1916 ж ұлт азаттық көтеріліс

Автор: Пользователь скрыл имя, 23 Декабря 2011 в 10:02, реферат

Описание работы

Алдымыздағы маусым айында Қазақстан мен Орта Азиядағы жергілікті халықтардың 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің бас¬талғанына 95 жыл толғалы отыр. Аталған өңірлерді түгелге дерлік қамтыған бұл көтеріліс, ең алдымен, патшалық Ресейдің көптеген жылдар бойы жүргізіліп келген, ал 1914 жылы басталған Бірінші жаһандық соғысқа байланысты бұрынғыдан әрі күшейе түскен отарлық қанау саясатына қарсы бағытталды.
Қазақстан мен Орта Азиядағы 1916 жылғы көтеріліс туралы көп жазылды. Мәселені ең алғаш зерттеудің әу басында тарихшылардың аға буын өкілдері С.Асфендияров, А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, Т.Рысқұлов, С.Меңдешев, Б.Алманов, Б.Қаратаев, Ж.Аймауытов тұрды.

Работа содержит 1 файл

Жетісу көтерілісі.docx

— 84.14 Кб (Скачать)

                                               Жетісу көтерілісі.

12-Maмыр, 2011

  Сол кезде 73 жастағы Бекболат Әшекеев атқа қонып еді

 «Рас, мен соғысуға шықпақ болдым, 
Басыңды жер астына тықпақ болдым. 
Рас десең рас сөз мен айтайын, 
Ақ патшаның тұқымын құртпақ болдым», – 
деп Бекболат Әшекеев кімге қарсы шыққанын ашық, анық айтты топ алдында, көп алдында. Сөйтті де, өзін-өзі өлімге қиды. Жай емес, жарқын болашаққа сенді де, саналы түрде, сабырлы түрде мойынын дар тұзағына ұсынды…

