28 Февраля 2013 в 10:13, доклад

Описание работы

Әлемдік тәжірибеде мойындалған бір ақиқат бар. Ол – ел болудың биік мағыналы ұғым екені. Оның іргетасы – мемлекет, анығырағы ұлттық мемлекет. Әділіне көшсек, тек мемлекет құрған ел ғана әлемдік көшке ілесе алады, өзіндік келбеті бар өркениет жасай алады, өз кезегінде өркениет жасай алған ел ғана басқа өркениетті елдермен терезесі теңесе алады. Олай болса, еліміздің тап бүгінгі болмысы мен әлемдік кеңістіктен өз орнын табуға ұмтылысын мемлекетшілдік бастаулары деп айтуға толық негіз бар.

Работа содержит 1 файл

ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ ЖӘНЕ ЖАҺАНДАНУ.docx

— 27.76 Кб (Скачать)

ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ ЖӘНЕ ЖАҺАНДАНУ

 

Әлемдік тәжірибеде мойындалған бір  ақиқат бар. Ол – ел болудың биік мағыналы ұғым екені. Оның іргетасы – мемлекет, анығырағы ұлттық мемлекет. Әділіне көшсек, тек мемлекет құрған ел ғана әлемдік көшке ілесе алады, өзіндік келбеті бар өркениет жасай алады, өз кезегінде өркениет жасай алған ел ғана басқа өркениетті елдермен терезесі теңесе алады. Олай болса, еліміздің тап бүгінгі болмысы мен әлемдік кеңістіктен өз орнын табуға ұмтылысын мемлекетшілдік бастаулары деп айтуға толық негіз бар. Ресейге отар ел болып тұрғанымызда “туған ұлт”, “ұлттық”, “ұлтшылдық”, “ұлттық идея”, “ұлттық мүдде”, “ұлттық тәрбие” мәселесі туралы сөз қозғау мүмкін болмады. Өйткені, бұл жайында сөз қозғау отарлаушы елдің “жасампаз” интернационалистік идеологиясына қарсы шыққандық деп есептелетін.

Орайы келгенде айта кететін нәрсе, жауһар Астанамызда бой көтерген “Қазақ елі” мемориалдық кешенінің  негізгі мазмұн-мағынасы да, міне, осыған саяды. Расында да, осынау киелі атқа ие болған сәулет өнерінің жаңа туындысына зер салып қараған адам, одан еліміздің сан ғасырлық тарихын, ұлтының болашағы жолында қасық қаны мен күш-жігерін аямаған ұлы перзенттерін, халықтың асыл мұратын терең сезініп қана қоймайды, сонымен бірге ұрпақтар байланысын, қазақ елінің кешегісі, бүгінгісі және ертеңгісін айғақтайтын уақыт үндестігінің белгілерін де аңғарар еді. Сондықтан да, бұл ескерткіштің өкшебасар ұрпақты ізгілікке, отансүйгіштікке, елдік биік санаға тәрбиелеуде маңызы аса зор болатынына сеніміміз кәміл. “Қазақ елі” монументі өткен күнді көз алдымызға елестетумен бірге келешек жайлы да ой қозғайды. Мұны монументтің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Қазақстанның халық жазушысы, сенатор Әбіш Кекілбаев орынды атап көрсетті. “Бұл – Ел жолында жүк қалдырмас Ерлікке ескерткіш. Бұл – абзал армандар мен асыл мұраттарға қанат бітіре алатын дарқан Елдікке ескерткіш. Бабалар аманатын орындаған ардақты ұлын аялаған халықтық махаббаттың ескерткіші” деген сенатордың салмақты да салиқалы ой-пікірі біздің де ықылас-пейілімізбен үндесіп жатыр.

