Өзеннің екі мемлекет бірлесіп шешер өзекті мәселелері әлі созылып келеді

Дата добавления: 28 Марта 2013 в 11:56
Автор: a***********@mail.ru
Тип работы: реферат
Скачать полностью (53.90 Кб)
Работа содержит 1 файл
Скачать  Открыть 

ЖАЙЫҚ.docx

  —  63.52 Кб

ЖАЙЫҚ –  ЕЛДІҢ ЫРЫСЫ

 28 Шілде 2012   admin

Өзеннің  екі мемлекет бірлесіп шешер өзекті мәселелері әлі созылып келеді

Атырау облысы – бүгінде өндіріс орындарының ошағына айналып отырған аймақ. Сондықтан, мұнда қоршаған ортаны қорғау мәселесі – айрықша назарда. Өңірдің экожүйесіне техногендік салмақты азайту, табиғи ресурстарды сақтап, тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Соның бір парасы Жайық өзеніне қатысты. Жуырда Орынборда қазақстандық депутаттардың қатысуымен өткен Жайықтың экологиялық жағдайы туралы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда да бұл мәселе тағы қаралды. Онда Жайық өзенінің экологиялық жағдайын жақсарту мәселесі бойынша жасалған жұмыстар сараланып, алдағы уақыттағы атқарылар шаралар легі талқыланды. Екі ел Президенттерінің тапсырмаларына сәйкес, әлі де атқарылар жұмыстар жетерлік.

Жайық өзенінің өзекті мәселелерін өткен жылы облыс әкімі Б.Рысқалиев те Үкімет алдына қойған еді. Олар бойынша қазір қандай жұмыстар атқарылды. Журналист сараптамасы осы мәселеге арналды.

Сен салар да, мен салар…

Соңғы жылдары ақ Жайықтың ағысы бәсеңдеп, мұнда күрделі экологиялық проблемалар қалыптаса бастады. Ол көрші мемлекеттер – Ресей мен Қазақстанға ортақ өзен. Өйткені, оның бастауы алғашқы аталған мемлекет аумағынан басталса, одан кейінгі бөлігі қазақтың кең жазық даласын жарып ағады. Олай болса, Жайық өзеніне қатысты туындап отырған бүгінгі проблемалар екі мемлекетке де ортақ.

Ал, Атырау облысы үшін Жайықтың маңызы айрықша, халық тұтынатын судың 70 пайызы осыдан алынады, ал қалған 30 пайызын Қиғаш өзені мен жерасты сулары құрайды. Басқа жарытымды тұщы су көзі жоқ. Ал, Жайықтың бүгінгі жағдайы мәз емес. Екі мың жарым шақырымға созылып жатқан Жайық өзені – ұзындығы бойынша Еділ мен Дунайдан кейінгі үшінші орында. Ол Ресей Федерациясының Челябі, Орынбор облысы және Башқұртстан Республикасы мен Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облысының аумағымен ағып өтеді. Өткен ғасырдың 70-жылдары әлемдегі бекіре тұқымдас балықтың үштен бірі Жайықтан ауланса, қара уылдырықтың 40 пайызы осында өндірілген.

Экологтар «Жайықтың суы жыл өткен сайын азайып әрі ластанып барады» деп дабыл қағуда. Олардың айтуынша, бұған облыстағы аса маңызды су көзін бейберекет пайдалану мен оны тазалауға қажетті қаржының жоқтығы себеп болып отыр. Әуелі су деңгейінің аздығына тоқталайық. Су неге аз? Ол алдымен қар суының аздығынан болып отыр. Күзгі-қысқы қардың аз жауғанына байланысты, өзенмен ағар судың да деңгейі соғұрлым аз болады. Әсіресе, соңғы үш жылда су деңгейі төмен болып келе жатыр. Судың жылдық орташа ағыс көлемі 9,46 млрд. текше метрді құрауы тиіс. 2007 жылы ол 11,6, 2008 жылы 7,28, 2009-да 5,3 және биыл 7,0 млрд. текше метрді құраған. Жайық өзені бастауын тау суынан алатын басқа да өзендердің қосылуынан су қорын алады. Мәселен, Жайық өзені суының 19,6 пайызы Илек, 47,6 пайызы Сакмара өзендерінің суы арқылы толығады.