Қаһарлы ашу-ыза

Алдымыздағы маусым айында Қазақстан мен Орта Азиядағы жергілікті халықтардың 1916 жылғы ұлт-азаттық  көтерілісінің басталғанына 95 жыл толғалы отыр. Аталған өңірлерді түгелге дерлік қамтыған бұл көтеріліс, ең алдымен, патшалық Ресейдің көптеген жылдар бойы жүргізіліп келген, ал 1914 жылы басталған Бірінші жаһандық соғысқа байланысты бұрынғыдан әрі күшейе түскен отарлық қанау саясатына қарсы бағытталды. 
Қазақстан мен Орта Азиядағы 1916 жылғы көтеріліс туралы көп жазылды. Мәселені ең алғаш зерттеудің әу басында тарихшылардың аға буын өкілдері С.Асфендияров, А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, Т.Рысқұлов, С.Меңдешев, Б.Алманов, Б.Қаратаев, Ж.Аймауытов тұрды. Сонымен қатар олардың бәрі де сол жылдардағы қаһарлы оқиғаларды көзімен көрген, ал кейбірі қозғалысқа тікелей қатысқан адамдар еді. 
Бұл авторлардың жұмыстарының маңызын айтып жеткізу оңай емес. Бірақ олардың бәрі де тоталитаризмнің құрбандығына ұшырап, еңбектері ұзақ жылдар бойы тарихнамадан шеттеп қалды. 
Бұдан 95 жыл бұрын, 1916 жылғы шілдеде Қазақстан мен Орта Азия халықтарының отарлық езгіге қарсы ұлт-азаттық көтерілісі басталды. Көтерілістің пісіп-жетілуіне жалпы отар өмірінің ауыртпалығы, метрополияның бодан ел-жұртты озбырлықпен қанауы, құнарлы жерлерді қилы сылтаумен «мемлекет пайдасына» жүйелі түрде тартып ала беруі, одан Ресейдің бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысуына байланысты үкіметтің империя бұратаналарына шектен тыс алым-салық салуы әсер етті. Ал көтеріліс қимылдарының Қазақстан мен Орта Азия халықтары арасында жаппай орын алып, іс жүзінде бір мезгілде шығуына «Ақ патшаның» әйгілі «Июнь жарлығы» – Ресей императоры ІІ Николайдың 1916 жылғы 25 маусымда қол қойған «Империяның еркеккіндікті бұратана халқын армияның іс-қимылы ауданында қорғаныс құрылыстарын және соғыстың қатынас жолдарын салу жөніндегі жұмыстарға, сонымен бірге мемлекеттік қорғаныс үшін қажет кез келген өзге де жұмыстарға тарту туралы» пәрмені себеп болды. 
Жарлық бойынша тыл жұмыстарына 19-дан 43 жасқа дейінгі 400 мың адам, соның ішінде қазақтардан 240 мыңға жуық кісі алу белгіленді. Егер сол кездегі қазақ шаруашылықтарының саны 700 мыңнан сәл асатынын ескеретін болсақ, патша жарлығы тұтастай орындалған жағдайда әрбір үшінші шаруашылық өзінің негізгі еңбек етушісінен айырылады екен. Ал мұндай мөлшерде жұмысшы қолын майданның тыл жұмыстарына әкету Қазақстанды ұлттық апатқа ұшыратуы мүмкін еді. 
Жарлық Қазақстанның барлық аймақтарында дерлік жаппай наразылық тудырды. Әлихан Бөкейхановтың сөзімен айтсақ, «қалың елдің дариядай толқуы басталды». 
Қазақ қоғамында, атап айтқанда, оның сол кездегі саяси элитасының арасында, көтеріліске көзқарас бір мәнде болған жоқ. Қазақ зиялыларының радикалды өкілдері (Тоқаш Бокин, Жаңабай Ниязбеков, Әубәкір Жүнісов, Тұрар Рысқұлов, Сейітқали Меңдешев, Бәймен Алманов, Әліби Жангелдин, т.б.) патша жарлығына батыл қарсы шықты және халықты қарулы қарсылыққа шақырды, ал «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан либерал-демократияшыл зиялылардың жетекшілері (А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов және басқалар) патша әкімшілігінен тыл жұмысына адам алуда асықпауды өтініп, әуелі дайындық шараларын жүргізу жөнінде ұсыныстар жасады. Сонымен қатар олар көтеріліске шыққан халық патша өкіметі тарапынан аяусыз жазалауға ұшырайтынын ескертіп, көпшілікті жарлықты орындауға шақырды. 
1916 жылғы көтерілістің қазақ халқының көп ғасырлық ұлт-азаттық қозғалысының тарихында аса көрнекті орын алатындығын Алаш зиялылары түсінбей қойған жоқ, түсінді. Шындығында да, өз тәуелсіздігі үшін ұзақ жылдар бойы жүргізілген ерлік күресінің дәстүрінде тәрбиеленген қазақ халқы 1916 жылы ұлттық және саяси бостандық алу мақсатымен Ресей империясының езгісіне қарсы жойқын күреске шықты. Жаңа тарихи кезеңде Әбдіғапар Жанбосынов, Амангелді Иманов, Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Жәмеңке Мәмбетов және басқа халық батырлары кезінде Сырым Датов, Исатай Тайманов, Махамбет Өтемісов, Кенесары мен Наурызбай Қасымовтар, Жанқожа Нұрмұхамедов, Байзақ Мәмбетов, т.б. көтерген бостандық үшін күрес туын қайтадан өз қолдарына алды. 1837-1847 жылдардағы Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысынан кейін 1916 жылғы көтеріліс ұлан-ғайыр Қазақстанның барлық өңірлерін қамтыды. 
Бұқаралық қарулы көтерілістің дем берушісі ретінде Ақмола облысының Атбасар уезінде Әділбек Майкотов, Бөкей даласында Сейітқали Меңдешев, Орал облысының терістік бетінде Әбдірахман Әйтиев, Ақтөбе даласында Бәймен Алманов, Торғай облысында Әліби Жангелдин, Амангелді Иманов, Жетісуда Тоқаш Бокин, Сырдария облысында Тұрар Рысқұлов көтерілісшілердің ақылшысы, көсемі болды.