Енді ұлттық биік сананы қалай қалыптастырамыз, оны жүзеге асырудың жолдары қандай деген мәселеге келейік. Қазір барлық елдер мен мемлекеттер біркіндікті жаһандану жағдайында өмір сүруге бейімделу үстінде. Негізгі кіндігі еркін таңдау және жеке бастама жасай алатын жеке адам бостандығы идеясына негізделген Батыс өркениеті болып отыр. Соңғы жылдары жаһанданудың бір тетігі ретіндегі батыстану – бұл тек батыстың технологиялық жетістіктерін, экономикалық өндірісті ұйымдастыру тәжірибелері мен ғылыми-техникалық мәдениетін қабылдау ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік реттеудің (адам құқығы, жеке адамның тұлғалық тұрпаты, діни сенімі, ұлттық төзімділік, әдептілік, т.б.) мәдени-өркениеттік қалыптар кешенін де қабылдау екенін түсінген дәстүрлі қоғамды жақтаушылардың табанды қарсылығына тап болуда. Бұл тұрғыда негізгі келіспеушілік өркениеттердің өзара кірігуі мен ұштасып кетуіне қарсылықта болып тұр. Анығырақ айтқанда, жаһандану барысында Батыс мәдени құндылықтарының басымдық танытуы жергілікті халықтың байырғы төлтумалық сипатының жоғалуына түрткі болуы мүмкін деген қауіпке әкеліп тірейді. Өйткені, өткен ғасырдың орта шенінен айтыла бастаған өркениет бәсекесі қазір шын мәнінде ақиқатқа айнала бастады. Бәсеке бүгінгі күні экономикада, саясатта, идеологияда, мәдениетте, білімде, ақпаратта, технологияда, тағы басқа салаларда қызу қарқынмен жүріп жатыр. Рас, Батыстың білімі, ғылымы, техникасы, технологиясы, біздер үшін өте қажет, алайда, Батыс өркениетінің қоршаған ортаға тек пайда табу көзі деп қарауға үйретуі, оны технологиялық тұрғыдан бөлшектеп сату түрінде түсіндіруі, бұл мәселеде бізге үлгі бола алмайды. Сондықтан Батыс өркениетіне шамадан тыс еліктеушілік жақсылықтың нышаны емес. Тағы да қайталап айтудың реті келіп тұр, батыстың технологиялық жаңалығына ұмтылу, экономикалық өндірісті ұйымдастырудағы жетістіктерін игеру – қажеттілік, ал одан керісінше бүгінгі күнде рухани тапшылыққа айналып отырған ізгілік, кісілік, адамгершілік, бауырмалдық, әдептілік, тәрбиелік мазмұн іздеу – бос әурешілік. Өкінішке орай, Батыс өркениеті бұл тұрғыда ешқандай жетістікке жеткен жоқ, қайта тоқырауға ұшырады. Мысалы, дәстүрлі қазақ қоғамы мәдени құндылықтарды еш уақытта тауар деп қабылдамайды, негізгі ұстанымы бойынша қоғамның шаңырағын шайқалтпай ұстап тұруға тиіс тетік, өмірлік ұстын ретінде қарастырады. Ал Батыс өркениетінде бұл тұрғыдағы ұстаным мүлдем басқа, олар мәдени құндылықтарды тауар ретінде қабылдайды, мақсат – сату (сатылу) және пайда табу. Қанша аз уақыт жұмсалса, сонша пайдасы көп. Алайда басы ашық мәселенің бірі – қазақ қоғамы қазір қарқынды түрде жүріп жатқан жаһандану үрдісінің ықпалынан, өзі қаламаса да, оқшау бола алмайды. Бұл шығар күндей анық мәселе. Жаһандануды әрбір ұлт, әрбір этнос, әрбір мемлекет өзінің болмысына бейімдеп сіңіре алғанда ғана осынау қауіптілеу болып көрінетін құбылыстың игілігін көреді. Егер жаһандануды ұлттық мемлекеттік болмысқа икемдей алмасақ, оның ықпалына түсіп алып, жалаң еліктеуге ұрынатын болсақ, онда мемлекет те, сол мемлекетті жасап отырған ұлт та геосаяси тобырға айналып, рухани жаулаушы өркениеттің құлақкесті құлы болып қала береді.

