Қазақ әдебиеті

Автор: Пользователь скрыл имя, 17 Февраля 2013 в 12:20, реферат

Описание работы

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТI — қазақ халқының ғасырлар қойнауынан ұрпақтан ұрпаққа жеткен рухани, мәдени мұрасы, сөз өнерiнiң асыл қазынасы. Қазақтың сөз өнерiнiң тегi әрiден, түркi тiлдес тайпалардың өз алдына халық болып қалыптаспай тұрған кезiнен басталады. Халық фольклоры мен поэзиясының негiзi сол тайпалар шығарған ертегi, аңыз, мақал-мәтелдерде жатыр. Батырлардың отаншылдық сезiмi, туған халқының азаттығы жолындағы күрестерiн жырға қосқан батырлық эпостар (“Қобыланды батыр”, “Алпамыс”, “Ер Тарғын”, “Қамбар батыр”, т.б.), халық арасына кең тарап, сүйiктi шығармасына айналған, жастардың адал махаббаты, алмағайып тағдыры жырланған лиро-эпик.

Работа содержит 1 файл

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТI.docx

— 50.05 Кб (Скачать)

 

 ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТI — қазақ халқының ғасырлар қойнауынан ұрпақтан ұрпаққа жеткен рухани, мәдени мұрасы, сөз өнерiнiң асыл қазынасы. Қазақтың сөз өнерiнiң тегi әрiден, түркi тiлдес тайпалардың өз алдына халық болып қалыптаспай тұрған кезiнен басталады. Халық фольклоры мен поэзиясының негiзi сол тайпалар шығарған ертегi, аңыз, мақал-мәтелдерде жатыр. Батырлардың отаншылдық сезiмi, туған халқының азаттығы жолындағы күрестерiн жырға қосқан батырлық эпостар (“Қобыланды батыр”, “Алпамыс”, “Ер Тарғын”, “Қамбар батыр”, т.б.), халық арасына кең тарап, сүйiктi шығармасына айналған, жастардың адал махаббаты, алмағайып тағдыры жырланған лиро-эпик. дастандар (“Қозы Көрпеш-Баян сұлу”, “Қыз Жiбек”, т.б.) қазiргi Қ. ә-нiң өз алдына мол мұрасы болып саналады;Ежелгi түркiлердiң арғы ата-тегi саналатын сақтардың батырлық жырлары арасындағы мазмұн, түр, стиль бiрлiгi көркемдiк дәстүр жалғастығы тұрғысынан ғыл. негiзде дәлелдендi. Сол себептi б.з.б. дәуiрлерде шығарылған “Алып Ер Тоңға”, “Шу” батыр, “Атилла”, “Көк бөрi” және “Ергенеқон” дастандары бүгiнгi Қ. ә-нiң қайнар-бастаулары болып табылады. Сондай-ақ аталған қаһармандық дастандар өзiнен кейiнгi тарихи кезеңдердегi — Түрiк қағандығы тұсындағы (8 ғ.) әдеби жәдiгерлердiң (“Күлтегiн”, “Тоныкөк”, “Бiлге қаған” жырлары) жазылуына үлгi-өнеге, негiз болды. Түрiк қағандығы тұсындағы жазба әдебиет өзiнен бұрынғы сақтар мен ғұндардың ауыз әдебиетi үлгiлерiмен генезистiк, типол., дәстүрлiк үндестiкте дамыды.Түрiк қағандығы дәуiрiнде шығарылған ерлiк эпосының бiрi — “Қорқыт ата кiтабы”. Ал, бұдан кейiнгi Қарахан мемлекетi тұсындағы немесе ислам дәуiрi (10 — 12 ғ.) деп аталатын тарихи кезеңдегi түркi халықтарының қоғамдық-мәдени даму тарихындағы Қайта өркендеу — Ренессанс дәуiрi деуге болады. Бүкiл түркi қауымын әлемге танытқан Әбу Наср әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Әбу Райхан әл-Бируни, Махмұт Қашқари, Жүсiп Баласағұни, Ахмед Иүгiнеки, Қожа Ахмет Иасауи, Сүлеймен Бақырғани, т.б. осы Қайта өркендеу дәуiрiнде тарих сахнасына шықты. Олар өзерiнiң ғыл. және көркем туындыларында гуманистiк идеяларды, адамгершiлiк пен қайырымдылықты, т.б. iзгi қасиеттердi көтердi. Бұған әл-Фарабидiң “Риторика”, “Поэзия өнерi туралы”, ибн-Синаның “Даныш-намесi” (“Бiлiм кiтабы”), әл-Бирунидiң “Хикметтерi” (“Даналық сөздерi”), Махмұт Қашқаридiң “Диуани лұғат ат-түрiк” (“Түркi сөздерiнiң жинағы”), Баласағұнидiң “Құтты бiлiгi”, Иасауидiң “Диуани хикметi” (“Ақыл кiтабы”), Бақырғанидың “Бақырғани кiтабы”, т.б. толық дәлел бола алады. Алтын Орда дәуiрiнде (13 — 15 ғ.) Қыпшақ даласындағы түркi халықтарының әдебиетi мен мәдениетi мүлдем жаңа сапалық дәрежеге көтерiлдi. Бұл кезде мемлекет астанасы болған Сарайшық қ-на Батыс пен Шығыстың аса көрнектi ғалымдары, сәулетшiлерi, ақындары, өнер қайраткерлерi, т.б. жиналған едi.Алтын Орда дәуiрi әдебиетi тұсында әл-Хорезмидiң “Мұхаббат-наме”, Сайф Сараидiң “Гулистан бит-турки”, (“Түркi тiлiндегi Гүлiстан”, Құтбтың “Хосрау — Шырын”, Дүрбектiң “Жүсiп — Зылиха” дастандары ерекше мәшһүр болды. Сондай-ақ, Насреддин Рабғузидiң “Қисса-сул әнбия” деп аталатын прозалық шығармасы да кең тараған болатын. Қыпшақ тiлiнiң сөздiгi — “Кодекс куманикус” атты кiтап та заман талабы бойынша өмiрге келген туынды едi.Қазақ әдебиеті тарихының ежелгi дәуiрiн танып-бiлуде тарихи тақырыпқа жазылған көркем шежiрелер де ерекше маңызды рөл атқарады. Сан ғасырлар бойы атадан балаға ауызша да, жазбаша да рухани мұра болып келе жатқан мұндай шежiрелердi қазақтың зиялы ойшылдары, ақындары мен жыраулары жақсы бiлген. Қазақ халқының тарихы мен әдебиетiне тiкелей қатысты түркi тiлiндегi осындай жәдiгерлердiң iшiнен Әбiлғазы Баһадүр ханның “Шежiре-и Түрк” (“Түрiк шежiресi”), Қыдырғали Жалайыридiң “Жамиғ-ат тауарих” (“Шежiрелер жинағы”), Захир әд-Дин Мұхаммед Бабырдың “Бабыр-наме”, Мұхаммед Хайдар Дулаттың “Тарих-и Рашидиi” ерекше орын алады. Бұлар ежелден-ақ қазақ оқырмандары арасында тарихи тақырыпқа жазылған көркем туындылар ретiнде қабылданды. Қадым замандардағы сақтар мен ғұндардың аңыз-әфсанаға айналып кеткен ерлiк тарихынан, көк түрiктердiң ежелгi қаһармандық шежiресiнен сыр шерткен жыр-дастандар бертiн келе, қазақтың батырлық жырларының идеялық және көркемдiк тұрғыдан қалыптасуына тiкелей ықпал еттi. Ал, ислам дiнi дәуiрiнде өмiрге келген этик.