Жетісу өңіріндегі 
толқулар

Көтерілістің алғашқы ошағы Жетісу облысында пайда болды. Мұнда патша жарлығына қарулы қарсылық шілде-тамыз айларында бұқаралық сипат алды. Барлық жерде найза сүңгілермен, қылыш, шоқпарлармен, жекелеген қарапайым аңшы мылтықтарымен қаруланған сарбаздар жасақтары ұйымдастырылды. 17 шілдеде ресми билік Түркістан өлкесінде, оның ішінде Жетісуда, соғыс жағдайын жариялады. Патшалық өкімет органдары Жетісуға ірі жазалаушы әскери күштер жеткізе бастады. Тамыз айында 35 рота жаяу әскер, 2 жүздік атты әскер, 240 атты барлаушылар, 16 зеңбірек, 47 пулемет, бірнеше майданнан қайтарылған әскери бөлімшелер, жергілікті КАЗАК күштері пайдаланылады. Көтерілісшілерді жазалау үшін облыстағы орыс селолары мен казак станцияларының тұрғындарынан қарулы жасақтар құрылды. Текетіреске түскен екі жақтың мүмкіндіктері тайға таңба басқандай белгілі еді. 
Бір жағында – бақайшағына дейін қаруланған, әскери өнердің бар қыр-сырына үйретілген патша әскері, екінші жақта қатар қаруланған, үйретілмеген, әлеуметтік және ұлттық азаптан шығуға ұмтылған көтерілісшілер жасақтары шайқасқа түсіп жатқан болатын. 
1916 жылы 6 шілде күні Ақбейіт бөктерінде барлық 16 болыс Албан елі өкілдерінің жиыны болды. Жарлықты талқылап болған соң жиналғандар бірауыздан мынадай шешім қабылдады: 
«Ресейге өз еркімізбен қосылғаннан бері 50 жылдан астам уақыт өтті. Осы кезең ішінде ұлы патша бізді әскери қызметке алмады, әскери іске үйретпеді, мектептер және басқа да мәдениет орындарын ашпады. Халықтың өнерге, білімге деген құштарлығын құптамады, бізді мәдениет пен дамудан тыс ұстады. Қазір біз қайыршылық халде өмір сүрудеміз. Жер салығы, тұяқат 5 есе өсті. Малдың әр басынан 25 тиыннан тұяқат алуда. Енді, міне, 19 бен 43 жас аралығындағы ерлерді окоп қазу жұмыстарына алмақшы. Біз бұл қарғыс атқан жарлықты орындауға қарсымыз» (Восстание киргизов и казахов в 1916 году. Бишкек, 1997, с. 129). 
Қызу қарқынмен лап ете түскен Жетісу көтерілісіне қазақ, қырғыз, ұйғыр, дүнгендер жұмыла атсалысты. Қатарларына 10 мыңнан астам адам тұрған көтерілісшілер Самсы төңірегінде жазалаушылар жасағына шабуыл жасап, оларды Верныйға қарай шегінуге мәжбүр етті. Тамызда Верный мен Пішпек арасындағы байланысты үзіп тастады. Бұл кезде Жаркент пен Лепсі үйездерінде көтеріліс ұлғая түсті. Жергілікті полицияның хабарларына қарағанда, қолына қару ұстауға жарамды бірде-бір қазақ көтерілістен тыс қалған жоқ. Көтерілісшілер үкімет әскерімен Жаркент және Лепсі уездерінде шайқасты. Ірі көтерілістің бірі Қарқара жайлауында болды. Көтеріліс басында Ұзақ Саурықұлы, Жәмеңке Аманқұлұлы, Серікбай Қанайұлы тұрды. Қарқара маңына жиналған бес мыңнан астам көтерілісші 11 тамыз күні жорыққа аттанып, келесі күні Қарқараны қоршап алды да, шабуылға шықты. Жазалаушылардың қорғанысына қарамастан, олар Қарқараны 15 тамызда басып алып, жәрмеңкені қыркүйектің басына дейін өз қолында ұстап тұрды. Қазанның бас кезінде Жетісу көтерілісі жеңіліске ұшырады. Көтеріліс болған аймақтар тартып алынып, құнарлы жерлерге казак-орыстар қоныстанды. Көтерілісшілер ауыр жазаға тартылды. 
Верный гарнизонының әскери дала соты 14 тамызда Верный уезіндегі Үлкен Алматы болысының қазағы Байбосын Тамабаевты дарға асып өлтіруге үкім шығарды. Оның бір топ үзеңгілес серігі – болыстас жерлестері Есбол Шойынқұлақов, Тойбай Қойбағаров, Жұмаділ Ақыпжанов, Ерали Сабақов, Сапарбай Итібаев, Қозыбай Құзырбаев, Сүлеймен Тәселов пен Шамалған болысының қазағы Бүрей Бектасов бас бостандығынан айырылып, үш жылға арестанттық түзету лагеріне айдалды. 
Пристав Подпорков казак әскерінің көмегімен Ереуілтөбеде сөз сөйлегендердің бәрін қамауға алды. 7 тамыз күні түрмеде Жәмеңке Мәмбетов қайтыс болды. Бір күннен соң жабық камераларда ешқандай сотсыз, полковник Ивановтың бұйрығымен Кәрібоз Қаңтаров, Суанқұл Арғынов, Қазыбек Шорманов, Үмеке Ыстыбаев, Біләл Разақов, Қазабек Тоқтамысов, Құрман Әділбеков, Бекдайыр Сұлтанқұлов, Құдиярбек Шотманов, Жанпейіс Отыншиев атылды. 
Әскери дала соттарының сүйенген «құқықтық» негіздерінің бірі «Жазалау туралы» әскери жарғының 279-бабы болды. Онда жалғыз өкім – өлім жазасы туралы ғана айтылады. Мұны Жетісу облысының әскери губернаторы Фольбаумның қолы қойылған құжаттар растайды. Бұл құжаттағы «аяусыз жазалаңдар», «тез арада қамаңдар», «тез арада өлтірілсін». «Көтерілісті басудың бір-ақ жолы бар. Көтерілген болыста бірден бірнеше жүз адамды қырып-жою керек», – деген сөздер де – сол қанішер губернатордың нұсқауы. 
Мұндай қанды операцияларды жазалаушылар әр жерде жүргізді. Казак қылышы мен мылтығынан жазықсыз қырылған қазақтар аз болған жоқ. Шамасы жеткен ел үдере көшіп Қытай ауып кетті.