Әңгіме ақшаға тірелсе

Енді экологиялық проблемаларына келейік. Ақтөбедегі шайынды сулар шартты түрде тазаланып, құрамындағы хром тәрізді қоспаларымен бірге жерасты сулары арқылы Елек өзеніне құйылады. Ал, Елек Ойыл өзенімен бірігіп Жайыққа, одан әрі Каспийге құяды. Ол сулардың құрамында адам денсаулығына зиян 6 эквивалентті бор, хром қоспалары бар. Ол – бір. Сонан соң Жайықтың бойында таязданып кеткен жерлер көп, соларды тереңдету мәселесі кезек күттірмейді. Су аз болғасын ол тез бұзылады. Балықтардың өмір сүруіне қолайлылық болмайды, су астында шірінділер жиналып қалады. Мұның бәрі Жайық өзені суының деңгейі жоғары болған кезде көп байқалмаған. Ал, соңғы жылдары өзен суы азайғанда анық білінген. Сондықтан, бұл мәселені тез арада шешу керектігі баса қозғалуда.

Жайық бойын, Қиғаш өзенін және каналдарды тазарту жұмысы мол қаражатты қажет етеді. Оған республикадан қаржы бөлінбесе, жергілікті бюджеттің қалтасы көтермейді. Соған орай облыс басшысы Бергей Рысқалиев барлық негіздемелерін дәлелдеп, аталған жұмыстарға  қаражат бөлуді сұрап, Үкіметке сұраныс түсірген де болатын. Егер қаржы мәселесі шешілсе, онда тереңдету жұмыстары жақсы нәтиже берері анық.

Сондай-ақ, су реттеуші бөгеттер салу да жағдайды жақсартуға ықпал етеді, өйткені жасанды су айдыны болар еді, алайда өңір рельефінің, табиғи аймақтың құрғақ болуына байланысты облыстың климаттық жағдайы ондай қондырғы орнатуға келмейді.

Орал облысында екі-үш онжылдық бұрын балық шаруашылығы мен кеме жұмысы жақсы жолға қойылған болса, бүгінде ол мәселелер бәсеңсіп, кеме туралы мүлде айтылмайды, ал бекіре тұқымдас балықтар азайып кеткен.

Тағы бір маңызды шаруа, Жайық өзенінің трансшекаралық суларын қорғау және бірлесе пайдалану жөнінде келісімге қол қоюды жеделдету қажет. Өйткені, Жайық өзені трансшекаралық өзен болғандықтан, Ресей мен Қазақстан мүддесіне ортақ. Жайық өзенін сақтау мен қорғау бойынша екі еларалық, мемлекетаралық бағдарлама жасақтаудың маңызы басым. Бірыңғай кешенді бағдарламаның жоқтығы тиісті нәтиже бермей тұр. Жайық өзенінің ластануына жол бермеу, оның экологиялық проблемаларын шешу, су ресурстарын тиімді пайдалану үшін бірінші кезектегі шараларды бүгіннен қолға алып, оны жүзеге асыру механизмін жасақтау қажет.

Ерекше қорғалатын аймақ статусы қажет

Екі еларалық су тасқынынан қорғану бойынша да шаралар алынуы тиіс. Бүгінгі күнде Жайық өзенін қорғау мәселесі үш министрліктің қоршаған ортаны қорғау, Көлік және коммуникация мен Ауыл шаруашылығы министрліктері құзырында. Ресейде де осындай жағдай. Бұл мәселелер Атырау облысы облыс басшылығы тарапынан әлденеше мәрте көтеріліп келеді. Батыс Қазақстан облысында өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда да былтыр осы мәселе қайта көтерілді. ҚР Көлік және коммуникация, Ауыл шаруашылығы министрліктері Жайық өзенінің қазақстандық бөлігін тазалау мен тереңдету жұмыстарын күшейтуді қолға алуы керек. Өйткені, Жайық өзені ерекше маңыздағы мемлекеттік су объектісіне жатпайды. Сондықтан да, оның проблемаларын шешуге жеткілікті көңіл бөлінбейді. Трансшекаралық өзен бассейнінің экожүйесін толықтай сақтау үшін Ресей Федерациясымен бірлесе отырып, Жайық өзеніне «Ерекше қорғалуға жататын табиғи аумақтың биосфералық қорығы» статусын беру қажет, сонда біраз мәселе шешіліп қалуы ықтимал.

Қазіргі уақытта, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарына 600 млн. текше метр су келіп отыр. Жалпы, Жайықтағы су көлемі 5 млрд. 300 млн. текше метрді құрайды. Жалпы алғанда су көлемінің 11 пайызын Атырау облысы пайдаланып отыр, ол ауыл шаруашылығына, ауыз суға, өндіріске, т.б. кетеді. Су көлемінің деңгейін көтеру үшін бізге пайдалану көлемін азайту қажет деген пікір де айтылып жүр. Аталған мөлшердегі судың 80 пайызы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады, яғни егістік, бау- бақша, жайылымдық жерлерді суаруға. Егер осы жұмыстарды тамшылатып суару сынды жаңа технологиялармен, тың әдістермен орындаса, су көлемі әлдеқайда мол үнемделеді.