-дидактик. мазмұндағы дастандар мен сопылық сарындағы хикметтер, моральдiк-филос. трактаттар, ғибрат сөздер, т.б. қазақ ақын-жырауларының толғау-жырларынан өзiнiң логик., тарихи, көркемдiк жалғастығын тапты.Қазақтың ұлттық әдебиетiнiң төл тарихы қазақтардың ұлт болып қалыптасуы мен дербес мемлекеттiгiн құрудан басталады. 15—16 ғ-ларда қазақ жыраулары ежелгi түркi поэзиясындағы дидактик. сарынды мазмұндық, тiлдiк, стильдiк жағынан жетiлдiре түстi, гуманистiк, филос. ой-пiкiрлердi қоғамдық дамудың жаңа асқар биiгiне шығарды.18 ғ-дың соңына қарай, Қазақ әдебиетіндегi жыраулық дәстүр бiртiндеп ығысып, жеке ақындық өнерге орын бере бастады. Жыраулық поэзияның қалыптасқан сөз саптауы, ел тағдырын ту етiп ұстап, ерлiктi мадақтаған биiк үнi бiр iзге түсiп, жеке ақындық өнер арқылы күнделiктi тiршiлiктiң сан-саласына, адам өмiрiне, оның iсi мен мiнез-құлқына, қоғамдағы орны мен қызметiне көңiл бөлiндi. Бұл — әдебиет дамуындағы жаңа дәуiрдiң басы едi. Ақындар шығармаларының тақырыбын кеңейтiп, өмiр шындығын нақты тануға, оған өз көзқарасын бiлдiруге ұмтылды. Бұл арқылы жеке ақындық өнер байып, өзiндiк көркемдiк бояу iздеу жолына түстi. Осы жолмен ол ауыз әдебиетi дәстүрлерiн сақтай отырып, кәсiптiк поэзияның қалыбына кiрдi. Осындай жеке ақындық шығарм-тың туу кезеңiнде өмiр сүрген Көтеш, Шал ақын (Тiлеуке Құлекеұлы) өлеңдерiнде жеке адамға бағытталған арнаулар, адам өмiрi, оның мәнi мен сәнi, фәнилiк пен бақилық жайы суреттелдi, оларда тапқырлық, бейнелiлiк, шынайы поэзияға тән лирик. “мен” көрiнiс тапты.19 ғ-дан бастап қазақтың жазба әдебиетi — әлеумет халiн ұғып, ел қамын жақтауға кiрiсiп, өлең бұрынғыша, қызық, сауық сияқты ермек емес, қауым қызметiн атқара бастады, елдiң саяси пiкiрi мен тiлек, мақсат, мұң, зар сияқты сезiмдердiң басын қосып, жаңадан ой негiзiн, салт санасын құрауға кiрiстi, бұл уақытқа шейiн болмаған әлеуметшiлдiк сарыны, азаматтық нысанасы бой көрсеттi. Осындай әлеуметшiлдiк сарынды көбейткен тарихи оқиғалар бұл дәуiрде орыс отаршылдығымен байланысты туды. Ресей империясына бодан болу, сонымен байланысты туған ел iшiндегi өзгерiстер, қанаудың күшеюi, халық тың тiршiлiк ету аясының тарылуы, ұлттық намыстың тапталуы қазақ ақындары шығармаларында кеңiнен бейнелендi. Осы өзгерiске қарсы анық наразылық Махамбет Өтемiсұлы өлеңдерiнен айқын көрiнедi. Махамбет жырлары — Исатай Тайманов бастаған көтерiлiстiң (1836—37) ұраны, үнi. Мұнда көтерiлiстiң мақсат-мұраты (“Қорлықта жүрген халқыма бостандық алып берем деп”), оған қатысатын ерлердiң сипаты (“Ереуiл атқа ер салмай”), соғыс суретттерi (“Соғыс”), Исатайдың батырлығы мен оны жоқтауға арналған жырлар (“Тарланым”, “Мұнар күн”), ақынның өз жайына, көңiл-күйiне (“Баймағамбет сұлтанға айтқаны”, “Қызғыш құс”) байланысты өлеңдерiне жалғасып, тұтастай көтерiлiс тарихын, сол кезеңдегi әлеум. жағдайды бейнелейдi. Исатай-Махамбет көтерiлiсiне тiлектес ақындар қатарындағы Шернияз Жарылғасұлының Исатайды мадақтап, Баймағамбеттi даттайтын өлеңдерi батылдығымен, тапқырлығымен бағалы. Исатай—Махамбет көтерiлiсiне жалғас туған Кенесары—Наурызбай бастаған ұлт-азаттық қозғалысы да (1837 — 47) өзiне тiлектес әдебиет тудырды (“Наурызбай — Қаншайым”, “Топ жарған”, “Жасауыл қырғыны”, Нысанбай Жаманқұлұлының “Кенесары-Наурызбай” жыры). Сыр бойында, Бат. Қазақстанда өткен патша отаршылдығына қарсы көтерiлiстер кезiнде жаңа жырлар туды (“Бекет батыр”, “Жанқожа батыр”). Отаршылдыққа қарсы күрес поэзиясы қазақ көркем сөзiнiң дамуында озық идеясымен, халықтық мазмұнымен жаңа белес саналады. Билеушiлерге қарсы наразылықты ашық айтқан шыншыл поэзия туды, адамды суреттеудiң жаңа тәсiлдерi қолданылды. Осы қатардағы ақындар iшiнде Жанақ Сағындықұлы, Шөже Қаржаубайұлы, Сүйiнбай Аронұлы елеулi орын алады. Отаршылдық дәуiр әдебиетiнiң ақындары шығармаларында ел байлығының талауға түсiп, халықтың кедейшiлiкке ұрынып, қоныстың тарылуы, зорлық-зомбылықтың күшеюi, парақорлықтың етек жаюы, адамдар мiнез-құлқының өзгерiп, ұсақталып, берекесiздiкке түсуi, дiн шарттарының еленбеуi, т.б. жағдайлар кең қамтылып, көркем бейнелендi. Оларды заман қайғысы, өткендi ойлап торығу, алдағы өмiрден шошыну зары бiрiктiрдi. Бұл сарынның көрнектi ақындары — Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Кердерi Әбубәкiр Шоқанұлы, т.б. халықтық поэзияның түрлерiн жетiлдiрдi. Оны заман шындығын бейнелеумен шебер байланыстыруда, реализмдi байытып, адам психологиясындағы өзгерiстердi жарқын суреттеуде, тiл өрнегiнде сан алуан жаңалықтар табуда осы топтағы ақындардың еңбегi үлкен. Олардың бiразы отарлаушыларға шошына қарады, дегенмен шығыс әдебиетiмен, дiни әдебиет үлгiлерiмен жете таныс болуы арқасында көркемдiк құндылығы жоғары туындылар жасады; қ. Зар заман ақындары.