Көтеріліс көсемі Бекболат Әшекеев

1916 жылы тамыз-қыркүйек айларында Асы, Самсы, Отар өңірлерінде де казак-орыс жазалаушыларымен қарулы ұрыстар болды. Қордай мен Верный арасындағы барлық пошта стансалары қиратылды. Күнбатыс Қастек болысындағы көтерілісті Нұрке Сатыбеков, Сатай Қарашев басқарды. Жайылма болысында 73 жастағы қарт, ел басшысы Бекболат Әшекеев атқа қонды. 
Бекболат 1843 жылы Қаскелең тауында туды. Жастайынан мал бақты. Егіншілікпен шұғылданды. Ағаш шебері атанды. Домбырамен күй шертті, есейген кезінде ел арасындағы дау-жанжалды шешуге қатынасты. Әлінің келгенінше әділ төреші болды. Осысы үшін аз уақыт болыстықтың тәжін де киді. 
7 шілдеде Үшқоңырда Жайылмас қазақтарының съезі болады. Отар приставы Гилевтің бірінші тамыз күні жазған хабарына қарағанда, 8 шілде күні Қарғалы, Бидалы, Күрті, Ұзынағаш болыстарының мыңнан астам қазақтары Үлкенсаз жайлауына жиналады. Мал санағын жүргізуге келген шенеунік Ивановқа қарсы пікір айтады. «Не істесе де балаларымызды солдатқа бермейміз» деп жазба түрде қарсылық білдіреді. Оған Әміре Төлеубаев бастаған 45 кісі қол қояды. 10 шілде күні тағы да сол Үлкенсазда 5 мың адам қатынасқан жиын өткізіледі. Жиналғандар «Патшаға солдат бермейміз, бәріміз бірігіп соғыс ашамыз» деп хабарлайды көпшілікке. 
Осы жайында 9 шілде күні Үлкенсазға барып, «ештеңені біле алмай оралған» Ыбырайым Жайнақов 13 шілдеде Верныйға – Меркі, Үлкен Алматы болыстарының әйгілі адамдарын шақырады. Жиналыс өткізеді. Басқосуға Тоқаш Бокин де қатысады. Жайнақовтың іс-әрекетін, пиғылын әшкерелейді. «Солдатқа бала беруді шешу үшін Жетісу қазағының басы қосылуын» талап етеді. Ал келесі күні Үлкен Алматы, Шамалған, Шығыс Қастек болыстарын аралауға аттанады халық қамқоршысы Тоқаш Бокин. 12 шілдеде – Мойынқұмда, 14 шілдеде – Үлкен Алматыда, 3-4 тамызда Шығыс Қастекте болады. Ондағы ауыл азаматтарымен сөйлеседі. Көтеріліс басшыларын тағайындайды. Жалынды сөздер сөйлейді. Халықты патшаға қарсы көтерілуге үгіттейді. 17 тамызда Самсы мен Шиен бекеттеріндегі жазалаушы отрядтарға қарсы шыққан көтерілісшілердің басы-қасында болады. Сөйтіп, Самсыда (басшылары – Қасабек Кәкенов, Сырғабек Жалпыетеков, Қасеней Айдарбеков), Шиенде (басшылары – Досмұхамбет Қашағанов, Нүке Сатыбеков, Мойнақ Берденов, Бектұрсын Кебекбаев, Қашаған Ырысқұлбеков), Ақшиде (басшысы Қарабай Аламанов) болған халық қозғалысына белсене араласады. Сөйтіп, 4 тамыз күнгі Шиенде тұратын Қашаған Ырысқұлбековтің үйінде келіскендей, Самсы-Шиен-Күртібастау-Ақши көтерілісшілері Ұзынағашқа беттейді. Одан Үшқоңырдағы Бекболат Әшекеевке қосылып, Алматыға шабуыл жасауға бекінеді. 
…Бекболат ауылында үш тәулік бойы ел ақсақалдары мәжілістесуде. «Құрық ұстаған малшыны, таяқ алған қойшыны, соқа соңында жүрген егіншіні түгел матап беріп, бала-шағаны аштан қырмаймыз, қарақан басымыз қаңқиып қалмаймыз. Патша өкіметінің жарлығына қарсымыз» дегенге саяды ақсақалдар сөз түйіні. 
Әттең, қару! 
Қару Кіші Алматының әскери қорғанында (крепосте). 
– Басшы Бекболат! Көтер Әшекейдің көк туын! Әумин!.. – деп алақанын ілгері жайды жасы тоқсанды алқымдаған Қалампырдың Мыңжасары. 
– Кеудесін оққа тоспайтындар атқа мінбесін! – деді Бекболат өзінен бір лебіз күткен қалың топтың шарасыз көздерін шола қарап. – Мылтық атылғанда тауға шаппай, жауға шабыңдар! – деді және біраз ойлана түсіп, қатты-қайырымсыз жауды жақсы білетін Бекболат. 