Ендеше, оған қарсы тұру үшін не істеу керек? Одан өз бітім-кескінін сақтаған қазақ қоғамын аман алып қалудың қандай тетіктері бар? Біздің ойымызша, оның ең тиімді үлгісі – ұлттық тәрбиеге арқа сүйеу. Қазіргі кезеңде әлемнің әр түкпірінде өткір қойыла бастаған ең өзекті жайдың бірі – осы ұлттық тәрбие мәселесі болып отыр. Ол жайдан-жай емес, әрине. Ұлттық тәрбиенің ең маңызды тұсы адамды ойлануға үйретуі. Бұлай дегенде әрбір жеке адам ең алдымен өзінің белгілі бір ұлттың мүшесі екенін іштей терең сезініп, санада сілкініс жасауы керек екенін, содан кейін барып жалпыадамзаттық қоғамға лайық орнын белгілеуі қажеттігін сіңіруі болса керек. Бұл жерде негізгі әңгіме арқауы мемлекетшілдік, ұлттық сана, ұлттық ұстаным, ұлттық мүдде туралы болып отыр. Өйткені, біздің төлтума бітімімізді, қайталанбас ұлттық болмысымызды, ұлттық ойлау машығымызды, қала берді ұлттық кейпімізді сақтап қалу бәрінен маңызды. Ол бізге мынау аждаһадай төніп келе жатқан дүлей дүниеде біржола жоғалып кетпеуімізге кепіл болуға тиіс. Қалай десек те ендігі жерде өзіндік “менін” сақтауға ұмтылған жұрт ең алдымен ұлттық тарихи жадын, бірегей ұлттық ойлау машығын, өзіндік дүниетанымын, ана тілі мен ділін, дінін дәстүрлі мәдениетін аман алып қалу және оны одан әрі дамыту жолында күреске түсетіні анық. Олай болса, осы айтқанымыздың бәрі ұлттық тәрбиеге тікелей байланысты жүзеге асатынын мойындауға мәжбүрміз.

Ұлттық тәрбие туралы идея бүгінгі  күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен  туындап отыр. Қазақ елінің әлемдік  кеңістікте өз жолын таңдауы әрбір қазақтың емін-еркін өмір сүруінің кепілі. Ол сөзсіз ұрпақтар қамы деген ұғыммен үндеседі. Ел болу, мемлекет құру сонау түркі заманынан желісі үзілмей келе жатқан ұлттық арман-аңсар. Ел болу – болашаққа ашылған даңғыл жол. Сол болашаққа ашылған даңғыл жолды ұлттық тәрбие арқылы жүруді үйренсек, ешкімнен кем болмайтынымыз анық. Бұдан шығатын қорытынды – ұлттық тәрбие идеясы ата-бабалар алдындағы – қарыз бен өкшебасар ұрпақтың алдындағы – парыз деп түсінуіміз керек. Яғни, парыз бен қарыздың түйісер тұсы осы ұлттық тәрбие деп білеміз. Сондықтан мұнда алдымен мемлекет жасауға ұйытқы болып отырған этнос пен мемлекеттің мүддесі қатар тұруға тиіс. Өйткені, біз бұдан былайғы кезеңде бүкіл адамзат баласы жасаған өркениеттермен қатар дамуға тиіс мәдениеттің (қазақ мәдениетінің) мүшесі болып саналамыз. Ендеше, адамзат баласының осы уақытқа дейін жасаған озық тәжірибелері мен жетістіктерін қолдан келгенше түгел игеріп, қажетімізге пайдалануымыз керек. Сондай-ақ, ағымдағы уақыттың талабы мен сұранысын қанағаттандырып отыру да ұлттық тәрбиедегі негізгі қағиданың біріне айналуға тиіс. Бұл үшін қазақ ұлтын қай тұрғыдан да жаңа дәрежеге, жаңа интеллектуалды сапаға көтеріп алу тиімді.