Қазақ әдебиетiнiң өскелең бағытын айқындауда 19 ғ-дың екiншi жартысында туған демокр. ағартушылық әдебиеттiң орны ерекше. Бұл әдебиеттiң өкiлдерi Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов ғы-лым-бiлiм, оқу-өнер арқылы алдыңғы қатарлы елдерге теңелуге, теңдiкке жетуге болатынына сендi. Шоқанның ғыл. көзқарасы, қызметi арқылы қазақ елi iшiнде ағартушылық, демокр. идеялар тарады. Ыбырай әдебиетке деген ұғым, түсiнiктi жаңартып, оның жас ұрпақты тәрбиелеудегi ұлы күш екенiн көрсеттi. Өзi балаларға арналған әңгiмелер, өлеңдер жазды. Көркем сөз өнерiнiң кемелденуi, өлең сөздiң қоғамдық қызметiн көтеру, сол негiзде жаңа көркемдiк әдiс — реализмдi қалыптастыру ұлы Абайдың үлесiне тидi. Ол Еуропа мен орыстың классик. әдебиетiн еркiн меңгерiп, көркемдiк таным мен талғамға жаңа талаптар қойды, жаңа сипатты поэзия туғызды. Классик. әдебиет үлгiлерiн қазақ тiлiне аударып, қазақтың төл әдебиетiмен қатар қойды, Қ. ә-нiң эстет. принципi Абай шығармаларында жүзеге асты. 19 ғ. әдебиетi ұлттық таланттардың көптiгiмен және олардың бiр-бiрiне ұқсамайтын сан алуандығымен көзге түседi. Онда айтыс ақындары (Жанақ, Шөже, Орынбай, Түбек, Бақтыбай, Кемпiрбай, Сабырбай, Сара, Ырысжан, Ұлбике, Тәбия, Ақбала, т.б.), әншi ақындар (Бiржан сал, Ақан Серi, Сегiз Серi, Мұхит, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, т.б.), қиссашыл ақындар (Жүсiпбек Шайхисламов, Ақылбек Сабалов, Шәдi Жәңгiров, Мәулекей Юманчиков, Кашафутдин Шахмарданұлы, т.б.) жыршы-жыраулар дәстүрiн жалғастырып, халықтық әдебиет үлгiлерiн сақтап жеткiзушiлер (Марабай, Абыл, Нұрым, Мұрын, Ығылман, т.б.) қатар өмiр сүрдi. Бұлардың барлығы өз мүмкiндiктерiнше әдеби арнаны толықтырды, өмiрдi өзiнше танып жырлады. Қазақ тiлiндегi алғашқы кiтаптар осы кезде басылды (“Өсиет наме” — 1880, “Бала зар” — 1890, “Диуани хикмет” — 1896, т.б.), фольклорлық мұралар жинақталып, жарық көре бастады. Қ. ә-нiң көршi халықтар әдебиеттерiмен байланыстары ұлғайып, жаңа аудармалар пайда болды; қ. Әдеби байланыс. 20 ғ-дың басындағы Қ. ә. ұлы Абайдың ағартушылық, демокр. дәстүрiн жалғастыра отырып, отаршылдыққа қарсы күрес пен тәуелсiздiктi аңсау идеясын ашық және батыл көтердi. Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов қазақ халқының тарихи-мәдени дамудан кенже қалып, қараңғылықта отырған күйiн суреттеп, елдi өнер-бiлiмге үгiттедi. Жаңалыққа енжар, ұйқыда жатқан қазақты бiрi “Маса” боп құлағына ызыңдап, бiрi “Оян, қазақ” деп, бар дауыспен жар салды. Ғасыр басында әдебиетке келген ақын-жазушылардың барлығы да осы дүбiрмен оянғандар едi. Сұлтанмахмұт Торайғыров Қ. ә-н көркемдiк-эстет. тұрғыдан байытып, жаңа жырлардың туып, жетiлуiне үлес қосты. Оның “Қамар сұлу”, “Кiм жазықты?” атты романдары, “Адасқан өмiр”, “Кедей”, “Таныстыру”, “Қала ақыны мен дала ақынының айтысы” поэмалары, лирик. өлеңдерi, публицистик. мақалалары ақынның әр саладағы iзденiстерiн танытты. Әдебиеттегi сыншылдық бағытты дамытып, ағартушылық идеяны көркем сөз арқылы өрiстетуге Сәбит Дөнентаев, Мұхамеджан Сералин, Спандияр Көбеев, Бекет Өтетiлеуов, Тұрмағамбет Iзтiлеуов, Ғұмар Қараш, Нарманбет Орманбетұлы, Бернияз Күлеев, т.б. елеулi еңбек сiңiрдi. Олар ақындық өнердi әр жағынан жетiлдiрдi. Сәбит шағын, сюжеттi өлеңдер мен мысал жанрында өнiмдi еңбек етсе, Бернияз заман шындығын лирик. өлеңдермен ашуға ұмтылды. Ауыл мектептерiнде сабақ берген Спандияр мен Бекет еңбектерi олардың ұстаздық, ағартушылық көзқарастарымен байланысты едi. Көбеев “Қалың мал” атты роман жазды. “Айқап” журналын шығарған белгiлi журналист Сералиннiң әлеум. теңсiздiктi бейнелейтiн дастандары (“Гүлқашима”, “Топжарған”) басылды. Отаршылдық қанауды, ел билеу жүйесiндегi саясатты, қазақ қоғамының мешеу күйiн сынауда Ғұмар мен Нарманбет өлеңдерi едәуiр көркемдiк табысқа жеттi. Бұл дәуiрдегi әдебиет ақын-жазушылардың ұстаған жолы мен көркемдiк iзденiстерi, бағыт-бағдары жағынан бiркелкi емес едi. Олардың iшiнде таза қазақы дәстүрге сүйенген, аракiдiк шығыс әдебиетiнен хабары бар ақындар тобы болды. Олар да ел iшiн жайлаған надандықты, ел билеушiлердiң әдiлетсiздiгiн, патшаның отаршылдық саясатын сынады. Мәшһүр-Жүсiп Көпеевтiң, Нұржан Наушабаевтың реалистiк өлеңдерi дәуiр шындығын ашып көрсеттi. 20 ғ-дың басындағы әдебиеттi толықтыруда “Исатай-Махамбет” дастанының авторы Ығылман Шөрековтi де, Қ. ә-нiң дәстүрлi саласын дамытқан әншi-ақындар легiнде (Майра, Иманжүсiп, Мәди, Кенен, Үкiлi Ыбырай) атап айтуға болады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсiнiң батырлары Амангелдi, Бекболат, т.б. туралы жырлар туды. Көтерiлiске байланысты туған халық поэзиясы ғасыр басындағы әдебиеттiң демокр.-халықтық бағытын толықтырып, оны жаңа мазмұнмен байытты; қ. Қазақ халық поэзиясы.