– Ша-ба-мыз! 
Үздік-создық шыққан дауыстар құздарды жаңғыртып барып сап болды. 
– Баста бізді! 
Ел рухы қызылтанау боп сабылып-шалдығусыз-ақ, қол көтермей-ақ, Бекболатты бірауыздан көсем сайлап алды. 
Бекболат та жұрт үкіміне жүгінді. 
«Алматыдан орыстар шығыпты» деген хабар жұртты біраз сейілткендей болды, асуларға сақшылар жіберіліп, олар екі асудың (Шұбарат пен Жамбастың) аузын алды: жол бойынан сыбыс тыңдайды, өткен-кеткендерді сұраққа тартады. 
– Қайдағы орыс?! – дейді жансыз боп келгені кейініректе әйгіленген бір «жолаушы». – Алматыдан шықтым, ырымға бір орыс көргенім жоқ, – дейді ол сақшыларға. 
– Олай болса, жігіттер, тартыңдар, жуық жердегі ауылдан қымыз ішіп қайтайық. 
Сол екі арада Алматыдан шыққан жазалаушы отряд та асуға жетіп қалған. Отряд бастығы – қазақтың қас жауы, қазақ үшін мұрдарлықтан өзгені білмейтін Верный оязының өзі, подполковник Базилевский екен. Отряд контигенті Верный гарнизонының құр сұлбасын сақтап отырған – Симбирск жаяу әскер полкінің солдаттарынан табан астында іріктелген жұлымырлар. Олар қаланың атты полициясы мен өрт сөндіргіштер дивизиондарының мәстектеріне мінгізіліп, кіші Алматыдағы соғыс қоймасынан (крепостен) қылыш-сайман, оқ-дәрі алысымен-ақ осылай жөнелтілген. Жолшыбай Қаскелеңде отрядқа жолбастаушылыққа және тілмаштыққа бірқауым казак-орыстар қосылды. 
Тамыздың 10-ы және 11-і күндері. 
Жазалау отряды анталап асуға шықты. Ел шетіне жетуі-ақ мұң екен – әлекедей жаланып жеңіл сайран сала бастады. Қару-жарақ асынған мұншама орысты жөнді көре алмай, жол жиегінде көзін көлегейлеп қарай түскен, мал қайырған жайдақ атты қарияны көзі шалған Базилевский: «Сіз анау шпионды жауып тастаңыз!» деп бұйырды солдаттардың біріне. Атын шпорлап омыраулата түскен жаяу әскер киіміндегі ебедейсіз кавалерист ол қарияны ықай-шықайсыз жауып тастады. Қозы бағып жүрген бір жасөспірімді Базилевский және бір солдатқа винтовкадан көздетіп атқызды. Базилевский өзінің бұл найсаптығын қылмысқа баламайды, қайта соған өнеріне машығы жоқ мынадай шопырды жауынгерлікке үйрету деп біледі. 
–Жау келіп қалды! Аттан, аттан! – деген айқай шықты, әлгінде ғана көкпар алдындағы тыныштықтай бейқам көрінген жастар жағы жаңа ғана абыржыды. Тұтқиылдан сау еткен жауды жігіттер енді өз көздерімен көрді. 
Бұл – тамыздың 13-і күні. 
Жаяулатып сап түзеген солдаттар бірі жатып, бірі тізерлеп оқ жаудырды. Беттетпейді: жұрт әрі-сәрі. Дара шығып, ат қойған сойылшылар арқан бойыдан артық бармай оққа ұшып жатты. 
Үлкен қантөгіс Герман майданының шебінде емес, дәл осы ауылдың ортасында болды. 
– Оқтан қозыкөш шегініңдер, жылқы келеді! – деді Бекболат аттары оршып, шиыршық атқан сарбаздарға арт жақты нұсқап. 
Жылқы дүбірі Бұрған жақтан да, Кіші Шыңбұлақтан да – екі бүйірден шықты, жер қайысқан қысырақ үйірлері жүйткіп кеп қалды. Сарбаздардың бір сәтке үміт оты жанды, отрядты құрсап алу да ойларында болған. Жылқы беті жауға бұрылды. Қиқулаған қалың нөпірден сесі қайтқан жау қашуға бет алды. Бірақ дауылдай ескен қуғыншылардан құтылмасын түсініп, белестегі қойтасқа бекініп, қайта оқ жаудырды. Дүркін-дүркін атылған оқ алапатынан үріккен жылқы алай-түлей. Ат басын ірікпей, жеке-дара «төлелеп» шапқан Көпесбай мен Мұсабай қарт бірдей оққа ұшты. Осы қақтығыста 43 адам қаза тапты, алты адам жаралы болды. 