Бүгінгі қазақ ұлты – бұрынғы көшпенді тұрмысқа бейімделген дала халқы емес. Бүгінгі қазақ ұлты – бұрынғы “қызыл идеологияның” қыспағындағы бодан халық та емес; бүгінгі қазақ ұлты – өркениет орталығы саналатын қала халқына айналып, сапалық жағынан көп ілгеріледі, бүтіндей аграрлық жағдайдан гөрі, индустриялық-инновациялық мемлекет құруға көшіп отыр. Сонымен бірге “Мәңгі ел” ұлттық идеясымен қаруланған тәуелсіз халық. Қазіргі кезде әлем жұртшылығы ұлы реформатор, ұлт лидері деп таныған Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей бастамасымен Үкімет осы бағытта үлкен мемлекеттік бағдарлама жасап, барлық деңгейдегі билік өкілдері елдің индустриялық-инновациялық даму жолына түсуін қатаң бақылауына алып, жіті қадағалап отыр. Түсінген адамға мұның түпкі астарында да мемлекеттік идеядан туындаған ұлттық мүдде, ұлттық ұстын жатыр. Елбасының әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 75 жылдық мерейтойына орай аталған жоғары оқу орнының профессор-оқытушылары мен студенттеріне арнап оқыған “Қазақстан дағдарыстан кейінгі дүниеде: болашаққа интеллектуалдық секіріс” атты дәрісінде осы мәселені жан-жақты талдап, келешегімізге қандай жолмен баруымыз керектігін тағы бір айқындап берді.

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, кез келген мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік гүлденуі мен қауіпсіздігі халықтың білімі мен интеллектілік ресурстарымен тығыз байланысты. Интеллектуалды ұлт болу деген тар шеңбердегі ұғым емес, оның түпкі иірімінде ұлттық негіз, ұлттық ұстын, ұлттық болмыс жатыр. Ұлттың сапалық құрамын арттыру тек қан тазалығын жақсартумен ғана шектелмейді, рух тазалығын тәрбиелеу арқылы да биік мұратқа жетуге болады. Ал, оның түпкі мақсатында инновациялық терең білім алу қажеттілігі мен технологиялар әлемінде қабілеттілік таныту сұранысы менмұндалап тұр. Өкінішке орай, бүгінгі таңда біздің елімізде интеллектуалдық тапшылықты” “дефициті” қай кездегіден де жоғары.

Осы орайда мынадай бір сауалға жауап беру маңызды деп есептеймін. Елдік сананы қалыптастыру үшін неге ұлттық тәрбиені бірінші кезекке қоямыз? Біздің ойымызша, ұлттық тәрбие өзара тығыз байланысты екі бастаудан нәр алуға тиіс. Оның біріншісі, қазақ халқының тарихи тағдыры қалыптастырған мейірім, жарасым, төзім, шапағат, парасат, ізет, бақыт туралы арман-аңсар. Таратып айтсақ, осындай арман-аңсардың мәдениет пен өнерде, салт-дәстүрде, тіл мен ділде, діни сенім-нанымда түрліше көріністері болуы керек. Екіншісі, бүгінгі тарихи кезең аясындағы нақты бастан кешіріп отырған қоғамдық-психологиялық ахуал. Бірінші жағдайға қатысты ойымызды одан әрі өрбітер болсақ, халықтың мәдениеті мен әдебиеті, өнері мен салт-дәстүрі, тілі мен ділі, сенім-нанымы мен діні дегенде тарихтың сүзгісінен сараланып өткен рухани құндылықтарға басымдық сипат берілуі керек. Мұның өзі қоғамның тарихи, психологиялық даму бағытында екінші мәселенің де оң шешімін табатын жолмен ілгері басуына кепіл бола алар еді.