Қ. ә. тарихында кеңес дәуiрi ерекше iз қалдырды. Бұл кезең, негiзiнен, ұлттық әдебиеттiң өрлеу жолынан өткен, жанрларын байытқан, одақтық, сол арқылы, әлемдiк әдебиетпен қарым-қатынасқа түскен шағы болды. Алайда, әдебиеттiң даму қарқыны үнемi бiркелкi болмады. “Әдебиеттiң партиялылығы” принципi оның тақырып таңдауына керi әсер еттi. Әдебиетте науқаншылдық өрiстеп, адамзат мүддесiне ортақ мәселелер жеткiлiксiз көтерiлдi, оның алдына бiрыңғай кеңестiк жүйенiң “артықшылығын” дәлелдеу мiндетi қойылды. Соған қарамастан ұлттық әдебиет туған халқының өмiрiмен байланысын үзген жоқ, оның қайшылықты өмiр жолын көркемдiкпен тануға ұмтылды. Әдебиетшiлердiң бiр тобы Кеңес өкiметiнiң теңдiк, әдiлдiк ұрандарын қолдап жаңа жырлар туғызды. Олардың басында Сәкен Сейфуллин тұрды. Сейфуллин жырларында азаттық, теңдiк аңсаған, сол үшiн күрескен жаңа адамның бейнесi жасалды. Ол табиғат суреттерi мен махаббатты, сезiмдi жырлаған лирик. өлеңдер, поэмалар (“Көкшетау”, т.б.), прозалық шығармалар (“Тар жол, тайғақ кешу”) жазды. Сәкен бастаған бағытқа Бейiмбет Майлин, Iлияс Жансүгiров, Шолпан Иманбаева, Сәбит Мұқанов, т.б. ақын-жазушылар үн қосты. Олар қазақ жерiнде жаңа туа бастаған кеңестiк шындықтың жарқын жақтарына ризашылық бiлдiрiп, шаттық жырын жырлады. Алайда, 20-жылдардағы ашаршылық пен шаруаларды күштеп ұжымдастыру, қолдағы малды тартып алу, содан туған қуғын-сүргiн көшпелi елдiң тұрмыс-тiршiлiгiн қиындатып жiбердi. Бiрақ бұл жағдайды суреттеуге кеңес әдебиетi бара алмады. Осы олқылықтың орнын Мағжан Жұмабаев шығармалары ғана толықтыра алды. Большевиктер билiгiн қабылдамаған Мағжан демокр. әдебиет дәстүрiн жалғастыра отырып, халық басындағы қайғылы тұстарды көркем суретке түсiрдi. Ол өмiрдiң мұңды, қайғылы жақтарына көп үңiлдi, өкiнiш пен күйiнiшке бой алдырды. Бiр мезгiл орыс декаденттерiне елiктеп өлеңдер жазды. Мағжанның махаббат пен табиғат жырлары да қазақ лирикасының ең жарқын беттерi болып саналады. Сәкен мен Мағжан шығармалары 20-жылдардағы Қ. ә-ндегi екi сарынның бейнесi iспеттi. Жаңашыл жас ұрпақ Сәкен маңына топтасты. Әдебиеттiң өмiр жаңалықтарын зерттеп, жаңа тақырыптарды игеруге бет бұрды. Азаматтық, саяси лирика дамыды, лирик.-публицистик. поэмалардың үлгiлерi туды. Көркем проза, драматургия даму жолына түстi. Мұхтар Әуезов, Жүсiпбек Аймауытов осы екi жанрда бiрдей елеулi шығармалар бердi. “Қилы заман”, “Қараш-қараш” оқиғасы, “Қартқожа”, “Ақбiлек”, т.б. повестер мен романдар, “Еңлiк-Кебек”, “Қаракөз”, “Мансапқорлар”, “Шернияз” сияқты пъесалар жазылды. Әңгiме жанрында Майлин жемiстi еңбек еттi. Әдебиетшi кадрлар қатары өсiп шықты. А.Тоқмағамбетов, Ө.Тұрманжанов, Ғ.Мүсiрепов, Ғ.Мұстафин, С.Шәрiпов, Ж.Тiлепбергенов, Е.Бекенов, М.Дәулетбаев, т.б. шығармалары әрқилы әлеум. көзқарастарына қарамастан, 20-жылдар әдебиетiнде жаңа бетбұрыс жасалғандығын көрсетедi. Мұндай қарқынды бұған дейiн ешбiр әдебиет тарихы көрiп-бiлген емес. Оған азаттық идеясының әсерi болғаны даусыз. 30-жылдар Қазақстан экономикасын, мәдениетiн кеңес саясатына ыңғайлау ұранымен басталды. Соц. реализм әдiсi қабылданып, әдебиет соц. шындықты бекiтетiн материалдар негiзiнде жұмыс iстейтiн болды. Бұл, белгiлi дәрежеде, әдебиеттiң еркiндiгiн шектедi. Осы шектеуге алдымен қазақ поэзиясы ұшырады. Ол 30-жылдары, негiзiнен, жаңа соц. отанды мадақтауға, елдi индустрияландыру, ұжымдастыру науқандарын паш етуге бағытталды. Адам ойын, сезiмiн, сүйiспеншiлiгi мен күйiнiшiн, табиғатпен байланысын жырлау саясаттан тыс саналды. Халықты “Бесжылдықты төрт жылда орындау” ұранына шақыру орын алды. Iстелген iстердi тiзбелеу, жаңалықты тамашалау сарындары көбейдi. Бұл — қазақ лирикасының өсуiне кедергi жасады. Оның есесiне публицист. поэзия iлгерiлеп, азаматтық лирика едәуiр есейдi. Эпик. поэзияның бүгiнгi күн тақырыбын жырлаған үлгiлерi де сәтсiз болды. Тек тарихи тақырыпта ғана (I.Жансүгiров: “Күйшi”, Қ.Бекхожин: “Ақсақ құлан”, И.Байзақов: “Ақбөпе”) табысты шығармалар туды. 30-жылдары эпик. проза жақсы өстi. Майлиннiң “Азамат-Азаматыч”, Жансүгiровтiң “Жолдастар”, Мұқановтың “Темiртас”, “Жұмбақ жалау” (“Ботагөз”), М.Дәулетбаевтың “Қызылжар”, С.Ерубаевтың “Менiң құрдастарым”, Ғ.Слановтың “Дөң асқан” романдары жазылып, бұл жанрды Қ. ә-нде орнықтырды. Майлиннiң, Әуезовтiң, Сейфуллиннiң, Мүсiреповтiң, Шәрiповтiң әңгiме-повестерi жарияланды. Драматургияда Жансүгiров, Майлин, Әуезов, Мүсiрепов жемiстi еңбек еттi.30-жылдар әдебиетiнде жалпы қоғам өмiрiндегi халықтық энтузиазмге құрылған жаңа үн бар едi. Әдебиет соны үлгi ете отырып, өмiрдi толық игеруге бет бұрды. Бiрақ, 1937 — 38 ж. қуғын-сүргiн кезiнде елде қоғамның бүкiл даму заңдылықтары бұзылып, “халық жауларын” iздеу басталды. Сейфуллин, Байтұрсынов, Жұмабаев, Майлин, Жансүгiров атылды. Әуезов, Мұқанов, Мүсiрепов қуғынға ұшырады. Әдебиет саласындағы бұл дағдарыс екiншi дүниежүз. соғысқа дейiн жалғасты. Бұл жылдардың әдебиетке қойған өз талабы болды. Ол майдан мүддесiне қызмет етiп, халықты басқыншы жауға қарсы отан қорғау рухында тәрбиелеуге, майдан батырларының ерлiгiн жырлауға тиiс болды. Өлең саяси үгiт құралына айналды. Қазақ поэзиясы бұл мiндетiн жаман орындаған жоқ. Сонымен бiрге, соғыстың адам басына салған ауыртпашылығын солдаттың сезiмi арқылы суреттеу өрiс алды. Бұл тұрғыда майдангер ақындар Қ.