– Беке, қайтеміз? Ту құлады! – деді серік қарттардың бірі. 
Ұрыс өңіріне жайлау-жайлаудағы құз-шоқылардан жазбай көз тіккен ауыл сақшылары: «біз жеңілдік» деп азан салуы-ақ мұң екен, артынып-тартынып дайын отырған ел Қырғызды бет алып, одан әрі Қытай асуға лап көтерілді. Көшкен елдің жұрты үрей туғызады. 
Бекболат «ел басына түскен қорлыққа шыдамай» өзі келіп, Шамалғанда тұратын Төлегенов Балғабектің үйінде жауына беріледі. 
Қыркүйектің 7-сі күні губернатор Фольбаумның: «екі күн ішінде тергеліп, сотқа берілсін» деген әмірімен Алматыда (ресми Верныйда), қолма-қол соғыс жағдайындағы заңмен жүргізілген әскери сот процесінде: 
– Айыпкер Әшекеев, айтыңызшы: тастабандап тұрған Германияны тықсырып бара жатқан осындай дүлей күшке қарсы шығуға Сізді кім еліктірді? – дейді лепіре сөйлеген трибунал басшысы, орыстың юстиция полковнигі Левашев. 
– Елімнің ерлік ынтасына еліктірді мені Жасаған ием, – деді Бекболат жайлап. Ол жау шеңгеліне мықтап іліксе де күмілжіп саспады және жауабын сонда отырған куәгерлер Күнтубаев пен Сүлейменовтерге, жалтақтаған үрпек бас тілмаштарға да арнағандай рай білдіріп. 
– Сонда да болса, өзіңіздің әлгі сыбайластарыңыздың аттарын атаңызшы? 
– Сыбайласым – елім, оны қоштаған – бір өзім, көрген – екі көзім, – деді Бекболат. 
– Үшқоңырдағы бата не жайлы болды? Және ол батаны берген кім? Соны айтыңызшы?.. 
– «Қазақтан солдат алмаймын» деген антын бұзған ақ патша оңбасын!» деп бата берілді. 
– Айыпкер Әшекеев, Сіз ата жолын қуып, өзіңізді хан жариялапсыз ғой. Соны айтыңызшы? 
– Қазақ ханнан ада болғаны қашан! Ертең бізді дарға ассаңдар, сонда «қан» болады. Қан төгу сендердің қолдарыңда, – деді Бекболат Левашевті табалай түсіп, аз қалған өмірін жұдырығына жұмып отырған жаудан жасқанбай. 
Сот мүшелері Бекболаттан бірнеше рет жауап алды. Бірақ халықтың адал ұлы, ержүрек ардагерінің: «Халқым, сендердің ешқайсысыңды да жылатпаймын. Бар кінәні өз мойныма аламын. Сендер үшін құрбан боламын» дегені, айтқанын орындауы оның адамға деген шексіз сүйіспеншілігін, жау алдындағы қайсарлығын, батылдығын, бірбеткейлігін, алдына қойған мақсатына беріктігін байқатады. Бұл ойымызды Бекболаттың тергеушілерге берген мына жауабы да толықтыра түседі. «Ешкіммен байланысым болған жоқ. Көтерілісті өзім ұйымдастырдым», – деп өлім тұзағын саналы қарсы алады. Көпшіліктің құрбаны болуға бекінеді. 
Бас-аяғы бір күн ішінде әскери сот Бекболат бастаған 13 адамға (ішінде Бекболаттың үлкен баласы Әбділдә бар) ақиқат-айғақсыз ең ауыр жаза қолдануды ұйғарды. Бекболат Әшекеевке «заңсыз съезд шақырды», «елді көтеріліске үндеді», «өзін хан жариялады» деген мойындалмаған, дәлелденбейтін жала жабылып, оны және оның жақын серіктері Тамабаевты, Бекбатыровты, Сыпатаевты, Әбдірашевті, Сатқыновты, Қасымбековті қылмыстың ең ауыр жазасына – дарға асуға үкім шығарды. Өзгелерін ұзақ жылдарға кесіп, Сібірге айдатты. 
Үкімді Фольбаум сол күні бекітті. 
Бұл қыркүйектің 8-і күні болатын. 
Қыркүйектің 9-ы күні. 
Таңазанғы елең-алаңда абақтының көп камераларының бірінен: 
– Молданы әкетті! Молданы әкетті! Ләйлаһа иллалаһ! – деп сүрен салған бір тұтқынның жанайқайы шықты. Молдасы – Бекболат. Бекең сол аз күн ішінде абақтыда «молда» атағын алған. Ажал аузында жатса да бес уақыт намазын қаза етпеген, тұтқындар басын сәждеге жығып, өзі имамдық жасаған. 