Жайық өзеніне қатысты  жанайқайдың туындауы орынды, ол – бүкіл халықты толғандырып отырған проблема. Өйткені, өзеннің күйін адамдар өз көзімен көріп отыр. Қазақстан және Ресей сияқты мемлекеттерге тиесілі өзен бассейнінің экологиялық ахуалы нашарлап, арнасы тартылып бара жатыр. Егер дер кезінде шұғыл шаралар қолға алынбаса, Атырау өңірі Арал теңізі маңының тағдырын қайталайды деп ғалымдар дабыл қағуда. Ал, Жайық өңіріндегі халықтың тығыздығы бірнеше есе артық.

Бекіре  неге азайып  барады?

Су ресурстарының  азаюы ғана емес, өзеннің экологиялық ахуалы да сын көтермейді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті жасақтаған су шаруашылығының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасында осы өзенге қатысты су көзінің ауыр металдармен, хром, мыс, мырыш, бормен ластану деңгейі санитарлық-гигиеналық және балық шаруашылығы нормасы көрсеткіштері бойынша шектеулі концентрациядан өте жоғары екендігі айтылған. Жайықтың экологиялық жағдайы өте ауыр және оны сауықтырудың жедел шараларын алу қажет, себебі су көзінің азаюы, өсімдіктер мен жануарлар әлеміне қатер төнетіні анықталған.

Бүгінде Жайық өзеніндегі әйгілі бекіре тұқымдас балықтардың таралуы 30 есе кеміген. Ғалымдардың пікірінше, бекірелердің Каспийден жоғары көтерілмеуіне браконьерлік әрекеттер ғана емес, су деңгейінің төмендеп, шамадан тыс ластануы да кесірін тигізіп отыр. Каспийдің бекіре балықтары тайыз суларда емін-еркін тарай алмай, жейтін жеміне, уылдырық шашатын қорларына жете алмауда.

Сонымен қатар, қара балық та кеміп барады. Соңғы жылдарда қыс қатты болып, өзеннің қалың мұз құрсаулануы мыңдаған балықтың қырылып қалуына да ұшыратуда. Олардың өліктері көктемгі су көтерілген кезде жағаға шығып қалуы жиілеп кетті. Облыстық бюджеттен жыл сайын үкі жасап, балықтың тыныс алуына жағдай жасау үшін қомақты қаражат бөлінуде. Дегенмен, бұл жұмыстар жеткіліксіз, бұл мәселеге қаражат республикалық деңгейде қаралуы керек.

Жоғарыда айтқан ғылыми-тәжірибелік конференцияда қалай дегенмен де екі еларалық мәміле өз деңгейіне жете алмаған тәрізді. Олай дейтініміз, конференцияда сөйлеген Орынбордың бірінші вице-губернаторы Валерий Рогожкин: «Астанада Қазақстан мен Ресей табиғат қорғау ведомстволары арасында өткен кеңесте Жайықты қорғау Қоры жөніндегі біздің ұсынысымыз қолдау таппады. Қысқасы, осы мәселемен айналысатын нақты орган мен тұжырымды бағдарлама керек» деп мәлімдеген. Яғни, бұл мәселеде әлі де шешімін күткен жай көп сияқты. Бұған құзырлы министрліктер баса көңіл бөлгені жөн сияқты.

Қорыта келе айтарымыз, су деңгейі азаймауы және экологиялық проблемалар орын алмауы үшін суды ысырап қылмай, тиімді пайдалану қажет. Сонан соң, әртүрлі химиялық қоспалардың өзенге кетпеуін мықтап қадағалаған абзал, өйткені су арқылы адам ағзасы бұзылатынын ескерейік. Үшіншіден, өзеннің таяз жерлерін тереңдетуді қолға алған жөн. Тазарту техникалары бар, тек қаражат бөлінсе, ол жұмыстарды жүргізуге болады. Бар үмітіміз Жайықта болғандықтан, оның проблемаларына  жанашырлықпен қараған абзал.

Қ.МҰҚАШЕВ.


Описание работы
Атырау облысы – бүгінде өндіріс орындарының ошағына айналып отырған аймақ. Сондықтан, мұнда қоршаған ортаны қорғау мәселесі – айрықша назарда. Өңірдің экожүйесіне техногендік салмақты азайту, табиғи ресурстарды сақтап, тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Соның бір парасы Жайық өзеніне қатысты. Жуырда Орынборда қазақстандық депутаттардың қатысуымен өткен Жайықтың экологиялық жағдайы туралы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда да бұл мәселе тағы қаралды. Онда Жайық өзенінің экологиялық жағдайын жақсарту мәселесі бойынша жасалған жұмыстар сараланып, алдағы уақыттағы атқарылар шаралар легі талқыланды. Екі ел Президенттерінің тапсырмаларына сәйкес, әлі де атқарылар жұмыстар жетерлік.
Содержание
содержание отсутствует