Аманжолов, Д.Әбiлев, Ә.Сәрсенбаев, Бекхожин жақсы жырларымен көрiндi. Үлкен прозада бұл кезеңде Қ. ә-ндегi, тiптi кеңес әдебиетiндегi ең үздiк туындылардың бiрiне айналған М.Әуезовтiң “Абай” романының бiрiншi кiтабы жарияланды. Соғыстан кейiнгi дәуiрде Қазақ әдебиетінiң қарқынды iзденiстерi айтарлықтай табысқа жеттi. Партияның идеол. салада бiраз қаулылар (“Ленинград” және “Звезда” журналдары туралы”, “Драма театрлардың репертуары және оны жақсарту шаралары туралы”, т.б.) қабылдап, әдебиеттiң еркiндiгiн шектеуiне қарамай, эпик. проза үлкен табыстарға жеттi. Әуезовтiң (“Абай”), Мұқановтың (“Ботагөз”, “Сырдария”), Мүсiреповтiң (“Қазақ солдаты”), Мұстафиннiң (“Миллионер”) есiмдерi Одаққа кең тарады. Олардың кiтаптары шет ел тiлдерiне аударылды. Осыған жалғас “Абай жолы”, “Оянған өлке”, “Қарағанды”, “Дауылдан кейiн” романдары жазылып, жоғары бағаға ие болды. М.Иманжанов, Қ.Жармағамбетов, С.Бақбергенов, С.Шәймерденов, З.Қабдолов, т.б. жазушылардың әңгiме-повестерi туды. Қазақ поэзиясы соғыстан кейiнгi халық ш-н қалпына келтiрiп жатқан еңбек адамдарының жан сезiмiн суреттеуге қызмет еттi. Бұл салада Ғ.Орманов, Аманжолов, Ж.Саин, С.Мәуленов көркем туындыларымен көзге түстi. Т.Жароковтың “Жапанды орман жаңғыртты”, “Қырда туған құрыш”, Х.Ерғалиевтiң “Бiздiң ауылдың қызы”, Әбiлевтiң “Алтай асулары”, Бекхожиннiң “Мәриям Жагор қызы” поэмалары туды. Драматургияда Ә.Әбiшев, Ә.Тәжiбаев, Ш.Хұсайынов жаңа шығармалар (“Достық пен махаббат”, “Көктем желi”, “Дубай Шубаевич”) бердi.50-жылдарда жеке адамға табынушылықты сынау мен елдiң iшкi нормаларын демократияландыру саясаты әдебиетке бiрсыпыра жеңiлдiк әкелдi. Әдебиетке қойылған қасаң тәртiп босаңсып, “жылымық” туды. Мұның өзi жазушылардың шығарм. белсендiлiгiн арттырды, олар өмiрдi боямалап көрсетуден бас тартып, заман шындығын қайшылықты құбылыстар арқылы тануға ұмтылыс жасады. Бұл iзденiс Әуезовтiң “Өскен өркен”, Т.Ахтановтың “Қаһарлы күндер”, “Боран”, Т.Әлiмқұловтың “Ақбоз ат”, Ә.Нұрпейiсовтiң “Қан мен тер”, С.Жүнiсовтiң “Жапандағы жалғыз үй”, З.Шашкиннiң “Сенiм”, “Темiртау” романдарынан көрiндi. Х.Есенжановтың тарихи романдары, Б.Момышұлының әскери прозасы жарық көрдi. Идеол. шектеудiң әлсiреуi, 60-жылдары әдебиетке келген жаңа ұрпақтың шығарм. iзденiстерiне тың шабыт бердi. Олар адам өмiрiн жан-жақты тереңдiкпен, филос. ойшылдықпен жырлауда, оның бойындағы ой, сезiм еркiндiгiн ашуда елеулi табыстарға жеттi. Поэзияда Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Ғ.Қайырбеков, О.Сүлейменов, М.Мақатаев, Ж.Нәжiмеденов, Т.Айбергенов, прозада Ш.Мұртаза, Ә.Әлiмжанов, Ә.Кекiлбаев, М.Мағауин, С.Жүнiсов, Қ.Жұмадiлов, Д.Исабеков, Ә.Тарази, Қ.Ысқақов, Р.Тоқтаров, О.Бөкеев, С.Мұратбеков, Д.Досжанов есiмдерi қазақ оқырман қауымының сүйiспеншiлiгiне бөлендi. 70 — 80-жылдары Қ. ә. Ф.Оңғарсынова, К.Салықов, М.Айтхожина, С.Иманасов, М.Шаханов, И.Оразбаев, Ж.Жақыпбаев, т.б. таланттар есебiнен толыға түстi. Қ. ә-нiң үлкен бiр саласы — балалар әдебиетi. Сапарғали Бегалин, Ө.Тұрманжанов, Б.Соқпақбаев, С.Сарғасқаев, М.Гумеров, М.Қабанбайдың әңгiме, повестерi жас оқырмандардың сүйiктi шығармаларына айналды. Балалар прозасын бағдарлағанда, қаламгерлердiң шеберлiгi шыңдалып, психол. талдауларға батыл барғанын және бұл жолда балалар прозасы мен поэзиясы табыссыз емес екендiгiн аңғаруға болады.1960 — 90 ж. iшiнде Қазақ әдебиетінде тарихи тақырып ерекше қарқынмен дамыды. Ұлттар тарихына жасалған тұсау алынғаннан кейiн қазақ жазушылары елдiң тәуелсiздiгi мен бостандық идеясын тарихи материалдарға сүйене отырып, көтеруге мүмкiндiк алды. Бұл тұрғыда I.Есенберлиннiң (“Қаһар”, “Алмас қылыш”, “Жанталас”, “Алтын Орда”), Мұртазаның (“Қызыл жебе”), Мағауиннiң (“Аласапыран”), Кекiлбаевтың, (“Үркер”, “Елең-алаң”) Ә.Әлiмжановтың (“Жаушы”, “Ұстаздың орлауы”, “Махамбеттiң жебесi”), Жүнiсовтiң (“Ақан Серi”), С.Сматаевтың (“Елiм-ай”) тарихи романдары Қ. ә-нiң қомақты табыстарына айналды. Тарихи романдар үлгiсi бүгiнгi күн тақырыбына шығарма жазушылар үшiн де мектеп болды. Б.Соқпақбаевтың, Жұмадiловтiң, З.Қабдоловтың, Тоқтаровтың, Ысқақовтың, Таразидiң, т.б. жаңа романдары дәуiр шындығының қайшылықты жақтарын кең ашып бейнелеуде, оқырманға заман мен адам туралы ой салуда едәуiр әдеби-көркемдiк жетiстiктерге ие болды. Осы жылдарда театр сахналарында Ахтановтың “Әке мен бала”, “Жоғалған дос”, Әбiшевтiң “Нұрлы жаңбыр”, Жүнiсовтiң “Ай тұтылғанда”, Ысқақтың “Таңғы жаңғырық”, Исабековтiң “Әпке”, “Мұрагерлер”, М.Хасеновтiң “Пай-пай, жас жұбайлар-ай”, Қ.Мұхамеджановтың “Бөлтiрiк бөрiк астында”, Н.Оразалиннiң “Шырақ жанған түн”, Р.Сейсенбаевтың “Түнгi диалог”, “Нартәуекел” пьесалары табыспен жүрдi. 