Сәске әлетінде Бекболаттарды мылтық кезеніп, қылыш көтерген айдауыл тұтқындарды күні бұрын қазылған апанға айдап келді. Губернатор әмірімен төңіректегі дүйім ел осында айдаумен келтірілген. «Көрсін, түге! Шошысын! Дәрмені қашсын!» – деген Фольбаум Үкімін іске асырды. 
Жендеттер топырақ бетін тегістеп жермен-жексен етті және қарулы күзет қойып, қазалы жерге бір ай бойы жан жуытпады. Ел даналарын солай қорлады олар. Тек бір айдан кейін, онда да түнделетіп, жау таптаған топырақ астынан жеті арыстың сүйегі алынды. 
Бекбатыров ақсақалдың төс қалтасынан Балуан Шолақтың елмен қоштасқан көп шумақты өлеңдері шыққан. Халық ақыны Саяділ Керімбеков сол өлеңдерді әркез айтушы еді, біздің есімізде қалмапты. 
Ол – ол ма! Түркістан генерал-губернаторы Куропаткиннің сол жылғы 12 желтоқсандағы бұйрығы бойынша Жайылмыс болысының 23 адамы қосымша тергеуге тартылып, әскери соттың қармағына ілікті. Бас-аяғы үш күн ішінде әскери сот 14 адамды «бүлікті» деген айыппен өлім жазасына кесті. Олардың ішінде: Әшекеев (Бекболаттың ортаншы баласы), Әбішев, Аманбаев, Нұрабаев, Сұлтанов, Аманжолов, тағы басқалары бар. Куропаткин сот үкімін ірікпей 22 ақпанда бекіткен, бірақ сол күндері Петроградта Ақпан көтерілісі басталып, ол үкім орындалмай қалды, сонда да елді меңдеген езгілік дерт асқындаған бетінде қала берді. 
Үшқоңырмен тұспа-тұс көзкөрім жердегі Үлкен жол («Жібек жолы») бойында жеміс бағына бөккен аумақты кеңшар жатыр. Ірі шаруашылық орталығы. Енді «Бірінші май» аталып жүрген бұрынғы Жайылмыс елінің (болыстығының, қазіргі Қарасай ауданының) біздің тұсымызда бой көтерген кеңшарларының бірі. Аға буындар оны Бекболат ауылы деп те атайды. 
Үшқоңыр сұрапылда оққа сойыл сермеп, азаттық үшін өлімге жол тартқан: Мұсабай Рысқұлұлының, Көпесбай Бижанұлының, Сағындық Жанысбайұлының, Иісбай Самалұлының, Әмір Шуақұлының, Сәрсенбек Қошақұлының, Бұғыбай Құрманбайұлының, Сұлтанбай Кебекбайұлының, Елеусіз Бағылұлының, сондағы бүкіл көтерілген елдің ендігі үрім-бұтақтары, өрен-жарандары – осы ауыл тұрғындары. Кейінгі толқын ұрпақтар кешегі сол жауапкершілікті – ертегінің батырларындай қиялда емес, осы елдің дәл ортасынан көрініс берген бабалар батырлығын, олардың ел үшін өлімге жол тартқан қайсарлығын, біз үшін бітімсіз қалған сол бір қантөгісті білсе екен дейміз. 
Бекболаттың азаттық ұраны, көтеріліс дүбірі сарқыла қоймаған 1936 жылы бұл оқиғаны жазушы Дәулетбаев қағазға түсірген (Еркебай Қойшыбаев. Үркіншілік жыл. «Қазақ әдебиеті», №20, 14 мамыр, 1996 жыл; Қазақстан Республикасы Мемлекеттік мұрағаты, 76-қор, 510-іс, 385-397-беттер). 
Осылайша Жайылмыс болысындағы көтерілісті дайындаған, оған басшылық еткен Тоқаш Бокин екендігі айқын сезіледі. Ал Бекболаттардың сәтсіздікке ұшырауына келсек, Самсы, Шиен, Ақши көтерілістерінің айтылған уақытта Бекболаттың отрядына қосыла алмағандығы еді. Және Бекболат Әшекеевтің соғыс жоспары орасан еді. Оның батыстағы – Ботбай, шығыстағы – Қызылбөрік, Қырғыздағы – Пішпек, Тоқпақ, Ыстықкөл көтерілістерімен тікелей байланысты болғандығын соттың протоколдары да дәлелдейді. 
Бекболат Әшекеев бастаған ұлт-азаттық көтеріліс жеңіліспен аяқталды. Рас, патша жендеттері бас көтерген қазақты атты, шапты, түрмеге салды, Сібірге айдады, дарға да асты, бірақ тәуелсіздікке деген елдің ұлттық рухын жоя алмады. 