Әрине, бүгінгі қоғамдық-психологиялық ахуал дегенде осы бағыттағы әлемдік тәжірибелердің озық үлгілері мен жетістіктері де назардан тыс қалмауға тиіс. Түсінген кісіге қазіргі заман көзімен қарасақ, қоғам түбегейлі өзгерген. Жастардың психологиясы, таным түйсігі мүлдем басқаша. Бүгінгі қоғамдық қатынастар өкшебасар ұрпақты бәрібір өз дегеніне көндіруде. Тіпті ұлттың құрамы да ала-құла. Ұлттың (отбасының) құрамы ала-құла болған соң, тілі де біркелкі емес. Осыған байланысты бүгінгі қазақ отбасының ұлттық тәрбиесі күрделі өзгерістерді бастан кешіруде. Мұндай өзгерістерге біз әрқашан дайын болуымыз керек. Ол үшін білім арқылы тәрбиелеудің әлемдік озық үлгілеріне арқа сүйегеннен ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық. Сонда ғана біз бәсекелестікке қабілетті жас ұрпақ тәрбиелеуге қол жеткізе аламыз. Халықаралық деңгейдегі білімнің басты ерекшелігі – күшті нарықтық бәсекеге қажет кадр даярлау болса, оның алғы шарты білім арқылы тәрбие берудің ішкі механизмін қалыптастыратын жүйе құру деген сөз. Мұны дүниежүзілік тәлім-тәрбие берудің озық тәжірибелерін игермей ұлттық тәрбие идеясын толыққанды жүзеге асыра алмаймыз. Бүгінгі тарихи-психологиялық ахуал бізден осыны талап етіп отыр. Онсыз білім де, тәрбие де өз деңгейінде болмайды. Шын мәнінде тәуелсіздік дегеніміздің өзі ұлттық мәдениеттің сақталуы және халыққа рухани қызмет ету әлеуеті емес пе?! Ол-ол ма, ұлттық бостандық үғымының түпкі мазмұн-мағынасы да осыған саяды. Жастарды ойдағыдай тәрбиелеуде біздің мүмкіндігіміз бар. Өйткені, ол үшін батыс мәдениетімен, білімімен бәсекеге түсе алатындай ХХІ ғасырда рухы биік мәдениетіміз бен біліми әлеуетімізді қалыптастыруды қолға алу өте-мөте маңызды. Рухы мен мәдениеті биік, білімі терең деңгейдегі ұлт жаһандану деген алып мұхиттың үстінде өзінің келбетін жоғалтпайды. Ондай ұлттың да, мемлекеттің де болашағы жарқын. Ол үшін ұлттық тәрбиені дамытудың ғылыми негізделген тұжырымдамасын жасау керек. Тіпті бұл кезек күттірмейтін үлкен мәселе. Мұны Президенттің “Интеллектуалды ұлт – 2020” ұлттық бағдарламасындағы идеямен қаруланған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұжымы қолға алып отыр. Әрине қиын, қиын да болса тәуекелге бел буып отырған жай бар. Сол мүмкіндікті пайдаланып бүгінде біз университетте тәрбие мәселесіне, оның ішінде ұлттық тәрбие проблемасына бірінші кезекте ден қойып отырмыз. Өйткені, ұлттық тәрбие бастауларынан нәр алған мәдениетті, парасатты жастар оқу-білімді өзінің өмірлік мұратына айналдырып, жан-жақты ізденетіні, ғылыммен шұғылданатыны сөзсіз. Білім мен ғылым шындығында, аса зор өндіргіш күш, үлкен байлық. Сондықтан да әлемдік жаңа идеология білім күшіне сүйенеді. Сондай-ақ қазіргі замандағы білім беру жүйесінің міндеті қазіргі жастарымыздың білім алып қана қоймай, тәрбиелі, әдепті, ұлтжанды, бір сөзбен айтқанда, интеллектуалды болуын қамтамасыз ету. Осы талаптан шығу үшін университетте былтырдан бастап 1-курс студенттеріне арналған “Әдептану” факультативті дәрісі енгізіліп, оған тиісті оқу-тәрбие сағаттары бөлінген еді. Ендігі кезекте ұлттық тәрбие мәселесі тұр. Оның себебі, біздің университетімізде білім мен тәрбиенің ажырамас бірлігін (ұлы ұстаз әл-Фарабидің де үнемі ескертіп отыратыны осы еді ғой) қамтамасыз ете алатын ежелден қалыптасқан классикалық дәстүрлері, ұлттық ерекшеліктері бар. Сондай-ақ ол кең өрісті базалық және кәсіби мәдениетке негізделген. Университеттің педагогикалық әлеуеті болашақ мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіру ісінде ғана емес, олардың азаматтық жауапкершілігін, отаншылдық рухын, елдік, мемлекетшілдік сана мен ұлттың ар-ождан сияқты қасиеттерін тәрбиелеуде жинақтаған іс-тәжірибелері аса мол. Біздің университеттің еліміздің басқа жоғары оқу орындарынан басты ерекшілігі де осында.