80-жылдардың соңына қарай, қазақ жазушылары бұрын айтылмай келген халық басынан кешкен аштық, қуғын-сүргiн оқиғаларын жазуға мүмкiндiк алды. Соңғы он жылдықтағы әдеби құбылыстар тақырыбы бүгiнгi күннiң өзектi мәселелерiн қозғауымен, тарихи ойымен, психологизм мен әлеум. iшкi өзара байланысымен, адамның iшкi жан дүниесiне, мiнезiне үңiле назар аударуымен, экол., урбанизация, ғыл.-тех. жетiстiктер көкейтестi, т.б. жайларға көңiл аударуымен ерекшеленедi. Тәуелсiздiк жылдарының рухани нәтижесi Нұрпейiсов (“Соңғы парыз”), Қабдолов (“Менiң Әуезовiм”), Мұртаза (“Ай мен Айша”), Мағауин (“Сары қазақ”), Жүнiсов (“Аманай мен Заманай”), Нұршайықов (“Жазушы мен оның достары”), Ысқақ (“Ақсу туралы аңыз”), Тоқтаров (“Абайдың жұмбағы”), Сматай (“Жарылғап батыр”), С.Елубай (“Тағзым”), Мұратбеков (“Ай туар алдында”), Исабеков (“Ай-Петри ақиқаты”), Тарази (“Қара жұлдызға сапар”), Жұмадiлов (“Тағдыр”), А.Жақсыбаев (“Тiрек”), Қ.Исабаев (“Шоң би”), Д.Досжан (“Құм кiтап”), Б.Мұқай (“Өмiрзая”), Ә.Сарай (“Едiл-Жайық”), О.Сәрсенбай (“Шеңбер”), т.б. көрнектi жазушылардың роман, повесть, әңгiмелерiнде көрiнiс тапты. Әдеби онжылдықта Қ. ә-нiң дәстүрлi жанры поэзияда ұлттық үн мен азаматтық әуен жоғары деңгейге көтерiлдi. Барлық уақыт қабаттарына барлау жасау, поэтик. қиялдың ауқымдылығы, лирик., баяндаушылық, публицистик. және сыншылдық көңiл-күйдiң байлығы, суреттеу тәсiлдерi мен құралдарындағы батыл iзденiстер осы жылдар поэзиясына тән болды. Мүшайра, айтыс, әдеби-поэтик. байқаулар шығарм. iзденiстердiң молаюына түрткi болды. 20 ғ-дың 90-жылдарында ұлттық драматургияның ең басты нысанасы болған Кекiлбаевтың “Абылай хан”, Ш.Құсайыновтың “Томирис”, М.Байсеркеновтың “Абылай ханның ақырғы күндерi” тарихи драмалары ендi ғана тәуелсiздiк алған елдiң егемендiгiн сақтап қалудағы қиын күрестiң тiрегiн iздеудiң ерекше түрi iспеттi болады.Қазақ әдебиеті өзiнiң бүкiл даму барысында күрделi де қайшылықты жолдардан өттi. Бүгiнгi қазақ ұлттық әдебиетi өсiп-өркендеген көп салалы, көп жанрлы, көрнектi авторлары бар, әлемдiк әдебиет деңгейiне көтерiлдi.

Қазақстан әдебиет.Қазақ әдебиетiнiң ежелгi бастаулары б.з.б. 3 — 1 ғасырлар аралығында пайда болған “Алып Ер Тоңға”, “Шу батыр” дастандарында жатыр. Осынау жазбалардағы оқиғалардың қазақ халқының арғы тарихымен тығыз байланыстаөрбiгендiгi соңғы уақыттардағы ғыл. iзденiстер барысында толық дәлелдендi. Орхон-Енисей жазба ескерткiштерi ұлттық әдебиетке тiкелей қатысты үш түрлi мәселенiң басын ашып бердi. Бiрiншiден, қазақ жазба әдебиетiнiңтүп-тамыры Түрiк қағандығы тұсынан басталатыны белгiлi болды. Екiншiден, өз дәуiрiнiң кескiн-келбетiне сай дамыған мәдениетi мен өнерiнiң болғанын айғақтады. Үшiншiден, жазба жәдiгерлер поэтик. қуатымен, тарихи шежiрелiксипатымен және ой тереңдiгi, мазмұн байлығы, көркемдiк қасиетi жағынан түркi тайпаларында сөз өнерiнiң жоғары дәрежеге жеткенiн көрсеттi. Жазба ескерткiштерiнде ауыз әдебиетi үлгiлерiнiң мол орын алуы, кейiн сопылықпоэзияда фольклорлық түрдiң қолданылуы — фольклорлық мұра қашан да жазба әдебиеттiң қайнар көзi, өркен жаюына ықпал жасайтын үлкен арна болғанын аңғартады. Халықты тарихи және рухани тiршiлiгiмен бiрге жасасыпкеле жатқан қоғамдық құбылыс ретiнде фольклор ұлттың көркемдiк ой-көзқарасын, эстет. талап-талғамын, танымдық түсiнiгiн қалыптастырумен қатар, түркi әдебиетiне ғана тән әдеби дәстүр туғызды (қ. Ауыз әдебиетi). Түрiкқағандығы құлағаннан кейiн түркi тiлдi тайпалардың мәдениетi, өнерi, әдебиетi және тiлiнiң тарихи дамуы мен өркендеуiнiң негiзгi орталығы қазақ даласы болды. Қазақстан мен Орта Азияда ислам дiнiн таратушылар түркiтайпаларының арасында мұсылмандықты рухани байлықтың ықпалымен орнықтыруға күш салды. Алайда арабтардың мәдени және әдеби мұрасы, рухани дүниетанымы мен дамуы мүлде бөлек елдiң ғасырлар бойы жасағандәстүрiн бұзып, не жойып жiбере алмады. Керiсiнше, оны байытып, өркендеуiне ықпал жасады. Осыған байланысты тарих сахнасына шыққан түрiк даласы даналарының, өнер иелерiнiң, ғылым қайраткерлерiнiң көркемшығармалары мен ғыл. зерттеу еңбектерi қазақ әдебиетi мен қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасу тарихына тiкелей ықпал еттi. Осы кезеңдегi ғалымдардың еңбектерiнен 10 — 12 ғ-лардағы түркi халықтарына тән ортақ мұраболып саналатын көркем әдебиеттiң өркендеуiне орай туындаған сыншылдық-эстет., ғыл.-зерттеушiлiк, әдеби-теор. ой-пiкiрдiң ояну дәуiрiн көруге болады. Бұл кезеңде мәдениет, ғы-лым, әдебиет, сәулет өнерi өркендедi. Оныңiшiнде сөз өнерiне деген құрмет ауыз әдебиетi мен жазба әдебиеттiң дамуына ықпал жасады, филол. бiлiмдер жүйесiмен айналысу тек көркем әдебиет өкiлдерi ғана емес, барша зиялы қауымға тән құбылыс болды. Шешендiк өнердiмеңгеру, нақышты сөйлей бiлу, өлең шығару қабiлетiне ие болу — бiлiмдi деп саналатын адамдардың мiндеттi түрде игеруге тиiстi қасиеттерiне айналды. Ғыл. еңбектердiң көркем үлгiде келуi оның басты сапаларының бiрi ретiндетанылды. Тiптi жаратылыстану ғылымымен шұғылданушылар да филология, поэтика, риторика мәселелерi туралы трактаттар жазды. 