Қыркүйектің соңы мен қазанда Жетісу көтерілісшілерінің негізгі күштері жеңіліске ұшырады. Патша жендеттері көтерілісшілерді ғана емес, олармен бірге бейбіт халықты да қатал жазалады. Жалпы, Түркістан өлкесі бойынша 1927 жылдың 1 ақпанына дейінгі мәліметтер бойынша мыңдаған көтерілісшілер сотқа тартылып, 347 адам өлім жазасына, 168 адам каторгалық жұмыстарға, 129 адам түрмеге отыруға кесілді (ҚР ОММ, 46-қор, 1-тізбе, 385-іс, 42-п). 
Қатал қуғын-сүргінге ұшыраған 300 мыңнан астам адам немесе Жетісу өңірінің тұрғылықты халықтарының төрттен бір бөлігі атамекендерін тастап кетуге мәжбүр болды. Сондықтан да Жетісуды мекендеуші тұрғылықты халықтар 1916 жылды тек қана көтеріліс жылы емес, сонымен бірге «Үркін» (үрке көшу) жылы ретінде көп уақыт ұмыта алмады. 
Қазақстан мен Орта Азияның басқа облыстарындағыдай, Жетісу көтерілісінің де негізгі қозғаушы күші ауыл мен қыстақтың еңбекші шаруалары болды. Сондықтан да көтеріліс шаруалар соғысы формасында жүргізілді. Көтеріліске жұмысшылар мен қолөнершілердің және демократиялық интеллигенцияның өкілдері ішінара қатысты. 
Көтеріліс стихиялы түрде дамыды, оған жұмысшы табы басшылық еткен жоқ. Қазақстанның басқа облыстарын айтпағанның өзінде, Жетісу облысының әртүрлі аудандарындағы көтеріліс ошақтарының бір-бірімен байланысы өте нашар болды. Осының бәрі 1916 жылғы көтерілістің, оның ішінде Жетісуда болған көтерілістің де негізгі жеңілу себептері болды. 
1916 жылғы Ертістің төменгі ағысынан бастап Ыстықкөлге дейін, Еділдің орта ағысынан Алтайдың тауына дейінгі ұшы-қиыры жоқ кең алқапта дүрбелең болмаған жер қалмады. Осы өңірде тұрған 4 миллионға жуық жергілікті халық ашынып, ереуілге шықты. Сол себепті де патша үкіметі айналасына үрке қарап, батыс жақтағы империалистік соғыс майданындағы халінің ауырлығына қарамай, көтеріліске қарсы қалың күш жұмсауға мәжбүр болды. Шекарасының батыс жағында дүниежүзілік соғыстың отына күйіп қансырап, қолда бар байлығын соғысқа бағыштап шайқап жатқан мемлекетке 1916 жылғы қазақтардың ұлт-азаттық қөтерілісі осылайша оңай тиген жоқ. 
Осы көтеріліс жайлы бұрын жарық көрген барлық құжаттарда, «Қазақ КСР тарихында», «КСРО тарихында» 1916 жылғы көтеріліс Торғай өңірі мен Жетісу өңірінде ерекше күшті етек жайды деп атап көрсетіледі. Бұл – тарихи шындық дерек. 
Бекболат Әшекеевтің ерлігі « Қазақ КСР тарихында» лайықты бағасын алды. Батыр жайында бірнеше дастандар, очерктер, мақалалар, естеліктер жазылды, жарияланды. 
Осылар жеткілікті ме? Жоқ. Себебі сол еңбектердің бәрінде де батырдың Үшқоңырдағы соғысы ғана қайталана баяндалады. «Бекболат дар алдында да мойымады, айтқанынан қайтпады» дегенмен шектеледі. Тіпті Бекболат Әшекеев жөніндегі мәлімет 1999 жылғы шыққан «Қазақстан. Ұлттық Энциклопедия», 2000 жылы шыққан «Түркістан. Халықаралық энциклопедия» кітаптарында жоқ болып шықты. Біздіңше, Бекболаттың өмір жолын жұртшылығымызға кеңінен түсіндіретін ғылыми жұмыс, еңбекті жазуды қолға алу керек сияқты. Мақтан етерлік ұлымызды, ерлігіне ел сүйсінген ерімізді құрметтей білуіміз керек. Сондықтан осы жайларды Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойы алдында жан-жақты ойластыру тарихшыларымызға да, Қарасай ауданының, Алматы облысының басшыларына да артық болмайды.

Тілеу Көлбаев, 
тарих ғылымдарының докторы, 
профессор, 
ҚР Гуманитарлық Ғылымдар академиясының академигі, 
ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Информация о работе 1916 ж ұлт азаттық көтеріліс