Тағы да айтып өтейін, аталған  бағдарламаны жүзеге асырудағы ең басты қажеттілік – жастардың рухани тәрбиесін жетілдіру дейтін болсақ, бұл бүгінгі күндегі ең өзекті мәселенің бірі саналады. Бұл орайда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті де алдағы жаңа жылдан бастап “Ұлттық тәрбие” сабағы енгізіліп, ол жеке пән ретінде барлық мамандықтар бойынша жүзеге асатын болады. Бағдарламаның тиісті жұмыс істеуі үшін оған 4 кредит бөлініп, тиісінше оқу жоспарына енгізілді. Сонымен бірге арнайы “Ұлттық тәрбие” кафедрасы ашылып, оған өз ісінің жетік білгірлері саналатын білікті де тәжірибелі мамандар тартылып отыр. Тағы бір өзекті мәселе – осы бағыт бойынша мемлекеттік тілде оқулықтар дайындау ісін қолға алып жатырмыз. Жақын арада осы жоба бойынша арнайы құрылған комиссияның сүзгісінен өткен мұндай оқулықтар көп кешікпей ұстаздардың қолына тиетін болады. Келешекте “Ұлттық тәрбие” пәні ұлттық рухтың, тіл мен ділдің алтын қазығы саналатын балабақшадан бастап, жоғары оқу орнына дейінгі барлық деңгейдегі оқу орындарында кәсіби-базалық деңгейде оқытылады.

Ал, ұлттық тәрбиенің көздері фольклор, ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, өнеге өсиеті бар мақал-мәтелдер, туған топырағымызда дүниеге келген ойшыл ғұламаларымыздың еңбектеріндегі тәрбие қағидалары болып табылады. Сонымен бірге отбасы тәрбиесінің ұлттық ерекшеліктері, туыстық қарым-қатынас, жеті ата туралы түсінік, перзенттік парыз бен қарыз, ұлттық намыс, ұлттық сана-сезім, ұлттық адамгершілік, отансүйгіштік, еңбексүйгіштік қасиеттері, ізгілік сынды тағы басқа сапалық белгілер ұлттық тәрбиенің негізгі көрінісі болады. Одан басқа жаһандану жағдайындағы ұлтаралық қарым-қатынас мәдениеті, толеранттық-төзімділік қасиеттер де ұлттық тәрбие дәрістерінде көрініс табуы тиіс деп ойлаймыз. Айтпақшы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылдың 26 қазанында Қазақстан халқы Ассамблеясының XV сессиясында сөйлеген сөзінде осы мәселеге айрықша тоқтағаны жайдан жай емес. Ол бүгінгі күн үшін өте маңызды Қазақстанның Ұлттық бірлігі доктринасы туралы ой-ұсынысын айта келіп, “ең алдымен білім мен тәрбие беру жүйесі арқылы, БАҚ-тарда этносаралық қарым-қатынастар тақырыбын әдепті жазу арқылы, қазақстандықтардың құқықтық мәдениетін арттыру арқылы азаматтық біртектілікті, қазақстандық қоғамдағы толеранттылықты дамыту қажет.

Білім және ғылым министрлігі қазақстандық қоғамның ерекшеліктерін ескере отырып этно және полимәдени білім беруді дамыту жөнінен тұжырымдамалық ұсыныстар дайындауы керек. “Толеранттылық негіздері” атты факультативтік курс әзірлеп, оны мектептер мен жоо-ларға енгізу қажет” деуі, бұл мәселенің өте маңызды кеңістікке көтерілгенін көрсетеді. Сондықтан Президенттің басқосуда айтқандарын бізге берілген айрықша тапсырма деп қабылдап, бұл бүгінгі күннің ең маңызды мәселесі ретінде “Ұлттық тәрбие” бағдарламасының негізгі діңдерінің бірі ретінде енгізуді ұсынып отырмыз. Сондай-ақ “Толеранттылық негіздері” атты арнайы пәннің бағдарламасын әзірлеп, оқулық, оқу құралдарын қолға алдық. Жалпы жастар арасындағы жат қылықтар – нашақорлық, жезөкшелік, маскүнемдік, бұзақылық, екіжүзділік сияқты жат әдеттерді ауыздықтау мәселесі де ұлттық тәрбие жұмысының басым бағыттарының бірінен саналады.

Информация о работе Ұлттық тарбие