9 — 12 ғ-ларда ауыз әдебиетi мен жазба әдебиеттiң дамуы сөз өнерiнiң көркемдiгiн, бейнелiлiгiн,тәрбиелiк мәнiндегi қажеттiлiгiн түсiнуге деген алғашқы түсiнiктердi қалыптастыра бастады. Осылайша мәдениетi мен ғылымы, өнер-бiлiмi, тiл мен әдебиетi даму жолына бет алған түркi халықтарына 13 ғ-да басталған моңғолшапқыншылығы аса зор зардаптар әкелдi. Алайда түркi халықтары ғасырлар бойы қалыптасқан фольклоры мен әдебиетiн, өнерi мен мәдениетiн жоғалтқан жоқ. 13 — 15 ғ-лар арасында жасалып, Алтын Орда дәуiрiнен қалғанмәдени, әдеби, тарихи мұралар, жазба ескерткiштер, қолжазбалар, көркем шығармалар, сөздiктер мен аудармалар, шежiрелер қазақ халқына да тән мұралар болып саналады. Аталған кезеңдердi қорыта келгенде қазақ халқының этн.тұрғыдан ұйысып, жеке ұлт болуына дейiнгi түркi халықтарына ортақ әдеби үрдiстiң қазақ әдебиетi де заңды мұрагерi болып табылатындығы ғыл. тұрғыдан жан-жақты дәлелденiп, тұжырымдалды. Қазақ хандығының мәдениетi,өнерi, әдебиетi бұрынғы қазақ даласын жайлаған түркi тайпаларының ғасырлар бойы жасаған рухани қазынасының дәстүрлi жалғасы ретiнде, көркемдiк дамудың тарихи сабақтастығы принципiне сай дами бастады. Қазақтыңхалық ауыз әдебиетi ұлттық сипат алып, жанрлық түрлерi көбейдi, әсiресе жаугершiлiк заманның эстет. талап-тiлегiне сай эпостық жырлар молая түстi. Ұлттық әдебиеттiң өзiндiк ерекшелiгiн танытатын ақын-жыраулар поэзиясыкеңiнен қанат жайды. Қазақ жыраулары ертедегi түркiлердiң жазба поэзиясын тақырыптық, мазмұндық, жанрлық, көркемдiк, образдылық, өлең құрылысы жағынан байытып, өркендеттi. Жыраулар поэзиясы филос. ой-толғамды,дидактик. насихатты жалғастыра отырып, отаншылдық, патриоттық сарынды, лирик., реалистiк суреттеудiң алғашқы белгiлерiн, әдебиетке халықтық сипат әкелдi, сөз өнерiнiң халық тарихы мен өмiрiне тығыз байланыстылығын, елмұңын жырлау идеясын кiргiздi (қ. Жыраулық поэзия). Қазақ әдебиетiн кезеңдеу мәселесiнде бiрнеше ғасырлар бедерiн алып жатқан осы жыраулық поэзия дәстүрiне қатысты бiршама талас-тартыстар туындап, 20 ғ-дың80-жылдары соңына қарай iшiнара лайықты бағасын алғанымен оның қазақ әдебиетiндегi орны мен идеялық бағыты кейiнгi кезеңдерде ғана толық зерттелдi. Алайда белгiлi бiр тарихи оқиғалар мен қоғамдық құбылыстар арасындапайда болған қазақ ақын-жазушыларының шығармаларындағы сарындар мен ағымдарға, идеялық бағыт-бағдарға байланысты әдебиеттанушы ғалымдар арасында талас-тартыстар пайда болды. 20 ғ-дың 20 — 30-жылдары қазақақын-жазушыларының шығармаларына әдiл бағасын берген ғалымдар кейiннен кеңестiк тәртiптiң құрбаны болды. Кеңестiк кезеңде қазақ әдебиетi барынша жылдам қарқынмен қаулап өстi, ақын-жазушылардың шығарм. белсендiлiгiартып, қазақ әдебиетi жанрлық тұрғыдан елеулi түрде молайды. Әйтсе де идеол. қысым салдарынан өз мүмкiндiгiн толық көрсете алмады. Республика тәуелсiздiгiн алуымен бiрге ақын-жазушыларға толық шығарм. еркiндiк берiлiп,әдебиетке қойылатын талап-тiлек те өзгерiске ұшырады. Осыған байланысты бұған дейiн де қазақ әдебиетiнiң даму барысында, әсiресе поэзияда байқалып келген белгiлi бiр күрделi өзгерiстер тұсында аңтарылу, дағдару секiлдiөткiншi құбылыстар аз уақыт қана орын алды. Қазiргi уақытта жан-жақты өсiп-өркендеп, кемелденген қазақ халқының ұлттық әдебиетi елдiң тарихи өмiр жолы, тұрмыс тiршiлiгi, әдет-ғұрпы, салт-санасы, эстет. талап-тiлегi менфилос. танымының өркендеу деңгейiне сай туып, дамып келедi. Қазақ әдебиеттану ғылымы қазақ әдебиетiнiң тарихын зерделеуде бүгiнгi күнi бiршама орнығып, ғыл. түрде дәлелденген нақтылы тұжырымдарға қол жеткiздi.Кеңестiк қазақ әдебиеттану ғылымында қазақ әдебиетiнiң тарихын кезеңдеу, оларды идеялық, жанрлық тұрғыдан жiктеу мәселесiне байланысты қалыптасқан кейбiр бiржақты теориялар түзетiлдi.Соның iшiнде қазақ әдебиетiнiң тарихын Қазақ хандығының құрылуымен ғана байланыстыру, жазба әдебиеттiң қалыптасуын Абайдан берi ғана бастау секiлдi ұлттық әдебиеттiң өрiсiн тарылтатын қате тұжырымдар күн тәртiбiнен алынып тасталды. Қазiргi қазақ әдебиетi жалпы әдебиеттiң түпкi мақсаты — адам жанын терең түйсiну, оны көркемдiкпен шынайы-шыншыл бейнелеу жолындағы қалыпты даму ырғағына түстi. Тұтастай алғанда қазiргiуақытта қазақ әдебиетi — әлем әдебиетiнде өз орны бар, тарихы бай, жан-жақты жетiлген дәстүрлi әдебиет болып қалыптасты.19 ғасырдың 2-жартысынан бастап әр түрлi саяси оқиғаларға байланысты қазақ жерiне аяқ басқан өзге ұлт өкiлдерi тұрақтап қала бастады. Олар 20 ғ-дың алғашқы жартысынан қазақ елiндегi саяси-әлеум., мәдени шараларға белсене араласып, өздерiн этник. топтар ретiнде көрсеттi. Әсiресе, Қазақстанға орыстар көптеп қоныс аударды. Олардың арасында әдебиет пен мәдениет өкiлдерi де болды. Қазақстан жазушылар одағы құрамында 1933 жылдан орыс әдебиетi секциясы жұмыс iстей бастады. И.Шуховтың “Қасiрет белдеуi” (1931; қазақ тiлiнде 1972; ауд. О.Оспанов), “Өшпендiлiк” (алғашқы ред. 1932; қазақ тiлiнде 1935; ауд. X.Есенжанов) сияқты романдары сол кездегi кеңес әдебиетiнiң роман жанрындағы елеулi шығармалары болып саналды. 2-дүниежүз. соғыс жылдары А.Бектiң “Волоколам тас жолы” повесiнде (1943) Б.Момышұлының, И.Панфиловтың, т.б-дың ерлiк бейнелерi жасалды. Соғыстан кейiн Шуховтың “Күн келбетi” (1950), В.Ванюшиннiң “Тiрек нүктесi” (1952) повестерi жарияланды. Бұлар Қазақстандағы орыс жазушыларының тақырыптық ауқымын кеңейттi. Н.Анов “Ән қанатында” романында (1959) 20 жылдардағы Қазақстанның әлеум.-тарихи жағдайын суреттедi. Онда ұлттық өнердiң қалыптасуы мен дамуы көрсетiлiп, дарынды адамдардың (И.Байзақов, Ә.Қашаубаев, Қ.Мұңайтпасов, А.В. Затаевич, т.б.). бейнелерi жасалды. И.Щеголихиннiң “Қарлы бұрқасын” романы (1961), Г.Черноголовинаның “Жаңбырсыз маусым” повесi мен “Тәуекел аймағы” романы (1981), т.б. шығармалар жазылды. Г.Свиридовтың “Жанкештi сапар” романында (1976) Ә.Жангелдин басқарған отрядтың шөл дала арқылы өткен ерлiк жорығы баяндалады. Жангелдиннiң бейнесi М.Симашконың “Комиссар Жангелдин” романында айқынырақ әрi жан-жақты жасалды, Дм. Снегин “Таңертең және талтүс” дилогиясында (1976, 1982) тарихи тақырып ауқымын кеңейтiп, тарихи тұлғалардың бейнелерiн сомдады, олардың iшiнде О.Жандосовтың бейнесi ерекше орын алады. Симашконың Ы.Алтынсарин туралы “Қоңырау” (1982), орыс халқының тарихы туралы “Семирамида” (1968) романдарын, Ф.Достоевский туралы П. Косенконың “Өмiр үшiн өлiм” деректi повестер топтамасын (1986) оқушылар жылы қабылдады. Снегиннiң I.Жансүгiров, И.Эренбург, А.Твардовский, Вс.Иванов туралы “Қауышқан құшақ” әдеби естелiктерi (1988) жарияланды. Поэзия саласында В. Антонов, А.Елков, Д.Рябуха, Л.Скалковский, Ф.Моргун, В.Смирнов, М.Чистяков сияқты ақындардың жаңа толқыны келiп қосылды. Республикада тұратын көптеген орыс жазушылары қазақ қаламгерлерiнiң шығармаларын орыс тiлiне аударды. 1977 ж. Қазақстан Жазушылар одағында корей әдебиетi секциясы ашылды. Корей жазушылары өз шығармаларында ежелгi ұлттық әдебиет туындыларын бүгiнгi заман дәстүрiмен шебер ұштастырды. Олардың көрнектi өкiлдерiнiң бiрi — жазушы, ақын Ким Дюн (1900 — 1980) болды. Оның қазақтың батыр қызы Ә.Молдағұловаға арналған “Әлия” атты поэмасы (1969 ж. корей тiлiнде), корей патриоттарының күресiн бейнелеуге арналған “Жүз елу мың вонның iсi” романы жарық көрдi. 1937 жылдан берi респ. корей театрында корей драматургтерiнiң жүзден астам пьесалары қойылды. Сонымен қатар театр сахнасында қазақ жазушылары М.Әуезовтiң “Қарагөз” және “Қобыланды”, Ғ.Мүсiреповтiң “Қозы Көрпеш — Баян сұлу”, О.Бодықовтың, Қ.Мұхамеджановтың, т.б. пьесалары корей тiлiнде қойылды. Қазақстандағы корей жазушыларының шығармалары “Корей өлеңдерi” (1958), “Дала қызғалдағы” (1973), “Сырдария әуендерi” (1975), “Күнбағыстар” (1982) деген атпен ұжымдық жинақ болып шықты. Сондай-ақ, Ким Дюннiң жыр кiтаптары, Ен Сенненнiң шығармалары, корей жазушыларының “Шаттық Отаны” (1988), “Гүлден, дала” (1988), Хан Диннiң пьесалар жинақтары (1988) корей тiлiнде жарық көрдi. Қазақстандағы немiс ақын-жазушылары да елеулi еңбек еттi. “Фройндшафт” (1966 ж) газетiнiң шығуы, “Қазақстан” баспасында (Алматы) немiс әдебиетi редакциясының құрылуы (1967 ж), Алматыдан немiс тiлiнде радио хабар таратылуы (1958 ж.), сондай-ақ, Қарағандыда немiс тiлiнде телевизиялық хабардың әуе толқынына шығуы, Темiртау қ-нда немiс театрының ашылуы (1980) — осылардың бәрi Қазақстандағы немiс ұлты өкiлдерiне жасалған қамқорлық болды. 50 — 60 жылдары Қазақстандағы немiс жазушыларының шығармаларында поэзия жанры ерекше өркендедi. Р.Жакмьеннiң, К.Вельцтiң, И.Варкентиннiң, Н.Ваккердiң, Г.Генкенiң, Д.Левеннiң, Р.Франктiң, Э.Ульмердiң, Р.Лейстiң, Н.Ваккердiң, О.Пладерстiң, т.б. жыр жинақтары, А.Реймгеннiң, В.Клейннiң, Д.Гольманның, А.Дебольскийдiң, Г.Бельгердiң, К.Эрлихтiң, Г.Гольманның прозалық кiтаптары жарық көрдi. Қазақстанда ұйғыр тiлiнде алғашқы газеттер, журналдар, альманахтар шықты, ұйғыр ақын-жазушыларының шығармалары жарық көре бастады. 1932 ж. Қазақстан Жазушылар одағы жанынан ұйғыр секциясы ұйымдастырылды. Бұл кезеңде И.Саттировтың, И.Искандеровтың поэзиясы ерекше көзге түстi, драматургтер Ж.Асимов пен А.Садировтың, К.Хасановтың пьесалары қойылды. Проза жанры жетекшi орын алды. X.Абдуллиннiң З.Сәмәдидiң, Ж.Босақовтың, Т.Тоқтамовтың, М.Зұлпықаровтың, А.Ашировтың, Н.Баратовтың, П.Сәбитованың) повестер жинақтары жарық көрдi. И.Бахтияның, М.Хамраевтың, И.Бахниязовтың, Р.Кадыридiң, А.Ғаниевтiң, М.Абдурахмановтың өлең-поэмалары жарық көрдi. А.Құнанбаевтың “Өлеңдерi” (1987), С.Мұқановтың “Балуан Шолақ” (1987, ауд. Қ. Тоқтамов). Ғ.Мүсiреповтiң “Кездеспей кеткен бiр бейне” (1987, ауд. З. Сәмәди) шығармалары ұйғыр тiлiнде жарияланды. Республиканың тәуелсiздiгiмен бiрге Қазақстандағы түрлi ұлт өкiлдерiнiң әдебиетi даму үстiнде. Көрнектi ақын-жазушыларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетiлуде, Дм.Снегинге, Г.Бельгерге, М.Симашкоға ҚР Президентiнiң Бейбiтшiлiк және рухани келiсiм сыйлығы берiлдi.                                                            Қаз.энциклоп. 5 том 

 

 

  

 


Информация о работе Қазақ әдебиеті